Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 8276 0 пікір 5 Наурыз, 2015 сағат 12:54

ЕКІ ИМПЕРИЯ БАС ИГІЗЕ АЛМАҒАН АҚЫН

XX ғасырдың алғашқы жарымы қазақ халқы үшін қасіретті зобалаңға толы қанды ғасыр болғанын тарихшы ғалымдарымыз жеткізе жазып, бұлтартпас дәлелді дәйектеп келе жатқаны қуантады. Тарихи зерттеулер мен демографиялық мәліметтерге сенер болсақ, патшалық Ресей мен Кеңестік қызыл империяның жаппай қырғындауынан бас сауғалап шетел асқан қазақтың саны бұл күндері 4 миллиондай делініп жүр. Олар әлемнің 48 елінде шашырай қоныстанып жан сақтап келеді.

Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар деп қазақ текке айтпаған ғой. Туған жерін, өскен елін көзі қиып кім кете қояр жат елге!

Тәуелсіз қазақ елінің қоғамдық тарихы, саяси-мәдени тарихы енді-енді шындап жазыла бастағаны қуантады. Әйтсе де, зерттеушілеріміз әр үш қазақтың біреу шетелдерде, жат жерде өмір сүріп жатқанын, олардың басына нелер келіп, нелер кеткенін, қандай белгілі адамдары болғанын, әсіресе, рухани-мәдени ерекшеліктері қандай болғанын кеңінен қамтып, тереңдеп қарастыруға онша көңіл аудара қоймағаны, сондықтан да, болар кейбір маргинал зиялысымақтар мен қарынның құлдарына айналған байшыкештер шетелдегі қандастарын өзектен тепкендей, жатырқап, жауыға қарайтынын баспасөзден оқып, ренжіп жүргеніміз рас.

Бұған тек оларды кінәлай беруге де болмас. Ол байғұстардың білгені, көргені, тәрбиесі, бары сол ғана болса, амал нешік?

Біз сөзімізді әлі де болса тарихшылар мен әдебиеттанушыларға, саясаттанушылар мен мәдениеттанушыларға, сондай-ақ баспасөз тұтқасын ұстап отырған ақын-жазушы, жорналшыларға арнағымыз келеді.

Жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай: «Қытай қазағы, Монғол қазағы, Иран қазағы, Өзбек қазағы деген қазақ жоқ. Жер бетінде бір ғана қазақ бар», - екенін алдымен өзіміз білуіміз, кәміл иманмен, мойындауымыз керек болады. Сонда ғана жер бетіндегі қазақтың тарихы да, мәдениеті де, әдебиеті де бір жүиеде, бір тұтастықта қаралып, ұлттық мемлекеттік деңгейге көтеріле алады. Сонда ғана жақыннан-туыстан жау іздейтін социалистік-таптық дұшпандықтан арылып, ұлттық мемлекеттің мұңын мұңдап, жырын жырлайтын шынайы Алаш азаматтарын қалыптастыруға жол ашылады.

Осы бағытта істеліп жатқан игі істердің бірі – Қазақ әдебиеті тарихын жазуға құлшынған әдебиетші ғалымдарымыздың «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» оқулығы екенін атап айтқан жөн. Аталмыш оқу құралы ұстанған қағида бойынша: «...Шетелдердегі қазақтардың әдеби мұрасын Қара шаңырақтағы қазақ әдебиетінің бір бұтағы ретінде қарау, таңдаулы нұсқаларын жұртшылықтың игілігіне айналдыру... Шеттегі қазақтардың әдеби мұраларын ұлттық әдебиет тарихынан бөле қарауға болмайды. Сондықтан олардың таңдаулы үлгілерін жинау, зерттеу, оқыту кезегі келген келелі істердің бірі деп қарауымз керек». (1)

Біз де өз тарапымыздан осы бір игілікті іске үн қосу мақсатымен 1916-1934 жылдар аралығында Ақ, Қызыл империя тепкісінен Қытай ауып кеткен қазақтардың қилы тағдырынан сыр шертетін мұңдық ақын Дәуітбай Мұсабековтың шығармашылығы жөніндегі зерттеуімізді жұртшылық назарына ұсынбақшымыз. Сол арқылы бөлініп-жарылған қазақтың басынан кешкен тауқыметті тағдырының әдебиетіміздегі көрінісінен хабардар еткіміз келеді.

