Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8131 0 пікір 9 Ақпан, 2015 сағат 10:17

ҚАЗАҚТЫҢ ҮШ ТОҚСАНЫ: ТҰЛҒА МЕН ТОЛАҒАЙ

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғалымдар үйінде "Ғылым сардарлары" бағдарламасы аясында ағымдағы жылғы ақпанның 4-і күні қазақ халқының үш аяулы перзенті, ғұлама ғалымдары, қазақ тілінің және түркологияның танымал майталмандары, ұлағатты ғылыми ұстаздарымыз  -  Әбдуәлі Қайдар, Рабиға Сыздық және Шора Сарыбай сынды атақты академиктеріміздің 90 жасқа толған мерейтойларына арналған салтанатты басқосу болып өтті.

Жиынды ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынұлы ашты. "Ғалымдар үйінің" директоры Роза Оспанқызы, академиктер Сұлтан Сартаев пен Аманжол Қошанов, "Қайнар" университетінің ректоры Еренғайып Омаров, филология ғылымдарының докторлары Ерден Қажыбек, Жамал Манкеева, т.б. ғалымдар сөз сөйледі. Жиналысты Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізіп отырды. Арасында тәтті күй мен әсем ән тыңдалды, Алтынбек Қоразбаев басқарған топ елді өнерімен тәнті қылды.

Үш академиктің өмірі мен шығармашылығына, ғылыми еңбектеріне арналған осы үлкен жиында жасалған баяндамалардың бірі ретінде филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Қажыбектің сөйлеген сөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

​1981 жыл, осыдан тап 34 жыл бұрын... 

Тоталитарлық қызыл коммунистік тажал жүйесінің қылышынан қан тамып тұрған кезең. 

Бүкіл совет елдері білек сыбана коммунизмге жетеміз деп тырбануда. Қолдайтындар қошемет пен қол шапалаққа бөленуде, қолдамайтындар... Ол кезде қолдамайтындар мүлде көрінбеуші еді. Қолдамаудың өзі әсте мүмкін емес сияқты. Ондай ойдың өзі өрескел заң бұзушылық деп бағаланатын заман еді ғой...

​Мен кандидаттығымды қорғап, Тіл білімі институтында ғалым-хатшы болып жүрген кезім.

Әлі есімде, бүкіл бөлімдерге микрофоны мен динамигі бар байланыс құралдары орнатылған, ал директор, директордың орынбасары және ғалым-хатшы кабинеттеріне 20-30 нүктесі бар ұзын селектор қондырғылары қойылған. Нүктені басып қалған жағдайда, қалаған қызметкерді шақырып алуға немесе тапсырма беруге болатын. 

​Жаздың шуақты күндері.

Бүкіл КСРО, республикамыздың жалпақ жұртшылығы тойлап, шулап, дүрілдеп жатқан науқанды шара  – Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылғанына» 250 жылдық мерей тойы бұл күнде.

Институттың директоры Әбекең Қайдаров, орынбасары Шора Шамғалиұлы ағамыз.

Институт құрамында Ұйғыртану орталығы бар. Олармен бір ұжымдай, бір үйдің баласындай тату-тәтті араласып тұрамыз.

Сағат тура 10-да Ленин сарайында ең жоғары деңгейдегі Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің салтанатты Пленумы ашылмақшы.

Қателеспесем, сол жылғы пленумға Брежневтің өзі келген болу керек.

Оның алжыған тұсының шырқауына жеткен кезі еді. 1981 жылы сол Брежневтің партияда болғанына да 50 жыл толған екен. Соған орайластырып Мәскеуде саф алтыннан бір-ақ дана арнайы шығарылған қымбат төсбелгіні де, кезекті төртінші (!) “Кеңес одағының батыры” (“Герой Советского Союза”) медалін де омырауына тәлтіреген шалдың таққан жылы. Қазақстан да қалыспай, сол Брежневті автор ретінде атап “Об актуальных проблемах партийного строительства” деген қалың кітабын Алматыда басып шығарды.

Қысқасы, бүкіл халық теледидар болса теледидарды, радио болса радиоларын қосып, көсем басшыларының сөздерін мұқият тыңдауға, саналарына тоқып алуға мәжбүр болуда...

​Бізге мұны қатал ескерткен.

Институт ұжымы дайын отыр.

