Азат ҮСЕН. Ұрпағымызды өзектен теппейік
Өмiр де, келешек те үлкен сұрауға айналды. Жетiмдер... Ата-анасынан, ана тiлiнен, ұлттық қадыр-қасиетiнен, қайырымдылығынан айырылған қара домалақтардың тағдырын кiм ойлайды? Ата-бабамыз бiзге мұндай күпiрлiк күмәнi, наласы өшпес өрескелдiктi мұра етiп қалдырып па едi?! Жоқ. Халқымыз ата-анасыз қалған ұл-қыздарын ешқашан да жетiмсiретпеген, қаңғыртпаған. Ел болып iздеу салған, қамқорлыққа алған. «Жесiр дауы, жер дауы» деген осындай әрекеттен шыққан. Бұдан бұрынғылардың ар-намыстың тазалығы үшiн күрескендiгi көрiнiп тұр.
Өмiр де, келешек те үлкен сұрауға айналды. Жетiмдер... Ата-анасынан, ана тiлiнен, ұлттық қадыр-қасиетiнен, қайырымдылығынан айырылған қара домалақтардың тағдырын кiм ойлайды? Ата-бабамыз бiзге мұндай күпiрлiк күмәнi, наласы өшпес өрескелдiктi мұра етiп қалдырып па едi?! Жоқ. Халқымыз ата-анасыз қалған ұл-қыздарын ешқашан да жетiмсiретпеген, қаңғыртпаған. Ел болып iздеу салған, қамқорлыққа алған. «Жесiр дауы, жер дауы» деген осындай әрекеттен шыққан. Бұдан бұрынғылардың ар-намыстың тазалығы үшiн күрескендiгi көрiнiп тұр.
Қазiргi таңда Қазақстанда 42 мыңдай түрлi жетiмдер бар екен. Аталған 42 мың жасөспiрiмнiң бәрi балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқан жоқ. 25 мың бала ел азаматтарының қамқорлығына алынған, 15 мың бала денсаулық сақтау, халықты әлеуметтiк қорғау, бiлiм беру жүйесiнiң ұжымдарында тәрбиеленуде. Осы 15 мың баланың 2 мыңнан астамы ғана жетiмдер, қалғанының ата-аналары бар екен.
Тарихта талай тауқыметтi өткерген бiздiң халқымыздың басында мұндай сұмдық бұрын-соңды болып көрмеген. Тәртiп бұзушылардың санын көбейтушiлердiң бiрсыпырасы да жетiм балалар екендiгi құпия емес. Ең қиын қасiрет - адамдардың бiр-бiрiне деген мейiрiмiн жоғалтып, тағылық сезiмге бой алдырғанында. Сотталғандардың әрбiр жетiншiсi жасы кәмелетке толмаған жетiм балалар...
Қатыгез қаныпезер ата-анасымақтар көп. Әйтпесе, ең қымбаттысы, көзiнiң қарасы, өмiрiнiң жалғасы, бауыр етi баласын перзентханаға немесе қоқыс жәшiгiне тiрiдей қалдыруға қалай жүрегi дауалайды, адамның?! Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Сонда бiздердiң кiм болғанымыз?
Атынан түсiп, жетiм балалар үйiнiң есiгiн ашқан ел ағасын көру қандай қиямет!..
Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi, алдымен, бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл-ойымызбен, iсiмiзбен, бүкiл қимыл-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын, табан астында тапталатынын естен шығармайық. Тек өзiнен кейiнгiлердi ойлай бiлетiндер ғана ұлттарды өмiр сүру және алға басу мүмкiндiктерiне жеткiзе алады.
Ұлтжандылық сезiм атаулыны ұлтшылдыққа таңып, ұзақ уақыт санаға тұзақ құрудың салдарынан бiз ұлттық ынтымақтан айрылдық. Сондықтан, бiз ұлттық сана мен ұлттық ынтымақ бағытындағы тәрбиеге зәрумiз...
Қазақстандағы байлықтың көптiгi сонша, Менделеев кестесiндегi элементтiң түгел екенiн әлемге паш етiп жатырмыз. Әрине, бұл мақтаныш. Солай бола тұра, жетiмдерге, жүдеулерге келгенде қаражат таппай, аузымызды қу шөппен сүртiп, «қара терге» түсемiз. Үкiметтiң заңын, қаулы-шешiмдерiн, халық қалаулыларының сұранымын аяқ асты еткен жағдайлар да аз емес.
Осы тұста Махамбеттiң: «Жетiмдерге жем бердiм, Жесiрлерге жер бердiм» деп, даналыққа, қайырымдылыққа, мейiрiмдiлiкке шақырғаны еске түседi...
