Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3687 0 пікір 24 Қыркүйек, 2010 сағат 05:52

БЕКЗАТ БОЛМЫС

Ұлт баспасөзі мен журналистикасы тарихында өзіндік соқпағы, өзіндік дауысы, өзіндік қолтаңбасы бар айтулы азаматтың бірі  күні кеше дүниеден озған Серік аға Әбдірайымұлы еді. Көркем мінезді, қара нардай көнтерлі көшелі ағаның шығармашылық еңбегіне, қоғамдық қызметіне барлау жасар болсақ, ол сан қырлы талант иесі. Ол журналист, көсемсөзші, баспагер, ұстаз, аудармашы. Республиканың әдеби мәдени өміріне белсенді түрде араласып, артына жарқын із, сәулелі сөз қалдырды. Білімді-білікті, тәжірибелі баспагер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Серік Әбдірайымұлының өмір жолы өнегелі, ғибратты, тағлымды. Сонау студент шағында-ақ, яғни 1966-1979 жылдарда «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін мінсіз атқарған іскер, әдепті, мәдениетті, тындырымпаз жігіт «Өнер», «Санат» сынды баспалардың қаз тұрып, қайырлы-құтты аршынды қадам жасауына салмақты үлес қосты. Ал «Жалын» баспасының, Музыка және өнер бас редакциясында бас редактор қызметін атқарған уақытта Қорқыт Ата, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Махамбет, Біржан сал, Ақан сері, Сүгір, Дина, Кенен тәрізді күйші-әнші, композиторлардың мұрасын жариялауға мұрындық болды. Атақты оқымысты Әлкей Хақанұлы Марғұланның қазақтың қолөнері туралы төрт томдығын тақырыптық жоспарға енгізіп, үш кітабын ел игілігіне айналдырды.

Ұлт баспасөзі мен журналистикасы тарихында өзіндік соқпағы, өзіндік дауысы, өзіндік қолтаңбасы бар айтулы азаматтың бірі  күні кеше дүниеден озған Серік аға Әбдірайымұлы еді. Көркем мінезді, қара нардай көнтерлі көшелі ағаның шығармашылық еңбегіне, қоғамдық қызметіне барлау жасар болсақ, ол сан қырлы талант иесі. Ол журналист, көсемсөзші, баспагер, ұстаз, аудармашы. Республиканың әдеби мәдени өміріне белсенді түрде араласып, артына жарқын із, сәулелі сөз қалдырды. Білімді-білікті, тәжірибелі баспагер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Серік Әбдірайымұлының өмір жолы өнегелі, ғибратты, тағлымды. Сонау студент шағында-ақ, яғни 1966-1979 жылдарда «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін мінсіз атқарған іскер, әдепті, мәдениетті, тындырымпаз жігіт «Өнер», «Санат» сынды баспалардың қаз тұрып, қайырлы-құтты аршынды қадам жасауына салмақты үлес қосты. Ал «Жалын» баспасының, Музыка және өнер бас редакциясында бас редактор қызметін атқарған уақытта Қорқыт Ата, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Махамбет, Біржан сал, Ақан сері, Сүгір, Дина, Кенен тәрізді күйші-әнші, композиторлардың мұрасын жариялауға мұрындық болды. Атақты оқымысты Әлкей Хақанұлы Марғұланның қазақтың қолөнері туралы төрт томдығын тақырыптық жоспарға енгізіп, үш кітабын ел игілігіне айналдырды.
1991-2009 жылдарда «Санат» баспасының директоры Серік Әбдірайымұлының ұйымдастырушылық салиқалық еңбегінің арқасында ғылымның 32 тарауы бойынша 450-дей әдебиет Республика оқырмандарына ұсынылыпты. Әсіресе, ұлт тарихы, мәдениеті, әдебиеті бойынша ең қажетті өнімдерді шығаруды қолға алды. Бұл орайда, алты алаштың арыстары Телжан Шонанұлының, Мұхамеджан  Тынышбаевтың, Санжар Асфендияровтың, Халел Досмұхамедовтың, Есмағамбет Ысмайыловтың, Сәрсен Аманжоловтың мұралары жарыққа шықты. Сондай-ақ, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди», А.Н.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының сипаттамасы», француз Рене Грусеның «Империя степей» және т.б. танымдық, тарихи мәні өзгеше дүниелер оқырман қауым мен қауышты.