1981 жылдың тағы бір ерекшелігі, сол жылы Дзержинск деген қалада өте кең ауқымда Бүкілодақтық конференция өткізілді. Оған барша КСРО өкілдері қатысты, қатысушылардың саны 20-30 мың делегаттан асқан. Тақырыбы біреу-ақ: алкогольмен күрес, араққа тиым салу.

Бұл компартиямыздың өз қадағалауына ала бастаған науқандарының бас кезеңі еді...

​Сағат онға бес минут қалғанда институт селекторының бүкіл нүктелері сарт-сарт қосылып, Шөкеңнің саңқ еткен дауысы барша бөлімдерге естілді:

–  Құрметті Қазақстан азаматтары, құрметті ханымдар мен мырзалар, құрметті қаламдастарым! Бүгін ерекше күн, ерекше мейрам, ерекше қуаныш! Бүгін Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жыл толыпты.

Сондықтан қазақтарға бүгін 250 грам арақты құйып алып тартып жіберуге рұқсат береміз. Бірақ, назарларыңызды мына жәйтқа аударғым келеді: тек қана қазақтарға рұқсат. Мысалы, біздің институтта ұйғырлар да бар. Ұйғырлардың Қазақстанға өз еркімен қосылғанына әлі де 250 жыл толған жоқ  –  әрі кетсе елу грамдық уақыт. Сондықтан, олар жөнін білсін...

​Мұндай сөздерді ол кезде айту түгілі, естудің өзі қылмыс саналатын. Бүкіл институт демдерін ішке алып тына қалды. Ұшқан шыбынның ызыңы айқын естілетін тыныштық орнады.

Ал, енді, селекторге келсек, ол үзілген жоқ, Шөкең сөзін әлі жалғастырып жатыр:

​–  Ә-ә-й, дегенмен, мына ұйғырларымыз, қазаққа қарағанда еті тірілеу ғой. Олар қазақ үшін де, өздері үшін де бір-бір тартып жіберіп, 250 емес, 300 грам ішіп қойып, қайтадан бізді екі ортада қалдыратынына күмәнім жоқ, достар...

​Мына, осы күндері, біздің үйде де бір шағын тойымыз бар. Қымбат жеңгелеріңнің, мына менің әйелімнің де маған өз еркімен қосылғанына пәлен жыл толып қалыпты.

​Ендеше, тойларымыз құтты болсын, ағайын!

​Қайта сарт-сарт етіп селектор нүктелері бірінен соң бірі өшірілді.

​Бүкіл институтта тыныштық орнады...

​Қазір мұны еске алу оңай.

Алайда сол кезде бұл сөзді естіген адамға әсері – жарылған бомбадан еш кем емес-ті. Біріншіден, мемлекеттік мекемелердің бәрі дерлік «үндемес» КГБ тыңшыларына толы еді. Екіншіден, әр жерде компартия ұйымдары қатал жұмыс істеуші еді. Мұндай сөздерді айту  –  кеңес үкіметіне ашық қарсылық білдірумен парапар іс саналатын.

Мұны жақсы біле тұрып, іштегі наразылығын жасыра алмай, әдейі соны сыртқа шығарған осындай Шөкеңнің қалжыңы   –  үлкен азаматтық батырлық еді, қайсар жүректің қарсылық әрекеті, қазақтың, қазақ халқының аталмыш оқиғаға көзқарасын ашық білдіретін ащы шындығы еді бұл.

​Бірақ, әттең осы айтылғандар тиісті орындарға жетіп үлгеріпті. Ертеңгі күні-ақ институттың директорына қатаң сөгіс жарияланып, аудандық партия комитеті шұғыл бұйрық шығарды:  «Жолдас Сарыбаев коммунистік партия қатарынан аластатылсын!»

​Өзін дереу шақыртып алып:

​–  Партбилетіңізді тапсырыңыз!  –  деп әкіреңдеген ұлықсымаққа Шөкеңнің жауабы атылған оқтан ауыр тигенін Шора Шамғалиұлы өзі бізге айтып берген:

​–  Менде партбилет жоқ!

​Шөкең әдейі партияға мүше еместігін бірден айтпай, ештеңе білмегенсіп, бастықтың жүйкесін жұқарту үшін үндемей мөлиіп тұра беріпті.

– Қалайша жоқ? Партбилетіңіз қайда?

