Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 7949 0 пікір 16 Ақпан, 2015 сағат 12:51

Айдос САРЫМ: ҚОҒАМДЫ БІРІКТІРЕТІН ИДЕЯ ҚАЛМАДЫ

 

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында болған оқиғаның себебі, осы жағдайға қатысты биліктің ұстанымы, тағы да басқа қоғамдық мәселелерге белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМ мырза cараптама жасады.

Айдос мырза, қалай ойлайсыз: Сарыағаш оқиғасына қатысты жағдаяттардың мемлекеттік басылымдарда айтылмауының себебі неде?

Көзге көрініп тұрған екі себебі бар сияқты. Біздің биліктің жалтақтық саясатына айтар уәжім жоқ: болып жатқан жағдайды жасырып, әдеттегі өзінен-өзі үрейленген әрекетінен туған мәселе деп санаймын. Оңтүстік өңірдегі интернет байланысы бұғатталып, ұялы байланысқа тосқауыл қойылуы жағдайдың ушыққанын көрсетіп отыр.

Екіншіден, Сарыағаштағы оқиға болған күні ассамблеяның 20 жылдығы жер-жерде дүркіреп аталып өтіп жатты. Сол күні біраз БАҚ-ты ақтарып шықсам, елімізде дүбірлеген той, билік тармақтарының ешқайсысының да оңтүстікте не болып жатқанымен ісі болмады. Тіпті оқиға болғаннан кейін де басын қатырып отырған ешкімді байқамадық.

Өзіңіз айтып отырғандай, Сарыағаш оқиғасы болған күннің ертеңінде бүкіл Қазақстан бойынша президент жария еткен Ассамблея жылының ашылу рәсімі өтті. Бәлкім, осы салтанаттың сәнін кетірмеу үшін, ұлт араздығы мәселесін бүркеп қалу қажет болған шығар?

Әрине, салтанаттың сыйқын кімнің бұзғысы келеді? Елдің ішіндегі осы мәселеге байланысты «ұлтаралық» деген термин түсінікті қабылдағым келмейді: этносаралық дегеніміз дұрыс болар. Біздің мемлекетте бір ғана қазақ ұлты бар да, басқалары әртүрлі этностар. Елдегі этносаралық жағдай жаман деп те, жақсы деп те айта алмаспыз. Елдің ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, кедейшілік мәселесі тұрғысында екі адамның арасындағы төбелеске, әртүрлі қылмыстық топтардың арасындағы даулы мәселеге этносаралық рең берілуі ықтимал. Себебі қоғамды біріктіретін идея қалмады. Сондықтан туыстық, қанға тарту мәселесі алдыңғы орынға шығып бара жатыр. Көшеде жұмыссыз босып жүрген, күнкөрісі мүшкіл жағдайға айналған, несиесін төлей алмай, қарызға белшесінен батқан қаншама қазақ бар? Керісінше, өзге этностардың әлеуметтік жағдайына мүмкіндік жасалып, қазақ жапа шегіп жатса, осы оқиғаны әлдекімдер өзінің мүддесіне пайдалануы айдан анық.

Одан бері бірнеше күн өтті, ешбір мемлекеттік орындар тиісті дәрежеде баға беріп, жағдайдың алдын алу жөнінде ешкім бастама көтермегені өкінішті-ақ...

