Елбасы: ОҢТҮСТІКТІҢ ДАМУЫ ОЙДАҒЫДАЙ
«Қазақстан Президенті халық саны жөнінен алдыңғы қатардағы өңірдің бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті» деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Біз Шымкенттің миллионнан асатын тұрғыны бар қалаға айналуы үшін қажетті күш-жігер жұмсап отырмыз. Қала өсіп, мұнда жаңа орталық салынуда. Өңірдің инфрақұрылымы жақсарып келеді. Облыс арқылы автомобиль жолдары мен теміржол магистральдері, газ құбырлары өтіп жатыр. Бұл жайт бизнестің өркендеуіне, жалпы бүкіл халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кешенін басым дамыту ісіне назар аударды.
– Облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар. Бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, қазірдің өзінде оның нәтижесі көрінуде. Біз заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз, соның есебінен өндіріс ұлғаюда. Мәселен, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мөлшері 2,5 есе өсті, соның нәтижесінде оның бір бөлігін облыс экспортқа жібере бастады. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Осы жұмыстың барлығы жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміз халық бірлігінің, өзара түсіністігі мен толеранттылығының нығаюына септігін тигізетін бірқатар маңызды тарихи оқиғаларды атап өтетіне тоқталды.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына бақ-береке және табыс тіледі.
Абай-ақпарат.