Серік НЕГИМОВ. Жасын
(Міржақып Дулатұлының әдеби-ғылыми шығармашылығы туралы)
Алаш арыстарының ортасында тұлғасы толық, тұрманы түгел, тұйғындай түлеп, алтын оттай жайнаған дауылпаз үнді өршіл ақын, жалынды көсемсөзші, сан қырлы сарабдал санаткер, салиқалы қайраткер, әмбебап білімпаз Міржақып Дулатұлы тұр еді.
1909 жылы "Оян, қазақ!" деп қыранша қанат қағып, сұңқарша саңқылдап, қазақ жұртына:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Ер кетті, дін нашарлап, хал һараб1 боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, -
деп айқын ойшылдық, көрегендік, суреткерлік тегеурінмен дабылдата ұрандатқан-ды. Бұл - бір тастүйін толғам-толғаныс Міржақып Дулатұлының өлшеусіз тарихи қызметі, дархандықпен дарыған ақындығының асыл сипаты.
(Міржақып Дулатұлының әдеби-ғылыми шығармашылығы туралы)
Алаш арыстарының ортасында тұлғасы толық, тұрманы түгел, тұйғындай түлеп, алтын оттай жайнаған дауылпаз үнді өршіл ақын, жалынды көсемсөзші, сан қырлы сарабдал санаткер, салиқалы қайраткер, әмбебап білімпаз Міржақып Дулатұлы тұр еді.
1909 жылы "Оян, қазақ!" деп қыранша қанат қағып, сұңқарша саңқылдап, қазақ жұртына:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Ер кетті, дін нашарлап, хал һараб1 боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, -
деп айқын ойшылдық, көрегендік, суреткерлік тегеурінмен дабылдата ұрандатқан-ды. Бұл - бір тастүйін толғам-толғаныс Міржақып Дулатұлының өлшеусіз тарихи қызметі, дархандықпен дарыған ақындығының асыл сипаты.
Міржақып Дулатұлының әдеби-ғылыми шығармашылық еңбегі мейлінше кемел, байтақ, телегей. Сан алуан лағыл сырларымен, түйінді тұжырымдарымен, оюлы-ойлы оралымдарымен, рух, тіл, сезім, көңіл байлығымен өзгешеленеді. Ол "Оян, қазақ!" (Уфа, "Шарқ" баспасы, 1909; Орынбор "Уақыт" баспасы, 1911), "Бақытсыз Жамал" (Қазан, Каримовтар баспасы, 1910), "Азамат" (Орынбор, 1913), "Есеп құралы" (Орынбор, 1914, 1922), "Терме" (Орынбор, 1915), "Қирағат кітабы" (Орынбор, 1916, 1923), "Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіштері" (Қызылорда, 1926-1927), "Қылмыстық істерді жүргізу заңы" (Орынбор, 1924) дейтін сүбелі, сүйекті шығармалар тудырды. Алаш ардақтысының буырқанған ойынан, ғұламалық зердесінен, даналық кеудесінен толқындап туған көсемсөздері, әдеби-көркем сындары, зерттемелері "Серке", "Қазақ", "Бірлік туы", "Кедей сөзі", "Ақжол", "Ауыл тілі", "Еңбекші қазақ", "Ауыл" газеттері мен "Айқап", "Қызыл Қазақстан" журналдарында жарық көрді.
Кемел ойлы кемеңгердің ұлттық рух, мемлекетшілдік-елдік сана, ұлттық тіл, мәдениет, өркениет, ғылым, оқу-ағарту, өнер-білім, ұлт баспасөзі, журналистика, саясат, тұлғатану мәселелеріне қатысты шалқыған сымбатты сара ой-пікірлері тәуелсіздік тұсында да өзектілігімен, көкейкестілігімен ерекшеленеді. Және де интеллектуалдық мәдениеті, ойлау қабілеті, көркемдік дүниетанымы аса жоғары саңлақ әдеби жанрлардың гүлденіп көркеюіне керемет үлгілі үлес қосты.
