Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5570 0 пікір 5 Ақпан, 2015 сағат 10:37

КЕМЕЛДІКТІҢ КІЛТІ КҮШТІНІҢ ҚОЛЫНДА МА?

Қазір көбіміз мотивация іздейтін болғанбыз. Стив Джобс, Билл Гейтс, Марк Цукерберг... Пәлен әнші, түген актер... Құдай-ау, көп өздері! Соларға қарап бой түзеп, ой түзеп жататынымыз да жасырын емес. 
Егер біз ұлтымыздың өткен сүрлеу-соқпағына ұлтарақ боп төселген ұлы тұлғаларымызды тереңірек тани түссек, мотивация атаулының көкесі өзі-ақ келіп қонады екен ғой бойымызға. 
Тиын-тебеннен қысылған Жүсіпбек Аймауытұлының оқудан тыс кездерде орыс-татар кемпірлерінің қора-қопсысын тазалайтынын, етікшілікпен айналыса жүріп, қолы қалт еткенде қағазға шұқшиятынын Зейтін Ақышевтің естеліктерінен оқыған шығарсыз? Жүсіпбек атамыз Сұлтанмахмұт Торайғырұлының жиырмаға толмай-ақ Құран Кәрімнің 13 парасын жаттап алғанын жазыпты. Бір жағынан қаржылық қыспақ, екінші жағынан өкпе ауруы жаны мен тәнін қинаса да, «жұмасына бір рет қана обед етіп», «ала қағаздан бас алмайтын» Сұлтанмахмұт біздің замандасамыз бола қалса, Оқжетпестей Оксфордтың PhD докторантурасына ойланбай-ақ түсіп кетер ме еді деймін кейде... 27 жасында дүние салған ұлт ұланының артында 2 роман, 4 поэма, жүздеген өлеңдері мен мақалалары қалды. «Оян, қазағын» ұрандатып, төрт сағаттан артық ұйықтамайтын Міржақыптың да, 64-інде дүние салып, 64 томға жүк боларлық мұра қалдырған Мұхтар Әуезовтің де (50 томдыққа енбеген мұралары бар екен) өмірі өнегеге (соның ішінде мотивацияға) толы. Қайсыбірін айта береміз! Көп қой, Құдайға шүкір! 
Сұлтанхан Жүсіп ағамыздың Әлихан Бөкейханұлының 19 томдығын шығарғалы жатқанын естіген соң, осы ой тағы да оралды. Ұлт ұлылары қашан үлгерген соның бәріне өзі?! Таң қаласың тағы да!.. Алла олардың әр ісіне, уақытына береке беріп қойған ғой, сірә. Өздерінде де адам айтса нанғысыз ынта мен жігер болыпты. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеуге» анттасқан ардақтыларымыз қай қырынан да бізге үлгі болуға жарайды. Бизнес пе, ғылым ба, басқа ма – бәріне, қысқасы! 
Иә, рас, олар жаңағы Стив пен Билл көкелеміздей бизнесмен болмаған шығар. Әрі-беріден соң, сол Билл Гейтстер қазақ қоғамында бизнеспен айналыса қалса, осы биігіне жете алмай, өмірден безіп те кетер ме еді. Ал, қазақтың қырандары идея үшін – ұлт мұраты үшін қандайда қиындықтан тайсалмады! Міне, мотивейшн! 
Кешіріңіз, мен әлемдік тұлғалар тәжірибесінен үйренбеңіз демеймін. Пайдалы болса, алу керек, қарманып қалу керек. Тек көбіне-көп төл тарихымыздағы талай дүниелерді қаперде ұстай бермейтінімізді айтқым келген еді... 
Әлеуметтануда мынадай бір қағида бар екен. «Әлсіз елдер кемелдік атаулының кілті тек күшті елдердің қолында ғана бар деп ойлайды» деген. Рас. Әсіресе, отарланған елдердің адамдарының психологиясында осы нәрсе айқын көрінеді. Батыс бізге көп нәрсе бере алады. Бірақ ең негізгі дүниені бере алмайды!.. 
Ал, сіз қандай мықты мысал айтар едіңіз? Жігерімізді жанып, қайратымызды қамшылай отырайық.

Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351