...ЛЕНИН ОТЫР, ЛЕНИН НЕҒЫП ОТЫР?
Мына суреттегі Ленин жолдастың ескерткіші бұрынғы заманның ретро-фотосы емес, бүгін ғана түсірілген су жаңа дәйек.
Ескерткіштің тұрған орыны - Алматы қаласының Түріксіб ауданынындағы демалыс саябағы. Сейфуллин даңғылы мен Шолохов көшесінің қиылысында орналасқан демалыс саябағындағы «күнкөсемнің» кітап оқып отырған тас бейнесі 1980 жылдары орнатылған болуы керек. Былтырғы жылы бұл саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, абаттандыру мен жаңалау жүргізілген.
«Лениннің дәуірі өтті ғой, қазір ел болғанымызға да 25 жыл болып қалды. Ескерткішті алып тастау туралы аудан әкімінің қайбір жылғы халықпен кездесуінде айтылған. Сол кезде күрделі жөндеу жасалатын болды, ескерткіш туралы мәселені сол кезде шешеміз деп еді... Әлі тұр ғой, міне!» - дейді саябақта демалып отырған қарттардың бірі. Өкініштісі, қария аты-жөнін айтудан ат-тонын ала қашты. Айтуынша, баласы әкімдікте қызметте екен, зияны тиіп кетуі ғажап емес...
Не дегенмен де, аты түгілі елесі жоғалған коммунистік партия көсемінің ескерткішін орнынан алып тастаудың аса бір қиын іс екенін айтудың өзі ыңғайсыз болар еді. Әлде, Алматының, оның ішінде Түріксіб ауданының әкім-қаралары қай бұрышта кімнің ескерткіші тұрғандығын бақылаудан қалды ма екен? Олай болған жағдайда, қала әкімі Ахметжан Есімов пен аудан әкімі Владимир Устюговтың құлағына алтын сырға. Ескерткіштің тұрған жерін нұсқадық...
Елбасы Н.Назарбаев «Біз үшін КСРО өткен тарихымыз. Енді коммунистік идеологияға қайтып оралмаймыз... Біз ата-баба аңсаған Тәуелсіз ел болу жолына түстік...» деген сөзі арқылы кешегі көңіл-күйден арылуға шақырғалы да 20 жылдан асып кетті, ал біз тереземізден Ленинге қарап әлі отырмыз...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.
Abai. kz