Қазақ әдебиетінде біршама жазылып, көркемдік бейнесі сомдалған тақырыптың бірі 1916 жылғы Жетісу қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі болды. Ұлы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романынан бастау алған әр жанырдағы әдеби шығармалар күні бүгінге дейін жазылып, баспа бетін көріп келеді. Ал "осы ұлы да қасіретті тарихи оқиға Қытай асқан қазақтар әдебиетінде қалай көрініс тапты, кімдер қандай шығармалар жазды?" деген сұрақтың жауабы енді-енді зерттеушілер еңбегіне арқау бола бастады. Профессор Р.Нұрғали-Әділ айтқандай: «Орта Азия мен Қазақстанда болған 1916 жылғы халық көтерілісі тарихтың шалқар көшінде Алатаудың талғарындай аспандап тұрған заңғарлардың бірі. Бұл ұлы оқиғаның туысқан әдебиеттерде толып жатқан шығармалар тудыруы, түптеп келгенде өмір мен өнер арасындағы кіндіктестікті сипаттайды. Халық басынан өткізген қиян-кескі күрестің тарих қойнауында қалып қоймай әдебиеттің мәңгі өшпес, өлмес беттеріне көшуі болып табылады». (2)

Осы тарихи оқиғаны шығармасына арқау еткен ақынның бірі Көдек Маралбай (1888-1937) еді. Ақын 1930-1937 жылдар аралығындағы өмірін Қытайға қарасты Іле өңірінде өткізіп, «16 жыл», «Кең текес» қатарлы өлең-толғаулар жазып халық мұңын мұңдап, патшалық ресей отаршылдарының жауыздығын ашына әшкерелеген болатын. Сол қатарда Ілеге қашып барып ұзақ жыл тұрақтаған Шарғын Әлғазыұлы (1903-1988) шығармалары да отызыншы жылдардағы халық қасіретінің көркем шежіресін жасауға шама-шарқынша үлес қосқан ақын. Бұл ақындардың өлең-дастандары Қытайдағы қазақ баспасөзінде және Тәуелсіз Қазақстанда жарияланып жұртқа белгілі бола бастады. Ал, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы тұсында Ақ пен Қызылдың қос қабат қырғынында қынадай қырылған, жан сауғалап Қытай асқан Жетісу қазақтарының тарихи трагедиясы мен отызыншы жылдар нәубетін өз шығармасына арқау еткен Дәуітбай Мұсабеков деген ақын туралы бүгінге дейін әдебиет әлемі мүлде бейхабар қалып келеді. Біз енді Дәуітбай ақын шығармашылығына қысқаша тоқтала кетпекшіміз.

Дәуітбай Мұсабеков 1899 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданында дүниеге келген. Сауатты, есеп қызметкері болып еңбек еткен. Ақындықпен арнайы айналыспаса да өзі бастан өткерген қилы оқиғаларды, халық тартқан тауқыметті шыншылдықпен жырлап көптеген дастан, толғаулар, мысал өлеңдер жазып отырған. Бірақ еш жерге ұсынып, бағын сынап көргісі келмеген сыңайлы.

Дәуітбай ақсақалдың 1977 жылы 22 желтоқсанда маған жазған хатында «Балам Әлімғазы, мен біраздан бері Қышыма деген ауруға душар болып, ем қонбай дәрігерден-дәрігерге көрініп жатырмын. Мен жазған дүниелерімді еш жерге ұсынған емеспін. Бірақ Жакең (Жағда Бабалықов - Ә.Д.) қолқалап сұраған соң, бір кәдеге жараса алыңыз деп бергенмін. Ал, мынау өзің сұраған «Таңжарық пен Қойдымның және Нұриланың айтысын Талдықорған болницасында жатқанымда үйдегі қолжазбамды алғызып саған жіберіп отырмын. Негізгі айтыстары осы мен жазып жібергендер.

