АБАЙ МЕН ТӘКЕЖАН
Тәкежан (шын аты - Тәңірберді) - Абайдың жалғыз ағасы. Мәселе сонда, туыстар арасындағы араздық пен жарықшақтың іздері Абай шығармашылығында «мені біл, анықта!» деп сайрап-ақ жатыр.
Мысалы, 1886 жылғы «Көжекбайға» өлеңінде ақын:
Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңілі суысқан, -
десе, бұл өз басынан кешкен жәйт. Үлкенді-кішілі алуан оқиғалардан бүгінге жеткені - 1887 жылы Базаралы бастатқан жігітек жігіттері Тәкежан байдың бір қос жылқысын (800 бас) шауып алады. Соған байланысты келер жылы Семей қаласында ояз билері кеңесінің соты өтеді. Абай оған қатысудан бас тартады. Елдің әрекесін тілемей, берекесін тілегендіктен және Олжай арасын онан әрі ушықтырмау жайын ойлағандықтан (Тәкежанның даугері ретінде жүгініске жасы 30-ға енді ғана толған, ол күнде Тәкеңнің тәрбие-ықпалында жүрген, Шәкерім түсіп, бір сәтте «шешен», «жүйрік» деген атақ-даңққа бөленгенін айта кетудің орайы бар. «Мұтылғанның өмірі» деген өзі туралы дастанында Шәкерімнің:
Ұлық пен елге жағындым,
Әртүрлі атақ тағындым.
Ар кетіп, айла жамылдым,
Бейне алдамшы сопымын.
Қарасам мақтау айнадан,
Әлемнен озған мен бір жан:
Ел құтқарған топаннан
Тобықтының мұқымын, -
деп, өкінішпен сан соғуы астарында осы аты-шулы оқиға да жатыр.
Сол 1888 жылы Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлеңі дүниеге келген. Онда Тәкежан мен бәйбішесінің тастай сараңдығы мен мейірімсіз ит мінезін көріп ақын:
...Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр! –
деп, қатты ызамен жазғырады. «Бұл өлеңді, - дейді Тұрағұл, - өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінісләм деген немересін «тамағыңды үйде отырып іш» деп аңдып отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқаны» (бір тәуірі, үшінші буын Абай рухының шапағатын сезініп өсті, жаңағы Дінісләм Әзімбайұлы 1917 жылы Семей уездік Земствосына мүше 30 қазақтың бірі).
Үш жыл кейінде болған кейісті уақиғаны да Тұрағұл аузынан естиік:
«1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі - Тәңірберді сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Әзімбайдың жауласқан себебі: талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмақты ел билеумен табамын деп ойлап, өзін қолдаушы ел таппаққа ең қолайлы жол - ағаларының жауын ел қылғаны болып көрінді. Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған, бұларды бөлмесек болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп».
Көрдіңіз бе, Тәкежан мен Әзімбай жаңа құдасы Оразбай жағына шығып, өзінікін өзектен теуіп, тобықтан қаққан. Бұл шикілік, кезіндегі Ерболдың опасыздығы сияқты, Абайды қатты қынжылтқан. Кекете, мұқата, дөп тигізе айтқан «Тәңірбердіге» деген 7 шумақ арнау өлеңі сол кейістің жаңғырығы есепті.
Байсып, паңсып,
Көрінгенге бәлсіп,
Өзі ғана келгендей,
Дүниеге жансып.
Маң-маң басып,
Мен-мендігі асып,
Мал бітті деп, көңілі
Көтеріліп тасып.
Өлең осылай басталған. Келесі шумақтарда ағасының сараңдығы, жақынға жаны ашымастығы мен «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабатын» мінезі сыналған. Өлеңнің соңын түйіндегені:
Қолыңнан келер түк те жоқ,
Осының маған болды кек.
«Қолыңнан келер түк те жоқ» дейтіні Тәңірберді от басы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аспаған адам (кім өнерсіз, ел жұмысына епсіз, бірақ тәкаббар болса, сол кісі бойына жаман мінездер әмісе үйірсек келеді).
