АХМЕТОВКЕ РЕСМИ ТҮРДЕ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Кеше Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовке «коррупциялық сипатта алты бірдей қылмыс жасаған» деген ресми айып тағылды.
«Прокуратура қылмыстық іс бойынша табылған дәлелдердің заңнамаға сәйкес жинақталғанын танып отыр. Серік Ахметовке ҚР Қылмыстық кодексінің төрт бабы – аса ірі көлемде пара алу, аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау, қызмет бабын асыра пайдалану және заңсыз түрде кәсіпкерлік қызметке араласу баптары бойынша айып тағылып отыр» дейді басты бақылаушы органның өкілдері.
С.Ахметов ресми түрде сотқа тартылған сәтке дейін айыпталушы ретінде қала береді, сосын барып сотталушы саналады. Үйқамақта отырған экс-министр дәл қазір көлемі 150 томға жеткен қылмыстық іс материалдарымен танысуда. Іс барысымен толық танысып шығуға 18 сәуірге дейін уақыт беріліп отыр, сосын қылмыстық іс сотқа кетеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Серік Ахметов пара берушіге жәрдемдескені үшін одан 400 мың доллар көлемінде пара алған. Бұған қоса, 2012 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы жанындағы «Металлургия-Металлообработка» индустриалды паркінің аумағында инфрақұрылым, оның ішінде канализациялық желі құрылысы жүргізілген. Жобаның қосалқы мердігері – «Центрстрой-комплект НС» ЖШС Қарағанды облысы әкімдігінің басшысымен, атап айтқанда, облыстың экс-әкімі Ахметовпен құпия келісім бойынша сапалы чех жабдықтарын басқа арзан құрал-саймандармен ауыстыра салған. Жабдықтарды алмастыру барысында пайда болған 1 миллиард 200 миллиондай теңге баға айырмасын лауазымды тұлғалар тобы өзара иеленіп алған. Ұрлықты жасыру үшін, тергеушілердің нұсқасына сенсек, кәдімгі бюджет қаржысын қымқыру схемасы қолданылған: делдал фирмалар жүйесі құрылып, әлгі «артылған ақша» солардың есеп-шотына түсіп отырған.
Естеріңізге сала кетейік, Серік Ахметов еңбек жолын Қарағанды облысында бастаған-ды. Ол алдымен Теміртау қаласында, сосын Қарағанды облысында әкімдік қызмет атқарды. 2011 жылы Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болды, ал 2012 жылдан бастап Министрлер кабинетін басқарды. 2014 жылы Қазақстанның қорғаныс министрі қызметіне тағайындалып, жарты жыл жұмыс істеді, сосын өз еркімен отставкаға кетті.
Abai.kz