Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 9744 0 пікір 5 Сәуір, 2015 сағат 23:07

ВАЛЮТАЛЫҚ ОДАҚ: ҚАТЕР МЕ, ЖАҢА МҮМКІНДІК ПЕ?

Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастығының саммитінде талқыланған маңызды мәселелердің бірі - валюталық одақ идеясы. Бұл ретте сарапшылар тарапынан ең жиі талқыланып отырған мәселе - "Валюталық одақ бізді қайда апарады? Одан қандай нәтижелер күтуге болады? Біз валюталық одаққа кірген жағдайда өз егемендігімізден айрылып қалмаймыз ба?" деген сауалдар. Бұл сауалдар кез келген ел азаматын бей-жәй қалдыра алмайды. Сондықтан біз де бұл сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Валюталық одақ, әдетте, интеграцияның ең жоғары шегіне жеткен бірлестіктер шеңберінде қолданылады. Бұл әдетте толыққанды саяси-экономикалық одақтың іргесі немесе мемлекеттік нысандарының бірі болып табылатын конфедерация құруға бағытталған маңызды қадам болып есептеледі. Бүгінгі әлемде конфедерацияның классикалық мысалы ретінде Швейцария кантондарының конфедерациясы немесе Біріккен Араб Әмірліктерін айтуға болары сөзсіз. Бұл елдер этникалық (БАӘ) немесе саяси (Швейцария) негізде біріккен елдер. Бұл елдер бірлесе отырып сыртқы саясат пен әскерді және экономиканы басқарады. Бұл қатарға ұлттық егемендігін шектеп біртұтас конфедерация құруға ынталанып жатқан Еуроодақты да айтуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ біртіндеп осы Еуропалық одақ қағидаларына арқа сүйейтін экономикалық одаққа айналуы мүмкін. Бұл үшін саяси ерік те, жігер де жетеді. Бірақ Қазақстанға мұндай одаққа мүше болу керек пе?

Кез келген экономикалық бірлестіктің маңызды бастамасы - экономика. Мысалы Еуроодақтың пайда болуына ықпал еткен алғашқы құрылым көмір мен болат одағы болды. Бұл одақ өзара шикізатқа деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында тиімді экономикалық жүйе құру үшін жасалды. Экономикалық одақтан саяси одаққа көшу үшін Еуропаға тағы да кем дегенде 40-50 жыл керек болды. Соның өзінде Еуроодақ мүшелерінің халықаралық және ұлттық саясатқа деген көзқарастары әлі келісе бермейді. Ал Еуразиялық одақта басынан бастап саяси фактор басым болды. Украинадағы оқиғалардан кейін саяси фактордың басымдығы күшейе бастады. Ал экономикалық фактор, керісінше, төмендеп кетті. Егер саралап қарасақ кез келген экономикалық одақ, оның ішінде кеденді одақ бірінші кезекте сауда еркіндігіне арқа сүйейді. Яғни, еркін тауар айналымы, еркін қызмет айналымы, еркін жұмысшы күш айналымы. Ресейдің Украинадағы дағдарысқа байланысты кіргізген экономикалық шектеулері тек Ресей тарапынан кіргізілген шектеулер болып табылады. Яғни, кедендік одақтың өзге елдеріне қатысы жоқ. Бұл жағдайда санкция қолданылып жатқан елдер өз тауарларын өзге кеден елдеріне кіргізіп қана қоймай, кедендік одақ режимін пайдалана отырып, ол тауарларды Қазақстанда жасалған немесе Беларусьта жасалған белгілерімен Ресейге кіргізуге ынталылығын білдірді. Логикалық тұрғыдан санкция режиміне қарсы болғанымен жүзеге асырылуына кедергі жоқ механизм. Тіпті, шет елден енгізілген кез келген тауар оған байланысты ерекше режим қолданылатындығы тараптардың шартында көзделмесе, кедендік одақ елдерінің бірінде баж төлеп бүкіл кедендік одаққа еркін кіру мүмкіндігі бар. Ал Ресей болса жоғарыда аталған тауарларды кіргізбей қойды. Себебі, заңға қайшы бұл қарсылықтың саяси астары бар. Ол саяси астар Украинадағы жағдайға байланысты.

