Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 5874 0 пікір 18 Ақпан, 2015 сағат 13:11

«ЖЕР АЛМАСУ» МА, ӘЛДЕ ЖЕРГЕ ЖАРМАСУ МА?

Қазақстан мен Ресей шекара маңынан жер алмаспақ

«Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов қос мемлекет шекарасының төңірегінен жер алмасу мәселесін талқыламақ» деп хабарлады «Омск-регион» ақпарат агенттігі. Мұны ҚазТАГ та растады, тіпті «Рейтер» агенттінің орыстілді бөлімшесі де тап осындай ақпар таратты.

«Бізде Русская поляна атты елді мекен бар, одан облыс орталығы – Омбыға шығатын жол Қазақстан Республикасының аумағынан өтеді. Қазір екі ел арасында шекараны демаркациялау жұмыстары жүріп жатыр, егер ол дәл бұрынғы келісіммен, дәл қазіргі шекара сызығымен бекітілсе, онда біз, Ресей жағы, Русская полянаға бара алмай қаламыз» дейді губернатор. Оның айтуынша, Омбы облысының басшылығы екі елдің шекарасын демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссияға өтініш түсірмек. Онда «әлгі елді мекенмен байланыс жасауға ыңғайлы жол маңайынан Қазақстан Ресейге жер берсе, біз Омбы облысының территориясынан дәл сондай көлемде, дәл сондай климаттық жағдайдағы жер берер едік» деген ұсыныс айтылмақ.

Екі мемлекет арасында «жер алмасу» бұрын да болған. 2006 жылы он жылға жуық уақытқа созылған келіссөздерден соң Қостанай облысына қарасты Огнеупорный өндірістік кенті Челябинск облысына өтіп, оның орнына орыс жағы бізге 520 гектар егістік жер берген болатын. Мұның себебін басшылар Огнеупорный маңында Боскөл кен орны басқармасы барын, мұндағы отқа төзімді балшық-саз алынатынын, ал оның Магнитогорск металлургия комбинатының жұмысымен сонау сәбет дәуірінен бері ішек-қарны араласып, бітісіп кеткенін уәж етіп түсіндірген еді. Екі тарап та жер мәселесі жөнінен еш ұтылмағанын растап, мәмілеге келген болатын.

Жарайды, ол – өткен күннің шаруасы. Ал мына ұсынысты қалай түсінуге болады?

Жағрафиялық картадан қарағанда Русская поляна – дәл шекараға мінгесіп тұрған елді мекен емес. Қашықтық жағынан Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысы шекараларының нақ ортасында тұр. Павлодар жағында (елді мекеннің оңтүстік тұсы) теміржол бар. Рас, Омбыдан бұл қала типтес кентке қатынайтын тас жолдың біраз бөлігі қазақ жерімен өтеді. Екі ел арасындағы келісімдер бойынша шекарадан ары-бері өткендерге виза қажет емес. Яғни, тұрғындар үшін аса зор қиындық туып тұр деуге келмес.

Дегенмен, бұл мәселені шешу керек екені де рас. Мұның бірден-бір шешімі – орыс жағы Омбыдан Русская полянаға қатынайтын жолдың СҚО жері арқылы өтетін бөлігін пайдалануды қойып, шекараның арғы бетінен жаңа жол салып алса жөн болар еді. Және бұл – жүздеген шақырым болатын аса үлкен бөлік те емес. Трассаны сәл шығысқа қарай бұрып, ұзындығы бірнеше шақырым ғана жаңа жол салып алса жетіп жатыр. Сонда ешқандай жер алмасудың қажеті де болмас еді.

2001 жылы Қазақстан мен Өзбекстан осылай әрқайсысы өз аумағынан қосымша жол салып алу арқылы арадағы кішігірім дауды тиімді шешкен болатын. Қазақтар Өзбекстан территориясымен үш жақты шектесіп, оңаша түбекке айналған Мақтаарал ауданымен көлік қатынасын Сырдарияның үстіне үлкен көпір салу арқылы жөнге келтірді. Содан бері біздің халық Мақтааралға бару (немесе мақтааралдықтар бері шығу) үшін бұрынғыдай өзбек жері – Яллама арқылы өту қиындығынан құтылды. Өз кезегінде өзбектер Ташкент тарапынан Жызақ пен Самарқанға Мақтаарал арқылы өтуді қойып, өз территориясынан қосымша трасса да, теміржол да салып алды.

Сол сияқты, нобайы шамамен 50 шақырымдай ғана болатын жолды өз аумағынан салып алу – Ресей үшін түкке де тұрмайтын шаруа емес пе? Сонда Қазақстанға соқпай-ақ Русская полянаға күніне қанша қатынаймын десе де, өз еріктерінде болар еді.

Бәлкім, осыдан тоғыз бұрынғы келісімдегідей, екі көршінің де көңілінен шығатын, ешқандай тараптың жер көлеміне де нұқсан келмейтін «алмасу» мәмілесін жасау жағын қарастырудың да сөкеттігі жоқ шығар. Бірақ ол қалай болады?

Біріншіден, қазір жаймашуақтау 2006 жыл емес. Саяси-әлеуметтік ахуал тіпті басқа. Ресей-Украина қақтығысы жағдайды мейлінше қиындатып жіберді. Халықтың көңіл-күйі мүлде бөтен.

Екіншіден, Ресейдің өз көршілерінің жеріне көз алартуы өршімесе басылмай тұр. Жириновский, Лимонов сықылдылар бастаған шовинистердің Қазақстанның солтүстігіне байланысты айтқан ақылға сыйымсыз артық сөздері қазақ жұртшылығының жадында. Мұндай жағдайда Ресеймен жер алмасуға өте сақ та сауатты қараған жөн.

Үшіншіден, украин жанжалы да, басқа себептерді ескергеннің өзінде, бәрібір жер дауынан тұтанды. «Қырым – біздікі!» дескен ұрандар, Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл көзқарастағы орыс ұлты өкілдерінің басымырақ болуы, украиндардың оларға қарсылығы... бәрі-бәрі қазіргідей ахуалға алып келді.

Төртіншіден, жасыратыны жоқ, мұндай ұсыныстың, жалпы жер алмасу туралы әңгіменің ар жағында шекара маңындағы халықтың – Солтүстік Қазақстан тұрғындарының көңіл-күйіне тамыр басу, қазақтардың реакциясын байқап көру сияқты мақсаттардың жатуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Расында да, бұл әңгімені естіген жұртшылық арасында «Алмасса – алмассын, қатар жатқан жер, не айырмасы бар дейсің» деп сабырға келушілер де аз болмас, бірақ «Бір шаршы метр жерімізді де бермейміз!» деп ашу шақырушылардың да аз шықпасын ескерген жөн.

Бесіншіден, картадан көрініп тұрғанындай, Ресейдің Омбы және Қорған қалаларының арасын жалғайтын теміржолдың біраз бөлігі СҚО территориясымен, ол аз болса, облыс орталығы – Петропавл арқылы өтеді. Егер біздің билік қазіргі ұсыныспен келіссе, ертең олар Петропавл бағытына байланысты да «өтініш» шығарып жүрмей ме?

Қалай болғанда да, бұл мәселені артық шусыз, ақылмен шешкен дұрыс.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062