Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 8716 0 пікір 31 Наурыз, 2015 сағат 11:56

ҚОРАЗБАЕВТЫҢ АРЫЗЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАДЫ

Алматы қалалық соты әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың марқұм болған серіктесінің үстінен берген арызын қанағаттандырмай тастады. 

Оқырманның есінде болса, осыдан аз уақыт бұрын белгілі өнер қайраткері өзінің бұрынғы серіктесі әрі отбасылық досы, бүгінде бақилық болған Сырым Құлжановтың мұрагерлерімен дауласып, жылжымайтын мүлікке таласқан болатын. Даудың шығуына негіз болған Алматы қаласындағы жеке тұрғын үй еді. Аумағы 900 шаршы метр болатын атшаптырым сарайды ақы иесі 2012 жылы Құлжановтар отбасына сатқан көрінеді. Алайда, сол кездегі баға бойынша 7 миллион теңгені құрайтын баспананың бәсін Қоразбаевқа бермей кеткен екен. Алдымен үйді құжат жүзінде рәсімдеп, ақшасын кейін бермек болған Сырым Құлжанов уәдесінде тұрмай, о дүниелік болып кете барған. Ал, Алтынбек Қоразбаев болса адал ақшасын алатындығына сеніп, ұзақ уақыт күтіп жүріпті. Істің насырға шапқанын сезгеннен кейін, сазгер марқұм Құлжановтың үстінен сотқа шағым беруге мәжбүр болған.

Бірақ, Алматы сотының мына шешімі Қоразбаевтың үмітін біржола үзгенге ұқсайды. Өйткені, сазгер айыпталушы ретінде танып отырған адам бүгінде тірілер санатында жоқ. Ал, 2012 жылы жасалған сатып алу шартында заң бұзушылық жоқ, тұрғын үй Құлжановтың атына рәсімделген. Сол себепті сот марқұм Құлжановтың мұрагерлеріне кінә таға алмаған...

Жалпы, елге танымал адамдардың артынан ерген сөздің әлеуметке жағымды әсер етпейтіні шындық. О баста қоғамдық пікір Алтынбек Қоразбаевтың әрекетін жабыла сынағанымен, кейін келе әншінің күйінішін түсінуге тырысқан сыңайда еді. Ал, соттың ендігі шешімінен соң үйінен бір, ақшасынан екі айрылған сазгерді жұбатарлық сөз қалмаған шығар...

Алтынбек Қоразбаевтың бұл дауы алып, сату ісінде абай болу керектігін тағы бір еске салып қойса, кәні?!

 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036