Ұлтының өркендеуіне тілеуқор, мақсаткер Міржақып Дулатұлының даңқты "Оян, қазақ!" кітабында ел мен жер тағдыры, замана, қоғам қайшылықтары, рухани сұлулық, оқу-ағарту мәсе-лелері турасындағы шамшырақтай ой-толғаныстар шоғырланып жинақталған. "Оян, қазақтың!" аңдатпасында: "Қой бүйтпелік, һәр халықтың күші һүнер болса, һүнерге Аллатағала қасында һүммәтіміз1 саясында біз қазақтар да ортақ болсақ керек, соның үшін мұсылманша ғылым оқып, дінімізді танып, надандардың көзін қойып, көңілін ашып, мұнымен ахиреттік пайдамызды табалық. Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан хорлық көрмес үшін, орысша оқып һүнерлі болалық" деп негізгі ізгі ойын байқатады.
Ол "Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі" дейтін толғауында жалындай маздап:
Бой тежеп жүрексіну дұрыс емес,
Шашылған ризықты жүріп татпай, -
деп армандайды. "Жиырмасыншы ғасырдың жастарына" алға аршынды қадам басалық, халыққа қамқорлық жасалық, қазақтың бұрынғы билеріндей "өрнек шашалық", "артықтан тағылым алып", ғибрат берелік, сөйтіп "қазақты ояталық" деп берекелі кеңес береді.
Бас қосып киргизский интеллигент,
Біздерге халықтың қамын ойлау міндет.
Культура деген сөзді на практике,
Етпейміз не себепті осуществлять? -
деп, тастүйін тиянақты құбылнамалық ойын мәлімдейді.
"Һүнерін халық файдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға..." атты жырында өткір зейінді ой-парасат иесі:
Қазақты төрге сүйреп бір жеткізші,
Дін, дүние жеміс боп табыстарың, -
деп, ұлы дүбір сайыста "азуы алты қарыс айдаһармен" жекпе-жекте "қыран көзді арыстанының", "қамалға қарсы шапқан қаһарманының" есесін жібермей олжалы, "шабысының қайырлы" болатынына үміттенеді.
Намыстың отына күйіп-жанып, күйініштің улы заһарын жұтынып, заман запыранына жиіркене тұншығып, торға шырмалған тотықұстай шырылдап, қазақтың қасіреті, маңдайының соры, жер-суынан, атақонысынан айрылуы "Қазақтың жерлері" атты өлеңінде айшықты сипатталады.
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба?
Қасиетті бабамыздың зираты,
Қалды ғой көшесінің арасында.
Моншаға зираттың тасын алып,
Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың да.
"Қазақ қазақ болғалы мекен еткен" салтанатты атақонысыңнан, ну орман-тоғайыңнан, айдын шалқар көліңнен, шүйгінді өрісіңнен қапияда айрылдың, қанатыңнан қайрылдың дейді.. Ақынның қазақ жері туралы ой-толғаныстары барша шығармашылық мұрасында тереңдей түседі. Көл-көсір көсемсөздерінің басты сарыны, құлақ күйі осы.
Қазақ халқының күрделі тағдыры, рухани күйзелісі, өзекті өртерлік ыза-наласы, нақақтан төгілген көз жасы "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат", "Үйренген халықпыз ғой кемшілікке", "Сайлау хақында", "Жесір дағуалары1 хақында" деген жырларында бедерленеді.
Міржақып Дулатұлының кең құлашты ақындық серпінін, азаматтық тұлғасын, ойшылдық, сыршылдық болмысын есілтіп-төгілтіп, жұтынтып жеткізетінін, кесек сөйлейтінін, ішкі қуатын, ішкі сарайын, ерекше мінезін танытатын туындысы - "Насихат ғумумия". Міржақыптанушы Жұмағали Ысмағұловтың көрсетуінше, "негізгі ақындық кредосы, азаматтық платформасы баяндалған поэзиялық монологтар", "нақыл-насихат, ақыл-парасат пайымдары", "бір ырғақта, бір екпінмен, бір леппен шұбыртпалы бір ұйқаста бәйіт үлгісімен жазылған деуі", сөйтіп, көркемдік шарттылықтарын нақ-нағымен, тақта-тақтасымен терең түсіндіруі ойландырады, қызықтырады.
