Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 6458 0 пікір 9 Ақпан, 2015 сағат 12:45

СОТТАЛМАҒАНЫҢДЫ ДӘЛЕЛДЕМЕЙ, АЗАМАТТЫҚТАН ДӘМЕТПЕЙ-АҚ ҚОЙ!

Журналист Тоқтар Жақаш Facebook-тегі жеке парақшасында Қырғызстаннан қоныс аударған ұлты дүңген жігіттің 2 мың АҚШ долларымен-ақ домаланып Қазақстан азаматы атанып шыға келгендігін жазып отыр.

- «Азаматтықты оп-оңай қалай алып жүрсің?», - деген журналистің сұрағына дүңген жігіт:

- Қордайдан екі мың доллар беріп алдым. Ақшаңыз болса, Қордайда таныс адамдар көп. Күттірмейді. Бірден көк паспортты қолыңызға береді, - деп жазады.

«Әңгіме барысында әлгі жігіт қызды-қыздымен Қырғыздағы дүңгендердің осылай Алматы маңы, Қордай айналасына кіріп, сіңіп жатқанын айтып қалды» дейді әлеуметтік желідегі жазбасында әріптесіміз (http://abai.kz/post/view?id=2863).

Әрине, Жақаш мырзаның әлеуметтік желідегі жазбасын ел ішіндегі әртүрлі әңгімеге құлағы түрік журналист атты жазарман ағайынның «ойдан шығарып, ойдай мәселе тудыруға тырысқан кезекті бір дүниесі ғой» дейтін нәумез түсініктің шеңберінде қабылдай салуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай «қаңқу сөздердің» ұшы-қиырына жету мүмкін емес. Мүмкін еместігіне себеп: Қазақстанның азаматтығы азын-аулақ ақшаға сатылатыны туралы шындықты бүктеп басып, бүріп ұстау осы күндері Ішкі істер министрлігінің құзырынан да кетіп барады. Естеріңізде шығар, өткен жылы ҚР азаматтығын сарт-сауанның саудасына салған Көші-қон полициясы комитетінің бірнеше қызметкері сотталып кетті. Бізде өзі мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретін іс-шаралар ісініп-қабынып, індет екендігі ескерілгенше, былыққа бата береді ғой. Демек, азаматтықтың қара базар нарқындағы күйге жеткен күйінішті хәлі жоғары жақтағы әлдекімдердің қауашағын қаңғырлатып өтсе керек. Әйтсе де, қызық: қазақ көшіне, ақын Ауыт Мұқибек айтпақшы, «тіс-тырнағымен қарсы күштер», біздің тақырыбымызға орайластырып айтсақ, Көші-қон полициясы комитеті мемлекетімізге қауіпті адамдар – оралмандар деген ойдан айныр емес. Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Бейсен Ахметұлы ұйымдастырған ашық хатқа аталған құзіретті орган өкілі: «...Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау кезінде мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті қаматамасыз ету мақсатында азаматтығы тиесілілігі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы құжаттың болуы көзделеді» дейді. (Қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=2744). Ал, әлгіндей құжаттар қасарысып қанша  жерден талап етілсе де, 1 млн. 700 мың қазақ тұрып, өмір сүріп жатқан Қытай Халық Республикасында берілмейтіндігі жөнінде сан қайталана жазылды һәм айтылды. Әйтсе де, «Жазған құлда шаршау жоқ», қайыра қаперімізге оралтайық. Қытайда мына төмендегі жайттар бойынша төлқұжат рәсімделмейді, шетелге шығуға тыйым салынады. Егер ол:

ҚХР азаматы болмаса;

Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса;

Құжат алу барысында жалған документ жасап, алаяқтық істесе;

Сотталып, жазасын өтеуде жүрсе;

Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса;

Қылмысты іске қатысы бар деп жауапқа тартылса;

Мемлекеттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіріп, зиянын тигізеді деп есептелсе.