Сәби iзгiлiкке, мейiрбандыққа, iзет пен имандылыққа құштар. Жақсының қадiрiн бiлетiн асыл азаматтардың адамшылық iсi мен көрсеткен пейiлiнен сабақ алады. Бiз де жақсыдан өнеге алып, адамдық қасиетке табынып өстiк. Құран кiтабында: Алла-тағаланың ең жақсы көретiн үйi - жетiмдер тәрбиелейтiн үй. Егер, бiр адам жетiмдi өз қолына алып, тәрбиелесе, ондайлар үлкен сауапқа батады...» делiнген. Екi ауыз сөздiң астарында не деген мейiрбандық пен тәрбиелiк сабақтасып жатыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда жетiм балаларды асырап алуға ниет етушiлер көбейiп отыр. Былтыр қайырымды жандар 3712 жетiм баланы өз отбасыларының тәрбиесiне алып, мейiрiм-шапағаттарына бөлептi. Қараушысынан айрылған жетiм балаларды асырап алу саны да жыл санап артуда. Осыдан екi жыл бұрын қазақстандықтар 2773 баланы, 2009 жылы 3044 баланы өз отбасыларына алыпты. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 271 балаға артық. Мұның өзi өз iшiмiзде бала асырап алу жақсы үрдiске айналып келе жатқанын көрсетедi.
Елiмiз басына қауiп төнген жылдары мемлекеттiк тұрғыда қабылданған бiр келелi шараны тағы бiр айта кетудi жөн көрдiк.
«Жүрегiңнiң жұмсауын, арманыңа жетуiңдi қалаймысың? Онда жетiмге мейiрiмдiлiк iсте, басынан сипа және тамағыңнан оған жегiз» (қасиеттi хадистен). Жетiмдерге мейiрiмдiлiк танытуды кезiнде мемлекет басшылары көрсеткен де болатын.
Ұлы Отан соғысы жылдарында БКП (б) Орталық комитетiнiң «Жетiм балаларды асырап алу жөнiнде» жасырын қаулысы шығып, оған барлық мемлекет басшылары үн қосқан екен. Мысалы, Сталин - Артем Сергеев деген жетiм баланы асырап алған. Ол басынан аяғына дейiн соғысқа қатысып, ерлiкпен қаза тапқан. Ворошилов Фрунзенiң ұлы мен қызын бауырына басып, Петр деген жетiм баланы асырап алған, кейiн одан немере сүйген. Буденный, Ежов, Каганович бiр-бiр қыздан асырап алса, Қазақстан басшылары Скворцов, Шаяхметов те бiр-бiрден ер балалар асырап алып, азамат етiп өсiрген.
Жетiмнiң жылауынан сақтанған Франция президентi Жак Ширак өз қызы бола тұра, 1979 жылы Вьетнамнан босқындар құрамында келген бiр қызды асырап алған. Сол iспеттi Йордания королi Хусейн Бен Талал алты баласы болса да, бiр қыз, Ливия лидерi Каддафи бiр қыз, Шешенстанның бұрынғы президентi Яндарбиев үш ұл, бiр қызы бола тұра, бiр ер бала асырап алған. Сондай-ақ, Алманияның бұрынғы канцлерi Герхард Шредер де 2004 жылы петербургтiк балалар үйiнен бiр қызды асырап алған. Балаға деген сүйiспеншiлiгi оянған канцлер араға екi жыл салып, Ресейден тағы бiр бала асырап алған. Рамзан Қадыров та 16 жасар орыс баласын асырап алды. Оқ пен оттың ортасында жүрiп, балалар үйiн аралау кезiнде Қадыровтың көзiне оттай басылған балаға оның жүрегi жылап қоя берген көрiнедi. Асырап алған балаға өз аты-жөнiн берген Қадыров ағайын-туыстарын жинап, ұлан-асыр той жасапты. Әрине, бұл тiзiмдi одан әрi жалғастыруға болады.
Бүгiнге дейiнгi қол жеткiзген табыстарымыз - егемендiк, тәуелсiздiк бiзге тек қана iлгерiлеуге және өркениетке қарай жол ашты, оларға әлi жеткiзе қойған жоқ. Әзiрге қасiреттерiмiз көп-ақ. Соңғы кезде арақ араласқан тойдың да, жиынның да берекесi кетiп, арты төбелес-жанжалға айналып, өлiмдi болып жатқаны үлкен ой салады.
«Сыбырлағанды Құдай естiмей ме» дегендей, өз әкесiн немесе шешесiн, бауырын балтамен шауып, мылтықпен атып, асып жатқаны анау... Бұны -ата-бабаның киелi дастарқанынан және қасиеттi жерiнен аластатудың уақыты жеттi. От басында әке-шешенiң бала тәрбиесiндегi ұлттық имандылық үлгiлерiн жандандырып, ұл-қыздың жаман жолға түсуiне тыйым салу қажет.