Негізінде, мәнді ойлар, ғибратты сөйлемдер, өнегелі толғамдар жеткілікті.
Мысалы:
1. Һүнерпаз қара жерге салар қайық,
Жиһаннан алар тағылым қанат жайып.
2. Білгеннің жүрген жері бәрі жарық
3. Майда бол жігіт болсаң, тал жібектей,
Жақсы емес қатты болу тікенектей.
Естілердің талай-талай мәслихатында ақылды кеңестерін, аталы сөздерін көкірегіне тоқыған, ұлт тәрбиесі мен көркемдік тәжірибесі келіскен, көмейінен сыр саулаған майталман сөз зергерінің нақылдары заттылығымен, мағыналығымен, сымбаттылығымен өзгешеленеді.
а) Қыздырмалы қызыл тіл,
Түбіңе жетер - соны біл!
Файдасы жоқ тиындай,
Сөз байлығы дария Ніл.
ә) Тәңірі жаққан шам-шырақ,
Су құйсаң қайтіп сөнеді?
Намыстанып орынсыз,
Абыройын пенде төгеді.
б) Ықылассыз кейбір надандар,
Тасқа егін себеді.
Ақымаққа айтқан насихат
Дәл осымен тең еді.
"Насихат ғумумия" толғауында мұсылманшылық, түрікшілдік сарындар көрініс тапқан.
Әуелі үйренетін бір ғылымың,
Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
Шарттарын исламның кәміл білсең,
Ахиреттік азық берер шын ғылымың.
Әрі қарай ақынның ойын сабақтастырып жалғастырсақ, шариғат қағидаттарын парыз санау, әндетіп, мақамдап оқу, Құранды құрметтеу, жоғары медреседе білімге қанығу, сонан соң орысша оқу, пайдалы тілді үйрену керек екендігін ыждаһатпен пайымдайды. Сонда "ақылы - дария, көзі - өткір, көңіл - шебер" кісілікті, білікті "сырың бір, қырың сегіз" шаһбаз санатына қосыласың дейді. Осынау ой-пікір сарындары "Қазақ халқына діни бір уағыз", "Мәсжід - медресе хақында", "Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта" дейтін жыр-толғауларында жалғасады.
Шынтуайттап келгенде, "Оян, қазақ!" - ұлттық поэзия тарихында бірегей құбылыс ретінде қабылдануға лайық. Бұл - өз заманының қайталанбас шарайнасы, ұлт руханиятының алға ұстаған тұтас бір бағыт-бағдары, беломыртқасы. Міржақып Дулатұлының жаңашылдығы-ның бір қыры - ғылыми поэзияның (научная поэзия) үлгісін жасағандығында. Ғылым, техника, өнер жаңалықтарының, сонымен бірге, терминдік атаулардың қолданыс табуы, өзі айтқандай, "ғылыммен хасыл1 болған нәрселер". Бұл орайда "һүнерменен хасыл болған нәрселер" дейтін жырында телескоп, телеграф, пароход, автомобиль, телеграмм, телефон, воздушный шар, машина, электрический, граммофон секілді терминдік ұғымдар берілген.
Біз дағы ғылым білсек етпес пе едік,
Ілгері озғандарға жетпес пе едік.
Дін, дүниеміз таршылықтан азат болып,
Һүнерлі халық атанып кетпес пе едік, - деп үміт отын маздатып, қиял пырағына мінеді.
"Оян, қазақта!" түркі жұртының білімпазы "Исмағұл Гаспринскийдің айтқан сөзі" дейтін мақаласында тарихи танымын, ұлттық ой-санасын әйгілейді.
"Сөз ақыры" дейтін түйін сөзінде "заманның кемшілігін айтқан", "милләтке жаны ашып, ғамын ойлаған" данышпандар Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстойлармен теңдес "ғажайып хикмәттің кілтін ашқан" шешен-көсемдер, ақындар Абай, Ахмет, Әбубәкір, Қыпшақбай, Ақмолла, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіптерді атайды.
