Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 16177 0 пікір 1 Ақпан, 2015 сағат 11:58

СІЗДЕР НАЗАРБАЕВТЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫСЫЗДАР!

Жер бетіндегі қазақ халқының тұтастығын ойлап жанұшырып жүрген азаматтардың бір шоғыры Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа ашых хат жазып, ширек ғасырдан бері шешімін таппай келе жатқан көші-қон мәселесіне қатысты өтініш-тілектерін білдірді. Бұндағы сөз тағы да Атажұртына біржола қоныс аударып келіп жатқан қандастарымыздан сотталмағаны туралы анықтама сұрауды артық екендігіне саяды. Өйткені, қытай өкіметі шет мемлекеттерге көшетін (шығатын) азаматтары қандай да бір қылмыс жасап, заң алдында жауапқа тартылса, рұқсат бермейді. Демек, «арғы беттен» «бергі бетке» өтіп жүрген этникалық қазақтардың қытай өкіметінің алдында қылмысы жоқ деген сөз. Алайда, осы жайтты «соқыр мылқау танымас тірі жанды» - қазақ өкіметінің құзырлы органдарын басқарып отырған ұлықтарға түсіндіру қиынның қиыны болды. Себебі, Қалмұханбет Қасымовтың ведомоствосынан қайтарылған жауап та бұрынғы-соңғы жауаптардың ізін қайталап  «...Тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжаттың болуы көзделеді» дегенді айтады. Енді хат пен жауапты қатар оқып көрейік:

 

Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі,

Полиция генерал-лейтенанты

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

2014 жылы 6 тамызда үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашып, олардың ел ішінде орналасуына жағдай жасауымыз керек», – деп мәлімдеп, Үкіметке тапсырма берген болатын.

Шеттен оралған қандастарымыз қаржысыз келмейтінін ескерсек, олар - бір жағынан адами капитал, екінші жағынан инвестициялық күш. Онан да маңыздысы - ауылды жерлерде тұрғындары сиреп қалған солтүстік облыстарымыздың кемтігін толтырып, мемлекетіміздің тұтастығын, тәуелсіздігін қорғауға себепкер болатын қуат.

Алайда, қандастарымыздың оралуына әкімшілік кедергі көп. Бұл, әсіресе, Ішкі істер министрлігі тарапынан болып отыр. Үкімет қандастарымыздың азаматтық алуына заңдық жағынан кепілдік жасағанмен, шын мәнінде мүмкін болмай тұрған жағы тағы бар. Атап айтқанда, заңдық сипаты анықталмаған қайшы анықтамаларды талап етіп, тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндік болмауда. 

Біз өз күшіне енген құқықтық жүйені жаңғыртудың белгілі мерзімге созылатындығын жақсы түсінеміз. Ал, әкімшілік кедергілерді тез арада жоюға тек Үкімет пен Ішкі істер министрлігі құзырлы. Аталған кедергілер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы мен 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысы негізінде соңғы жылдарда тұрақты тұруға және азаматтық алуда өз қандастарымызға жасалған ең басты кедергіге айналды.

Аталған қаулыларға сәйкес, тұрақты тұруға және ҚР азаматтығына өтініш берген өз қандастарымыздан «оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы, не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» және «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» талап ете бастаған болатын.

«Келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжат» деген анықтама - артық анықтама. Өйткені, Қытай өкіметі сотталған адамдарға төлқұжат беруге «заң жүзінде тыйым салған».

 «Оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы, не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» керек. Бұл анықтаманы алу үшін Қытай тарапы «шетелдің азаматтығын алғандығы туралы анықтаманы» талап етеді. Бұл - екі елдің көші-қон мәселесінде үйлеспей келе жатқан қарама-қайшылықтың бірі.  Екі ортада қандастарымыз осы себептен Қазақстан аумағында тұрақты тіркеуге тұруға заңдық тұрғыда мүмкіндік ала алмай отыр. Алған күннің өзінде заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке дейін апаратын қайшылықты мәселе.