Нарықтық қатынастарға көшу жағдайы және соған сәйкес елiмiздегi саясаттың, экономиканың тұралап қалауына байланысты жетiм балаларды, көп балалы аналарды, жеке басты азаматтарды және қарттарды, баласыз отбасылары мен малшылар балаларын, сонымен бiрге, тұрмыс жағдайы нашар азаматтарды әлеуметтiк, праволық және материалдық жағынан қамқорлыққа алу мәселесi қоғам үшiн түйiндi сипат алып, оларды үкiмет тарапынан дер кезiнде шешу табанды түрде талап етiлiп отыр.
Осынау қоғамдық және ұлттық қасiреттiң, iндеттiң алдын-алу мақсатында республикамызда тұңғыш рет құрылған.
Оның негiзгi мақсат-мұраты өте күрделi. Халқымыздың келешегiн рухани әрi материалдық жәрдеммен емдеу, жалпы азаматтық қасиеттердi, ұлттық мәдениет пен сантүрлi дәстүрлердi насихаттау, жас ұрпақты адамгершiлiк пен қайырымдылыққа тәрбиелеу, шет елдердегi және «Одақтың» өзге өңiрлерiндегi отандастармен байланысты дамыту, халықтар арасындағы достықты нығайту.
Баланың жақсы өсiп-жетiлуi үшiн, осы күнге дейiн жоспарлы түрде жолға қойылмаған ананың тамақтануы мен денсаулық сақтау мәселелерiнiң жоқтығы нендей апатқа жеткiзiп жатқаны да құпия емес. Жарық дүниеге сан қилы мүгедек, кемтар, нәзiк сәбилер келiп жасөспiрiмдердiң өлiм-жiтiмiн еселеп өсiрiп жатыр. «Күмән жоқ, - деп жазады аса көрнектi Бразилия социологы Ж. Де Кастро, - тропикалық елдердегi бiрсыпыра халықтың бойының аласалығы - ерекше нәсiлдiк белгi емес, дұрыс тамақтанбаудың, тамақ құрамында белоктың аз болуының салдары. Балалардың тамағында белоктың күрт жетiспеуi өте ауыр науқасқа шалдықтырады, соның салдарынан бұл елдерде ондаған мың балалар өлiп жатады. «Ал, Қазақстандағы балалар өлiмiнiң мән-жайын аз жазып жүрмiз бе?
Тоқырау заманы бiттi, деп жүрмiз. Жаңаша ойлану, жаңаша толғану заманындағы көз жұмбайлықты кiмге жабамыз?
Жетiм балалардың бүгiнгi жан күйзелiсi мен қайғысын көре тұрып, тыныш ұйықтап, бейқам өмiр сүре алмаймыз. Дүниедегi бар нәрсенiң шама-шарқы, қорлануының да шегi бар. Ендеше, бiр тоқтап, соңымызда кiмдер, қандай болашақ келе жатқанын, оларға не қалдыратынымызды ойлағанымыз абзал.
Бұл үлкен қаражатты да қажет етпейдi, атадан қалған кең байтақ жерден өз ұрпағына ұлтарақтай жер бұйыртса болғаны. Ата-бабамыздың байлығын келешегiмiз - баладан, анадан аямайық.
Балалардың өзгелер тарапынан теперiш көруi де белең алып жүр. Осындай әрекеттi болдырмаудың алдын-алу үшiн 2008 жылдан берi сенiм телефоны жұмыс iстеп келедi. Осы жылдан берi балалар құқығын бұзу бойынша 5260 мәрте телефон қоңырауы түсiптi. Осыдан-ақ, қоғамымыздағы балалар арасындағы тәрбие жұмысының әлi де жетiлдiрiлмей тұрғанын көресiң.
Күллi мейiрiмдi де қайырымды отбасындағы аналарды да ақжүректiлiкке шақырамыз. Балаға деген жылулық пен мейiрiмдiлiк те, қайырымдылық та тек қана анадан басталатынын және даритынын естен шығармайық. Ана үшiн ешқандай баланың жаттығы жоқ. Баланың көз жасы - ананың көз жасы.
Жетiм-жесiр, кәрiлiк пен мұқтаждық - бойлап зерттеуге тұратын мәселе. Бәлкiм, бұл сөздер бойында оты, көкiрегiнде сәулесi бар талай жасқа ой салар. Ойдан ой тұтанып, жетiмдiктiң тууының түп-тамырын бiлек сыбанып iздесе, бұл бағыттағы таным-түсiнiгiмiз де едәуiр кеңейер едi. Әрине, ақиқат жолы қашан да ауыр. Бұрын әр ру, әр әулет жетiмдерiн сыртқа тебудi намыс көретiн. Жетiмдi сыртқа тебу - сүйекке таңба, елдiкке мiн едi. Осы бiр ағайынның ауызбiрлiгiн, адамгершiлiгiн танытатын қасиет ауылдық жерлерде әлi де сақталған. Iзiмiздi басып келе жатқан ұрпақтың бойына осы ұлы қасиеттi сiңiре алсақ, iргемiздiң берiк болатыны айдай анық.
"Үш қиян" газеті