ЛЕНИНДІ БІЛМЕЙТІН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ
Жақында мектепте оқитын ұлымнан «22 сәуір – қандай күн, білесің бе?» деп сұрап едім, дереу ұялы телефонындағы күнтізбеге үңіле қойып: «Сәрсенбі екен», – дегені. Бір жағынан күлкі қысты, екінші жағынан, шыны керек, қуанып та қалдым. Оның қандай күн екенін бұларға енді білудің керегі қанша?!
Қырықтың қырқасынан асып үлгерген біздің бала күніміздегі ойнайтын ойынымыз да, қызығатын тақырыбымыз да, алған тәлім-тәрбиеміз де басқаша болатын. Сөзіміздің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін бір-бірімізге «честный пионерский деші!», «Ленинді алдамаймын деші!» деп, ант-су ішкізуге бар едік. Сонда өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай ғып заулататын бөспелердің өзі көздері жыпылықтап, мүдіріп қалатын. Ленинді алдау деген – ең бір кешірілмес қылмыстай сезілуші еді. Оның үстіне, соғысқа қатысқан аталарымыздың ұрыс майданына «Ленин үшін!», «Сталин үшін!» деген ұранмен кіргені туралы аңызға бергісіз әңгімелерді де естіп өскеніміз тағы бар.
22 сәуір – (егер сіз де ұмытып қалмасаңыз) сол баяғы «күн көсем» – Владимир Ильич Лениннің туған күні еді ғой. Бұл күні бүкіл ел бойынша сенбілік өткізілетін. Оған әр мекеме, әр ұжым, әр мектеп жаппай жұмылдырылатын. Бөрене көтерген көсемнің суретін кітаптан көргеніміз бар, сондықтан ең еріншек деген баланың өзі мұндайда сенбілікке қатыспай қалудан қатты қорқатын. Үшінші сыныпта октябрят атанғанда бәріміз өңірімізге шашы ұйысқан бұйрабас сары бала бейнеленген төсбелгі (значок) тағатынбыз. Оның бала Ленин, балғын Володя екенін кейінірек, кепкасын тастамайтын көсеміміздің бүкіл өмірбаянын тәптіштеп оқыған кезде білдік қой.
Бірақ сол мектептегіміз айналайын екен, тек өмірбаянмен және шығармаларының негізгі тезистерімен ғана шектелген. Көресіні университетке түскенде көрдік. Көп жазатын көсемнің 54 томын ақтарып, реферат, курс жұмыстарын жазу біздердей бозөкпе бозымдарға кітапхананың талай шаңын жұтқызды-ау. Одан қалса, бұ кісінің сүйген сәулесі – Надежда Крупскаяға жазған сала құлаш хаттары бар. Қанша жерден «Біреудің хатын оқуға болмайды ғой...» деп қалжыңға сүйей қарсыласқанымызбен, оларды да оқуға, конспект жасауға тура келді...
Айтпақшы, мектепте оқып жүргенде:
«Үйімізде, төрімізде,
Портретте тұрған кім?
Бұл – Ленин бабамыз,
Бұл – Ленин данамыз!» – деген тақпақты жатқа айтпаған бала жоқ шығар ол уақытта.
«Ленин ата, біз ұлан,
Сенен туған шат көңіл...» – деп те шырқағанымыз есте. Осы әнді біздің сыныптағы (класс деуші едік қой) бір бала байқамай ма, әлде қалжыңдап па, «Ленин ата бұзылған...» деп айтып қалып, мұғалімнен ұрыс естіп, таяқ жей жаздаған. Тіпті ақырында мектеп жиналысының қып-қызыл тергеуіне түсіп, «жаздым-жаңылдым» деп жылап-еңіреп, әрең құтылған...
Қазір осы тақпақтар (шатпақтар десе де болады-ау) ешкімге де керек емес. Бала күнгі таза жадымызға жатталып, тұрып қалған әншейін... Әйтпесе уақыттың сынына төтеп бере алмай, елегінен өтпей, тарих күресінінде жатқаны рас. Себебі, заман өзгерді, қоғам өзгерді. КСРО деген алып империя он бес бөлшекке ыдырап, тоз-тозы шықты. Әр республика дербес, тәуелсіз мемлекетке айналды. Баяғы кеңестік идеология келмеске кетті. Қайта құрылған егемен елдер өз халқының дүниетанымына сай, ұлттық құндылықтарына негізделген жаңа идеологиясын жасауға көшті. Әрине, қайсысы қандай деңгейде – ол мүлде басқа әңгіме...
Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген балалардың көпшілігі Кеңес Одағы дегенді көп біле бермейді. Ленин мен Сталиннің кім екенінде де шаруасы жоқ. Мұны анықтау үшін біз мектеп жасындағы балаларға екі сұрақ қойып көрдік. Жауаптар, әрине, әрқилы, дегенмен, жас ұрпақтың жаңа көзқарасынан біршама хабар беретіндей. Санасы жат идеологиямен уланбаған, отаршылдық езгінің әсерін сезінбеген, еңсесі тік, намысы жоғары осы буынның болашағынан көп үміт күтуге болатын секілді. Тәуелсіз елдің балалары ғой бұлар...
Қазақстан 1991 жылға дейін қандай мемлекеттің құрамында болды? Кеңес Одағы дегенді білесің бе?
ТӨЛЕГЕН, 11 жаста:
– Ім-м-м... білмедім. Кеңес Одағы дейсіз бе? Жоқ, оны да білмеймін.
ЗАРИНА, 17 жаста:
– Ресейдің құрамында болғанбыз. Кеңес Одағы деген – сол Ресейдің бұрынғы атауы. Қазіргі біздегі орыстардың бәрі сол уақытта көшіп келген. Мен тарих пәнін жақсы оқимын.
МАЙРА, 14 жаста:
– Қазақстан бұрын орыстардың құрамында болған. Әкем айтады: «Ол уақытта бәрі орысша болды» деп. Ал мамам: «Есесіне, азық-түлік арзан еді, бір келі картоп 16 тиын болатын. Қазір масқара қымбат қой», – дейді. Тиын деген болған екен ғой ол кезде. Кеңес Одағы деген... сол уақытта ел солай аталған шығар, білмеймін.
ЕРМЕК, 12 жаста:
– 1991 жылға дейін де Қазақстан... Қазақстан болған шығар, білмеймін. Кеңес Одағы дегенді естімеппін.
ЖАННА, 12 жаста:
– Сұрақтарыңыз біздің апайдың сұрақтарынан да қиын ғой! Жауап бере алмаймын.
БАҚЫТЖАН, 16 жаста:
– Кеңес Одағының құрамында болды. Ол кезде оған 15 республика кірген. Кейін 1991 жылы бәрі тәуелсіздік алған.
ШЫҢҒЫС, 14 жаста:
– Ресейдің құрамында болғанбыз. Ол кезде қазіргі Ресей КСРО деп аталған. Яғни, Кеңес Одағы деген сол.
Ленин мен Сталин кім?
МАҚСАТ, 14 жаста:
– Шынымды айтсам, білмеймін. Естуім бар, бірақ... кімдер екенінен хабарым жоқ.
ДАНИЯР, 12 жаста:
– Сталин дегенді білмедім, Ленинді білем. Ол – көшенің аты.
ЖАНСАЯ, 16 жаста:
– Тарих саб ағынан реферат жазған кезде, соған ғаламтордан мәлімет іздеп отырып, бұл адамдардың аты-жөндерін кездестірдім. Жаңылыспасам, президенттер болған ғой деймін бұрын...
НҰРБОЛАТ, 13 жаста:
– Сталин деген баяғы заманда бір қорқынышты патша болған. Ал Ленин дегенді естімеппін...
РАУШАН, 11 жаста:
– Старин дейсіз бе? А, Сталин ба? Жоқ, білмеймін. Ленин? Бірінші рет естіп тұрмын.
МӨЛДІР, 10 жаста:
– Қиын сұрақтар ғой бұл. Біз әлі өткен жоқпыз мұндай тақырыптарды...
ТАҢАТ, 15 жаста:
– Ауылдағы атамның үйінде Сталиннің суреті бар еді. Басына әскери кепка киген, мұрты қалың дәу кісі екен. «Қатал патша болды, бірақ тәртіпті мықтап қадағаламаса да болмайтын еді ол кезде...» деп атам айтып отыратын. Екі жыл бұрын атам қайтыс болды. Қазір сол Сталиннің суреті қайда екенін білмеймін. Ленинді де естуім бар. Сталиннен бұрын патша болған-ау деймін, қателеспесем...
Егемен ел болғанымызға да 23 жылдан асыпты. Яғни, 1991 жылдан кейін туған балалардың өзі, мінеки, ат жалын тартып мінді деген сөз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, ширек ғасырға жуық осы уақыт ішінде-ақ аға буын мен орта буынның бойындағы кей кемшіліктерден ада, жаңа көзқарастағы жас ұрпақ қалыптаса бастады. Шүкіршілік етейік. Мақсатымыз – Ленинді еске алу емес, осыны түйсіну еді...
Сәкен СЫБАНБАЙ