Екіншіден, соңғы уақытта Еуразиялық одаққа кіруге ынта білдірген мемлекеттерге көз салып көрелік. Армения, Қырғызстан секілді экономикасы әлсіз мемлекеттер. Бұл елдерді одақ құрамына қабылдау үшін одақ көлемінде бірнеше қуатты экономика болуы қажет. Мысалы, Еуроодақ елдерінде бұл Германия мен Франция, белгілі дәрежеде Ұлыбритания. Ал Еуразиялық одақ көлемінде мұндай қозғаушы күш тек Ресей ғана. Қазақстан мен Беларусь экономикасының бірлескендегі көлемі Ресей экономикасынан әлдеқайда кіші. Қазақстан экономикасы Ресей экономикасынан 6 есе кіші болса, Беларусь экономикасы да шамамен сол денгейде. Мұндай жағдайда қандай тең дәрежелі одақтық қатынастар туралы сөз қозғауға болатындығы түсініксіз. Сонда одақтастардың бірігуінде қандай мақсат бар? Әрине, Ресейдің көздеп отырғандығы бірінші кезекте саяси мақсат.

Ол саяси мақсат, ең алдымен, Ресейдің ежелгі орыс жерлерін жинау тұжырымдамасымен тұспалдас өршіп келе жатыр. Қырымды Ресейдің құрамына кіргізуден басталған бұл тенденция әлемдік геосаяси картаны Кеңестер одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде қайта қараудың алғашқы талпынысы. Әрине, бұл жағдай АҚШ секілді қуатты мемлекетті бей-жай қалдыруы мүмкін емес. Бұл жағдайда Ресейдің маңызды қадамдарының бірі Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдердің санын мүмкіндігінше кеңейту арқылы өзінің саяси ықпал ету аймағын қалыптастыру. Мұның өзі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық бағытқа қарағанда саяси бастамалардың ұлғайып келе жатқандығының көрсеткіші. Қазақстан мен Беларусь саяси сценарийдің дамуына мүдделі емес мемлекеттер болып отырғанымен, экономикалық интеграциясы тиісті биікке көтерілмеген одақ шеңберінде ортақ валюта енгізу мәселесін талқылаудың өзі бастамашыл күштің біртіндеп Ресейге өткендігінің көрсеткіші. Дәл бүгінгі күні валюталық одақ құрылатын болса Ресей одақтың ең ықпалды мүшесі ретінде өзге елдерді экономикалық тұрғыдан сіңіріп алу мүмкіндігіне ие.

Валюталық одақтың оңтайлы және кемшін тұстары жетерлік. Оңтайлы тұстарға тиісті экономикалық интеграция жағдайына жеткен бірлестіктің шеңберінде ортақ валюта ортақ нарықты реттеудің маңызды инструментіне айналары сөзсіз. Бұған Еуроодақты мысалға келтіруге болады. Еуроодақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасып болғаннан кейін ғана ортақ валютаны енгізу туралы шешім қабылдады.Басқа бір мысал келтірер болсақ, Қазақстан өздеріңізге белгілі, көп жағдайда өзінің ең жақын стратегиялық әріптесі болып табылатын Ресеймен тығыз байланыста. Ресей рублінің құлдырауы Қазақстандық тұтынушыларды тауары арзан Ресей нарығына итермеледі. Нәтижесінде теңгенің тұрақтылығынан ұлттық өндірушілер үлкен зардап шекті. Ортақ валютаны енгізген жағдайда ұлттық өндірушілерде мұндай мәселе туындамасы анық. Бірақ Ресейдегі болған кез келген экономикалық катаклизм автоматты түрде Қазақстанға тікелелй ықпал ететін факторға айналады. Бүгінгі күні Ресейде өзектілігімен ерекшеленетін шетел валютасында алынған несиелерді қайтару мәселесі бұған дәлел. Айталық Сіз Ресей рублінде несие алдыңыз делік, бұл жағдайда ұлттық валютаның құнсыздануынан Сіз тек қана ұтасыз. Себебі, несиеңіздің нарықтық құны арзандады. Бірақ Ресей валютасымен алынған несиелер қымбат болып келеді. Екіншіден, валютаның құнсыздануы айлық және әлеуметтік төлемдер көлемінің ұлғаюымен тұспа-тұс келуі керек. Себебі, Сіздің кірісіңіздің көлемі артпаса рубльдік несиенің мағынасы болмайды. Оның үстіне бұл жағдайда экономиканың қантамыры болып есептелетін банк жүйесіне қан жүрмей қалады. Себебі, қаржы ресурстарының жетіспеушілігін сезіне бастайды. Ал дәл бүгінгі күні Ресейдің қаржы институттарының АҚШ және Еуроодақ тарапынан кіргізілген санкцияларға байланысты шетелдік қаржы көздерінен қарыз алу мүмкіндігінің шектеулі екендігі белгілі. Яғни, дәл қазір Ресей банктері және өзге де қаржы институттары қаржылық аштық жағдайына тап болуы мүмкін екендігін аңғару қиын емес. Екінші жағынан шетел валютасында несие алған азаматтар қатты ұтылды. Себебі, ұлттық валютаның еселеп құнсыздануы борышкерді қаржылық міндеткерліктен босатпайды. Бұл біртіндеп жылжымайтын мүлік немесе ипотекалық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Себебі, қарызын өтей алмаған мыңдаған адам өздерінің несие бойынша кепілі болып табылатын мүліктерін сатуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде үлкен әлеуметтік дағдарыстардың себепкері болады. Оның үстіне жылжымайтын мүлік нарығында және онымен байланысты өзге де сегменттерде жұмыс істейтін компаниялардың құлдырауына алып келеді.  Ортақ валюта енгізілген жағдайда Ресейде болуы мүмкін кез келген осындай ахуал Қазақстанға тікелей ықпал ететін болады. Біз бұған дайынбыз ба? Әрине, жоқ.