Әлбетте! Қараңыз: Қазақстан халқының 54–56 пайызы осы оңтүстік өңірдегі үш облысты мекендейді; алдағы он бес жылда аймақ тұрғындарының саны бес миллионға көбейеді деген болжам бар. Олардың білім, еңбек, бизнес, денсаулық сақтау, экономика нарығына келуінің өзі біраз қиындықтар туындатуы мүмкін екеніне дау жоқ. Бүгінгі күні қазақтарды Арқаға қарай қоныс аудару керек деген ұсынысты солтүстік өңірдегі шекаралық дүрбелеңнің алдын алу ғана емес, халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңір тұрғындарының тұрмыс жағдайын ескеру деп түсінгеніміз жөн. Республика бойынша ресми тіркеудегі жұмыссыздардың үштен бір бөлігі – оңтүстік облыстың азаматтары. Оның сыртында өз күнін өзі көретіндері, науқандық жұмысқа жегілетіндерін қоссаңыз – жұмыссыздардың қалың нөпір күшін көресіз. Осы нөпірдің толқыны кез келген уақытта тосқауылға бой бермейтін тасқынға айналуы мүмкін. Билік жауды сырттан іздеп, іштегі тұтанып жатқан шоққа мән бермеуде. Қазақстанда әлдеқандай дүрбелең орын алар болса, оның себебін әлеуметтік желіден іздеп, оған тосқауыл қоюға ұмтылу – бос әурешілік. Әлеуметтік әділетсіздікке наразы халық болмашы бір себеппен аяқ астынан көшеге лап қойса, биліктің басу айтып, қарсы тұра аларлық амалы бар ма?! Өткен ғасырда 1917 жылғы Петербордағы төңкеріс нанның тапшылығынан басталған еді. Ол заманда интернет жоқ, байланыс түрі дамымаған кезең болса, бүгінгі таңда хабар алысып, ақпарат таратудың мүмкіндіктері мол. Қауіп-қатердің ауылын алыстан болжаудың да заманы өткен сияқты...

Сол себепті Сарыағаштағы оқиға әлеуметтік-экономикалық мәселе тұрғысынан қарап, зерттелуі тиіс. Дәл бүгін әлеуметтанушылар, экономистер оңтүстікке барып, зерттеу, сараптау ісімен айналысуды қолға алса, құба-құп болар еді.

Оңтүстіктегі ағайындар жерді еміп үйренгендер, ушыққан мәселенің түп-төркіні де осы жер дауына қатысты өршуде. Су мәселесі де шешімін таппаған. Жыл санап адам саны көбеюде, суармалы егістік жері – күнкөріс көзі, әлеуметтік әділетсіздіктің де себеп-салдары осы жағдайдан туындайтынын билік білсе де, білмес кейіп танытып отыр. Тәжікстан мен Өзбекстан миллиондаған жұмыссыздарын («гастарбайтер») Ресей мен басқа да көршілес елдерге жіберіп, мәселесін шешіп отыр. БАҚ беттерін ақтарып отырғанда, тәжік, қырғыз, өзбектің саясаткерлері Ресейдегі дағдарыстың күшеюіне алаңдаулы, өйткені сол жаққа кеткен жұмыс күші елге оралатын болса, жұмыспен қамту бас ауыратын шаруаға айналатынын түсініп отыр, нәтижесі ел ішінде жаңа бір төңкеріске алып келмей ме деп қауіптенуде.

Қазақстан да дәл осындай жағдайға тап болып отыр. Бұрындары бірнеше миллион өзбек, қырғыз, тәжік Ресейде ақша тауып, жалданып жүр деп табалайтын едік қой. Енді біздің де басымызға осындай күн туып отыр.

Жер-жерде ауық-ауық бой көрсетіп қалатын осындай ұлтаралық кикілжің мәселесін бүркеп қалумен біз бұл проблемадан құтыламыз деп ойлайсыз ба? Мәселен, Жаңа жылдың қарсаңында Шонжы ауылында да осындай ұлтаралық жанжал болған екен. Ел іші ол оқиғадан да бейхабар...

Өйткені елімізде тәуелсіз ақпарат тарататын БАҚ-тың аяғы тұсаулы. Дер кезінде елге шынайы хабар жетпейді. Ал оңтүстіктің ерекшелігі сол – жергілікті тұрғындар ұйымшыл, билікке жалтақтамай, өз ішінде шешім қабылдап жатады. Биліктің қолынан келмейтін шаруаны өздері шеше алатын жергілікті ақсақалдар институттары, дәстүрлері бар. Осының арқасында көптеген даулы мәселелерді өздері шешеді. Билікке жетіспей жатқан мәселе – елге шындықты жеткізе алмайды, ел ішіндегі даулы мәселені қоғамның талқысына салуға құлықсыздық танытады, «өзім білемге» салады.