Ілімді-білімді Міржақып Дулатұлы ұлт тарихы мен тағдырындағы түбірлі мәселелердің мәнісін, теңіздей терең сырын түп-тамырынан қозғап-толғап, себеп-салдарын түбегейлі талдап-саралап сөйлейтіндігі таңдай қақтырады. Оның саяси-әлеуметтік көзқарасы, тарихи және діни-түркілік дүниетанымы "Оян, қазақта!" жанартаудай күркіреп, сахара жұртын көшкен таудай жаңғыртса, ал "Азамат", "Терме" жинақтарында лирикалық поэзияның әсем үлгілері бар екен. Жалын атқан шандоз ақынның көркемдік шеберлігі, сөз саптау мәдениеті, ойшылдық пен сыршылдық көріністері "Айтыс" (Лермонтовтан), "Таза бұлақ", "Гүл" (Пушкиннен), "Шағым", "Сұлу қызға", "Тағдырдан сұра, қаскүнем" (Абу Фирастан) тәрізді өлеңдерінде жарқын түрде шынайы суреттелген.
"Мың ділдә білімдінің жалғыз сөзі", деп өзі кестелеп бергеніндей, "Шағым" өлеңінің бастамасына жіті үңілейік:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, -
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!
Бұл - балауса балғын қасиетке ие үздік лебіз. Асыл ойдың төресі, заманауи тілектің сәулесі. Көзі жаңа ашылған бұлақтың кейпін елестеткендей. Жалқы туған Міржақыптың емес, Алаш жұртының мәңгілік ой-мұратының айғағындай, бойтұмарындай, дұға-дуадай қасиетті, киелі сөзіндей өткір қабылданады. Тереңдігі мен бейнелілігі үйлескен "Айтыс" өлеңі аллегориялық мазмұнымен ерекшеленсе, "Таза бұлақ" жыры тағылымдық, өсиеттік, ғибраттық сипатта өрнектелсе, "Гүл" символикалық-метафоралық мәнерлілігімен өзгешеленеді. Бірегей жыр мәтіндерінің ішкі семантикалық және көркемдік-бейнелік қырлары мейлінше өлшеусіз.
Ғаламдық деңгейге эпостан эпопеяға шарықтап дамыған қазақ ұлттық прозасының ғажайып жемісі ұлы суреткер М.О.Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясы десек, қазақ романистикасының тарихы М.Дулатұлының "Бақытсыз Жамал" (1910) романынан бастау алады. "Сөз басында" "Мақсаты романның - халық түзетпек" дейді де, Жамал арудың тағдырын және оның көрген жәбір-жапасын білсін, шариғатта жазылған "Қор етіп әйел халқын аямасын" деген қағиданы мұқият ескерсін, әділеттілікке жүгінсін деген ойларды діттейді.
"Бақытсыз Жамал" романында қазақ тұрмысы, әлеуметтік жайы, отарлау саясатын жүргізушілердің, әпербақандардың әрекеттері, болыс, би, крестьянский начальник, стражник, поштабайлардың бейнесі, төре күтудің машақаттары, болыс сайлау нанымды суреттеледі. Тоқетерін айтқанда, "Бақытсыз Жамал" романының көркемдік сапасы, ішкі құрылымы, полифониялық сипаты көңіл аударарлық. Идея, кейіпкер, характер, композиция, стиль, баяндау, суреттеу тәсілдері жөнінен рет-ретімен көрсетілген, табиғилықпен баяндалған. Өмір, уақыт шындығын шынайы түсінуі, адамдардың психологиясын, мінез-қырын, қимыл-әрекетін, көзқарасын, сөйлеу мәнерін шеберлікпен сомдайды. Тегінде, жазу мәдениеті мен өнерінің шыңы - роман. Сондықтан да ол осынау жаңашылдығымен, ізашарлығымен қымбат!