– Жоқ дедім ғой, жоқ. Енді жоқ болса, қайтейін?

– Жоғалттыңыз ба?

Ол заманда «кәмүніс» болмай мекеме басшылығына тағайындалу әсте мүмкін емес шаруа еді. Шөкеңді ғылымға сіңірген қыруар еңбегі үшін алатаудай айбарлы Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ғайнетдин Мұсабаев сынды академиктеріміз болмай жүріп, бар абыройын салып, осы жауапты орынға әрең дегенде отырғызған еді.

Шөкең жағдайды жақсы біле тұра, әдейі қырсығып, түсінбегенсіп:

–  Жоқ, мен партбилетті жоғалтпадым. Менде партбилет жоқ! Ол жоқ болған соң мен оны сізге бере алмаймын да, тапсыра алмаймын! – деп, теріс бұрылып, баяу ақсаңдап аудандық партия комитетінен шыға берді...

Ондағы бастық дал боп қала береді...

Мен сөзімді әдейі Шөкеңнен бастадым. Өйткені, Шөкеңнің тойы әлі алда. 

Ұстазым Әбекең мен Рабиға Сәтіғалиқызының мерейтойларын жуырда атап өттік. Әбдуәлі Қайдар мен Рабиға Сыздық тойлары ғана ретінде емес  – барша қазақ xалқының тойы, қуанышы, мерекесі ретінде. Десек те...

Кейбір адамдар  –  ғасырда бір-ақ рет туатын адамдар  –  біздер сияқты ет пен сүйектен жаралған пенде болса да, олар өз өмірлерінде туған елінің, мемлекеттің, ұлттың  алтын қорына, мәңгі қазынасына, ұлы мақтанышына, меншігіне айналады. Өкінішке қарай, ондай адамдар өте сирек кездеседі. Бірақ, сондай адамдардың өнегелі өмірлері мыңжылдықтарды еңсеріп, адамзатты ілгері бастырады.

Қазақ тіл білімінде яссауитану мен жалаиританудың, тариxи семасиология, әдеби тіл теориясы, ақын-жырау тілі және тіл мәдениеті, емле мен орфография, абайтану мен аxаңтанудың – осыншама қыруар салаларының іргесін қалаған жалғыз бір-ақ кісі екеніне және сол кісінің өзі сұлу қыз [ақын Қасым сүйсіне жыр арнаған қыз!], сүйікті жар, үлгілі ана, қазақтың мейірман әйелі екені қандай ғажап!

Бір-ақ мысал келтірейін.

Атақты күйші Динаның дүниежүзінде, бүкіл адамзат тариxында ең алғашқы, ең бірінші композитор-әйел болғанын біз білеміз бе, ағайын? Жарайды, білеміз дейік, білеміз деп есептейік  – өйткені, мұндай керемет мәліметті білмейміз деудің өзі ұят нәрсе ғой.

Ал, енді, соны біле тұрып дұрыс бағалай алдық па дана тұлғамызды?

2-3 жыл бұрын Динадай тұлғамыздың туғанына 150 жылдық меретойы өтті.

Мына тұрған түріктер, ең алғашқы композитор-әйел түркітектес, туыс, бауыр қазақ xалқынан шықты деп, ағынан жарылып, бүкіл Түркияда апамыз Динаға көше аттарын да беріп, ескерткіштерін де орнатып, түрлі деңгейдегі концерттерін де қойып, тіпті  үлкен бір парктың атын да ұлы анамыздың атымен атап, қуаныштары қойнына сыймай қуанып жатты.

Ал біз ше, атақты күйші Динаның өз xалқы, туған мемлекеті, шыққан ұлты, біз не істедік?

Түк те істемедік.

Жасағанымыз сөзге де татырлық нәрсе емес.

Рабиға апамызға да ғылымда, ғалымдардың ішінде деңгейі тең келетін бір адамды айтып көріңізші? Отыз-қырық ғылыми кітапты жазған және де жай кітапты емес: әр монографиясы – ғылымның өз алдына зерттелмеген тың бағыты, қиын дара саласы, білім мен ілімнің даңғыл жолы.

Қай елде мұндай ана, мұндай дана бар? Тек қана бізде, ағайын. Қазақта.

Ал, енді, сен қазақ, осыған лайық не атқардың? Дана анамызды алақаныңа салып әлпештей алдың ба, еңбегіне лайық  –  басқасы былай тұрсын  –  лайық бағаңды бере алдың ба? Жоқ, жоқ және тағы да жоқ дей аламыз.

