Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 7310 0 пікір 3 Ақпан, 2015 сағат 11:39

СЕФЕРСҮЛЕЙМАН - ШЫМКЕНТТІҢ «ҮСЕНОВЫ»

Жақында, тапа-тал түсте Шымкент қаласындағы Шаяхметов көшесінің бойында жол-көлік апаты болды. Бұны да жай күнделікті болып жүрген жол-көлік апаты деп ойлап, мән-жайды сұрауға жақын бардық. Көліктің сау-тамтығы қалмағанын көріп, "адамдары аман ба?" деген сұрақ туындады. Иә, шындығында мынадай апаттан кейін адамның аман қалуы екіталай дерліктей.


Кеше ғана су жаңа заң қабылданып, қолданысқа енді. Бұл заңға қарсы шықпаған адам қалмады десек те болады. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің" дегендей, заң шығарушы орындарымыздың өздері заңға қарсы шығып, кері шегеруін сұрады. Ендігі жерде осы заңда "кәмелетке толмаған балалар көлік жүргізе алмайды" дегенмен, кімнің баласы үшін екенін анықтап жазбағаны өкінішті. Бай-бағландар үшін арнайы заң шығарғандай заңға менсінбей қарап, белшесінен басып жүргендерді "шыққыр көзіміз" күнде көруде. Оған дәлел - өздеріңізге аян кешегі атышулы Үсеновтың оқиғасы да естен шыға қоймаған шығар? Ендігі жерде заң шығарушы органдардың құлағына "алтын сырға" тақпасымызға амал жоқ. Бесіктен белі шықпаған, бұғанасы қатпаған бала құны 60-70 000 доллор тұратын Ланд Крузерді өз ақшасына алмағаны бесенеден белгілі. Мектеп уақытында сабақты емес, көшені кезген жүгенсіздерге көлік кілтін табыстап, масайратып қояр кезде неге "апатқа ұшырауы мүмкін, біреудің сорын қайнатамыз-ау?" деген ой мазаламады екен? Бірақ байлардың балалары түгілі, өздері қашан адам тағдырын ойлап еді? Дегенмен, "заң ханға да, қараға да бірдей" емес пе? Әкесінің тапқан ақшасымен шалқып жүргенде әкені неге жазаға тартып, кәмелетке толмаған балаға кілтті берген ата-аналар жауапқа тартылмайды? Неге жасына жетпей қағынған жеткіншекті жүгендемейді? Кәмелетке толмағандар үшін де заң бар емес пе?

Дирик Сеферсүлейман Рамазанұлы 17-ге толмаған жеткіншек істерін істеген соң, әкесіне қоңырау шалумен болды. Әкесі де баласының жасаған қылмысына қымсынбастан, оны Прадо х001WХM нөмерлі автокөлігінің ішіне тығып, шаң жуытар емес. "Жедел жәрдем" көлігі екінші Тойота маркалы машинадағы жүргізушіні дереу ауруханаға алып кетті. Сонда адам тағдырына алаңдамаған әке неге өз баласын қызғыштай қорғап әлек? Баласын көлікке құжатсыз отырғаны үшін басынан сипамай, керісінше еткенде бұндай болмас па еді? "Қылмысты жасадың ба - мойында!" дейтін ердің табылмағаны ма? Иә, "қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер" дегенмен, өзгенің де баласы туралы ойлап қойған жөн ғой. Адам тағдырына көздерін жұмып қарайтын осындай байсымақтардың заңға бағынбағаны қаныңды қайнатады екен. Сонда шығарып отырған заңдарымыз орындалмай, аяқасты болса, тегеуріні мықтылар тайраңдап, тіреуіштері жоқтар жазықсыз айдалып кете бере ме? Әлде, бай-бағландардың арнайы бөлек заңдары бар ма?

Қылмыс жасаған жүргізушіні сұрасаңыз - айтайық. Кәмелетке толмаған, бизнесмен Дирик Рамазанның ұлы Сеферсүлейман. 17-ге толмаған жасөспірім сабақ уақытысында көшеде тайраңдап, достарын көлікке толтыра отырғызып алған. Сеферсүлейманның ары оянып тұрғанын байқамадық.

- Апай, неге түсіріп жатырсыз? Қазір әкем келеді, сол бәрін шешеді!

- Сонда нені шешеді?

- Жоқ, сіз кімсіз? Қажеті жоқ, келісеміз ғой. Түсіргеннен не пайда?