Жазушының "Балқия" атты төрт перделі драмалық шығармасында (1922) әйел теңдігі, қыз тағдыры, қалыңмал, ана тілімізде оқитын ұлт мектептері мәселесі сөз болады. Драманың көркемдік шарттылықтары сақталған. Кейіпкерлер сөзі нақты. Оқиғаның дамуында табиғилық бар. Комедия, декламация дейтін терминдік ұғымдарды пайдаланған.
Қазақ әдеби тілінің байлығы, негізгі сөздік қоры, комедия, декламация дейтін терминдік атау-ұғымдар дұрыс пайдаланылған. Қазақтың байырғы тілінде амандасудың "Армаңыз" дейтін түрі бар. Ахметжан мұғалім Құлтасқа осылайша тіл қатады. Сонымен қатар, осы ұғымды терең түсіндіру үшін Қобыландының "Жетіп келдім арма деп, алдымда кісі бар ма деп" деген өлеңін мысалға келтіреді. Сондай-ақ мұғалімнің Қасымның: "Жер-суымыздың жақсысын алып жатыр, өзімізді тау-тасқа қуып жатыр", деген пікірінде әлеуметтік мағына, заманауи ащы шындық бар.
Бұл ұлттық драматургияның қалыптасу, даму тарихындағы етек-жеңі жинақы, керім көркемдік мүлік.
Сөз зергерінің "Ақыл мен ырыс", "Екі қыздың мұңы", "Қымбат тай", "Қызыл қашар", "Кәкең, Сәкең", "Читаю, писаю", "Үш құлақ", "Қуанышты күн", "Тік бақайлар", "Сол қыздың атын ұмыттым", "Ішік қайырлы болсын" деген әңгімелерінде қазақ қызының бас бостандығы, патшалық аппарат өкілдерінің қазақ жұртына жасаған өктемдігі, пәлекеті, алаяқтығы, арамдығы, рақымсыздығы, бір сөзбен қайырғанда, қазақ ауылының тыныс-тіршілігі соншалықты нанымды әрі тартымды суреттеледі.
Әдебиеттің дамуы, кемелденуі, байтақ өріске шығуы, рухани кеңістігінің кеңейіп көркеюі - аудармашылық өнерге де қатысты. Адамзат тарихындағы асыл ойлар қазынасынан сусындау - ұлт руханиятының өркендеуіне жол ашу деген сөз. Ендеше, орыс көркем ойының көшбастары А.С.Пушкиннің мына бір өлеңін аударма тарихы мен теориясының жетік білімдары, майталман тәржімашы Жұмағали Ысмағұловтың пікіріне жүгіне отырып, баяндалық. Ұлы ақынның "Всегда так будет, как бывало" деген бір шумақ өлеңіндегі "Ученых много - умных мало, знакомых тьма - а друга нет" дейтін лебізін: "Ғалым көп, ақылды аз байқасаңыз, Досың жоқ, танысың көп санағанда", деп әрі мұнтаздай келісті, әрі мағыналы ғып керемет жатық жеткізген.
Міржақып Дулатұлының суреткерлік қолтаңбасы, ақындық шабыты, көркемдік ойлау жүйесі сүйсіндіреді. "Сұлу қызға" деген өлеңіндегі "Майысқан алтын айдар еркесісің, Оянған ұйқысынан табиғаттың" дейтін сыр мен суретке тұнған лебізі қандай! Сондай-ақ "Я, Алла", "Алашқа", "Елім-ай" атты өлеңдері ақынның асыл мақсатын, азаматтық тұлғасын, мұсылмандық көзқарасын әйгілейді.