Баспа ісінің майын ішкен, төселген, жетілген марқұм Серік аға орыс тілін жетік түсінетін, өзге де ұлттардың тұрмысын, этнографиясын, тарихын, әлеуметтік ортасын жан-жақты білетін жүйрік аудармашы да. Ол түрік жазушысы Орхан Кемальдың «Тұңғиықта» романын, Борис Васильевтің «Мансап пен махаббат» повесін, Еңбек Ері Пауль Куусбергтің «Монолог» атты психологиялық эссесін қазақ тіліне  мөлдіретіп тәржімалады. Автордың сөз саптау мәнерін, түпнұсқаның рухын, көркемдік ойлау жүйесін, ішкі сыр-сезім дүниесін сақтағандығы айқын байқалады.
Серік Әбдірайымұлы  1993 жылдан бері ұлт санаткері, қазақтың біртуар жақсы жайсаңы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті міндетін мүлтіксіз атқарды. Ұлы тұлғаның ұлылығын насихаттаудағы еңбегі де өлшеусіз. Димекеңдей кемел жанның көсемдігі мен көрегендігін жан-тәнімен, болмысымен таныған, сезінген ел серкесі. Мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевтың «Өттің дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты мемуарлық шығармаларының әдеби нұсқаларын жасады. Яссауи бабамыз айтыпты: «Жақсыдан ғибрат ала бергеннің ісі оңға басады», «Көпке топырақтай төселіп қызмет қыл».
Жазушы, публицист-журналист Серік Әбдірайымұлының мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерімен жүргізген сыр-сұхбаттары өз алдына бір рухани әлем. Атап айтсақ, Д.А.Қонаев, А.Асқаров, Н.Тілендиев, З.Қабдолов, Қадыр Мырза Әлі, Д.Исабеков және т.с.с. Әрқайсысы бір-бір даналық дәрістеріндей. Серік ағаның әңгіме-сұхбатқа әзірленуі де бейнебір қаһармандықтың үлгісіндей. Мысалы, қазақтың «Алтын сақасы» Д.А.Қонаевқа 108 сұрақ, Қадыр Мырза Әліге 33 сұрақ, Д.Исабековке 55 сұрақ қойыпты-ау! Өнер алыбы, «оттан жейде киген асау мінезді» Нұрғиса Тілендиев жөнінде «Аққуын әлдилеген ән мен күйдің», Нұрғисаның «Махамбеті» немесе ұлылардың ішкі үндестігі» «Тілендиев туралы ең қысқа сөз» дейтін көркем эсселер мен «Нұрғиса» деректі фильмін туындатқан.
Оның «Ұлтжанды ұстаз», «Қазақ ғылымының Геркулесі еді», «...Еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ», «Біліктілік топырағында өнеді немесе сыншы Сағаттың беймәлім сырлары» дейтін ой-толғамдары шамырқанған шабыттан, біліктілік пен ізгіліктен туған шығармалар деуге болады.
Оның «Арыңа жүгін, ағайын!» дейтін көсем сөзінде (2003) қоғам өміріндегі, адам бойындағы көріксіз жат құбылыстар, жүгенсіздіктер, жөнсіздіктер батыл айыпталады. Жүзіқаралардың маңдайына қара таңба басылады. Дүниеқоңыздықтың, тойымсыздықтың, ауа жайылушылықтың белең алғанын, әсіресе, баю үшін 1) қайыршылықпен; 2) ұрлық жасауды шеберлікпен меңгергенін; 3)  адал кәсіппен, таза еңбекпен шұғылданушылардың шұғыл кемігенін статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып дәйектеп жазады. Еңбек «қанағатшыл адамның қасиетті жолы» екенін ұқтырады.
Сонымен бірге осынау жазбасында Тәуелсіздік, Алаш, Руханият мәселелері туралы ой-толғаныстарымен бөліседі. «Қазақ тіліндей, қазақ өнеріндей, қазақ жырындай дүниеде тіл, өнер, жыр жоқ» деп түйін жасайды.