Қазақстан Ресей қаржы нарығында болып жатқан бұл құбылыспен бетпе-бет келген жоқ. Бірақ банк секторы тарапынан сайлаудан кейін күтіліп отырған девальвациядан кейін дәл осы мәселе біздің елде де туындауы мүмкін. Бүгінгі күні ұлттық экономикада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің ұлттық валютада мұқтаждығы жоғары болғанымен, екінші деңгейдегі банктер ұлттық валютадағы несие беруге мүдделілік танытып отырған жоқ. Өйткені, қаржы нарығы девальвация күтіп отыр. Әрине, мұндай кезде ұлттық банктің коммерциялық банктерге қосымша теңге беруі, валюталық реттеу механизмдерін қайта қарастыруының өзі мемлекеттің жағдайды өзгертуге деген ынтасын білдіреді. Дегенмен, жүйелік дағдарысты күтіп отырған банктер бұл шарттарға бармайды. Нәтижесінде қаржыға деген тапшылық айқын сезілуде. Бұл экономикалық өсімді тұншықтырушы фактор. Валюталық одақтың маңызды кемшін тұстарының бірі. Себебі, валюталық одақ экономикалық егемендікті шектейді. Интеграцияның жеткілікті дәрежесіне көтерілмеген мемлекеттердің ортақ валюта енгізуі, ұлттық экономикаларды реттеудің маңызды құралы болып табылатын валюталық реттеуден айрылып қалады. Бұған Еуропалық одақ елдерінің ішінде болып жатқан дағдарыста ұлттық үкіметтің әлсіздігі көрінді. Мұнда аталмыш елдер өз тауарларының бәсекеге қабілеттігін валюта бағамын құнсыздандыру арқылы арттыру мүмкіндігінен айрылған. Дағдарысты басынан өткеріп отырған елдер бүгінгі күннің өзінде жалақылар мен әлеуметтік төлемдерді, даму бағдарламаларын, яғни мемлекеттік шығындарды қысқарту арқылы ғана экономиканы реттеп отыр. Бірақ бұл саясат мәңгілік жалғасуы мүмкін емес. Себебі, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеткерліктерін тұрақты түрде қысқарта алмайтындығы белгілі. Ол әлеуметтік дағдарысқа әкелуі мүмкін. Нәтижесінде бүгін Еуроодақтың көлемінде еуроаймақ ыдырауы мүмкін. Тіпті Еуропалық одақтың өзінде еуроаймақ ұғымы бар. Бұл еуроны валюта ретінде қабылдаған аймақ. Ал кейбір Еуропалық елдер Еуроодаққа мүше болғанымен еуроаймаққа кіруді көздемейді. Бұл өз кезегінде валюталық реттеу мүмкіндігінен бас тартқысы келмейтін елдер.

Ал енді осындай дағдарысты басынан кешіріп отырған Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық деңгейін салыстырар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ валютаның енгізілуінің әлі алыста екендігін түсінеміз. Сондықтан бүгінгі күні саяси мүдденің жетегінде жүрген Ресейдің артына еріп ортақ валюта енгізу экономикалық бодандыққа алып келуі мүмкін екендігін ұмытпаған орынды болар.

 

Шыңғыс ЕРГӨБЕК

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053