Ал, келген елінен алып келген сол құжатқа сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері мөр басып мақұлдайтын болған. Ашығын айтқанда, аталған екі түрлі құжатты әкелу қарапайым оралмандар үшін іс жүзінде мүлде мүмкін емес. Қазақ көшінің жиырма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергіге кездескен жоқ еді. Әрине,  ҚР Үкіметінің аталған қаулылары елімізге сырттан келетін келімсектердің көші-қон ағынынан туындайтын қауіп–қатерлердің алдын алу мақсатында қабылданған деп түсінуге болады. Бірақ, бұдан бұрын мұндай талаптардың этникалық қазақтарға қатысы жоқ болатын. Және бұған дейінгі Үкімет Қаулыларының көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген тіркес арнайы қосылатын. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүддесі көбінде ұмыт қалып, олардың құқықтық дәрежесі өзге де шетелдіктердің дәрежесіне дейін құлдырап кетті.

Елбасымыз 2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында «қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Ең өкінерлігі, қазір қазақ көшінде қалыптасқан күрделі жағдай Елбасымыздың сол тапсырмасының мүлде орындалмағандығын көрсетеді.

Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігі түптеп келгенде мемлекет құрушы ұлттың өз жерінде  басымдылығына тікелей тәуелді екендігін түбі бір туысқан екі ел: Ресей мен Украина арасындағы жанжал айқын дәлелдеп берді. Сол себепті, шетелдерде тұратын өз қандастарымызды өздерінің бірден-бір тәуелсіз отаны Қазақстанға топтау - кезек күттірмейтін қасиетті міндет.

Сіздерден өтінеріміз:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы мен  2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысы негізінде соңғы жылдарда тұрақты тұруға және азаматтық алуда   қандастарымызға жасалған ең басты кедергі – ҚР азаматтығына өтініш берген қандастарымыздан талап ететін «оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы, не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» және «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» алып тастауды;

2. Бұған дейінгі Үкімет Қаулыларының көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген тіркес арнайы қосылатын. Осыны қалпына келтіруді;

3. Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына және Азаматтық алуына жеңілдетілген тәртіп енгізіп, 3 ай мерзім ішінде Азаматтық алуға заңдық және құқықтық мүмкіндік беруді;

4. Шет елден оралған дарындыларды жүйелі орналастыру үшін арнайы бейімдеу және таныстыру орнын құруды Үкіметтен және басқа құзыретті органдардан талап етуді өтінеміз!

Біз көтеріп отырған осы мәселелер – Президентіміздің тапсырмасын орындауға алғы шарт әрі Үкіметтің маңызды шешімі болмақ.

Құрметпен:

Қоғам қайреткері Узбен Құрманбай (Мұңғұлия)

Жазушы, сазгер Ерқожа Тілепберді (Қазақстан)

Қоғам қайреткері Өмірхан Алтын(Германия)

Өнертапқыш, кәсіпкер Ғалымбек Қызырбек (Қытай)

Журналист, ақын Ахметұлы Бейсен (Қазақстан)

 

 

Жоғарыдағы хат пен ол хатқа байланысты келген жауапқа орай көші-қон тақырыбында қалам суытпай жазып, ұлттық мазмұны терең мәселелер көтеріп жүрген ақын, қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек былай дейді:

Қазақстан Республикасының

Ішкі істер министрінің орынбасары,

генерал-майор

Е.З.Тұрғымбаевқа

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

«Қамшы.kz» ақпараттық порталынан (http://qamshy.kz/?p=17996) журналист Бейсен Ахметұлының қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына басты кедергі болып отырған ЕКІ ҚҰЖАТ туралы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атына жазған хатына қайтарған ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Е.Сайыновтың жауабын оқыдым.

Жауап хатта Е.Сайынов Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылдың 04 мамырында №1026 тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкіметте дайындалған Заң жобасының Мәжілістің қарауына түскенін айта келіп, бұл Жобада да «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау кезінде мемлекетті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында АЗАМАТТЫҒЫ ТИЕСІЛІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ТҰРАҚТЫ ТҰРАТЫН МЕМЛЕКЕТІНДЕГІ СОТТЫЛЫҒЫ (СОТТЫЛЫҒЫНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ) ТУРАЛЫ ҚҰЖАТТЫҢ болуы көзделді» депті.