1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Армандастар» очеркінен бастап, спорт тарландары Әбдісалам Нұрмақанов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Тимур Сегізбаев жайлы жазған очерк-эсселері қаншама.
Жазушы С.Әбдірайымұлының 1934-1954 жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш дүркін шақырылуында халық депутаты болып сайланған Байбек Ермековтың өмірі мен өнегелі жолына арналған «Ермеков» атты деректі шығармасы тағылымдық, тарихилық, танымдық тұрғыдан қызықты. Адамгершілік, тазалық, даналық толғауы десе де болады. Шығарма оқиғасы Есентемір Бөкен бидің жетелі жеткіншек Сырымға айтқан кемеңгерлік кеңесінен басталып Байбек Ермековтың аталы сөзі атан түйеге татитын атасы Дана қарттың (шын аты Сәт) кісілік болмысы, берекелі іс-әрекеттері, ел суреттері шымыр әңгімеленіп, «тұлпардай өшпес із тастап, сұңқардай сұлу жер қалған, шеберден бетер іс істеп, шешен дерлік сөз өрген» жақсының көзі Байбек Ермековтың «жастығы - жер, көрпесі - бұлт» болған қасіретті жылдары, мұрабтық еңбегі, ұжымшарды ұршықтай үйіріп басқарғаны, Келес пен Талас аудандық кеңесінің төрағасы, ел басқару өнеріндегі тәжірибесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен достық, сыйластық қарым-қатынасы, алтын әулеттің ұрпақтары жайлы сыр шертіледі.
Ашаршылық, соғыс тақырыбына арналған «Сол бір сұрапыл күз» дейтін повесінде қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі, көрген тауқыметі, 1937 жылдың зұлмат-зобалаңы, әсіресе Ақбөпе күйшінің өмірдің қатал талқысындағы күйінішті тағдыры баяндалады.
Тегінде, жазушы С.Әбдірайымұлының «Ермеков», «Сол бір сұрапыл күз» дейтін туындыларына тарихилық пен деректілік, көркемдік сұлулық, ұлттық рух, елдік сана, халықтық даналық тән.
Көсемсөзші, жазушы Серік Әбдірайымұлы оқырманның ой-танымын, түсінік-пайымын тереңдететін, көзқарасын жетілдіретін, сезімін сұлуландыратын, рухын асқақтататын шығармаларды таңдап-талғап, толғап тәржімалайтын сөз ұстасы. Бұл ретте орыс жазушысы Борис Васильевтің «Мансап пен махаббат» повесіндегі бас кейіпкер Сергей Степановичтің «бұлым-бұлым ой сонарында» қалғаны, «алақұйын өмірдің асау толқыны көзсіз тұңғиыққа» батырғаны суреттеледі. Оның тағдыры аянышты, күрделі, күрсініс-күңіреніске толы. Хан көкірек әйелі мен әдепсіз баласының әрекеттері есінен тандырады, шым-шытырық күйге түсіреді. Одан кейінгі жас келіншегі Елена тағдыры да күйінішті.
Жазушының тағдырлар туралы түйдек-түйдек тебіреністі суретті ойларының үстіндегі мына бір түйінді байламдарына ой жүгіртейік:
1. «Әйелі мен ер адамның жалпы ішкі үйлесімі  нағыз таразы, ал таразы басы бірі екіншісінен асып кетпей, тең түсіп жатуға тиіс».
2. «Сен жаратылысыңда қандайсың, дәл сол қалпыңды сақтай білгеніңнің өзі ұлы бақыт».
3. «Әйелге бақыт тек сенім арқылы келеді».
Сонымен қатар әйелдердің еркекшораға, еркектердің қатынпатшаға айналғаны да әшкереленеді.