Балам, менің барлық жазғандарым Жәкеңнің қолында бар. Кім біледі, сіздер арқылы жарық көріп жатса, қанеки, үміт дүниесі ғой. Қолдарыңыздан келсе аянбайтындарыңызды білемін. Болынған жағдайлардан хат арқылы хабарласып тұрарсың, балам. Аман-сау болыңдар», - деп жазған еді.

Қайран қарт көп ұзамай қайтыс болып кетті.

Ал, мен марқұмның аманатын орындауға мүмкіндік таппадым. Өкінішті-ақ.

Дәуітбай ақсақал өзінің «Өкініш пен өмір шаттығы» деген өмірбаяндық дастанында:

Қош енді ата қоныс мекендерім,

Сендерден қысылмасам кетер ме едім.

Қалған халқың бауыршы болып тұрсын,

Оралып қайта айналмас шетелдегің.

***

Ақ адыр, Қапалменен Қызыл ағаш,

Сендерде сауықпенен жаздым құлаш.

Бұл жерде отыз төрт жыл өмір көріп,

Айрылып бөлек кетті ендігі жас, - деп жазғанына қарағанда Қытайға қарай 1933 жылдың көктемінде кеткен болады.

Ақынның менің қолымда бар шығармаларының ұзын саны он бір. Олар мыналар:

  1. Саудагер Әбдікерім. 12 парақтық дәптермен 7 парақ. 1934 жылы жазылған.

  2. Менің көргендерім. 10 парақ. Мысал өлең. 1943 ж.

  3. Ескі күннің елесі. 15 парақ. Дастан. 1950 ж.

  4. Әнуарбек. 11 парақ . Дастан. 1952 ж.

  5. Мінез сыны. 7 парақ. Толғау. 1953 ж.

  6. Қасен-Жамила. 29 парақ. Дастан. 1953 ж.

  7. Арсалаң мен Қымбат. 14 парақ. Дастан. 1957 ж.

  8. Өкініш пен өмір шаттығы. 40 парақ. Дастан. 1935 ж.

  9. Шағыр айғыр. 11 парақ. Дастан. 1957 ж.

  10. Жаңа жол. 26 парақ. Дастан. 1962 ж.

  11. Заһар мен Қаһар. 11 парақ. Дастан. 1975 ж.

Бұл дәптерлердегі әр бетке 42-44 жолдық өлеңдер сидырылып жазылғандықтан ең қысқа деген 7 парақтың өзінде 588-600 жолдай өлең жолдары қамтылған көлемді дүниелер болып табылады.

Мұның сыртында «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» (3) мен «Таңжарық пен Нұриланың айтысы» (4) деген әйгілі айтыстардың қағазға түскен нұсқалары да көлемді. Бұл айтыстардың Таңжарық ақынның Қытайда және Қазақстанда жарияланған таңдамалы жинақтарына енген нұсқаларымен салыстыра зерттеушілерге берер жаңалықтары жоқ емес. Ақынның артында қалған осынша мол мұрасы әртүрлі жағдайларға байланысты күні бүгінге дейін оқырмандармен жүз көрісуге нәсіп болмай келе жатқаны өкінішті-ақ.

Біз бұл ретте ақынның ең көлемді, әрі тарихи-әдеби мән-маңызы өте зор шығармасы болып табылатын «Өкініш пен өмір шаттығы» атты дастаны жөніндегі ой-пікірлерімізді ортаға салмақшымыз.

Шамамен 3360 жолдық көлемді дастанын мынадай тақырыптар бойынша жырлаған екен.

  1. Союзда.

  2. Жолда.

  3. Моңғолда.

  4. Талқыда.

  5. Іледе.

  6. Өкініш

  7. Өзгеріс.

  8. Қысым.

  9. Азаттық.

  10. Өмір шаттығы.

  11. Сын.

Осы тақырыпшалардан көрініп тұрғанындай дастанның оқиғасы ақынның өткен отызыншы жылдарындағы күштеп ұжымдастыру тұсындағы ауыл-қыстақтардағы асыра сілтеуші шолақ белсенділердің кесірінен Жетісу халқы тартқан азап пен заңсыз атып-шабудан шошыған елдің амалсыздан шекара асып қашуынан басталады.