Ойлан, қазақ! Оянуың үшін, ойлануың керек! Әлі кеш емес.

Сөзімді Шора Шамғалиұлынан бастадым емес пе.

Шөкең туралы айта берсек, сөз жетпейді. Сөз жетсе де –  уақыт көтермейді.

Қазақтың лексикографиясын, диалектологиясын, алтаистикасын шырқау биікке көтерген адам. Шоқантанушы, библиограф, футбол зерттеушісі, әзілкеш, әнші, музыкант, ақын, сері, шешен... Айта бересің, айта беруге болады. Бәрібір тауысып айту мүмкін емес. Әмбебап адам. Ерекше адам. Ғажап адам. Баяғыда-ақ аңызға айналған адам, баяғыда-ақ қазақ xалқының сүйікті персонажына, кейіпкеріне айналған тұлға. 

Бұл аңыз адам арамызда жүр. Өмірін туған еліне арнап, көз майын тауысып, қазақтың сарқылмас қазынасы – сөз байлығын тірнектеп жинаған жан. Өзі үшін емес  –  сен үшін, қазақ xалқы. 

Әбекең туралы әңгіме өрбітсек – сөзіміз одан сайын арта түседі, қуанышымыз бен мақтанышымызда шек жоқ (қараңыз:  http://almaty-akshamy.kz/?p=30784 ).

Соғыс ардагері, тіл тариxшысы, түрколог, этнолингвист, ұйғыртанушы, этимолог, компаративист. Саясаткер, тіл жанашыры, қазақтың тіл білімінің негізін қалаған тұлғалардың бірі. Көзі тірі классик.

Маңдайалды батырымыз десек батырымыз, ғалымымыз десек ғалымымыз, ұлағатты ұстазымыз десек ұстазымыз. Одан үлкен атақ бар ма?

Құрметті халайық, назарларыңызға тағы бір сауал: мемлекеттік дәрежеде осыған орай жауап бере білдік пе біз?

Мен кеше ғана Бакуден конференциядан келдім. Тақырыбы  –  «Қорқыт ата мұрасы». Қорқыт ата жырындағы сюжеттердің атақты көне гректің «Илиадасы» мен «Одиссейіне» нұсқа болғанын (!) тура 200 жыл бұрын танымал неміс ғалымы Фридрих фон Диц нақты дәлелдегеніне арналған басқосу еді. Жиынға Еуропадан да, Азиядан да көптеген ғалымдар қатысты. Қорытынды қарарында конференция бұл маңызды тақырыпты жан-жақты зерттеу үшін  – 

түрлі ғылыми зерттеулерді;

экспедицияларды;

кино түсірілімдерді;

энциклопедияларды;

библиографиялық басылымдарды;

қолжазбалардың түпнұсқа факсимиле жинақтарын;

басқа тілдерге аударуды;

тұрақты түрлі деңгейде басқосуларды ұйымдастыруды;

ЖОО-ына, мектептерге жекелеген курстардың енгізілуін қамтамасыз етуді;

көптеген конкурс, жарыстар жариялауды;

фестивальдерді ұйымдастыруды;

ән-күй-аңыз мұраларын зерттеуді;

түркі республикаларында Қорқыт ата есімі берілген көше аттарын, ескерткіштерін көбейту мәселесін қолға алу;

арнайы музейлер ашу;

дүниежүзі бойынша бүкіл ізденістерді үйлестіріп, жариялап тұру;

көрмелер өткізу;

ақын-жырау концерттерін ұйымдастыру;

ЮНЕСКО мен БҰҰ деңгейінде түрлі іс-шаралар жоспарлау;

пошта маркаларын жасату;

театр және кино туындыларын даярлау;

және көптеген басқа да іс-шараларды ұйымдастыру сөз болды.

Бір ерекшелігі  –  бұл ұлттық мүддеге қатысты тақырып болғаны үшін қаржы мәселесінде  еш шектеу қойылмайды. Талап дұрыс болса  –  ел бар, мемлекет бар, әзербайжан ұлты бар, мемлекеттік ұлттық саясат бар дегендей  –  қаржыландыру шешілген мәселе.

Бір ғана маңызды кілтипаны бар...