Ақиқатты айтқан адамның аузын жабады, ақпаратты жеткізетін БАҚ-ты қудалап, соттап, жауып тынады, дер кезінде ақпарат таратушы сайттарды бұғаттайды. Биліктің арсеналында әділетті жолмен шешетін әрекет, амал жоқ сияқты. Ертеңгі күні осындай қуғындау шаралары да шегіне жетеді, сол кезде ел ішінде қандай жағдай орын алатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Ел азаматтары аштық жариялап, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Ашығу деген шараға өз басым қарсымын, өйткені бұл амалсыздықтан баратын саяси қадам, осындай әрекеттердің саны көбейе берсе, билік назар аудармайтын болса, онда халық басқа жолды таңдауға кіріседі. Ол таңдау – кесек тасқа, отқа, қару-жараққа келіп тірелсе, не болмақ? Биліктің қоғаммен санаспау саясатының өзі осы жағдайға апара жатыр.

Қазақстанда ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты қамтамасыз етудің алғы шарты қандай деп ойлайсыз?

Кез келген мәселені шешудегі келісімнің, ымыраның алғы шарты – шындық. Шындық арқылы талқылау, сараптау мәдениеті қалыптасады. Тіпті үш адам карта ойнау үшін ең алдымен ережесін келісіп алады ғой. Біреуі – қалтасына тапанша салып, екіншісі – қойнына балта тығып, үшіншісі – бір топ «тентектерді» қасына жинап алса, ойынның ережесі әділетті болмайтыны белгілі ғой. Билік пен бұқараның арақатынасы да осындай жағдайға ұқсап бара жатқандай...

Қазақстандағы әр этнос өз-өзімен болып, оқшаулануда. Жуырда қоғам қайраткері Сағат Жүсіп ағамыздың әлеуметтік желіде өзімізге таныс бір орыс жігітін «қазақтан досы жоқ адам» дегенін оқыған едім, шынында да, бүгінгі таңда қазақтан досы жоқ адамның саны көбейіп бара жатыр. Сарыағаштағы, Шелектегі, Шонжыдағы жағдайларға зер салсақ, елдегі этникалық анклав деген мәселе сопаң етіп шыға келеді. Бір ауылды бір этностың мекендеуі, өзінің мешіті, өзінің «махалласы», онда Ата заңнан тыс институттардың әрекеттерінің орын алуы – айналып келгенде қауіпті жағдай екені даусыз. Әртүрлі этностар өз ауылында осындай дәстүрмен өмір сүріп, белгілі бір уақытта ойына келгенін жасамасына кім кепіл бола алады?!

Қоғамның ішінде осы мәселеге байыппен қарап, салмақты жұмыс жүргізе алатын мекеме жоқтың қасы. Ресми билік айтып жүргендей, бізде 130-ға жуық ұлттың өкілдері жоқ екенін жақсы білеміз, мәдени орталықтардың белсенді тобының саны 30–40 қана болады. Шын мәнінде, биліктің саясатына ықпал етеді дегендерінің саны 15-тен аспайды. Екі чукча, үш-төрт кавказдықты, т.б. бірер этносты ұлттардың санына қосуға келмейді ғой. Олар жекелеген адамдар, оларға ешкім де арнайы балабақша салып, мектеп ашып бермесі анық. Аз дегенде елу мыңнан астам адамы бар этносты елдегі саясатқа ықпал ете алатын топ деп санауға болады. Елдің мүддесі үшін жұмысқа тарту, ел ісіне араластыру – ол біздің азаматтығымыз, мемлекетшілдігіміз үшін сын. Алайда осы мәселені түсіндіруге тиіс ассамблея айға бата жасап отыр ма?