Жоғарыдағы тәртіп пен талапты түзіп және оның қатаң сақталуын бақылауында ұстап тұрған елден келіп жатқан қазақтардың барлығы - ҚХР-дың заңын бұзбаған, сотталмаған адамдар. Осыны біздің «мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін» қамтамасыз еткіш Үкіметіміз ескерген емес. «Осы қалай?» деп ойланған емес. Есесіне, «мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігі» "жанына бататындықтан" сырттағы 5 миллионға таяу қазақты Қазақстанға жуытпауда. Сонда қайсысын құптаймыз: «патриот» құжаттың талаптарын ба, әлде қазақтың жан санының артып, өз қауіпсіздігін өзі толық қорғай алатындай әлеуетті қамтитын ұлттық тұтастығын ба? Сөз жоқ, біз бір сөйлемдегі екі сұрақтың екіншісіне жауап болатын нақты мәселенің жағындамыз. Алайда, «мемлекеттің заңды үстемдігі» (неміс саясаттанушысы М.Вебердің анықтамасы) «қазақсыз Қазақстан» жасауға ұмтылғандардың белден басқан билігіне ғана қызмет етуде (М.Мағауинді оқыңыз: http://abai.kz/post/view?id=2813).

Хоош, сонымен замананың текпісі мен тарихи жағдайлардың әрқилы сипатта қалыптасуына байланысты қиыр-жайлап, шет қонған қазақ баласына «жер бетіндегі жалғыз отаны – Тәуелсіз Қазақстанда» (Президент Назарбаевтың сөзі) азаматтық алу оңайға соқпайды екен. Бәріне солай ма? Бәрі деп отырғанымыз – этникалық қазақтардан өзге жұртты меңзегеніміз. Жоғарыда Тоқтар Жақаштың дүңген жігітімен әңгімесінен үзінді келтірдік, оларға (былайғы жұртқа) ҚР азаматы атану – дүниеден түңіліп кетсеңіз де шындығы сол: түкке тұрмайды.

Қазір азаматтықты шүлен үлестіргендей оңды-солды таратып жатқан саланың бірі – спорт саласы. Өз ұландарын болаттай шыңдап, тер төгуге ерінетін, бірақ Қазақстаннның көк туын дүбірлі додаларда желбірете көтеріп, есіп-бөсіп қайтуды білетін, әсіре мақтан мен мадақты жаны сүйетін спорт билігіндегі алпауыттар өзгенің дайын «өнімін» (спортта жетістіктерге жетуге мүмкіндігі зор үміткерді) үпілеп-сүпілеп сатып әкеле салады. Бұлар да - өздерінше патриот. Қазақстанда этникалық қазақты Атажұртына жолатпай діңкелетудің түрлі амал-айласын қарастырған Үкімет қаулылары мен мемлекет заңдарының және қазақ баласын үлкен спорт ойындарынан қағып тастайтын ешбір елде жоқ осындай ерекше патротизм бар. Сондағысы – «көпұлтты Қазақстанның» құрметіне құлдық ұрған патротизм. Билікке ұнайтын патротизм.

«Қазақ баласын үлкен спорт ойындарынан қағып тастайтын» деген сөзден шығады, еліміздегі футбол клубтарындағы ойыншылар қатарында қазақ баласының қарасы шамалы. Есесіне, славян нәсілді ұлттар жетіп-артылады. Оны айтасыз, Игорь Зенкович («Ақтөбе»), Заурбек Плиев пен Михаил Бакаев («Қайрат»), Алдан Джиджич («Шахтер»), т.б. айналдырған бір жылдың шегінде бірі Хорватиядан, енді бірі Қапқаздан келген бетте Қазақстанның азаматтығын төлқұжатымен бірге қалталарына басып үлгерді. ҚР азаматтығын алу тәртібі осы ретте бұзылды ма? Әбден бұзылды. Бірақ, азаматтығы арзымайтын бағаға сатылатын бұл елде тәртіп пен заңның бұзылғандығы әншейінгі әңгімеге де татымайды. (Еліміздегі футбол клубтарындағы теңсіздік туралы тақырыпты Abai.kz алдағы күндері індетіп жазатын болады. Әзірге осымен тоқтай тұрайық).