Абайдың қатты ашынған жайы оқырманға ұғынықты болу үшін сол 1892 жылы уайым, қайғылар қат-қабат келгенін еске сала отыралық. Бірінші, оқыстан қайтқан інісі Оспанды жөнелту, оның орнын күзету. «Бұл інісі елдің міндетінің барлығын Абайдан шығарып, өз мойнына көтеріп алған еді. Өзге туысқан ішінде Абайдың ең жақсы көрген інісі еді» дейді Мұхаң. Екінші, сүйікті ұлы Әбіш сырқатының асқынуы. Осы жылы Әбіш Петербордан Кавказға барып ем-дом алады. Әйтсе де өкпе ауруы - құрт дертінің беті қайтпаған. «Әбдірахман өліміне» өлеңінде:
Петерборда-ақ кідірмей,
Біліпті дерттің барлығын.
Тәуекел қып білдірмей,
Күтіпті Тәңірі жарлығын, -
деуінде осы астар бар. Осыған Абай мен Әйгерім арасында пайда болып, тым ұзаққа созылған қамырықты, кірбің мен түсінбеушілікті қосыңыз.
Ал Оразбай, Күнтудің болыстықтан үміткер Әзімбайды Абайға қарсы айдап салған әрекесі онсыз да жайсыз ахуалды қоюлата түседі. Абайға Әзімбайдың «Оспан мұрасынан кем қалдым деп өкпелеп жүргені» (Әрхам) аян-ды. Сонымен, жоғарыда баяндалған жәйттерден Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі, сірә да, 1892 жылы жазылған деп байлам жасауға болады. Әлі күнге «жазылған жылы белгісіз» делінетін өлеңді өз орнына қоятын уақыт жетті.
Тәңірберді неліктен даңқты да қасиетті інісі қайғырса бірге қайғырып, қуанса бірге қуана алмаған, қазақы ұғыға салып айтсақ, қанына тартпаған? Енді осыған келейік. Ол атасы Өскенбайдың қолында өсті. Бірақ басты себеп – ішкі түсінбеушілік, жолы бөлектік. Бұл ретте қазақтың бас кітабы - «Абай жолы» эпопеясы «Қастықта» тарауынан бір үзіндіге жүгінелік. Естеріңізде ме, Әзімхан төре (Әлихан Бөкейханов деп оқыңыз) Шыңғыстауға ат басын тіреп, құрметті қонақ ретінде күтілмей ме. Соны суреттеген тұста Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Шұбар (Шәкәрім деп оқыңыз) Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, «Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам».
Көріп отырсыздар, ғұлама Мұхаң төрт туыстың арақатынасы қалай қалыптасқанын астарлап, майдан қыл суырғандай етіп жеткізген. Соңғы екеу - құлқынның құлы болып, алдыңғы екеу - дүниеге бой алдырмай өмір сүрді. Жолы бірді қазақ «жолдас» дейді. Ал жолы бөлек болса ше? Құдай сақтасын, онда бірге туған ағайының да жат болады да шығады.
Сөйтіп, Абай мен Тәкежан бөлінісі тұрмыстық араздықта емес, гәп дауасы жоқ рухани алшақтықта жатыр. «Абай жолында» баяндалғандай, өз туысының опасыздығы Абайдың жанын жаралап, көңілін құлазытқан, ақыр соңында қан қысымы дертіне (гипертония) әкеліп соққан жағдаяттың бірі болған.
Енді 1892 жылғы Абай өлеңдеріне жүгінелік.
«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:
Жұрттың бәрі сөз сатқан,
Сатып алып не керек?
Екі сөзді Тәңірі атқан –
Шыр айналған дөңгелек.
Осы жолдар ойландырады, ақынның елестеткені Әзімбай бейнесі, жүдә. Екі сөзді де, шыр айналған пысық та сол еді ғой. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» өлеңінде:
Жүрегім, ойбай, соқпа енді!
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол шикі.
«Шикі» сөзі ағасы Тәкежанға ма? Жұрттың оны «солқылдақ, шикі» санағаны мәлім. «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң» өлеңінде:
Түзу бол деген кісіге,
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?