Расында, Қазақстан халқы ассамблеясы осы тұрғыда тиянақты шаруа атқарып отыр деп айта алмаймыз. Тіпті осы Ата заңнан тыс ұйымның қызмет ауқымы арасында қазақ мәселесі тапшы екенін немен түсіндірер едіңіз?

Бүгінгі күні ассамблея – конституциялық заңнамаға еніп кеткен ұғым болды. Егер осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бір адам елдегі сайлау науқанында екі рет дауыс беру құқына ие болып отыр. Депуттарды сайлау процесінде осы құқықтың бұзылатыны анық. Олар Қазақстан азаматтары болғандықтан, елдің мүддесі тұрғысынан ойлайтын болсақ, артында күші бар этникалық топтармен санасуы – мемлекетіміз үшін қажетті шаруа. Сондықтан Қазақстанды мекендейтін этникалық топтарды қазақы саясатқа, қазақы мүддеге, қазақ тілінің, мәдениетінің мәселелеріне араластыруымыз керек. Қоғамдық саяси ойды, тәжірибені, үрдістерді түбегейлі түрде өзгертуді қажет ететін қадамдар қажет. Осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, ассамблея өзіне жүктелген бірде-бір міндетін атқарып отырған жоқ.

Қазақтың мүддесі есебінен басқа ұлыстарға жағдай жасау саясаты мәселені одан ары ушықтыра түсуі мүмкін бе?

Қоғамда осындай әңгіменің бар екені анық, яғни бүгінгі күні билік көптеген мәселені қазақтың есебінен жасап отыр. Бұл әрекетінің қателігі жыл өткен сайын билікке өкпелі қазақтардың этностарға қарсы наразылығын тудырып отыр. Билік өзінің осындай әрекеті арқылы қазақтың бойына «менің намысымды таптап, несібемнен қағып отырсыңдар» деген түсінікті енгізіп қойды. Ассамблеяның айналасындағы этностық мәдени орталықтардың жетекшілері де жемқорлықтың ауылынан алыс кеткен жоқ. Олар әкімдерге, тіпті президенттің өзіне тікелей кіріп, біраз мүмкіндікке қол жеткізе алады. Үкімет тарапынан бөлінетін тендерді иеленуіне жол ашық. Елді жайлаған жемқорлық тұрғысынан алсақ, бұл мәселеде қазақтарға кесірі тимейді деп, кім кепілдік бере алады? Естуімізше, президенттің тікелей өкілімін деген жалған куәлік алып, жалғанды жалпағынан басып жүргендер де осы этностық топтардың басшылығында жүргендер екен... Ассамблеяның жұмыс тәсілі түрлі мерекелік шаралар мен концертпен шектелуі – осы органның шын мәніндегі жұмысын таяздатып, жоққа шығаратын сыңайлы. Ассамблея үшін жаңа философия қажет шығар, ол қоғамның ішінде болып жатқан кез келген мәселені талқылайтын алаңға айналуы тиіс еді.

Қоғамның ассамблеяға деген ынтасы болмаса, онда осы институттың қажеттілігі жоқ, екінші жағынан осы ұйымның мүшелігінде жүрген бірде-бір этнос өкілі қазақтарға келіп, ассамблеяның керек екенін айтып, дәлелдеген емес. Қазақтарға ұсыныс жасап, әлдеқандай бір мәселені талқылауға ынталы еместігін де байқаймыз. Анда-санда қазақ тілін үйрететін курс ашқандарын ғана мақтан етеді. Тасада тұрып, жағдайды бақылап отырғаннан гөрі, ел ішіне келіп, келеңсіз жағдайды ауыл, аудан ақсақалдарымен, ел-жұртпен бірге талқылап, мәміле жасап, ресми деңгейге дейін мәлімдеме жасауға ұмтылса, кім қой дер еді?! Өздерімен-өзі отырған, мемлекет ішіндегі мемлекетіңіз – осы ассамблея деуден басқа айтарымыз жоқ.

