Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық 6045 5 пікір 27 Наурыз, 2017 сағат 18:48

Орыс тілінсіз нанымыз піспейді, тамағымыз түспейді...

 

Қазақ тілін дамытуға, жаппай қолдануға үкімет неге жағдай жасамайды, неге талап етпейді? Шенеуніктерден қазақ тілін білуді талап етсе – тіліміз әлдеқашан дамып кетер еді ғой. Неге сөйтпейді? Қазір қазақтар республика халқының 67 пайызына жетті, осынша халық қазақ тілінде сөйлеп тұрса – басқа халықтар да үйреніп алар еді ғой. Соның кесірінен қайран тіліміз күннен күнге жүдеп-жадап бара жатыр емес пе? Экономикаға, саясатқа, қоғамдық өмірге белсенді араласа алмайды, жаңа терминдер жасалмайды және т.б. налаларды қазақтың ұлтына жаны ашитын азаматтарының бәрі айтады. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас», тіл орнынан тапжылмай тұр. Үкең қазақ мектептерін көбейтіп жатырмыз ғой, енді маған не ғыл дейсіңдер дегеннен басқаны айтпайды. Неге қолданылмайды деген жауап бергісі келмейді. Ал орыс тілінің өрісі күннен-күнге кеңіп барады.

 

«Жағдай солай болды» деген сылтаудан бойды аулақ салып, осының себебі неде дегенге бойлап көрейікші. Солай болған «жағдай» Балтық республикаларында да, Украинада да, Өзбекстанда да және т.б. бірдей болды. Алайда басқа елдің бәрі өз ана тілінде сөйлейді, жалғыз қазақ қана әлі күнге біреудің қаңсығына таңсық болып жүр. Барлық ақпаратты, білімді орыс тілінен аламыз, оны қаңсық дейтін жөніміз жоқ дейміз. Алайда соның бәрін басқа халықтар да әлі күнге орыс тілінен алады, бірақ ешқайсы да табынып қалған жоқ, керегінде ғана шет тілі ретінде пайдаланады, керек емесінде көзге де ілмейді. Тек біз ғана «құйысқанға қыстырылған боқ» құсап, соған жабысып қалғанбыз. Орыс тілінсіз нанымыз піспейді, тамағымыз түспейді... Неге?

 

Қазақша жаза алатындардың бәрі де ауылдан шықтық қой, сондықтан сол заманғы тірлікті жақсы білеміз. Бір кезде бүкіл қазақ даласында атқамінер атаулының бәрі балаларын орысша оқытуға тырысатын. Ауылкеңестің төрағасы, парторг, директордан тартып, барлық бас мамандар балаларын тегіс орысша оқытты. Тіпті мұғалімдерге дейін баласы бірдемеден құр қалатындай ана тілінен жеріп, орыс тіліне беріп жатты. Ауылда мектеп жоқ болса жақын жердегі немесе қаладағы орыс мектептерінен оқытатын. Егер біреуі баласын қазақша оқытып жатса – баласының болашағын ойламайды, дұрыс білім бере алмай жатыр деп шенейтін. Осы балалар қазақша оқу мен жазуға шорқақ болса да ата-әжесінің жанында өсіп, далаға, мал-құстың маңына араласы болған соң қайта ана тілін білді. Ал қалалы жерде тұрып, тегіс орысша оқыған балалар қазақ тілінен мүлде мақұрым қалды. (Арасында 1-2 пайызды құрайтын тектілер ғана балаларына қазақша үйрететін). Олар тіпті қазақ тіліне жиренішпен қарайтын. Үйлеріне қазақша сөйлейтін қонақтар келсе «вы идите в свою комнату» деп шешелері қонақтан қақпақылдап, араластырмайтын, сөздерін естіртпейтін. Тек масаң қонақтар ғана бірінші үстелден тұрған соң ауыздарынан арақ иісі бұрқырап, айналып-толғанып, сүйгенде ғана қазақ тілін естіп, оны және осы жиренішті арақ-шараппен астастыратын...

 

Енді... енді сол балалардың бәрі қазір барлық деңгейдегі билік басына келді. Ауылдан шығып, қазақша оқығандар олардың 3-4 пайызын ғана құрайды, қалғанының бәрі орысша оқығандар. Тәуелсіздік жылдарында қазақша мектепке барғандарының тілдері де орысша шыққан, ана тілінен гөрі өзге тілге икемді. Үкімет басында отырғандардың балалары да тегіс сондай... Балалары түгіл немерелері сондай. Енді қайтып үкең қазақ тілін білуді талап етсін? Өз балалары мен немерелерін өзектен тебе ме? Сондықтан олардың басын қазақ тілінің болашағы ешқашан алаңдатпайды, керісінше осылай жалғаса берсін, қазақ тілі қажет деп ешкім айтпаса екен деп тұрады. Ол сорлы осылай сүйретіліп жүре берсе болды, деп санайды, ал кейде «балаларыңа қазақша тіл үйретпеген өздерің кінәлісіңдер» деп халықтың өзіне кінә артады.

 

Бұндай мазақ халықтың ашу-ызасын тудыруда.  Сайып келгенде... Тіл мәселесінде халық бір жақ, шенеуніктер мен үлкенді-кішілі атқамінерлер бір жақ болып тұр. Халық арасынан жарқыраған бір көшбасшы шықса – текетіреске де айналып кетуі ғажап емес.  Осының арты қайыр болып, ортақ тіл таба алар ма екенбіз, әлде... Соған басымыз жетпей қойды.

 

Жолдығұл ЖҰБАНИЯЗОВ, әлеуметтанушы

 

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963