Асылы, М.Дулатұлының поэзиялық мұрасы іргелі, дербес ел болуға, өзгелермен тең болуға, "ғылым шәрбәтінен" ыждаһатпен қоректеніп, мінсіз меңгеруге, өнер-білім, ақыл-парасат биігіне қыранша ұмтылуға, "азуды қайрап, бармақты шайнап" жүрген күндер өтті, енді "ғылымды іздер, алысты көздер" уақыт жетті, "халықты тура жолға басталық та" дегенді тәптіштеп ұғындырады. Алаш қайраткерлерінің шоғырындағы асқар таудай тірегі М.Дулатұлы ұлан байтақ көсемсөздерінде отарлық езгінің қамытын киген қазақ халқының көрген қорлығы, жер-суының, орман-тоғайының келімсектердің иелігіне көшкені, тасбауырлардың тасшоқпарынан зарлап-боздағаны, ел ішінде жалақорлықтың, парақорлықтың өршігені, мансапқорлықтың, опасыздықтың белең алғаны, тіліміздің, діліміздің, дініміздің нашарлағаны, мүшкіл күйге түскені, сағымдай құбылып, сабындай бұзылған заманның кейпі қанды қыздырарлық, жанды толқытарлық, әлеуметті ұйытарлық, ой-сананы сілкіндірерлік қуатпен жазылған. Бұл ретте "Біздің мақсатымыз", "Апат төнгелі тұр", "Государственная Дума һәм қазақ", "Жер мәселесі", "Жер аудару", "Қазақ жайлы", "Земство не нәрсе?", "Орынбор, сентябрь 14", "Біздің істер", "Алашқа", "Қайтсек жұрт боламыз?" және т.с.с. жазбаларында қазақ тағдыры терең пайымдалған. Мәселен, "шенеуніктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алып, ойына не келсе соны істеді" ("Біздің мақсатымыз", 1907). Және де дінімізге, әдет-ғұрпымызға, діни кітаптарымызға жасаған қиянатын тізбелейді.
Жер мен елдің тарихына жетік, болашақты болжағыш, көргіш М.Дулатұлының "Жер мәселесі" (1911) дейтін көсемсөзіндегі мына бір пікірдің жаны бар: "Қазақ жерінің алабы кең болса да, пайдаға жарарлығы аз. Жалғыз Балқаш көлі мен Бетпақтың шөл даласы елу мың шаршы шақырым орын алып жатыр. Бұлардан басқа да таулар, тастар, шөлдер, сорлар аз ба?". Бір ғасыр бұрын айтылған осынау ұлы уайым әлі күнгіше көкейкесті.
"Қазақ жас бала мысалында. Жас балаға қараушы, билеуші қандай керек болса, қазақтың да сондай билеушісі, көздеушілері даяр тұрады. Бір кісінің тізгіні біреуде болып, еркі болмау қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың өз еркі өзінде болмауы онан мың есе жаман", - деп толғанады ("Земство не нәрсе?", 1913 жыл). Патшалық аппараттың өкілдері - ояз, крестьянский начальник, пристав секілді төрелер қазақты емін-еркін билеп-төстейді, дәулет-сәулетінен айырып, құтын қашырады. Ашаршылық апаты, дағдарыс, жантүршігерлік жәйттер "Алашқа" (1918), "Ел күйзелді" (1921) мақалаларында әсерлі баяндалады. "Ырғыз үйезінің қазақтары сарышұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жатыр" деп сұмдық оқиғаларды күңіреніп айтады ("Ел күйзелді", 1921 жыл). Арқаның жалпақ даласындағы бес облыс (Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Бөкейлік) көрешекті көріп, берекесі кеткенін төбе құйқасы шымырлап отырып жазады.
"Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа!" деп қыранша саңқылдап, ұран тастайды.
Ұлтының есеюін, көркеюін, бақытты келешегін кесек, берекелі іс-әрекеттерімен, бейнелі, тегеурінді сес сөзімен, рухани құлшыныстарымен, теңіздей толқыған толғаныстарымен аңсаған ұлт санаткері Міржақып Дулатұлының абақты ішінде, сот, тергеу ісінде: "Осылардың бәрін көріп, біліп, сезініп өскен байғұс басым өзімнің тақыл-тұқыл білімімді осынау қорланған, намысы тапталған, мүсәпір болған халқыма бағыштап, қол ұшымды беру перзенттік парызым деп санадым" дегенде (1929), артықша қайтпас қайсарлық, өзіндік берік ұстаным, рухани кемелділік, арыстандық мінез бар.