Ақынның сол тұстағы саяси көзқарасы тұрғысынан қарағанда:

«Тау ашық, буалдыр боп бөктер жабық,

Төменгі әпербақан судай ағып.

Көп болды түзу жолды бұрмалаушы,

Басы тұнық, аяғы ылайланып, - қана тұрғандай болып көрінген.

Шауып кел Құрманбай мен әбіш деген,

Қанды жол жүрген жері отпенен тең.

Тысқары өкіметтің бұйрығынан,

Бірқанша адам өлтірген өз қолымен.

Қас болған сол екеуі маған-дағы,

Аузынан оты шыққан деген шағы» - деп, өзі куә болған бассыздықтардың кесірінен шетке қашуға мәжбүр болғанын айтады. Ал, «Басы тұнық», «Тау жақ ашық» деп емексіп отырған өкіметінің басындағы В.И.Лениннің 1921 жылы пензалық коммунистерге жолдаған арнайы жедел хатында: «Жолдастар, бес уалаяттағы құлақтар көтерілісі аяусыз басып-жаншылуы тиіс. Мұны бүкіл революция мүддесі талап етеді, үлгі көрсету қажет, бұл үшін:

  1. Кем дегенде 100 бай құлақ пен қанішерді дарға асу керек (халық көру үшін міндетті түрде дарға асу керек).

  2. Аты-жөндерін жариялау.

  3. Олардан бар нанды тартып алу.

  4. Кешегі жеделхат бойынша тұтқындарды белгілеу.

Халық жүз шақырым жерден айқайын естіп, дарға асылғанын көріп, зәрелері ұшатын болсын. PS. Ең мықты деген адамдарды табыңыздар» (5) – деп қанды жарлық шығарғанын қайдан білсін. Ауылдың баскесер, шауыпкелдері Құрманбай мен Әбіштерге жол беріп, құтырған қасқырға айналдырған әзәзілдің Ленин басқарып тұрған большевиктік үкімет екені, қан-қасап жиырмасыншы, отызыншы жылдар түгілі ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған итжанды коммунистерге әлі де қып-қызыл жаладай боп көрінері белгілі.

Ал, Лениннің ізбасары болған қанды қол Сталиннің қазақ халқын біржола жойып жібергісі келген қара ниеті одан да бетер болатын.

И.Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеген КОКП Орталық Комитеті пленумына жасаған тарихи баяндамасында Н.С.Хрущев: «Біз Сталинге Қазақстанда адам төзгісіз ашаршылықтан бүкіл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда, «Ол сары пәлекеттерден тек сондый жолмен ғана құтылуға болады», - деп жауап берді» (6) - деген екен.

Қазақта «Күн бір жауса, терек екі жауады» дейтін мақал бар. Пролетарлық қанқұмарлар, тұтас сары тәнділердің қас жауы болған көсемдері мен олардың адамшылықтаншығып кеткен «Ең мықты деген адамдарының» бірі Филип Голощекиндер жүргізген геноциттік саясат қазақ ауылдарында Құрманбай, Әбіштерге сүйенген болатын.

1933-жылдың көктеміне дейін ұсталғаны ұсталып, қашқаны қашып, тоз-тоз болған қапалдықтардың соңын ала Мұсабек ақын да:

«Баланың арты – он күндік, алды онда,

Төрт бала, бір әйелмен түстім жолға», - деп Қытайды бетке алады.

«Жолда» деп аталатын екінші бөлім туған жерін қимай, жастық, жігіттік шағын өткізген әсем жерлерін бір-бірлеп жырға қоса келе, жол азабы мен аштық қинаған босқындықтың ауыр зардабы өлең болады.

Жолға бірге шыққан адамдар іш ауруына шалдығып, әл кеткендер көзі жайнап далада қалып қарға-құзғынға жем болған көрінісін ақын:

Жығылған жерде жатып, әлі кетіп,

Шама жоқ – ой да тетік, тілде тетік.

Қолдан сүйіп, қоштасып сайрап жатыр,

Егілтіп, үлкен-кішіні еңіретіп.

Емшектес Омархан кеп өз ағасы,

Төгіліп құшақтады көзден жасы.

Қоштасқан зарлы мұңы көкке жетті,

Келе алмай арқалауға өз шамасы, - деп егіле жырына қосады.

