ОҚИТЫН ӨЛКЕ
Ақтөбе облысында «Оқитын өлке» акциясы аясында биыл туғанына 90 жыл толатын ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Шайыр» атты өлеңдер жинағы оқуға таңдалды.
Аймақта «Оқитын өлке» облыстық акциясы 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін облыстық акция аясында өңір оқырмандары жазушы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық», жазушы Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармаларын оқып келсе, өткен жылы жыл кітабы ретінде туғанына 80 жыл толған жазушы Тобық Жармағамбетовтың шығармалары таңдап алынған болатын.
Былтыр 23 сәуір — Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқықты қорғау күні «Оқитын өлке» облыстық акциясы салтанатты түрде ашылып, жыл соңына дейін жалғасын тапты. Осы орайда Тобық шығармаларын насихаттау аясында облыстық, аудандық, ауылдық кітапханаларда көптеген мәдени-көпшілік шаралар өткізілді.
Байғанин өңірінен шыққан жазушы Тобық Жармағамбетов пен ақын Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толу құрметіне орай былтыр қос дарынның шығармаларын насихаттау мақсатында кітапханалар арасында «Жемнің жарық жұлдыздары» облыстық үздік кітапханалық блог байқауы жарияланған болатын.
Бұл байқауға аймақтан 19 кітапхана қатысты. Жыл соңында байқау қорытындысы шығарылып, Байғанин аудандық орталық кітапханасының «Жемнің қос жұлдызы» кітапханалық блогы үздік деп танылды. Жүлделі екінші орын Мәртөк аудандық орталық кітапханасының «Ақын-жазушы ұрпақ жүрегінен жол табады» және Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының «Жемнің жарық жұлдыздары» кітапханалық блогтарына берілді. Ал үшінші орынды С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Жемнің жарық жұлдыздары», Темір аудандық орталық кітапханасының «Талантымен танылған тұлға» және облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының «Тұяғы бүтін тұлпар» атты кітапханалық блогтары иеленді. Байқауға қатысқан қалған кітапхана ұжымдарының жұмыстары жоғары бағаланып, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттармен марпатталды.
Қос дарабоз туралы толық мағлұматты осы кітапханалардың блогтарынан немесе С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының www.baishev.kz сайтындағы сілтемелер арқылы танысуға болады.
Биыл да «Оқитын өлке» облыстық акциясы өз жалғасын тапты. Бұл орайда жыл кітабын таңдау үшін «Оқитын өлке» облыстық акциясы ұйымдастыру комитетінің алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске ардагер журналист Идош Асқар, ақын Ертай Ашықбаев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Омарова, облыстық зағип жандар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры, ақын Нұрлыбек Қалауов, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Несібелі Жұмағұл, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Марат Төлебай және кітапхана мамандары қатысты. Облыс кітапханаларында алдын ала жүргізілген сауалнамалар бойынша оқуға жерлес ақын Есенбай Дүйсенбайұлының өлеңдері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романы, Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романы және т.б. ұсынылған еді. Дегенмен ұсынылған шығармаларды, айтылған ой-пікірлерді саралай келе, шығармалар дауысқа салынды.
Биылғы жылдың таңдауы — сұлу жырдың су төгілмес жорғасы, өлеңнің өнегелі өлшеміне айналған ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Шайыр» таңдамалы өлеңдер жинағы.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаев (1925 ж. – 2001 ж.) Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ ауданында туған. Қуандық Шаңғытбаев — көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезімтал тұлға. Қуандық аға қазақ әдебиетінің заңғарына өзіндік үнімен, ұлттық үрдіске толы поэзиясымен орныққан ақын. Ол — «Аққу әні», «Арма, республикам!», «Өлеңдер», «Лирика» және «Шайыр» атты көп томдық таңдамалы өлеңдер жинағының авторы. Қуандық Шаңғытбаев қазақ музыкасына еңбегі сіңген сегіз қырлы, бір сырлы азамат Қанабек Байсейітовпен бірігіп «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», «Құтырғаннан құтылған» пьесаларын, «Алтын таулар», «Айсұлу» сынды опералардың либреттосын жазды.
Биыл ақын шығармаларын насихаттау жұмысы кең көлемде өтетініне сенімдіміз.
Атап айтсақ, ақынның туған күні қарсаңында, яғни 18 наурыз күні облыс кітапханаларының әдістемелік орталығы саналатын С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұжымы ақынның туған жеріндегі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесе отырып «Қазақ поэзиясының сәулеткері» атты поэзия кешін онлайн режимде ұйымдастырмақшы. Сонымен қатар, биыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында қыркүйек айында Әйтеке би ауданында облыстық ақындар айтысы өткізілмекші. Дүбірлі додада жаны жомарт, көңілі шалқар, ойы тұнық дарынды ақын Қуандық Шаңғытбаевтың мерейлі жасы, шығармалары жырға арқау болмақ.
Сондай-ақ, «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, облыс кітапханаларында жыл бойы Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды, тақырыптық кештер, әдеби панорамалар, поэзия, танымдық жыр сағаттары, кітап көрмелері ұйымдастырылмақшы.
Ендеше биылғы жылы облыс көлемінде оқуға таңдалған поэзиямызда өзіндік өрнек қалдырған, сұлу да сүйкімді жырдың иесі Қуандық Шаңғытбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған іс-шараларға қатысып, ақын шығармаларын бірігіп оқуға атсалысайық!
Шынар ЖАУЛЫБАЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының
кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері.
Абай.kz
Дереккөз: www.aktobegazeti.kz