Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7138 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 09:48

Әміржан ҚОСАНОВ. ВАЛЮТАЛЫҚ ОДАҚ ТУРАЛЫ ОЙ

...Сонымен, көптен күтулі суыт хабар жетті. Астанаға келген Путин Еуразиялық одақ аумағында ортақ (бірыңғай) валюта одағын құру қажеттігі туралы ашық айтты. Қадап айтты. Жанында отырып, не «иә» деп бас шұлғымаған, не «жоқ» деп сол бастарын шайқамаған қос әріптесінің қабағына да қарамай, Айды аспанға бір-ақ шығарды.

Меніңше, Путин үш елді ғана емес, ЕАЭО тірлігін жіті бақылап отырған күллі әлемді дүр сілкіндірген осы бастаманы алдымен өз әріптестерімен бөлек отырып, ақылдасып, ортақ мәмілеге келіп, сосын ғана жария етуі керек еді. Сөйтіп, әзірше бір қайнауы ішіндегі әрі әр елде сөзсіз қарсылық тудыратын ұсынысты құнттап алып, үш мемлекеттің де басшысы қолдайтындай тиісті нобайын реттеп алуға болар еді.

Бәлкім, солай болған да шығар. Назарбаев пен Лукашенко ол ойды қуана қолдай қойды деп ойламаймын. Өйткені, өз елдерінің түпкі мүдделеріне бұл ой мүлдем сәйкес келмейтінін әрі қоғамда мықты наразылық тудыратынын, оның өзі олардың саяси жағдайына теріс әсер ететінін олар білмейді емес, біледі.

Сондықтан да ортақ валюта туралы ұсынысын Путиннің дәл осындай форма мен форматта жеткізуін өз басым әріптестеріне көрсеткен бір сесі деп білемін. Әйтпесе, пісіп-жетілмеген идеяны жария етіп несі бар?

Путиннің ұсынысы жайында бұл жолы Елбасы да, Батька да ләм-мим деп ауыз ашпады, өз көзқарасын білдірмеді.

Осының өзі өте қауіпті жайт!

Өйткені, елдің көзінше жариялаған өз ұсынысын Путин ендігі жерде аяқсыз қалдырмайтыны түсінікті ғой. Ал оның осынау талабына қалған екі президент қалай қарайды екен?

Әрине, «валюталық одақ» деген сөз әп-сәтте үш елде бірдей жүретін ортақ, бір ғана валюта болады деген сөз емес. Мәселен, кезінде, яғни 1979-1998 жылдар аралығында Еуропалық Одақ елдеріне ортақ «экю» атты валюталық бірлік болды. Әр елдің өз валютасы айналымда жүрді, бірақ «экю» сол елдердің валюта кәрзеңкесінің ортақ көрсеткіші ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге «экю» қолма-қол ақшасыз операцияларда қолданылды.

ЕАЭО аумағында да осындай валюта енгізілу мүмкіндігі бар.

Бірақ оның екі түйткілі боп тұрғаны.

Біріншіден, ЕАЭО құрамындағы ұлттық валюталардың жағдайы мәз емес. Сондықтан болашақ ортақ валютаны алтынмен аптап, күміспен күптесең де, сырты бүтін, іші түтін боп тұрары хақ.

Ресейдің рублі Батыс санкцияларынан кейін әлсіреп қалды. Мұнай бағасының төмендеуі де оған өз әсерін тигізіп жатыр. Нәтижесінде рубльге деген сенім тіпті жоқ! Санкциялар әлсіремейтіні анық, өйткені, Батыс елдері Қырымды қайтару туралы талабынан танбайды, ал Кремль болса, ол ойдан мүлдем аулақ. Сондықтан рубльдің болашағы тым бұлыңғыр.

Беларусьтің рублі (зайчигі) о бастан тұрақсыз. Талай-талай деноминация мен девальвацияны бастан өткерген ол қазір әлемнің ең осал валюталары санатында.

Біздің теңгенің де келешегі күмәнді секілді. Өткендегі девальвациядан ел әлі де есін жия алмай жатыр. Енді биліктің өзі «тағы да бір девальвация жасамасақ, болмайды екен» деп, қоғамдық пікірді дайындап жатыр. Сөйтіп, өзінің шарасыздығын осынау шара арқылы ақтап алғысы келеді.

Енді осы үш дімкәстің басы бір валюталық одақтың палатасында қосылса, не болмақ? Бір-бірінің ауруын бір-біріне жұқтырудан басқа не істемек?!

Екіншіден, жоғарыда айтқан «экю» келе-келе 1999 жылдан бастап, атышулы «еуроға» айналып кетті. Сөйтіп бір сәтте барлық ұлттық валюталардың орнын басты.

Бізде де бара-бара солай болмайды деп кім кепілдік бере алады?

Сондықтан қандай да формада жүзеге асырылсын, сол валюталық одақ бізге береке әкелмейді.

Ол дегеніміз қаржылық тәуелсіздіктен біртіндеп әрі соңында – біржолата айрылу деген сөз. Өйткені, ортақ валюта тұсында ЕАЭО аумағында орталықтандырылған, өзара келісілген қаржы саясаты жүргізіледі. Мұндай жағдайда кімнің кімге жалтақтауға мәжбүр болатыны о бастан белгілі!

Ақшаның эмиссиясы, инфляцияның деңгейі секілді базалық критерийлерді кім анықтайды, ол жағы да түсінікті болар.

Сол жағдайда біздің теңгенің тағдыры не болмақ? Теңгеге телмірген қарапайым халық пен экономикамыздың болашағы не болмақ? «Ақшасы бардың қолы ойнайды, ақшасы жоқтың көзі ойнайды» демей ме атам қазақ?

Бұл сауалдарға Ақорда әлі де нақты жауабын бере қойған жоқ.

«Иә» дейін десе, ел ішінде толқу болуы әбден ықтимал.

«Жоқ» дейін десе, Кремльдің айылын жияр түрі жоқ, тепсе темір үзетін тегеуріні тым қатты боп бара ма, қалай...

Сонымен бірге, осы валюталық проблеманың таза саяси астары бар екендігін ұмытпайық. Оның мәнісі мынада.

О баста, ЕАЭО құрылғанда билік «бұл терезесі тең мемлекеттердің өз қалауы, барлық шешім өзара келісіліп қабылданады» деп, елді тыныштандырған-сымақ болатын. Біз ол кезде өз күмәнімізді ашық айтқан болатынбыз. Билік біздің сөзімізге құлақ аспады.

Енді, міне, көрген күні осы боп тұр, яғни азуын айға білеген Кремль ешкіммен келіспей-ақ бізге де әсерін тигізер өз шешімдерін қабылдап жатыр. Мәселен, Батыс санкцияларынан кейінгі жауап ретіндегі өзінің сауда саласындағы тыйымдарын (эмбарго) Ресей не Қазақстанмен, не Беларусьпен ақылдаспай, қабылдай салды емес пе? Енді соның кесірін біз де көріп жатырмыз!

Ертеңгі күні тағы да солай боп жүрмесін!

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279