КИІКТЕР ҚЫРҒЫНЫ. МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ
Соңғы жылдары Орталық Азия аумағында мекендеген киіктер саны күрт кеміп барады. Қызыл кітапқа енгізілген бұл жануарды қазақтар ерте заманнан бері киелі санаған. 2015 жылдың 29 қаңтарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі киіктер санының 2005 жылмен салыстырғанда 6,4 есеге артып, 257 мыңға жуықтағанын хабарлаған еді.
Киіктердің жаппай қырылуы осы қуанышымызды су сепкендей басып тастады. Қазақстан төтенше жағдайлар комитеті бір ғана Қостанай облысында 19 мыңнан астам киіктің қырылғанын ресми түрде мәлімдеді. Осыған орай ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» Фракциясының мүшесі Уәлихан Бишімбаев аталған оқиғаның себебін анықтау бойынша мемлекеттік құрылымдар шұғыл шара қолдануы керек екенін айтып, мәселе көтерді.
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрліктерінің қызметкерлері шұғыл түрде киіктердің қырылуы мен жүйелі негізде, отандық мамандармен ғана шектеліп қалмай, тап осындай мәселелердің болуы мүмкіндігін бағалауы мен болжауын пысықтасын», - деп атап өтті депутат.
Уәлихан Бишімбаев «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында 2012 жылдан 2014 жылға дейін жануарлардың арасында жұқпалы аурулардың тарауы мониторингін әзірлеуге және зерттеуге бағытталған бағдарламаның қаржыландырылып, бүгінгі күні оның тоқтап қалғанын да еске салды.
Сонымен бірге депутат, еліміздің өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап қалу әр қазақстандықты толғандыруы тиіс мәселе деп есептейді.
«Баяғыда Қазақстанда миллиондаған киіктер болды. Алайда, 90-шы жылдардың басында жануарлардың мүйізін алғысы келген қарақшылардың кесірінен олардың саны күрт кеміп кетті. Адамдардың жабайылық көзқарасы киіктердің жойылуына әкеліп соқтырды. Күні кешегі киіктердің қырылуы – бұл біздің бәріміздің ортақ қасіретіміз»,- деді депутат Уәлихан Бишімбаев.
Абай-ақпарат