БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТТЫҢ НЕГІЗІН НЕ ҚҰРАЙДЫ?
Үстіміздегі жылдың 11 наурызында Астанада «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілікті нығайту мақсатында бес жаңа институционалдық реформа ұсынғаны белгілі. Олар - заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру; заң үстемдігін қамтамасыз ету; индустриаландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім; біртұтас болашақтың ұлты; сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекет. Бізді қызықтырып отырған мәселе төртінші реформа - Болашағы біртұтас ұлт делінетін бөлігі. Елбасымыз өз сөзінде былай деді: «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет». Әсіресе, Елбасы қазақтарға мемлекет құраушы ұлт ретінде айырықша жауапкершілік жүктелетінін ерекше атап өтті. Президент айтқандай, қазақтар қазақстандық біртектілікті, сәйкестілікті қалыптастыруға елеулі ықпал жасауы керек. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы. Осыған қатысты кейбір пайымдауларымызды білдіре кеткенді жөн көріп отырмыз.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев өзінің көпшілікке мәлім «Тарих толқынында» атты кітабында: «...Біз, қазақстандықтар, бір экономикалық немесе саяси кеңістікте ғана емес, бір мәдени кеңістікте де өмір сүріп жатырмыз деген ақиқатты сезіну бірте-бірте орнығады» деген еді[1,146-147]. Яғни, қазақстандықтар белгілі бір географиялық аймақты мекендейтін жай тұрғындар ғана емес, өздерін осы елдің болашақ тағдырымен тікелей байланыстыратын тең құқықты азаматтар екендігін терең түсінуі қажет. Азаматтардың елдің табысы оның өзінің де табысы екенін сезінуі де аса маңызды. Бұған қалай қол жеткіземіз? Қоғамды топтасыратын идея қандай болу керек? Отансүйгіштіктің психологиялық негізін қалыптасыру үшін қандай шаралар жүргізу керек? Бұлар өте күрделі мәселер боп табылады.
Әлеуметтік- гуманитарлық ғылым саласындағы зерттеушілер ең алдымен жалпықазақстандық мәдени үлгі қандай болуы керектеігі жөнінде өзара ортақ ұйғарымға келіп алуы керек. Бәрімізге белгілі, ғылымның әр алуан саласында жиі қолданылатын «ядро» (лат. nucleus, грек, kaiyon — ядро) деген сөз бар. Қазақша оны ұйытқы, өзек, арқау, тірек, діңгек деген сөздермен беріп жүрміз. Қазақстанның өзегі болуға тиісті ұлт бар ма? Күн мен оны айналып жүретін планеталар сияқты жүйе үлгісін этносаралық қатынастарға қолдануға бола ма? Тарихтан білетініміздей, ХІХ ғасырдағы әйгілі неміс педагогы, халықтық мектеп пен педагогикалық білім саласының көрнекті қайраткері Адольф Дистерверг өзінің «Неміс мұғалімдерінің білім алуына басшылық» атты еңбегінде оқыту мен тәрбие процесіндегі маңызды қағидалардың бірі ретінде «мәдениетке сай болу» принципін ұсынған еді. Ол "...тәрбиеде адамның туған және өмір сүретін орны мен жағдайы еске алыну қажет, бір сөзбен айтқанда, сөздің кең мағынасында, бүкіл қазіргі мәдениет, әсіресе, оқушының отаны болып табылатын елдің мәдениеті ”- деп жазды [2]. Мәдениетке сай болу принципі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда белгілі бір мәдениетке арқа сүйеу қажеттігін білдіреді. Бұл жерде мемлекетқұрушы этнос ретінде танылып отырған қазақ ұлтының мәдениеті туралы мағұлматтар қаншалықты білім беру мазмұнына енгізілген деген сауал туады. Арамызда күні бүгінге дейін қазақ мәдениеті мен әдебиетінен не бір есімді, не бір оқиғаны жөндеп білмейтіндер кездесіп қалатынын несіне жасырамыз. Тәуелсіздіктің арқасында оқушылар мен студенттер Қазақстан тарихын белгілі бір деңгейде оқып үйренуде. Ал қазақ мәдениеті, психологиясы, философиясы, жалпы алғанда қазақтану мәселелері оқыту үрдісінде жеткілікті қамтылған ба? Қазақстандық біртектестіліктің негізін бәлкім мәдени, тарихи, лингвистикалық біртектестіліктен іздесек қайтеді? Соңғы уақыттарда экономикада долларсыздандыру (dedollarization), отандық өнімдердің үлесін арттыру туралы мәселелерді көтеріп жүрміз. Ал ғылым мен білім саласында ше? Идеология мәселесінде ше? Импортты алмастыру саясаты аталмыш салаларда қаншалықты орын алуы мүмкін? Осы сауалдар төңірегінде терең ойлануымыз қажет.