Қонақтар қазақтың осындай келелі мәселелерге келгенде қарашаңырақтығын, іргелілігін, негізі екенін  –  бір емес, бірнеше рет үлкен құрметпен атап жатты... Қорқыт ата мазарының орналасқан, оғыз тайпаларының көне мекені саналатын қасиетті қазақ жерін толғаныспен, зор үмітпен, үлкен сыйластықпен еске алып отырды...

Көне Еуропаны көркем тартымдылығымен сусындандырған ұлы жырды, Қорқыт бабамыздың бейнесін біз, Қорқыттың атамекені, осындай биіктік пен тереңдік шыңына көтере білдік пе, ағайын?

Өкінішке қарай, жоқ.

Яссауи да сондай.

Рабиға апамыз алпысыншы жылдардан бастап «Хикметтердің» тілін зерттеді. Дінге қатаң тыйым салынған заманнан бастап...

Яссауитанудың іргесін қалады.

Ал, енді, осы игі бастаманы жалғастыруға, яссауитануды дамытуға біз тиісінше қызмет атқардық па, қарашаңырақ қазақ ұлты ретінде, бабалар мирасының иегер елі ретінде?

Шыққан кітаптар бар, жоқ емес. Бірер-саран жақсы зерттеулер де бар...

Бірен-саран...

Түркияда Кемал Ераслан деген профессор ғалым бар. Мамандығы осы сала. Үш жүзден астам шәкірті бар, отыздан астам кітабы бар...

Атақты ғалым Фуад Көпрулүдің бір сөзін айта кетсем: Қожа Ахмет Яссауи болмаса, Түркия да болмас еді – мемлекет ретінде, ұлт ретінде, халық ретінде...

Неге?

Біз мұның жауабын білеміз бе?

Қожа Ахмет Яссауи өз өмірі тұсында да, қайтыс болған соң, кемінде, үш-төрт ғасыр бойы да үлкен кеңістікте ең абыройлы, ең сыйлы, ең құдыретті, ең сүйікті, ең биік тұлғасы болып саналды: сұлтандардың сұлтаны, падишахтардың падишахы, хандардың ханы, көсемдердің көсемі ретінде танылды.

Билік басындағылар пайғамбардай көрген, қара бұқара халық туған әкесіндей жақсы көрген.

Кеңістігін атасақ: Орта және Орталық Азия, Қытайдың жартысы, Еділ бойы, Кавказ, Балқан өңірі, Мысыр, Иран, Үндістанның солтүстігі, қазіргі Түркия жерлері, т.б.

Енді, ойланып қараңыз: ол заманда бүгінгідей радио, теледидар, газет-жорнал, интернет жоқ болған.

Қандай құдіреттің арқасында, қалайша осыншама абыройға бөленген біздің бабамыз?

Осы секілді сұрақтар біздің тарихымызға байланысты бізде, өкінішке қарай, аз емес, көп.

Бабаларымызды енді танып келе жатырмыз.

Тілімізге енді ғана тиісті құрмет көрсетіп, айтып жүрміз.

Әбдуәлі Туғанбайұлы Қайдар, Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық, Шора Шамғалиұлы Сарыбай сынды ұлы арыстарымызға да сөз арнап, көңіл бөліп, алғыс білдіріп отырмыз.

Дей тұрғанмен, осы ардақты үлкендерімізге мемлекеттік тұрғыда көрсетіліп жүрген құрмет пен ілтипатымыз – өздерінің маңдай тері мен қыруар еңбектеріне лайық деп айта аламыз ба?

Осы орайда, сөзімді аяқтай келе, «Ғалымдар Үйі» жетекшілеріне, Ғайнекең Айдарханқызы, бірінші өзіңізге, Рәкең –  Роза Оспанқызы, Сізге, қазақ халқы атынан, ананың ақ сүтін ақтап, ана тілімізге өмірін сарп еткен қазақтың Үш Тоқсан Тауы құрметіне, бүгінгі салтанатты шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін үлкен алғысымызды және ризашылығымызды білдіреміз.

Мұндай жоғары дәрежедегі басқосулар мен іс-шаралар ана тіліміздің тұғырын нығайтып, өрісін кеңейтеріне, заманымызға сай одан әрі дами түсуіне игі әсерін тигізеріне сеніміміз бек мол.

 

Ерден ҚАЖЫБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377