Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 6662 0 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 07:58

ТҰНЫҚ АСПАННАН ТӨНГЕН ҚАУІП

«Жұлдызды соғыс» (Star War) термині АҚШ президенті Рональд Рейганның тұсында саяси қолданысқа енді. Одан он шақты жыл өтпей жатып, КСРО-мен бірге тарихи дерекке айналды. Алайда кешегі екіполярлы әлемнің және «қырғи-қабақ» соғыстың мұрасы ақпараттық әрі ғаламдану ғасырында қайтадан қылаң беріп, жаһандық-ғарыштық соғысқа жалғаса ма деген қауіп бар. Әлемдік үстемдік тілеген алпауыттар жерде ғана емес, ғарыштағы қауіпсіздік үшін текетіресін түрлендірді. 1983 жылы Рейган жаңаша қарулану қажеттігі жайлы айтқанда, Пентагонның ғарыштық амбиция­сын әйгіледі. Бұл – АҚШ-тың ғарыштан бақылау жасалынатын, зымыраннан қорғаныс жүйесін құруды көздеген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарының кешенді жобасы еді. «Мен ядролық оқтұмсықтармен жабдықталған стратегиялық зымырандардан төнген қатерді жою үшін ұзақ мерзімді зерттеулер мен жобаларды жүргізуге жан-жақты әрі шұғыл кірісуге бұйрық бердім», – деген еді Рейган сол кезде.

Ғарыштан басқарылатын «Страте­гиялық қорғаныс бастамасы» (Strategic Defense Initiative) бағдарламасы аясында сәулелі, электромагнитті, кинетикалық, жоғары кернеулі, «жер-ғарыш» және «ғарыш-жер» бағытындағы жаңа деңгейдегі зымырандарды дайындау және іске қосу көзделген еді. Америкалық сарапшылар бұл бағдарламаның бұған дейінгі «Манхэттен» (атом бомбасын жасау), «Аполлон» (Айға адам ұшыру) сияқты жобалардан өзгеше сыпатта екенін атап көрсеткен болатын.

Бұл кезде белгілі режиссер Джордж Лукастың осы аттас фильмді шығарғанына небары алты жыл болған еді. Заманауи зымырандар, ғарыштық технологиялар және лазерлі қарумен жарақтануға бекінген Америка әскерін «Жұлдызды соғыс» фильмінің қаһармандарына теңеу әдеби жоралғы ғана болатын. Әскери бағдарламаның атын көпшілікке арналған көркем фильммен астастыруда еш әбестік жоқ, әрине. Әйтсе де, Рейганның өзі мұндай қарабайырлықты жақтырмаған көрінеді.

Ақыры бұл оқиға АҚШ пен Кеңестер Одағы арасында ғарыш­ы игеру және қару-жарақ жүйесін жетілдіру бағытындағы жанталасқан бәсекенің өршуіне себепші болды. Осыдан соң үш-төрт жылдан кейін КСРО-ның да дәл осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыс бастағаны мәлім болды. Бұл қырғи-қабақ соғыстың шырқау шегіне жеткен кезі еді.

Рейганның стратегиясы «қырғи-қабақ соғысты тоқтатудың жалғыз амалы – бұл соғыста жеңіп шығу» еді. Егер Америка Рейган армандаған аса қуатты «қалқан» құру бағдарламасын жүзеге асыра алса, онда екі полярлы жүйедегі АҚШ пен КСРО тепе-теңдігі күшін жоятыны сөзсіз.

Бірақ «Жұлдызды соғыс», яғни «Стратегиялық қорғаныс бастамасы» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы тоқсаныншы жылдары тоқтатылды. Қазіргі кезде бұл бағдарламаның қаншалықты жемісті болғаны жайлы кереғар пікірлер көп. Оның аясындағы көптеген жобалар жүзеге аспады. Мысалы, «Бриллиант бұранда» атты төрт мыңдай кішігірім спутниктер қарсыластың оқтұмсықтарына соқтығысып, жаруға лайықталып жасалуы тиіс еді. Осындай басқа да көптеген жобалар аяқсыз қалғандықтан, бұл бағдарламаны қазір «Рейганның аферасы» деп те атайды.