«Моңғолда» деп аталатын үшінші бөлім түгелдей азығы таусылып , аштан қырылуға айналғанда, шекарашы моңғолдарға жолығып қанталауға түссе де жан шақырар азыққа қолдары жетіп аштық аранынан құтылғаны, моңғол деген қандай халық екені босқын көзімен суреттеледі.

«17 күн дегенде Құмбелді астық, шетелдің топырағына қадам бастық» дей келе, жол азабынан қалжыраған ата-ананың ұрпағынан тұқым қалдыру үшін қандай құрбандыққа баратынын қан жылай отырып баяндайды.

Қытай шерігінің қуғынынан құтылу үшін қырқынан әлі шыға қоймаған сәбиін жолға тастай қашқан аянышты халды жаның күйзелмей оқи алмайсың.

Алдым да тастай салдым лақтырып,

Ойдағы сөзді айта алмай шыдап тұрып.

Емес пе іштен шыққан шұбар жылан,

Тартынып зорға берді жылап тұрып.

Баласын айдан артық жақсы көрген,

Көтеріп Жетісудан алып келген.

Ажарға бере салды – сен өлтір деп.

Жұлып ап, бір иіскеп жатқан жерден.

Жоқ болып тастамасқа шарасы да,

Қараған әлі қашқан шамасына.

Артына қарай-қарай жылап келед,

Жалтақтап тастай қашқан баласына.

Қазақ мұндай ауыр халды «Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті» деп те, «Тауық жаңбыр жауғанда, балапандарын қорғайды, бұршақ жауса өз басын қорғайды» деп адамның тіршілік инстинктін дөп басқан. «Бастан құлақ садаға» дегізетін де сол ит тіршілік заңы ғой.

«Іледе» деп аталған бесінші бөлім Іле өңіріндегі көрген азап, қытай әскеріне қатын-баланы тастай қашып тоз-талаңы шыққан босқындық өмірге арналады.

Тоз-тоз болып кеткендер бірден-бірден,

Ел іші, тең ізделіп жапан түзден.

Он екі күн дегенде табылды ақыр,

Ылағып, қаңғып жүрген жерлерінен.

Қырық екіден бес адам жолда өліп,

Тіріміз неше түрлі бейнет көріп,

Тоналып жолдағы елге аш-жалаңаш,

Елу күнде жиналдық әрең келіп.

Ақын бұдан әрі Іленің әсем табиғатын, мол байлығын, онда өмір сүріп жатқан Қызай елінің жай-күйін суреттей келе «жердің майын, кедейдің қанын сорған, алпауыт та бар екен нелер-нелер» деп әділетсіздіктің алуан түрін, алым-салық жинаушылардың ортағасырлық жабайы түрлерін сөз етеді.

Бұл елдегі парақорлықтың қытайлық ашық та, дөрекі көріністерін шыншылдықпен әрі көркем тілмен әжуалай әшкерелейді. Ал, өсімқор ашпа-жалап садагерлердің момын қазақ шаруаларын қалай қансырата сорып жатқанына зығырданы қайнайды. Әсіресе сауатсыз, жөн-жосық білмейтін қараңғылықты, мешеу қоғамдық жүйені аяусыз қамшылайды. Қуыршақ мансап үшін жау болып досқа, қор болып босқа құрып бара жатқан рушыл, партияшыл надан қазақшылыққа кектене, өшіге әшкерелейді. Өйткені орыс та, қытай да қазақты осындай әзәзіл жолға түсіріп, білгенін істеп келе жатқанын саналы ақын салыстыра бағамдап отырған жоқ па?

«Өкініш» деп аталған алтыншы бөлім тұтастай қашқын ақынның туған жерді, елді сағынып, мүшкіл халіне пұшайман болып торыққан, қамығып өкінген, опынған әре-тәре көңіл күйін білдіруге арналыпты.

Ақын өкініші пенделік өкініш емес, азаматтық, әкелік борыш сезімі азаптаған саналы, мағыналы өкініш екені тұшындырады.

Істеген өзіме-өзім обал бар ма?

Қамалған жолдан шығып тұйық жарға.