Жә, Игорь Зенкович, Алдан Джиджичтер доп тебетін көрінеді. Қазақстанда футбол ойынының дамуына, бәлки, азды-көпті үлес қосатын болар. Ал, гастарбайтерлер ше... олар не істемек? «Дүниежүзілік Банктің есебі бойынша Қазақстан – әлемдегі мигранттар көп ұмтылатын тоғызыншы ел екен. Бұл дегеніңіз еліміздің миллиондаған қаржысы шет ел асып жатыр деген сөз. Жарайды, «бізден басқа елдер де осындай жағдайда ғой» деп жылы жауып қоя салуға болар еді. Алайда, өзгесін айтпағанда, 150 млн астам халқы бар Ресеймен өзімізді салыстыра алмасымыз белгілі. Біз небары 17 млнға жаңа ғана толып отырмыз. Солай бола тұра біздің елімізге жыл сайын 700 мыңнан астам «жұмысшы-қонақтар» келіп-кетеді, дейді ақпарат көздері». (Серікжан Қажи, «Гастарбайтер келе жатыр...», http://abai.kz/post/view?id=2844). Сол «жұмысшы-қонақтардың» дені Қазақстанға мүлде «қонақтап» қалуда. Қотарыла қоныс аударуда. Азаматтықты, әрине, Қордайдан, т.б. сатып ала салады.

Өткен жылы (2014 ж, қазан айы) бірер күнге ҚХР-ға сапарлап барғанбыз. Сонда 700 мың қазақтың қытай төлқұжатын иеленіп, сыртқа шығуға, анығы Атажұртына ақтарыла көшуге дайын отырғаны жайында жазғанбыз. 700 мың қазақ! Қандай жұмысыңа болса да мақұл. Тапқан табысы өзінде, яғни Қазақстанда қалады. 700 мың гастарбайтер. Тапқан табысын еліне әкетеді. Сөздің турасына көшсек, билік Қазақстанды қарадай тонатып қойып қарап отыр. Сөйте тұра этникалық қазақты кеудесінен итеріп, «мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігі үшін» олардан сотталмағаны жөнінде анықтама талап ететін бапты Парламентте әне-міне қаралуға тиіс Заңның жобасына енгізіп қасарысуда. (Заң жобасы: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады).

Гастарбайтерлердің ішінара Қазақстан азаматтығын иеленіп бастағанына қайтып оралайық. Тегінде, қандай елде болсын азаматтықты ақшаға сатып алған соң, оны емін-еркін пайдаланудың өзіндік тәртібі түзіледі. Азаматтықты ақшаға алған адам енді жергілікті билікпен жең ұшынан жалғасып, басқа құндылықтарға да қол созады. Мысалы, биліктегі сатымсақ адамның тілін тауып жерге қожайындық етеді, заңсыз әрекеттерге барады. Айналасына үстемдік жасауға құлшынады. Алда-жалда біреу бірдеңе дей қалса, «мені бөтен ұлт деп шетқақпайлауда» дегенді бар дауысымен бақырып, байбалам салады. Билікпен қорқытады. Сотқа жүгінеді. Құқыққорғау органдарын паралап, қулығын асырады. Әйтеуір білгенін жасайды. Тіпті, адам өлтіріп, күнаға да батады. Меніңше, біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстарға ұласа жаздаған оқиғалардың астырында осындай осқырынған мәселелер бар. Соның бірі кешегі – Сарыағаш жанжалы. Күдікті ретінде қолға түскен Нарметов, шамасы, аудандағы алпауыттармен ауыз жаласып, айналасындағы ағайынға тізе батырған біреу. Әбден асқан. Тасынған. Оның әзірге күдікті саналатын қылмысы жергілікті жұрттың дүр сілкінуіне әкеп соқтыруы әлгіндей себепке есеп. Әйтпесе, қазақ-өзбегі аралас Сарыағашта бір-біріне қоқиланып қоятындар аз ба? Жазатайым кісі өлімі де болып жатқан шығар... Бірақ, соның бәрі ұлтаралық жанжалға ұласып кете жаздаған оқиғаларды ойға салмайды ғой. Ал, Маловодное-Шеңгелді – шешен дисапорасының, Маятас- Бесағаш – күрд диаспорасының (еске түсіріңіз: http://old.abai.kz/node/7524), Шелек-Шонжы – ұйғыр диаспорасының кейбір өкілдері тым өктемсіп кеткендігін, оларды құтыртып, өбектеп отырған өзге емес, өзіміздің билік басындағылар мен билікті билеп төстеген жеке тұлғалар екендігін екпін түсіре айтуға тиіспіз. Заң мен ұлт алдында алдымен солар жауап беруі керек. Оларды қоғам арандатушылар деп айыптауы қажет.