Кейбір сарапшылар қарсыластың ядролық шабуылынан толықтай қорғайтын бағдарлама жасау мүмкін емес деп санайды. Әйтсе де, Страте­гиялық қорғаныс бастамасын мүлде нәтижесіз деуге болмас. Себебі, оның кейбір жетістіктері тоқсаныншы жыл­дары Ирактағы соғыс кезінде қолданылғаны белгілі.

Ал ғылыми-технологиялық жаңалық ашу бағытында көптеген зерттеулер жемісті болды. Шындығында, АҚШ-тың қорғаныс саласындағы кейбір ғылыми жаңалықтары заманауи өркениеттің игілігіне айналып, америка экономикасына айтарлықтай пайда әкелді, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға себепші болды. Нақтысын айтқанда, қазір адамзаттық ортақ игілік саналатын интернет мен GPS жүйесі, лазерлі технологиялар әу бас­та америкалық қорғаныс саласында қолға алынған жобалар болатын.

Әскери бағдарламаға қатысты алыпқашпа сөздерге қарамастан, АҚШ қарсыластан қорғанар ғарыштық «қалқан» құру ниетінен бас тартқан емес. Базбіреулер ғарыштан басқарылатын қару жасау мүмкін емес десе де, кейбір сарапшылар бұл бағдарламаның жалғасын кіші Джордж Буш қайта жандандырған «ПРО» жүйесінен іздейді. Пентагон өзінің құрамындағы Зымыранға қарсы қоғаныс агенттігін Missile Defense Agency сақтап қалды. Осылайша, Ақ Үй зымыраннан қорғаныс тактикасынан бас тартқан жоқ, керісінше, соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмысты жандандырды.

2009 жылы қазіргі Ақ Үй басшысы Барак Обама бұл бастаманы одан әрі жетілдіріп, «ЕуроПРО» жүйесін жүзеге асыруды қолға алды. Бағдарламаның қамту аясы да өзгерді: бастапқы кезде Солтүстік Америка құрлығын қорғайтын «қалқан» құру ғана көзделсе, келе-келе тұтас Еуропаны және оған қоса Шығыс Азияны да қорғаныс қанатына алу жоспарлануда.

Қазіргі таңда Израиль мен Жапония да зымыраннан қорғаныстың ұлттық жүйесін құруда. Оларға барынша септесіп отырған АҚШ өз аспанында ғана емес, аймақтық деңгейде қорғаныс жүйесін жасауға мүдделі. «Ғаламдық қалқан» АҚШ-тың ежелгі қарсыластары – кешегі-бүгінгі социалистік идеологиядағы елдер – Ресей, Қытай, Солтүстік Кореяға қарсы бағытталмақ.

Осылайша, отыз екі жыл бұрын айтылған сөз әлі маңызын жойған жоқ. Рейганның сол кезде айтқан тағы бір сөзін еске түсірсек, ол былай деген еді: «Біз әскери үстемдікке ұмтылмаймыз, саяси ұпай іздемейміз. Біздің бірден-бір мақсатымыз – ядролық соғыстың басталу қаупін азайтудың жолдарын іздеу».

Рейган не десе де, сол кездегі АҚШ пен КСРО иелігіндегі ядролық қарудың көптігі соншама, Жер секілді жүз ғаламшарды жоюға жететін. Ал соңғы отыз жылда АҚШ та, КСРО мұрагері – Ресей де ядролық қуатын 15-20 есе арттырды.

Адамзатты ядролық қарудың қаупінен сақтандыруды ойлаған бір топ ғалым 1947 жылы «Қиямет күні» сағатын «іске қосты». «Bulletin of the Atomic Scientists» басылымының жазуынша, өткен айда ғалымдар сағат тілін 23:57 деп өзгерткен. Бұл – «ядролық қиямет-қайымның» басталу қаупі барынша жақын деген сөз. Осылайша, ғаламда жаңа қырғи-қабақ соғысы басталуға шақ екені ашық айтыла бастады.