Сөйтіп, «көшіп келушілер 1) адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса; 2) Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса; 3) ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса; 4) ұлтаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса; 5) террористік және экстремистік ұйымдарға кірген немесе террористік әрекеті үшін сотталған болса; 6) халықаралық іздеуде болса, соттың күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе, не сот оның әрекетін ерекше қауіпті баукеспелік деп таныса; азаматтыққа қабылдаудан бас тартылады» екен.

Өте дұрыс!

Бірақ, Сіздер осы жерде 1.5 миллион қандасымыз тұратын көрші ел Қытай Халық Республикасының «ТӨЛҚҰЖАТ БЕРУ ТӘРТІБІН» ескердіңіздер ме?!

Естеріңізде болсын, әдетте Қытай азаматтарының қолында шетелге шығатын ТӨЛҚҰЖАТ (загранпаспорт) болмайды. Олар ел ішінде тек ЖЕКЕ БАС КУӘЛІКПЕН (удостоверение личности) ғана жүреді. Шетелге шығуға өтініш білдірген жағдайда ғана азаматтарға ТӨЛҚҰЖАТ беріледі. Оның өзінде, сол шетелге шығуды өтінген азамат 1) ҚХР-ның азаматы емес болса; 2) Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса; 3) Құжат алу барысында жалған документ жасап, алаяқтық істесе; 4) Сотталып, жазасын өтеуде болса; 5) Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса; 6) Қылмыстық іске қатысы бар деп, жауапқа тартылған күмәнді адамдар болса; 7) Мемлекттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді, зор залал келтіреді деп есептелсе, оған ТӨЛҚҰЖАТ мүлде берілмейді. Шетелге шығуына рұқсат жоқ!

Осылай деп «ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨЛҚҰЖАТ БЕРУ ТӘРТІБІНІҢ» 13-тармағында ашық жазылған. Аталған «ТӘРТІП» 2007 жылы 29 сәуірде Қытай Халық республикасы 10-кезекті Бүкіл мемлекеттік Халық құрылтайы Тұрақты комитетінің 21-Жоралар мәжілісінде мақұлдаған. №50 бұйрықпен бекітіліп, ҚХР Төрағасының қолы қойылған. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарылып келеді.

Сонымен бірге, ҚХР Азаматтық туралы заңының 9-тармағында «Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі» деп жазылған. Бұл 1980 жылы 10 қыркүйекте мақұлданған.

Е.Сайынов айтқан, қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңында көрсетілген және қазір Мәжіліске түскен жаңа Заң жобасында көзделген «азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжатты» Қытай елі белгіленген «Тәртібіне» сай, шетке шығатын азаматтарына бермейді. Ол елдің Төлқұжат алып, шетке шығып жатқан азаматтары жоғарыдағы жеті сүзгіден өткен. Қылмысқа қатысы жоқ азаматтар!

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

Естір құлақ болса, дәл осы мәселе туралы күні кешеге дейін аз айтылған жоқ (http://abai.kz/post/view?id=2680). Міне, Сізге тағы қайталап түсіндіріп отырмын.

Тек осы мәселе жөнінде өткенде бақандай төрт сенатор қол қойып, Үкімет басшысы К.Мәсімовтың атына хат жазды (http://kerey.kz/?p=5272).

  

Мәжіліс депутаты Ж.Ахметбековтің де Қ.Қасымовқа депутаттақ сауал жолдағанынан хабарымыз бар (http://qaznews.kz/zhambyl-axmetbekov.html).

Үкіметтің №111 Қаулысымен 2014 жылдың 19 ақпанында бекітілген «Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» мемлекеттiк көрсетілетін қызмет стандартында айтылған осы және «оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы, не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжатты» Қытай тарапы бермегендіктен, өткен жылдан бері ол елден келген неше жүздеген қандастарымыз әлі күнге дейін тұрақты тіркеуге тұра алмай қаңғырып жүргенін БАҚ күн құрғатпай айтып, жазып келеді.

«Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деп, бұл жолы Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың өзі қадап тұрып Үкіметке тапсырма берді. «ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ЖОЛ АШУЫМЫЗ КЕРЕК!» дегенде, Нұрекеңнің қолданыстағы Көші-қон заңы мен Үкіметтің №111 Қаулысындағы осы кедергілерді жоюды меңзегені тағы айдан анық!

Демек, соның бәрін біле тұрып, Сіздердің бүйректеріңіздің бүлк етпегеніне таң қалдым. Айтыңызшы, тағы да алдағы заң жобасында «азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжаттың болуы көзделді» дегендеріңізді қалай түсінуге болады?! Сіздер өзі кімнің, қай елдің Ішкі істер министрлігісіздер?!

Сонда, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қандастарымызға не үшін жол ашып отыр?! Алдағы жерде «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында» ма, әлде басқа ниетпен бе?!

2002 жылы Түркістанда ашылған Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында шеттен келген қандастарымызға айтқан Президенттің мына бір сөзіне құлақ түріңізші: «Қазақ халқының бойындағы ұлттық қасиеттерінің бірі далалық кеңпейілділік, ақылға жүгінген шыдам мен сабыр болса, сіздер сол қасиеттерді көтеру арқылы өздеріңіз қазір тұрып жатқан елдердің саяси тұрақтылығына, ұлтаралық келісіміне өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер деп білем және сол үшін Сіздерге ақ алғысымды айтқым келеді.

Қай жерге барсам да қазақ диаспорасы тыныштығымызды алды деген сөзді естіп көрген жоқпын. Бұл да ұлттық деңгейдегі естиярлықтың белгісі!» («Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы», 174-бет).

Мысалы, енді Сіз маған соңғы бес не үш жыл ішінде «адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаған, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шыққан» қанша этникалық қазақ бар екенін айтып бере аласыз ба?!

Екінші құрылтайдан бері де оншақты жыл өтті, сол қазақтар сол «ұлттық деңгейдегі естиярлығынан» биіктемесе, төмендеген жоқ!

Басқа – басқа, Елбасы Тапсырмасының астарын түсінбеген миды мен ми емес, ашыған айран дер едім! Ашығын айтайын, мұндай болғанда, Сіздер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына тіс-тырнақтарыңызбен қарсысыздар! Оның Тапсырмасын құлақтарыңызға ілмейсіздер! Қытайдағы қандастарымызды Атажұртына мүлде оралтқыларыңыз келмейді!!!

Әйтпесе, Қ.Қасымов Бейсен Ахметұлының хатын С.Сайыновқа сілтемес еді. С.Сайынов мынадай жауап бермес еді ғой.

Сіз жақсырақ ойланыңыз, құрметті вице-министр мырза!

Біздің талап, алдағы жерде жаңа Заң жобасын мақұлдағанда да, Үкіметтің №111 Қаулысына өзгеріс енгізгенде де жоғарыда айтылған  «ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨЛҚҰЖАТ БЕРУ ТӘРТІБІ» қатаң ескеріліп, этникалық қазақтардан (оның ішінде Қытайдан келетін қандастарымыздан тіпті де) бұл екі құжат бұрынғыдай талап етілмейтін болсын!

Ал, ЕКІ ҚҰЖАТ талап етілген жағдайда, бұл Заңыңыздың да құны көк тиын болмақ! Көк тиын!!! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және жерге қаратасыздар! Ашығын айтайын, естеріңізде болсын, оралман ағайындар да бұл қорлыққа ендігіәрі төзбейді!!!

Ескерту: Бұл Хаттың көшірмесі БАҚ-қа жіберілді. Маған С.Сайыновтың емес, Ерлан Заманбекұлы, Сіздің өз жауабыңыз керек! Ең жақсысы, Сіз мені жеке қабылдағаныңыз дұрыс!

Құрметпен,

ақын Ауыт МҰҚИБЕК

26.01.2015

Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255