АЛЕКСАНДР МАТРОСОВТАН БҰРЫН ЕРЛІК ЖАСАҒАН БОРАН БАТЫР ЕДІ
Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандық-қаһарман Боран Нысанбаевтың зираты Ресей Федерациясы Орлов облысының аумағында жатыр. 1943 жылғы 23 қыркүйектегі КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста әскери тапсырмасын мінсіз атқарғаны және көрсеткен ерлігі үшін қаза тапқан Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Шабуылға шығып, жаудың бетін қайтарып, Лески деревнясын жаудан азат еткенде Боран денесінің жанында жаудың 28 жауынгерінің өлі денесі жатыпты. Шындығында ол Александр Матросовтан 17 күн бұрын ерлік жасап, жау ұясын кеудесімен жауып, беліне байланған гранаталарын дзот ішінде жарып үлгерген. Сөйтіп өзі мерт болса да дұшпандарын жер жастандырып, шабуылдаушы жауынгерлердің жолын ашқан.
Таяуда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының шеңберінде «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық төрағасы Серік Арыстанның бастамасымен Орлов облысында жатқан Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың зиратына тағзым етіп қайту сапары ұйымдастырылды (суретте).
Қазақ батыры Боран Нысанбаевтың тарихын зерттеуге 40 жыл бұрын зор еңбек сіңірген мұғалім Кенжеғали Қаюповтың «Дауылпаз» кітабында жазылғанындай «Боранның бейіті Безымянная деп аталатын терең сайдың қабағында тұр. Бұл сай Лескидің шығыс бетін тіліп жатыр. Бейіттің сол жағы «Ближный луг», «Безымянная», «Суходол» сайлары болып үш айырылады. Лески биік қабақ басында тұрған деревня» («Дауылпаз»13 бет).
Батырды еске алуға барған делегация құрамында – аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, Б.Нысанбаев атындағы мектептің ұстазы Гүлайым Шабдырова және аталған мектептің мұғалімі Перизат Әбдірахманов және журналист Сүйеу Халықов болды.
Қазақстандық делегацияны Орлов облысы, Покров аудандық әкімшілігінің басшысы Андрей Решетников, аудандық Әкімшілік іс басқармасының бастығы Алексей Кустовтар қонақжайлылықпен қарсы алды.
Бүгінгі таңда Б.Нысанбаевтың батырлығы жөнінде жазбаған адам әр өңірде де аз емес. 1974 жылы Гурьев педагогикалық институтында оқыған Қабдығали Сейітов өз жерлесі, әрі туысы болып келетін Боран Нысанбаев тақырыбын алып, диплом қорғады.
Журналист Төлеубай Ысқақов «Бұл Лескиде болған еді» деген драмалық шығарма жазды. Ол шығарма Индер ауданында жыл сайын Боран батырды еске алу күні қойылады. Сондай-ақ, тұрақты түрде Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы волейболдан жарыс өткізіліп келеді.
Сонымен қатар Қазақстанның Құрметті журналисі Сансызбай Базарбаев соғыс жылдары жазылған В.Поляковтың Боран Нысанбаев ерлігіне бағышталған поэмасын ана тілімізге аударып, ол да түрлі шараларда жиі орындалып жүр.
Нұржан Жолдасбек,
Атырау облысы.
Абай-ақпарат