Бұған бірден-бір себеп – Украинадағы алпауыттар мүддесінің қақтығысы. АҚШ-тың Украинаны қаруландыру ниетін жария етуі жағдайды одан әрі ушықтырды. Көптеген Конгресс мүшелері «Украинаның иелігінде Ресейге қарсы тұрар қару болса, қақтығыс тоқтайды» деп мәлімдеді. Ал Ресей «Ақ Үй Украинаны өзінің әскери базасына айналдыруды көздейді» деп айыптайды. Егер Ақ Үй шын мәнінде Киевті қаруландыратын болса, Кремль оған қарсы әрекетке көшкен жағдайда, жаңа қырғи-қабақ соғыс өрті лап етуі ғажап емес. Тіпті КСРО-ның бұрынғы басшысы, кешегі «қырғи-қабақ» соғысының тірі куәгері Горбачевтің өзі «бұл жолы қырғи-қабақ соғыс отқа оранған шын соғысқа әкелуі мүмкін» деп мәлімдеме жасап, батыстық басылымдарға сұхбат берді.

Осылайша, АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды қолданбау, оның таралу қаупін азайту бағытындағы жиырма жылдық жұмыс зая кетуі мүмкін: АҚШ пен Еуроодақ санкцияларының салдарынан Батыс елдерімен қарым-қатынасы күрт салқындаған Ресей енді ядролық қаруға қатысты әріптестіктен бас тартып отыр. Тіпті келесі жылы өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатыспайтынын мәлімдеді.

Әйтсе де, ғаламдық-ғарыштық қырғи-қабақ соғыстың қаупін тудырған Украина емес. Бұл жағдайда ол себептен гөрі сылтауға ұқсайды. Ғаламдық деңгейдегі қырғи-қабақ соғысының астарында ғарыштық қауіпсіздік қорқынышы жатыр.

Шындығында, ғарышты игеру тәжірибесінің өзінен әскери үстемдікке ұмтылу амбициясы сезіледі. Тарихқа жүгінсек, ғарышқа ұшырылған алғашқы нысан – V-2 неміс баллистикалық зымыраны болатын. Кезінде ғарышты игеру сылтауымен АҚШ та, КСРО да құрлықаралық баллистикалық зымырандар жасаумен айналысқаны белгілі.

Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң жиырма жыл бойы ғарышты бірге игеруге жасалған азғана талпыныстың аясында АҚШ пен Ресей арасында астыртын бәсеке жүргені мәлім. Халықаралық ғарыш станциясында қай елдің астронавты қанша уақытқа жіберіледі деген мәселе талай келіссөздерге арқау болды.

Жақында Ақ Үй жариялаған «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» атты құжатта «Ғарыштағы қауіпсіздік» арнайы тармақ ретінде көрсетілген. Бұл құжатқа сәйкес, АҚШ ғарышты коммерциялық пайда табу мақсатында да, бейбіт мақсатта да, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери мақсатта да пайдаланады. Ғарышқа сапар шегуді ұйымдастыру ісіне бұдан былай жеке компаниялар да атсалысатын болады. Сондай-ақ, АҚШ ғарыш жүйесіне төнер қатердің алдын алуға да барын салмақ.

Жаңа ғасырда АҚШ ғылыми жаңалықтар мен жаңа технология­ларды дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл ғарышты игеруге де, адам өмірін жақсартуға да, экономиканы дамытуға да, әскери қорғанысты күшейтуге де қатысты. Сондықтан Обама командасы ұсынып отырған жаңа бюджетте ғылым мен техникаға бөлінетін қаржы көлемін көбейту көзделген. 2016 жылға арналған қорғаныс саласының бюджеті Конгресс қарауына жіберілді. Егер бұл жоба өзгеріссіз қабылданар болса, келесі жылы Обама қорғаныс саласына 534 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Оның 70 миллиарды зерттеу жұмыстарына арналады. Әрине, Пентагонның құпия жоспарлары да бар, оған бөлінетін шығын көлемі айтылмайды.