Өмірі естен кетпес аянышты,

Неткен обал жеткіншек балаларға.

Қор болып ағып өткен өміріме,

Өкінем, қатты зар боп дәл бүгінде.

Отырмын қара жерді баспен ұрып,

Өмірді желге ұшырып жібердім де.

Бұл көңіл күйдің табиғилығына, дәлдігіне, адалдығына шек келтірмейміз. Ақынның сондай аласапыран, айнымалы, толқымалы көңіл-күйі ширығып шырқау шегіне жеткенде ән болып, зарлы әуен болып төгілетініне де кәміл сенеміз. «Ел-ай» деген ән сондай бір шақта туылған екен.

Туған жер аман ба екен алтын ордам,

Болғалы келген екем кімге қорған.

Құрманбай, Әбішпенен түк көрмей өт,

Кетуге туған жерден себеп болған.

Қайырмасы: Ел-ай, ел-ай! Қайда айдадың дәм-ай,

Қайран ел аман ба екен, айқай дүние-ай!

Ақсудың сүт бетінде қаймағы едім,

Жарқырап жай тасындай жайнап едім.

Арысқа алшаңдатып салып жүрген,

Амал не қатардағы жайнағы едім.

Күреңбел-Жетісуда туған жерім,

Білмеппін қадіріңді әттең сенің.

Біреу Ой, біреу Мәлі, (қыстақ Ә.Л.) тауда,

Елдердің мұнда келген телім-телім!

Абыз Асан Қайғы бабамыз мұндай көңіл-күйін «Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп толғамайтын ба еді?

«Өкініш пен өмір шаттығы» атты өмірбаяндық дастанның осыған дейінгі бөлегі 1935 жылы, жолсапар ізі суымай жазылса, Шығыс Түркістанда 1933 жылғы «Апрель төңкерісінен» кейінгі өзгерістер мен одан кейінгі ақ террорлық пен қан қасапта қазақ халқы басына түскен ауыртпалықты сөз еткен «Өзгеріс» және «Қысым» деп аталатын 7-8 бөлімдер 1942 жылдың 15 наурызында жазылған екен.

Ал, «Азаттық» деп аталған 9-бөлім Іле-Тарбағатай-Алтай халықтарының әсіресе, ағайынды Әкбар-Сейіт бастаған қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күрескен ерлігін, сол арқылы қол жеткен азаттық жеңісін жырлауға арналған. 1944 жылдың күзінен Нылқыда басталған көтеріліс тез қанат жайып 12 қарашада Құлжа қаласында «Шығыс Түркістан республикасы» құрылғандығы жарияланды. Ақын Мұсабек азаттық жолындағы арпалыста қазақтардың ерекше ерлік көрсеткенін, сол үшін де Қытайдың отаршыл өкіметінің қазақтарға өшігіп, қазақша киінген қазақ түгілі, қазақша тері шалбар киген ұйғыр малшысын қытай шеріктері «қазақсың» деп найзалап өлтіргенін дастанына қосып жазған ақын: «Екі қойдың терісі, бір ұйғырдың дүниеден кетуіне болды себеп» деп ажуалайды сол жағдайды.

Кейбір тарихшылар мен жорналшылар қытайлар «Үш аймақ төңкерісі» деп атаған осы реткі ұлт-азаттық көтерілістің бар ауыртпалығын қазақтар көтерсе де «Шығыс Түркістан республикасы» үкіметі құрамынан екі-ақ қазаққа орын тигеніне қарап, бірыңғай ұйғыр халқының ұлт-азаттығы күресі ретінде дәріптеп жүргені алаңдатады. Тарихи оқиғалар мен нақтылы санақ мәліметі оны былайша терістейді.

1949 жылғы санақ бойынша қазақтардың Үш аймақтағы жалпы саны миллионға жақындаған. Қазақтардың Алтайда 96% . Тарбағатайда 80%, Іле аймағында 60% болғаны, яғни 1944 жылдың өзінде Іледегі қазақтардың саны 260672 адам болса, ұйғырлардың саны 165416 адам болған. Ал, «Шығыс Түркістан республикасының» тұрақты армиясының 70% партизандардың 90% қазақтар болғанын ресми мәлімет растайды. (7)

Ақын Дәуітбай Мұсабеков те осы жалпы халықтық-ұлттық күреске бір кісідей ат салысқан, бейбіт уақытта ұзақ жылдар бала оқытып ұстаздық еткен азаматтың бірі болғандықтан өз шығармасында бұл даңқты оқиғаны шыншылдықпен суреттеп бере алған.