Қазақстан – полиэтносты мемлекет, біздің көп этностығымыз орасан зор экономикалық, рухани әрі мәдени байлығымыз және артықшылығымыз деп жиі айтып жүрміз. Бәлкім, солай да болар. Бірақ, бұл этносаралық қатынастарда еш мәселелер туындамайды дегенді білдірмейді. Ойға осыдан тура бір ғасыр бұрын патшалы Ресей империясының шеткері аймағы боп саналатын қазақ жерінде өмір сүрген орыс ұлтының қарапайым өкілдерінің қазақтармен «тамыр» болып жергілікті халықтың тілін үйренуге тырысқаны оралады. «Тамыр» сөзін халықтың өзі айналымға енгізді. Сыйластық өзара сыйластықты туғызған. Ал бүгінгілерде ондай ниет бар деп толық сеніммен айта аламыз ба? Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді игеру жағдайы көңіл көншітеді ме? Автохтон халықтың жаһандану жағдайында жойылу қаупі төніп тұрған өз тілін қорғауға ұмтылысына өзгелер қаншалықты түсіністікпен қарайды? Қазақ тілінің бүгін тек «гэлтахта» (шалғайдағы ауыл мен аудандарда) ғана қолданылатын, ағылшын тілі ығысырып тастаған ирланд тілінің тағдырын кешпесіне кім кепілдік береді? Кейде базбіреулердің байырғы халықтың кеңпейілділігі мен төзімділігін әлсіздік пен осалдыққа бағалап жатса, оны қалай түсінуге болады?
Атақты швейцариялық психолог, психиатр және мәдениеттанушы, аналитикалық психологияның негізін қалаушы Карл Густав Юнг (1875- 1961) өзінің әйгілі Тависток клиникасында (Лондон, 1935) оқыған дәрісінде мынадай жайтқа жұрттың көңілін аудартып кетеді: «Изучая северных американцев, я сделал интересные открытия: американец по причине того, что живет на земле аборигенов, несет в себе краснокожего индейца. Краснокожий, которого американец, возможно, никогда не видел, или негр, несмотря на всевозможные „только для белых", прочно вошли в американца и сделали его принадлежащим отчасти к нации „разноцветных". Эти вещи всецело бессознательны, и говорить о них следует лишь с просвещенными людьми» [3,39]. Демек, байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері үшін қазақ ұлтының тағдыры мен оған қатысты проблемалар «қажетсіз іс» болмауға тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық біртектестілік, сәйкестілік азаматтық принципке негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады. Азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, үлкен ғұламалық пен білімді қастер тұту (білім культі), зайырлы ел – толерантты ел, міне, Мәңгілік ел идеясы негізінде жатқан топтастырушы құндылықтар осы. Бүгінгідей геосаяси текетірестер орын алған аласапыран заманда қоғамда саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты мейлінше маңызды екендігі баршаға түсінікті. Этносаралық, дінаралық қақтығыстар ешкімге қажет емес. Бейбіт, тату өмірге халық та үйреніп қалды. Мұның өте дұрыс саясат екендігін әлемдегі оқиғалардың өрбу барысынан байқап отырмыз.
Қорыта айтсақ, Елбасымыз ұсынған бес институционалдық реформаның әрқайсысы біздің ел үшін үлкен бір сынақ болайын деп тұр. Мұндай реформалардың табысты болуы тек билік пен халықтың бірлескен іс -әрекеті мен ерік-жігерінің арқасында ғана қол жететін нәрсе. Тек біржақты жоғарыдан келетін пәрмен ойдағыдай нәтиже бермейді. Жай халықтың саяси шешімдерді қолдауы өте маңызды фактор. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл реформаларды жүзеге асыру үшін Президент жанынан арнайы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Ол бүкіл реформалар кешенін жүзеге асыру жұмыстарын үйлестіретін болады. Кейінгі ұрпаққа қандай Қазақстанның қалатыны осы реформаларға тікелей байланысты.
Сейітнұр Ж.С.
Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ- дің
Жалпы және этникалық психология кафедрасының доценті
психология ғылымдарының кандидаты.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Назарбаев Н. Тарих толқынында.- Алматы: Атамұра, 1999.- 296 бет.
- Дистерверг А. Избранные педагогические сочинение. М.: Учпедгиз, 1956. С. 201-203
- Юнг К.Г. Аналитическая психология. Тавистокские лекции. - Санкт-Петербург: МЦНК и Т «Кентавр», Институт Личности, 1994.- 136 с.
Abai.kz