Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7748 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 13:40

«ЖЕТІ ЖАРҒЫ – ДАЛА ДЕМОКРАТИЯСЫНЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ»

Алматы қалалық сотының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Жеті Жарғы – дала демократиясының озық үлгісі, мемлекеттік құқық пен сот билігінің алтын арқауы» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті.

Шарада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.Қасымов Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау тілегін оқып берді.

Конференцияда Ұлттық ғылым академиясы тарих және этнология институтының директоры, профессор М.Қойгелді, филология ғылымының докторы, академик С.Қирабаев, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы академик Ө.Айтбайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов, тарихи тақырыптың жазушылары Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеұлы сондай-ақ, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан келген ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Бұл форум Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту аясында өткізіліп отыр. Шараның бастамасы Астана қалалық сотында «Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы және билер сотының төрелігі» тақырыбында өтіп, Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы, билер сотының төрелігі, дала заңдарының мемлекеттік билікті дамытудағы маңызы, мемлекет басқарудағы хандар мен сұлтандардың рөлі, билердің заң шығару құқығы, билердің сот төрелігін жүргізудегі әділдігі және тәуелсіздігі, Қазақ билер сотының бітімгерлік рөлі жайындағы ғылыми мақалалар талқыланған болатын.

Аталмыш шараға Астана қалалық сотынан делегация – сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев, судья Оралхан Тұрсынов, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Сая Бекіш, қалалық соттың Кеңсе басшысының орынбасары Айбол Ибрагимов қатысты.

Шарада Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев баяндама жасап, Қазақ хандығының қалыптасу тұсында Сырдария бойындағы қалалар, Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығы тұтасымен Қасым ханның билігіне қарап, көрші мемлекеттермен бейбіт, экономикалық, дипломатиялық байланыс орнатылғаны, Тәуке ханның «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар жүйесі ел бірлігі мен тұрақтылығының кепілі болып, Қазақ хандығын нығайту жолында жаңа биікке көтергені аталып өтілді.

«Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып қабылданған «Жеті жарғы» - қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-санасын құқықтық реттеуші факторы болды. Үш жүздің басын біріктіруде үш жүздің төбе билері сайланды. Олар тарихта аты қалған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер. «Күлтебенің басында күнде жиын» деген тіркес сөз де осы Тәуке ханның тұсында пайда болды. Қазақтың сұлтандары, билері, батырлары, ақсақалдары мақұлдаған осы заң жүйесі ел ішінде туындаған кикілжіңді, дау-шарды шешуде маңызды рөл атқарды. Билер халықаралық дәрежедегі барлық істерге де тікелей араласқан. Ең маңызды деген мемлекетаралық келісім-шарттарды жоғары деңгейде жүргізуге, ел экономикасын жақсарту жолында тауар-сауда айналымы мен айырбас жасауды жақсартуға, мемлекетаралық трансшекаралық аймақтарды қауіпсіздендіруге, әрі керуен жолдары мен жүк тасымалдаудағы кедендік шарттарды жүзеге асыруға, соғыс жағдайында әскери одақ құруға, мемлекетаралық дау-шарлар туындаған жағдайда, ол жөніндегі сот істеріне төрелік айтуға билер тікелей араласқан», - деді Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев.

Жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласында билер соты үстемдік құрып келгенін, Патшалық Ресей тарапынан бірнеше рет (1824, 1844, 1854) ережелер бекітілсе де билер соты халықтың күнделікті өміріндегі тартыстарды қалпына келтіретін ең тура да әділ, ыңғайлы заң ретінде өз орнын сақтап қалып, халықтың құқық дәстүріндегі құқықтық ережелердің негізінде елде дана билер қалыптасқандығы жайында ой сабақтады. Ол өз сөзінде: - «Қазақ халқының әдет-ғұрып нормаларының артықшылығы қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені үшін немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы төлеу ұстанымы болды. Ал, Тәуке хан тұсында жүйеге түсіп қабылданған әдет заңы ел өмірінде өлшеусіз маңызды қызмет атқарды. Жеті арна болып, ел өмірінің жеті саласын тұтас қамтыған әдет заңының жүйесі халық, мемлекет, жеке адам тіршілігінің барлық бағыты бойынша қағидалар мен ережелерді қалыптастырды» деп атап өтті профессор Тілеген Садықов.

Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті жөнінде Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Сая Бекіш баяндады.

- «Абылай хан XVIII ғасырда Қазақ хандығының шекарасын қалпына келтіріп, үш жүздің басын біріктірді. Абылай хан қазақ хандығының қуатын арттырып, іргелі мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Абылай ханның саяси көзқарастарының негізгі өзегі және идеясы – күшті, тәуелсіз, бір орталықтан басқарылатын қазақ мемлекетін қалыптастыру. Ресей, Қытай сияқты ірі мемлекеттермен тең құқықтық дәрежеде қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау принципін мойындату болды. Осы мақсатқа Абылай хан сыртқы және ішкі саясатты қалыптастырады»,- деді судья Сая Бекіш.

Билер сотының әділдік принципі – тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің әлемдік стандартқа сай дамуына септігін тигізгені анық. Қазақстанда құқықтық және зайырлы демократиялық мемлекет қалыптастыру мен дамыту процесіндегі сот жүйесінің қосқан үлесі, мемлекетті құқықтық орнықтырудың маңыздығы жөнінде зерделі ойлар, парасатты пайымдар, ғылыми зерттеулер бүгінгі сот жүйісінің дамуына зор үлес қосады. Билер шығарған заң-ережелер мен үкім-шешімдердің қазіргі республика Конституциясынан, қылмыстық, азаматтық кодекстерден, өзге де заңдардан көрініс табуы, Қазақ билері жүргізген әділсот тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі сот жүйесін жетілдірудің өзекті проблемаларының талқылануы әлі де дәстүрлі қазақ құқығын, билер институтын, сот тарихын ғылыми тұрғыдан әлі де зерттеуді, зерделеуді талап ететінін ескереміз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәу етер тәуелсіздік тойында: «Тағдырдан талай теперіш көрсе де халқымыздың рухы жасымаған. Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Бізге мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді. ...Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған даңқты бабалардың аттары ұрпаққа ұран болып бүгінге жетті. Сондықтан жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек» дегенін жадымызда ұстауға тиіспіз.

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бастамасы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеялогияға айналған идеясының бастамасы. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту – соттардың жаңа тарих беттерін қайта қарап, сот жүйесінің ертеректен келе жатқан құқықтық дәстүрін кеңірек тануға, бүгінгі ұрпақтық санасында қайта жаңғыртып, болашақпен сабақтасуына мол мүмкіндік беріледі.

 

 

Конференцияның екі пленарлық отырыстарында қазақ мемлекеттілігінің тарихы, құқық жүйесін қалыптастыру мен билер сотының рөлі туралы жиырмадан астам ғылыми баяндамалар тыңдалды.

Осы шара аясында Алматыдағы №2 балалар үйіндегі тәрбиеленушілер мен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, Мемлекеттік орталық мұрағатта және Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында кездесулер ұйымдастырылды.

 

Тыныс Ахметжанова,

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299