Тағы да Әзімбай, білем. Қалай болғанда да қатты ұқсайды (осы жылы тұңғышы Ақылбай бір ісімен Абайды қапа қылған-ды. Аңқаусоқ Ақылбайды «Сен де Еркежанның әмеңгерісің, қапы қалма!» деп арандатқан осы Әзімбай-тұғын). «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңінде:
Кез келсе қайғы қат-қабат,
Қаңғыртпай қоймас адамды.
Қасиетсіз туған - ол да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды.
Қазақта «қасиетсіз» сөзі - кісіліктен жаңылу деген мағынаны білдіреді. Абай «қасиетсіз туған» деп бұл жолы да Тәкежанды меңзеген деп болжам айтамыз. Онсыз да «мыңмен жалғыз алысқан» ақынға бір туған ағасының «күңкілдеп» айтқандары ауыр тимегенде қайтеді. Ғақлия сөзінде ойшылдың: «Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «әй, Тәңірі-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» (34-сөз) деуі осы болжамды құптай түседі.
Бақсақ, 1892 жылғы төрт-бес өлеңнің шығу төркіні бір. Түбінде, Абайдың кейбір ғақлиясы мен «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896), «Жүрегім менің – қырық жамау» (1899) сияқты кейінгі өлеңдері де «қасиетсіз» туыстарға деген өкпе-сыздан ада емес. Зарлы өлең шамданған, қорланған, ашынған көңіл-күйден туады әсте.
Екі туыста мінез, оған қоса, өмірлік ұстаным-мақсат екі басқа болғаны аздай, құданың құдіреті, Тәкежанның дене бітімі мен бет-әлпеті де өзгерек болған (бір естелікте ол «ұзын арық ақ шал» делінген және жеңгелері оған «Құсмұрын» деп ат қойғаны аян). Не керек, аралары ашылып, асқынған жараға айналған, ол бітеу жараны тескен біз – 1892 жылғы оқиға екеніне, тағы бір айтайын, «Тәңірбердіге» өлеңі куә болады.
Бірақ Тәңірбердіні «арамза, қаскөй болған» деуге ауыз бармайды. Ол Абайдың бір ауыз сөзін жаттап көрмеген қырдың надан байларының бірі. Типтік бейне. Өзгеректігі - Абайға туыстығы ғана. Әзелде көзі көргендер Тәкең жайлы сипай қамшылап қана айтады (Тұрағұлдың «сүйегі бос адам еді» дегені сияқты). Төсек тартқан соңғы күндері «Анадан төртеу ек, енді сен де кетіп, мен жалғыз қалмақпын ба?!» деп кемсеңдей кірген Тәкежанға Абай: «Ер бір өледі, ез мың өледі» депті-міс.
Мынаған қараңыз: 1893 жылғы сайлауда Абай болыс, ал оның кандидатына «оқымаған» (Тұраштың сөзі) Әзімбай сайланыпты. Бұл татулыққа қадам ба, құшақ жайған туыстық нышаны ма?
Бірақ... соңғы туындысының бірі - 1901 жылғы «Ұялма дегені көңіл үшін» өлеңінде ойшылдың:
Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?! –
деп қапа болуы көңілді тағы да күпті қылары анық.
Қорыта айтқанда, туыстардың іс-мінездері Абай шығармашылығында айшықты із қалдырғаны (Тоғжанға уыз ғашықтығы, Ерболға шын пейілі сияқты) хақ. Абайдың айналасын танып-білудің маңызды болатыны сол. Көрсе қызарлық, менмендік, күншілдік қазір де қоғамды жегідей жеп, ел ішін, ағайындар арасын алатайдай бүлдіріп жатыр. Оның дауасы - Абай идеясы, салған жолы. Өмір - шолақ, адам – қонақ. Сол шолақ ғұмырда жол - ортақ, бағыт бір болғанға не жетсін. Сол үшін баршамызға да Абай тілінде сөйлеудің, Абай сөзін жаттап өсудің қажеттігі сөзсіз.
Асан Омаров,
зерттеуші.
Abai.kz