Шындығында, АҚШ-тың әскери зерттеулер мен жобаларға жұмсайтын шығын көлемі Франция мен Ресеймен салыстырғанда екі есе көп, ал Қытай мен Германиямен салыстырсақ, тоғыз есе артық екен. 2005 жылдан бері Ақ Үй ғылыми зерттеулер мен жобалар шығынын 22 пайызға қысқартқан еді. Енді Обама осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Бұған қоса, АҚШ Марсқа астронавтар аттандыру жобасын жүзеге асыруға кірісті. НАСА ұшырған «Orion» ғарыш кемесі алғашқы сынақтардан сәтті өткен.

АҚШ ғарышты игеруге ден қойғанда, Ресей ғарыштық қауіп­сіздікке басымдық беріп отыр. Өткен жылдың соңында әлемдік басылымдар Ресейдің ғарышқа белгісіз спутник ұшырғаны жайлы жарыса жазған еді. BBC сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Ресей қолға алған ғарыштық жобалар қарсыластың ғарыш кемелері мен тыңшылық спутниктерін жоюға арналған көрінеді. БҰҰ-на берген мәліметінде Ресей ғарышқа төрт спутник ұшырғанын хабарлаған, бірақ олардың мақсаты жайлы мардымды мәлімет жоқ. Британдық «Financial Times» газеті осыған орай басылымның бірінші бетінде «Ресейдің спутниктерге қарсы қаруы ма?» атты материал жария­лады.

АҚШ-тың да, Ресейдің де соңғы кезде ғарыштық жобаларға қатты көңіл бөлуіне Қытайдың әрекеті түрткі болуы мүмкін деген пікір бар. Қытай ешқандай мәлімдемесіз, дабыра ұрансыз-ақ ғарыштық державаға айналды. Ол бүгінгі таңда АҚШ пен Ресейден кейінгі жеке-дара ғарыштық сапар ұйымдастыруға қабілетті үшінші ел. Қытайдың ғарыштық бағдарламаны қарқынды дамытуға кіріскені сонша, алдағы уақытта Айға адам қоныстандыруды жоспарлап отыр. Оның үстіне, Қытайдың DF-31 жаңа баллистикалық зымырандарын жетілдіріп, «Тяньгун-2» екінші орбиталық станция құрумен айналысып жатқаны белгілі.

«Financial Times» газетінің жазуынша, Қытай 2007 жылы өз зымыранының көмегімен ғарыштағы істен шыққан бір спутникті атып түсірген. Ал 2008 жылы мұны АҚШ та қайталады. Бұдан соң былтыр мамыр айында Қытайдың «Шицзянь-15» спутнигі ғарыштағы басқа спутникті істен шығаруға қабілетті екенін көрсетті. Қытайдың бұл сынақ тәжірибесі АҚШ пен Еуроодақ тарапынан сынға ұшырады, олар ғарыштағы спутниктерді істен шығаруға арналған жерден басқарылатын қару жасады деп айыптады. Бірақ мұндай айыптаулар мен мәлімдемелерге қарамастан, Қытай өз әскери қуатын дамытып, ғарыштық держава қабілетін күшейтіп жатыр.

Кейбір ресейлік сарапшылар АҚШ қанша тырысса да, 2025 жылға дейін замыраннан қорғаныс жүйесін толық жүзеге асыра алмайды деп санайды. АҚШ-тың қазіргі «қалқаны» Солтүстік Кореяның ядролық зымырандарын тоқтатуға ғана қабілетті деседі. Ал Ресейдің бұл бағыттағы зерттеу жұмысы қарсыластың қорғаныс жүйесін бұзуға және өз зымырандарын жетілдіруге бағытталған.

Бірақ 2025 жылға көз тігіп не керек, 2015 жылы ғаламды не күтіп тұрғаны белгісіз. Жер бетіндегі территориялық таластар, геосаяси үстемдікке ұмтылыс ғарыштық атыс-шабысқа, зымырандар соқтығысына ұласпасын деңіз. Марсқа кеме ұшырып, Айға адам қоныстандыруды көздеген алпауыттар неден тартынар?

 

Гүлбиғаш ОМАР, Ұлыбритания

Дереккөзі: «Түркістан» апталығы, 01.03.2015 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303