Иә, жасөспірімнің бізге қойған алғашқы талабы осылай болды. Арада көп уақыт өтпей әкесі келді. Келді де, баласын көлікке тығып, "қызыл жағалыларды" жағалап, жәбірленушінің ағасын бір бұрышқа әкетті. Көп уақыт өтпестен "жүргізген - мен" деп соқталдай кісі келіп, өзінің жүргізушілік куәлігін көрсете бастады.

- Тоқтаңыз, сіз қазір келіп тұрсыз ғой, рөлде сіз болған жоқсыз!

- Нет, я был.

Ары қарай жәбірленушінің ағасы шыдай алмай айқайлап шықты: "Мен бәрін көріп тұрмын ғой, сен қазір келдің, араласпа!".

Бітті. Ашуланғанын көріп тоқтай қалды. Ал, полицейлер қылмыс жасаған жеткіншекті машинадан шығара алмай әуреге түсті. Жарты сағатқа жуық уақыт "жағалыларымыз" жалынып, шығуын өтініп тұрды. Сонда заңға бағынбайтын не қылған бала? Алдына келіп тұрған форманы менсінбеген баланың "адвокаты", әрине, әкесі қасында. Сеніп тұрғаны да сол болар. Ақшаның буымен өскен бала тіпті әкеге құлақ асудан қалды. Құлаққа ілген телефонмен былай бір өтіп, полицейлердің сөзін "бір жеріне" де қыстырмай тұрған бала сол ортада білгенін істеп бақты. Барлығына куә болған біздер басымызды шайқап:

- Неге талап етпейсіздер, сіздер полицей емессіздер ме? Заңды орындамаса неге күштеп орындатпайсыздар?

- Қазір түседі, қазір орындайды ғой, - деп биязы бола қалды олар да. Міне, қызық! Сол жерде әкесіне сенбеген, қарапайым халықтың бір баласы болсын, биязы болғандарын көрейін! Жалынған полицейлер үпілеп-сүпілеп жүріп әкесінің көлігінен баланы шығарды-ау. Артынша наркодиспансерге баланың ішкен-ішпегенін анықтау мақсатында бірге бардық. Дұрыс-ақ, ішпеген, кәмелетке толмаған баланы ата-анасымен ғана тексере алатынын айтып, полицейге түсіндіріп жатты.

Формадағы полицейге пысқырып тұрған Дирик байқалмайды. Ұялы телефонын құлаққа іліп, анда бір, мында бір сенделген бай баласы заңға бағынбақ түгілі менсініп те тұрған жоқ. 

Ендігі жерде ауруханада жатқан жәбірленушінің хәліне тоқталық. "Жедел жәрдеммен" келген мейірбикеміз "орта" саналатын жарақат түрі деп атады. Біз ауруханаға барып, Даниярды таба алмадық. Жәбірленуші Даниярды ауруханадан шығарып әкетіпті. Иә, бай әкесі бәріне келісіп тұрғанда жәбірленуші де "қалт" жібергісі келмеген-ау. Енді кәмелетке толмаған Сеферсулейман туралы тоқталып өтсек. Аты дардай, іріктеліп алатын қазақ-түрік лицейінің түлегі екен. Аты алыс-жақын жерлерге жақсы жағынан ғана танылып келген лицей басшысы шәкірттерінің неге сабақ уақытында көше кезіп жүргенін түсіндіріп бере ала ма екен?

Арыстанбек Маулетұлы, №1 қазақ-түрік дарынды ерлер лицейінің директоры:

­- Дирик Сеферсүлейман Рамазанұлының бізде оқитыны рас. Былтырдан бері сабаққа мүлде зейінсіз. Сүлейманның соңғы кездері сабаққа ынтасы жоқ. Үлгерімі төмен. Келгеннен келмегені көп. Шет елге оқуға кетемін деген, бірақ кетпеді. Алайда, сол күні сабақта болды, болмады деген ақпарат бере алмаймын. Мүмкін, әкесін шақыртып сөйлесерсіздер, бір-біріңізді түсінуге тырысыңыздар. Енді бір баланың үлгерімі төмен деп бүкіл лицей жаман атты болмайтын шығар.

Дәл сол мезетте лицей басшысы оқушының әкесі Дирик Рамазанға қоңырау шалып шақырды. Алайда, ол жұмыстан қолы босамайтынын айтып тұтқаны қойды. Бұл жерде біздің мақсатымыз біреу ғана. Неге бай баласымын деп жүгенсіз жүгірмектер заңнан құтылып кете беруі керек? ОҚО ІІД-не арнайы сұраныс хат жолдадық. Жауапты әлі күтудеміз.

 

Анар СҮЛЕЕВА.

Шымкент қаласы.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375