С.Әбдірайымұлы эстон жазушысы Пауль Куусбергтің «Монолог» толғауының идеялық, мазмұндық, стилистикалық, синтаксистік, интонациялық әсерлілігін, көркемдік құрылымын мұқият сақтап, ой-толғаныстары жүйесін келісті сөйлеткен. Мынау құйындай ұйытқыған тіршіліктің таласында жанды-жансыз дүниенің таңғажайып құбылыс-сырларына,  нешеме түрлі мақұлықтардың жаратылыс-әрекеттеріне (мысалы, қи қоңызы, ара, қарлығаш, құмырсқа, жарқанат) шынайы суреткерлік көзбен, түйсік, сезім қуатымен барлап үңілу, яғни «өмір  адамға берілген баға жетпес байлық», «өзін-өзі тану» қандай қабілет екендігі философиялық тұрғыдан зерделенеді. Асылы, құмырсқаларға бейнетшілдік, ұялас аралар ордасының қайнаған тіршілігіне «өзара ынтымақ пен ұйымшылдық» жарастықта болса, онда азамат қоғамында рух неге салтанат құрмайды деп сауал тастайды. Сол себепті адам баласы өмірдің мәнін түрліше түсінеді. Жазушы пайымдаулары мен түсіндірмелері оқырманды терең ойға шомдырып, сезім иірімдеріне сүңгітеді...
Серік Әбдірайымұлының әдеби мұраларының ішінде ойшылдық пен даналыққа суарылған, тапқырлықтан туындаған ақықтай жарқыраған ойлар мейлінше мол. Ол Гиппократ, Демосфен, Юлий Цезарь, Гиллель, Геродот, Гераклит Эфесский, Ганнибал, Будда, Гегель, Гете, Гейне нақылдарын және Расул Ғамзатовтың даналық тұжырымдарын оқырмандарға ұсынған. Мәселен: «Ар-ұят  жақсы жолды нұрландыратын имандылық шырағданы» (Гегел), «Таңертең жоспар құрам, ал күні бойы ақылға сыймайтын тірлік жасаймын» (Вольтер).
Немесе Расул Ғамзатовтың «Әбутәліп айтты...» дейтін бір қақпайларындағы тапқырлықтарына ойысайық:
«Бір жас ақын туралы Әбутәліп былай деді:
- Шамасы, одан ешнәрсе шықпайтын болар. Өйткені, тұңғыш өлеңін редакцияға машинамен әкеліпті».
Жүрегі нұрға толы, қайырым-мейірімі мейлінше мол, таным-түсінігі терең Серік ағаның бір зор жақсылығын айтсам ба деймін.
Бірде:
- «Санат» баспасына ұсынатын қолжазбаң бар ма деп сұрады. Оқыстан берген сауалға шапшаң жауап бере алмай күмілжідім де:
- Иә, сіздің баспаңызға Кеңес Одағының Батыры, көрнекті фольклортанушы Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығы мен ерлік- қаһармандық істері жөнінде кітап дайындап берейін, - дедім. Алайда өзімнің жаза алатындығыма да, «Санат» баспасының жариялайтынын да сене қойған жоқ едім. Олай болмай шықты. Секең 4 айдың ішінде жаздыртып, қаражаттың қиындықтарына қарамастан 2001 жылы жарыққа шығарды. Сондықтан да сөзі мен ісі біртұтас Серік Әбдірайымұлының ізгілігіне, уәдеге беріктігіне дән ризамын.
Дулат Бабатайұлының:
Кей жақсының мінезі,
Еділ менен Жайықтай,
Ағып кетіп сөйлейді,
Тілі жүйрік болған соң, -
дегеніндей, мырза пейілді, мейірлі, зерделі Серік Әбдірайымұлының Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің айтулы асқақ аудиторияларындағы дәрістері, Қазақ радиосынан жүйелі түрде берілген сыр-сұхбаттары талайлардың ой-қиялын дүр сілкіндіріп, жүректің отын маздатқаны, қияға қанаттанғаны аян.
Сұңқарлық, сұлтандық, сырттандық қасиеттеріңіз қандай еді! Ізгілік нұрына кенелген «Айналайын» дейтін майдан қыл суырғандай лебізіңізге өріктей ұлдарыңыз бен алмадай қыздарыңыз, Омар Хайамша айтқанда, «бақыт шыңына жетіп гүлденетіндей» әсердің құшағында Еділ-Жайықтай тербелуші еді.
Сайып келгенде, жазушы, журналист, көсемсөзші, баспагер Серік Әбдірайымұлының мұрасы  рухыңды байытады, ар-иманыңды көркейтеді, пиғыл-пейіліңді, ой-санаңды жарықтандырады.

СЕРІК НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1448
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3208
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5209