Этнос өкілі дегенде, кеше ғана өмірден өткен қазақ халқына деген құрметі күшті болған Герольд Бельгердің үлгісі ұлтаралық тәрбиенің теңдессіз тақырыбы болмас па еді?

Гер-аға иманды болсын, марқұм! Гер-аға нағыз қазақ еді ғой! Шынын айтуымыз керек, елдің саяси, мәдени, әдеби өміріндегі орны бар ерекше тұлға. Қуғынға түскен ұлттың өкілі. Табиғатынан бітімгер азамат еді. Гер-ағаның артында қалған мұрасын келешек ұрпақ зерттейтіні айқын. Ал бүгінгі таңда саяси сахнаға жаңа ұрпақ келе жатыр. Гер-ағаның ерекшелігі сол – өзі өмірден өткен соң, оның артында билікке, саяси топқа, этникалық ұйымдарға сөзі өтетін салмақты тұлға қалмаған сияқты. Ешкімнің атын атай алар емеспін. Сенім артар, елге сөзі өтімді тұлғаның жоқтығын трагедия дер едім.

Бүгінгі қазақ зиялысының сөзі аз ғана қазаққа өтімді, қазақ бизнесмендерінің сөзі өзінің айналасындағыларға ғана өтеді, қазақтың ішінен шыққан белсенді деген азаматтардың өзі қазаққа жиіркене қарайтын жағдайға жетті. Күні кеше демократиялық оппозицияның қатарында жүргендер биліктің сойылын соғып кеткені соншалық, қисынға келмейтін сөздерді сандырақтауда. Мемлекеттік емес ұйымның сойылын соғып жүріп, енді соларға қарсы жұмыс істеп жүргендер де бар. Қазақстан деген елде тұрып жатқан халықты аузына қарататын бірегей тұлғаның жоқтығы – қасірет! Барша буынға қадірі бар сондай азаматтың бірі – Гер-аға еді....

Кеңестік идеологиядағы халықтар достығы деген ұғымға жабыса береміз, ешуақытта халық пен халық, мемлекет пен мемлекет дос болмайды, достасатын – адамдар. Біз саясаттағы халықтар достығын адамдар достығына қарай өзгертуіміз керек. Адам бір-біріне сенім артқан кезде ғана мемлекет дамиды, ал бүгінгі күні сенім мәселесі дағдарысқа ұшыраған заманға тап болып отырмыз.

Әлеуметтік капиталдың басты тетігі – сенім! Елде президенттік институттан басқа дәстүрлі институт жоқ, парламент, сот, полиция өз міндеттерін толық атқара алмай отыр. Осындай мәселені зерттеп, алдын ала жауабын таба алатындай мәдениетіміз де қалыптаспаған. Өйткені авторитарлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз...

Адамның екінші бір адамға сенімін арттырмай, мемлекеттің ішіндегі тыныштықты, экономикалық өсімді баянды ете алмаймыз. Экономика, бизнес тыныштығы тұрақты елде дамитыны айтылып жүр ғой, ал бүгінгі тұрақтылық саясаты шын мәніндегі саясат емес, ол бүгінгі билеушілердің саяси жағдайын сақтап қалу үшін жүргізіліп отыр, шынайы тұрақтылыққа қатысы жоқ ұғым. Билікке деген сенімнің де девальвациясы болады, ол бір күннің ішінде морт сынуы мүмкін. Халықтың сенімімен ойнауға болмас, осы мәселені түсінбеген биліктің де болашағы бұлыңғыр!

Айдос, елдің де, біздің де сенімімізге селкеу түспейтін жағдайға жетейік, ашық айтылған әңгімеңізге рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ.

 

Абай. Kz

 

«Общественная позиция» газеті.

(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062