"Ибраһим ибн Құнанбаев" (1908), "Абай" (1914) атты мақалаларында ақынның қазақ әдебиетіндегі орнын, яғни "Қазақ әдебиетінің атасы хәкімінде", "Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіші - Абай сөзі", "Қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыз", "Бірінші ақынымыз" екенін, сонымен бірге, ақындық даралығын, интеллектуалдық дархан жаратылысын қадап айтады. Абай поэтикасы ой өрісінің, парасат-пайымының кеңдігі мен кемелдігі нақты түйінделген "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген Абайдың гуманизмі жайында: "Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді" - дегені тың тұжырым ретінде қабылдауға болады. ХХ ғасыр басында М.Дулатұлының келтірген әдеби-мәдени ой-толғамдары Абайдың шығармашылық өмірбаянын зерделеуде белгілі бір рөл атқарады.
М.Дулатұлы көсемсөздерінің тақырыптық ауқымы, ойлау өрісі, қиял кеңістігі мейлінше кең. Бұларға тереңдік пен шынайылық, тарихилық пен деректілік тән әрі сөз қолдану шеберлігін айтсаңызшы. Өрі-қыры бірдей білім-ғылыммен мұздай қаруланған табаны жалпақ тарланбоз тіл, мәдениет, ғылым, өркениет сабақтары жайында "Тіл мәселесі", "Дін және ғылым", "Ғылым төңкерісі", "Қазақ тілінің мұңы", "Сана қайда?", "Ажалдан құтқарған қызыл тіл", "Эсперанто тілі", "Цифр жазуы", "Қазақ театрының жылдық тойы", "Мәдениет төңкерісінің міндеттері мен оқытушы", "Ай астында ешнәрсе басқарылмай тұрмақ емес" (Ничто не ново под луной), "Қазақ жайлы" атты ғылыми-публицистикалық мақалаларында алуан-алуан ойлар өрбітеді. Әлеуметке ой тастайды, жұмылдырады, ұмтылдырады. Әлеумет ісін өзінің міндеті санайды, үлгі-өнеге, өрнек шашады.
Кеңес заманының өзінде "қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты" дейді 1926 жылы жарияланған "Қазақ тілінің мұңы" мақаласында. Солай болса да ұлт тілінің көсегесі көгермеген-ді. Қайғы-шер кернеген ет жүрегі езіліп: "Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім?" Мінеки, осы үдеріс тіпті тереңдеп, ХХІ ғасырдың қақпасын өлермендікпен айқара ашты. Сап тыйылар күні бар ма екен деп аласұрасың.
Міржақып Дулатұлының көрсетуінше, "ғылым мен өнер адам үшін шыққан", сол себепті басқа жұрттармен үзеңгі қағыстыру, иық теңестіру білім, өнермен іске асады. Иә, "өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік" ұпайымызды түгелдей алмауымыздың басты кілтипаны. "Тіршілік - бәсеке, жарыс. Дүние - бәйге үлестіруші" деген түйінді тұжырымы терең ойға шомдырады.
Жазу ережесі, тәртібі, мәдениеті, тіл тазалығы, баяндап оқытудың мәнісі, дыбыс жүйесі, емле турасындағы өнікті, өркенді ой-толғамдары зейін аудармай қоймайды.
"Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған" ойы ұшқыр, тілі ұтқыр, қабылдауы өткір М.Дулатұлы "Екінші февраль" (1913 жылдың 2 ақпаны - "Қазақ" газетінің 1-ші нөмірі шыққан күн), "Айқап" журналы, "Газета "шөп жемес", "Ұлт мәтбұғаты", "Баспасөзіміз не күйде?", "Баспасөз үмесі", "Баспасөз қатесіз болсын!", "Газет тілі оңды болсын" дейтін жарияланымдарында ұлт баспасөзі мен журналистикасының ең бір өзекті мәселелерін айрықша әңгімелейді.