Ақын дастанның осы 9-бөлімін 1950 жылы 20 ақпанда жазып шыққан. Ол тұста «Үш аймақ» қытай коммунистерінің билігіне өтіп, «Шығыс Түркістан республикасы» тарих қойнауына кеткен болатын.

Дастанның соңғы 10-бөлімі «Өмір шаттығы» деп аталады.

Бұл бөлімде ақын ҚХР мен КСРО арасындағы келісімшарт бойынша Қытайда тұратын Кеңес Одағы азаматтарының еліне қайтуына жол ашылғандығынан бастап 20 жылдай көрмеген туған жеріне оралудың шаттық күйін шертеді. Бұл бөлімдегі ең көрнекті тарихи маңызы бар көркемдік шешім ретінде 20 жылдай дәмдес-тұздас болып, ішек-қарыны араласып кеткен Қызай елі азаматтарының көшетін елмен, ақынмен қоштасу хатын атап айтуға болады.

Қызайдың белгілі руының бірі Торғайдан шыққан от ауызды Баратбайдың «Торғай елінен естелік» атты қоштасу өлеңін толық беруді жөн көрдік:

Қаламды қоштасуға алдық қолға,

Сіздер түсет деген соң сәтті жолға,.

Жаны бір, қаны аралас туыстарды,

Қайтуға хабарлапты үлкен орда.

Ұлы сөз тым ардақты Отан деген,

Өйткені адам жаны Отанменен.

Үш Матай бір емшекті еміп өскен,

Бір жатып, бір көрпені теуіп өскен.

Торқалы той, өлімде топырақты,

Қуанышпен жылауды тең үлескен.

Демедік біз сіздерді ауып келді,

Дестік, қайта туысын тауып келді.

Елінің қасиетін ала келіп,

Біздерге талай табыс тауып берді.

Қызайға теріс болмай келгеніңіз.

Көгерді тегіс егіспенен жерлеріміз.

Мәдениет жағынан Мекең-Дәукең, (8)

Халыққа қатты сіңген еңбегіңіз.

Татиды еңбектерің жырлағанға,

Көп көмек көрсеткен соң бұл заманға.

Сансыз жасты саналы еттіңіздер,

Бала оқытып Ноғайты-Жырлағанда.

Көптен-көп борыштымыз Дәуке сізге,

Қайыр-көш, риза бол, Дәуке бізге.

Айыртып ақ, қараны, тәрбиелеп,

Шығарып кеттіңіздер үйден түзге.

Ұстазымыз сіздерге борыштымыз,

Әкемізден бөлмедік сізді бөтен.

Қош сау бол ата менен аналарым,

Ардақты жеңгелер мен ағаларым.

Сүйікті іні, келін, әпке-сіңілі,

Құлыншақ тұқым-ұрпақ балаларым.

Көп сәлем көшкен Матай баласына,

Іленің қалдық Қызай даласына.

Көрмесек те көргендей сәлем деңіз,

Қазақтың ол жақтағы баласына.

Хатқа 11 рулы елдің 11 азаматы қол қойып Дәуітбай ақынға табыстап қоштасып қалады. Біз осынау қарапайым болса да, тарихи мәні бар хатты толығырақ беруге тырыстық. Өйткені, мұнда ұясы бұзылмаған, ортасы ортаймаған, сүттей ұйыған қазақтың ұлттық-елдік бірлік-ынтымағы, шындығы шынардай асқақтап тұр.

Орыстан теперіш көрген қазақ неге Қытайға қарай босады? Қытай нағашысы да, жекжаты да, ешкімі де емес. Ол жақта бір емшектен өрбіген қандас, тағдырлас бауырлары өмір сүріп жатқандықтан да соларды ес көріп барды ғой. Ал қытайдан қорлық көрген дәл солай ұлы отанын пана тұтып, ес көріп келіп жатыр.