Гастарбайтерлер негізінен дисапораларды жан тартып жақындайды. Мысалы, тәжік Қазақстандағы тәжіктерді жағалайды. Орыс орыстың ығынан пана іздейді. Содан кейін тапқан панасы мен саясын пайдаланып келімсектігін ұмытып, келген ортасына тасадан тас атады. Қылмыс жасайды. Мәселенки, 14 жастағы қазақ қызын зорлап, бейнетаспаға тартып, соңынан аяуандықпен азаптап өлтірген Сергей Наумцев Мәскеуден Ақтөбеге танысын іздеп келген қанішер қаңғыбастың бірі екен. 2013 жылы жаз айында оралман отбасын өзбек гастарбайтерлердің қырып салғаны қоғамның зәре-құтын қашырды. Міне, гастарбайтерлер мен келімсектерді бетімен жібергеннің сыбағасы. Міне, диаспорлардың  еркінсіп  кеткен ерке ұлдарын тыймай ұстаудың салдары.

Қытай ойшылы Лао Цзы кезінде: «Көп білетін халықты басқару қиын» деген екен. Біздің билік үшін ең алдымен – қазағы қалың мемлекетті басқару қиынға соғатын сияқты. Әйтеуір, қазақ десе, оның ішінде сырттан қоныс аударып, Атажұртына оралған этникалық қазақ десе, қарадай жыны ұстап, жінігіп шыға келеді. Жаңаөзен оқиғасын еске алайықшы. Оқиға барысында Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаевы бар – бәрі, пәлені түз-түгелімен Атажұртына оралған бауырларымызға жауып еді ғой. Ақырында тапсырысты тап-тұйнақтай орындаған соттың шешімі бойынша айыпталған отызға жуық адамның бір-екеуі ғана оралман екендігін жарыса жаздық. Қайда кетті сонда, көзіне қан толған, айрандай ұйыған Қазақстанды алатайдай бүлдіруден басқаны ойламайтын "оңбаған" оралман?!. Ал, шын мәнінде оралман дегеніміз – законопослушный гражданин, толерантный человек (заңға бой ұрған азамат, төзімді адам). Оралман законопослушныйлығының нәтижесінде Қазақстанның «соқыр, мылқау» үкіметінің талап ете беретін құжаттарын шарқ ұрып іздеумен жүр. Толеранттылығының арқасында мұқым қиындыққа төзіп жүр. Мәсімов, не Құлыбаев бір-ақ күн, жалқы рет оралманның басындағы кеппен өмір сүріп көрсінші –  өртеніп өлер еді.

Е-е, айта берсек әңгіме көп. Қазақстанның азаматтығы қазір кімге, неге бұйырмай жатыр? Ағылшындық ат, айғыр, биелерге де, түркпеннің алабай төбеттеріне де, Асылжан Мамытбековтың аусыл шыққан ала бас сиырларына да бұйырды (өйткені, осылардың барлығы - тіркеліп, құжатталған жануарлар мен тіршілік иесі). Таяу күндері АҚШ-тың Гуантанамо базасындағы әскери түрмесінен босаған үш йемендік пен екі тунистік те Қазақстан азаматтығын қабылдайтын шығар. Украина-Ресей қақтығысынан болған үркіншіліктегі елдің алды Қазақстанға келіп босқындар мәртебесін иеленіп үлгерді. Олар үшін алда азаматтықтың ауылы алыс емес. Тек қазақ қана Қазақстан үкіметі мен заңдарының алдында өзінің сотталмағандығын дәлелдей алмай айыпты болып жүр. Сол «айыптары» дәлелденбей - этникалық қазақтардың азаматтықтан  дәметпей-ақ қойғаны жөн.

Дәурен ҚУАТ

Abai.kz           

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377