Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 10874 0 пікір 1 Сәуір, 2015 сағат 16:35

КҮЛКІ КҮНІ және ҚҰСТАР КҮНІ

1 сәуірді жұрт "Күлкі күні" дейді. Мен "Алдаркөсе күні немесе Қожанасыр күні" деп атасақ деймін. Бұл күні талай рет алданғаным бар. Бір мысал.
Ұмытпасам, 1989 жылдың 1 сәуірі болса керек. Ол кезде көкек айы деп аталатын.
Мәскеулік Орталық телеарна "Ескі архивтен "Игорь жорығы туралы жырдың" авторы Боян деген ақынның сол заманның суретшісі салған суреті табылды!" деп хабарлап, сақалды біреудің сарғайған суретін көрсетіп жатты. Бет-әлпеті біздің ата-бабаларымызға ұқсап тұр. Мен қуанғаннан Олжас Сүлейменовке телефон шалдым. Ол да бұл хабарға қуанып, "Егер рас болса, ол суретті Мәскеуден алдыруымыз керек екен" деді. Бірер күннен кейін ол кісіге тағы телефон соғып: "Боянның суреті не болды?" деп сұрасам, Олжекең: "Ол Күлкі күніне орыстардың ойлап тапқан қалжыңы болып шықты" деді. Сол алданғаным, онымен қоймай О.Сүлейменовті де алдағаным есімнен кетпейді. Сөйтсек, Мәскеу теледидарының "Боян жыраудың суреті" деп көрсеткендері қазақстандық суретші Альберт Гурьевтің қазақтың батырлар жыры тақырыбына салған суреті екен.

Сондай-ақ, бұрын 1 сәуір халықаралық Құстар күні деп аталатын. Сүйегі қурап қалған Совет өкіметі кезінде бұл күні балалар қараторғай ұяларын жасап, ағаш басына орнатып жататын. Негізінде дүниежүзінің көптеген елдері Құстарды қорғау күнін, Жыл құстары күнін өздері белгілеген мерзімде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Мұндай Құс күні бізге де керек екені сөзсіз..
Сондықтан құстай ұшып жүрген құс мінезді, құс ұйқылы қауымды баяғы Құстар күнімен құттықтай отырып, көктегі құстай еркін болыңыздар дегім келеді.

ҚАРЛЫҒАШТАР

Қарлығаштар, 
құйылып құбыладан, 
келіңдерші көктемде тірі маған,
мен сендермен о баста бірге туып, 
өздеріңмен өрбігем бір ұядан.

Дүниенің болса да сырына алаң, 
құс сырына бойлап па ғұмыры адам? 
сендер ұшып кеткенде, 
қарлығаштар, 
жерде қалған жалғыз мен бір ұядан.

Орамадан соғылған сылақ үйде, 
қала бергем қайрансыз құба күйде, 
қайырымды құдайдан қанат сұрап, 
келер дегем самғайтын күн, әрине.

Күн туғанда шалқыма, шаттығы көп, 
қанат қағам тұңғыш та ақтық рет, 
кетем ұшып мен дағы бұл жаһаннан, 
көк аспанның маған да жаттығы жоқ!..

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

 

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды)

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051