Дархан дарынның тағы бір қыры - тарихшылдығы. "Тарих - түзу жөнді үйретуші", "түзушіліктің кітабы, тіршіліктің жолбасшысы", "халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс" дейтін даналық меруерттері Алаш санаткерінің тарихи-ғылыми танымын танытады. Оның "Қазақтың тарихы", "Қазақ-қырғыздың ата тегі туралы" зерттеулеріндегі ғылыми-теориялық ойлары, тарихи-мәдени деректері бірсыпыра беймәлім жайлардың сырын ұқтыратындай, "ақыл қанағаттанарлық" дәрежеде сараланған. Мысалы, "Алаш" ұғымының төркініне үңілуі қызықты.
Сондай-ақ "Хазірет Сұлтан", "Хан Абылай", "Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан", "Абай", "Исмағұл бек Гаспринский", "Григорий Николаевич Потанин", "Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев", "Нариманұлы Нариман", "Ахмет Байтурсунович Байтурсунов" сияқты тарихи-ғылыми сипаттағы мұраларында шежірелік, мәдени-тарихи деректер, мәліметтер мол қамтылған.
Халық қызметкері Міржақып Дулатұлы: "Заман талас-тартысқа айналды. Қара күнін қайғырмай қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де тіршілік жабдығында. Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді. Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек", - деп мөлдірете жазады "Оқушыларға жәрдем" ой толғағында. "Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз - оқу". "Қазаққа орысша, мұсылманша оқудың екеуі де керек. Біріне артықшылық, біріне кемшілік беру қате" деген салмақты, ардақты пікірі дәуірнамалық мәселені айқын, толық түсінуге көмектеседі.
Елді сәулелендіру, жан-жақты рухани тазалыққа қол жеткізу, имани орта, дұрыстықты қалыптастыру, ізгілік-адамгершілік құндылықтарды өркендету, білімді-білікті, кісілікті, ілтипатты ұрпақ тәрбиелеу - М.Дулатұлының негізгі мұраты, асыл мақсаты. "Қазақтың қарияларының айтып кеткен сөзіне қарағанда, - деп жазады, - тіршіліктің қызығы адамзатқа жақсылық қылуменен болып көрінеді" ("Адамға тіршілік не үшін керек?").
Халық ісі, ел игілігі, ұлт тағдыры үшін жаралған "пайдалы адамдарға" берген анықтамасы мынадай: "Ақ жүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса" ("Учредительное собрание").
Сайыпқырандық болмыс, тұйғындық, сұңқарлық мінез, ұйымдастырушылық өнегесі келісті кемел тұлға ел ішіндегі, адам бойындағы, қарым-қатынастағы берекесіздікті, ішмерездікті, жатыпатарлықты, құбақандықты, арызқойлықты, ұрлық-қарлықты өлтіре шенейді ("Жер аудару"). "Біреудің көрінеу жауыздығын айтпаудың өзі жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың. Бір жұрттың тұтынып келе жатқан қалпы-салты теріс болса, оны көрсету - сол жұрттың өз пайдасы. ...Зиянды адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек" ("Біздің істер").
Міржақып Дулатұлының таудан үлкен, тастай берік қайырлы, кемел істері, ірілікті, ізгілікті, көсемдікті таны-татын мұзжарғыш пікірлері мемлекеттік тұрғыдан ойлаудан туындайды. Сондықтан да оның ой-пікірлер жүйесі мемлекеттің ең басты, ең негізгі құрамдас бөліктері 1) территорияға, 2) ұлттық тілге, 3) ұлт тәуелсіздігіне, 4) дінге, 5) қорғаныс қабілетіне қатысты.
Жинақтап айтқанда, ұлт руханияты тарихында Міржақып Дулатұлы құбылысы айрықша аталуға, шексіз құрметке лайық. Ол ақын, прозашы, драмашы, тарихшы, әдебиет пен театр сыншысы, көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы, ағартушы, әлеуметтанушы ретінде ой-парасат кеңістігінде жарқын жұлдыздай жарқырай түспекші.
Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
«Егемен Қазақстан» газеті