Бірақ біздің бұл күндердегі қазағымыз Баратбай ақынша еміренбей, өзегінен тепкендей одыраятыны несі? Өз алдына шаңырақ көтеріп, тәуелсіз мемлекет құрып жатқан қазаққа, қайдағы бір ойдан қырдан жиналған келімсек «Қазақстан халқы» емес, қиын-қысталаңда қасыңнан табылатын өз қандасыңды бауырыңа тартқаның қайырлы болар. Ақын Дәуітбай Мұсабековтың «Өкініш пен өмір шаттығы» дастаны бізге сол бір ащы шындықты тағы бір еске салғандай.

Біз бұл дастаннан - бөлініп-жарылғаннан қазақтың қаншама зиян тартқанын, қорлық көргенін, Отан деген қасиетті ұғымның қадір-қымбаты неде екенін де естен шығармауды өсиет еткенін сезінеміз.

Ақын Дәуітбайдың тарихи мәнге ие шығармасының бірі «Қасен мен Жамила» дастаны. Осы дастан желісімен Қытайдағы қазақтардың тұңғыш киносы «Қасен-Жамила» дүниеге келген.

Қорыта айтқанда, Мұсабеков Дәуітбай әлі күнге дейін қазақ әдебиеті үшін бөгде, бейтаныс есім болғанымен алда баспагерін де, зерттеушісін де күтіп жатқан мол қазыналы қарттарымыздың бірі болып табылады. Дәуітбай сыныптастары болған Ілияс Жансүгіровтермен қатар шықса да, олар шыққан шыңға шыға алмағанмен оның жазған шығармалары сол бір қан сасыған қилы заман шындығын танып-білуге, ұрпақтардың тарихи жадын қалыптастыруға өзіндік үлесін қоса алатын көркем оқулық қызметін атқара алады деп қараймыз.

Бір қуанарлық мәдени жаңалық ретінде ақынның 432 беттік «Таңдамалы жинағы» 2013 жылы «Тоғанай Т» баспасынан «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көргенін шүйіншілей айтқымыз келеді. Кітапқа енген соншама мол шығармалардың ескіше төте жазумен жазылған қолжазбасын бүгінгі жазуға айналдырып көшірген кітапхана меңгерушісі Марьямкуль Орымбайқызына да алғыс айтуды жөн көрдік.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

Ғылым және білім министрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызыметкері, тарих ғылымының кандидаты.

Abai.kz

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы, оқу құралы. 2-кітап, Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2002, 380-б (456 б.)

  2. Нұрғали Р. Әуезов және Алаш, Алматы: Санат, 1997, 351-б;

  3. Таңжарық Жолдыұлы, 3-том, Халық баспасы, 1985-1995 ж.ж.;

  4. Таңжарық Жолдыұлы, шығармаларының толық жинағы, 2 т., «Ел Орда» баспасы, Алматы, 2002 ж.;

  5. Бүркітбай Аяған, Ленин деген кім? «Жас Алаш №70, 14 маусым, 2005 ж.»;

  6. Мұхтар Шаханов, Ұлтсыздандыру саясаты. («Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романнан үзінді) Қазақ әдебиеті, № 48 (3000) 1, 12, 2006;

  7. Ғ.Нөкішұлы, Шығыс Түркістандағы дауыл, Алматы, 1998, Д.Мәсімхан, «Жыр жебе», Алматы, 2000, Т.Законұлы, 1940-1949-жылдардағы Шинжияң қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы, Алматы, 1998. Ж.Самитұлы, «Қытайдағы қазақтар», Алматы, 2000.

  8. Мейірман Ермектасов, Талдықорғандағы көк үйлі маман Тұрысбек байдың қаржысымен Ыстамболда оқып «Мамания» мектеп-медресесінде ұстаздық еткен. Қызылдың қырғынынан бас сауғалап Іледегі Қызай еліне барып ұзақ жыл ұстаздық етіп, халық құрметтеген адам. Баласы Зекен Мейірманүлы Шаңқай консерваториясында оқып, Қазақстанға келген соң көп жылдар бойы Қызылорда, Жамбыл театрларында өнімді еңбек еткен еді

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053