Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өнер 12544 8 пікір 2 Сәуір, 2017 сағат 23:32

Пікірталас. Талант кім, танымал ше?

Біреулер ойлайды: «Кім танымал болғысы келмейді?» деп. Ал біреулер: «Танымал болу дарынды, талантты жандарға арналған» деп. Танымал болған жұлдыз немесе танымал қоғам қайраткерлерінің халық алдындағы жауапкершілігі қандай дәрежеде? Біздің «талантымызға» болашақта өзге ұлттар қандай баға бере алады? Бүгінде кез келгеннің өзін жұлдыз сезінуі қоғамдық дертке айналып бара жатыр. Осыған байланысты ұлтымыздың өнеріндегі әр саласында көптеген жылдардан бері тер төгіп жүрген азаматтары өз ойлары мен пікірлерін ортаға салады.

Талантты танитын ақсақалдар жоқ

Қадырғали Көбентай, әзіл-сықақ театры актері, композитор, әнші әрі ақын:

  • Негізінде танымалдылық пен талант дегеніңіз екеуі екі түрлі дүние. Талант дегеніңіз Тәңірдің берген, ана сүтімен қоса келетін үлкен бір қасиет дер едім. Танымалдылық мүлде бөлек. Мысалы, бір әнмен де халыққа танылып кетіп жүрген әншілер бар. Егер актер болса бір рөлімен, режиссер болса қойған бір киносы арқылы, ақын болса бір өлеңімен де таныла алады. Ал біздің қазіргі қоғамдағы мұндай жәйт – тек әртістерге немесе ақын-жазушыларға ғана байланысты емес, бұл бүкіл қоғамға дарыған індет секілді болып келген «жұлдыздық» ауру! Күйші ағамыз Секен Тұрысбековтың жақсы бір сөзі бар еді: «Мен қазір байқаймын, осы қазір аспандағы жұлдыздан гөрі жердегі жұлдыздар көбейіп кеткен сияқты», - дейтін. Қазір мен халқыма қарап отырсам осы сөздер еске түседі. Біздегі саясаткерлердің ішінде өздерін жұлдызбыз деп есептейтіндер бар. Бүгін ақын, әнші, актерлердің де осындай жұлдыздық ауруға шалдыққан кезі. Сіздің қозғап отырған тақырыбыңыз өте ауыр және жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан бұл тақырыпқа жауап беру де ешкімге оңай соқпас деп ойлаймын. «Жұлдыздардың» да, көрермендердің де талант пен танымалдылықтың мәнісіне жете алмауына бүгінгінің сыншылары кінәлі. Жақсы айтылған сын қашанда жақсы шығармалардың танылуына себеп болады. «Жұлдыз» деген сөздің өзін орыстың «звездасынан» тікелей аударылған сөз. Орыстар атайтын «звезданың» түпкі мағынасын мен басқаша ойлаймын. Бұл күнде өзім өнерді зерттеумен айналысып жүрген жайым бар. Өнерде мынадай бір термин бар – өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүйе біл деген. Ал біздегілердің көбі өнерде жүрген өздерін сүйетін тәрізді көрінеді. Көбісінің ойы – «мен телеарнаға шықтым, мен танымалмын, жұлдыз болдым. Әйтпесе, мен не үшін шықтым телеарнаға?» дегендейін өздерінің бағытының қайда бара жатқанын ұқпай жүргендер. Бұл сияқты түсінікте жүргендер ұлт өнерінің болашағы үшін қауіпті. Сосын тағы бір тобырлық мәдениет дегеніміз бар. Біздегі ән салу – тобырлық мәдениетке айналып отыр. Бүгін әншіңіз де, әкіміңіз де, ақыныңыз бен саясаткерлеріңіз, тіпті бес жастағы бала-шағаңыз да ән айтуды әдет санап кетті. Ал бұларды «әнші» етіп тұрған техникалық аппараттар. Осыған тән менің тағы да бір айтарым -бізде мынадай бір ұғымдар бар. Мәселен, біздің көрермендер кейде: «Анау актерге не болған, кейінгі кезде ән айтып кеткені несі?» деп жазғыратыны бар. Шын мәнісінде актерлер әнді әншілерден гөрі анағұрлым жақсы айтады. Өйткені, актер әннің сөзін жақсы түсінеді. Жас әншілерде стиль деген атымен жоқ. Бәрі де тура бір инкубатордан шыққан балапандар сияқты. Қазіргі әншіге тән қалыптасқан, «бұл мынау әншіге тән» дейтін стиль жоқ. Мұның өзі де біздің қоғамға келген талант пен танымалдылықты ажыратуды қиынға соқтырып отырған жағдайлар. Сосын бізде тағы да қызықты бір жағдайлар сол – Абайдың сөзімен айтқанда, кейде осы надандыққа кетіп бара жатырмыз ба деп те ойлаймын. Бізде білім сапасы төмен деңгейде. Өнердің қай қайсысында болмасын білімділік жоқ. Біржақтылық пайда болған. Бұрын кеңес үкіметі кезінде мынадай бір сөз бар еді: «У певцов мозгов не бывает, у них одноголосорегистр» деп айтушы еді. Осы жәйт бүгін біздің қазақтың басына келген сыңайы бар. Өйткені, қазір біздің әншілер кейбір телебағдарламаларды жүргізіп жүр. Телебағдарламаны жүргізу үшін адамға үлкен еңбек керек, үлкен біліммен қоса парасаттылық және жүрек қажет деп санаймын. Осының бәрінен жұрдай адамдар теледидардан бағдарламаларды жүргізуді қолға алған. Мұның өзін қалайша дұрыс дей аласың! Бұған жол бермеу керек. Бұрынғыдай көркемдік кеңесте осындайда өнерпаздардың өнерін сараптап жолға салып отыратын мықты да тәжірибелі мамандар болды. Сол жылдары менің көзім көрген Асқар Тоқпанов деген профессор болған. Сонда «Асқар Тоқпанов келе жатыр!» десе бәрі де қасқырдан бұққан итке құсап безе жөнелетін. Міне, сол секілді кісілер қамшысын сілтеп тұрса біздің бүгінгі өнеріміздің қадірі мұншалықты қашпас еді деп ойлаймын. Сонда Асқар Тоқпанов спектакльдерге не концерттерге келіп, бірінші қатарда отыра қалып қолындағы таяғын сілтеп: «Халтурщик! Түс сахнадан!» деп айқайлап тұратын. Өнерді қорлап неше түрлі құбылатындарды елдің көзінше де аямайтын. Ол кісіден әртіс қауымы түгелдей тайсалатын еді. Сондай сөздерді естімес үшін барын салып дайындалатын. Міне, орта белден басып айтатын осындай ақсақалдар бүгінде жоқ. Қазіргі ақсақалдардың тройболизмдік сарынға түсіп алып, ру-руға бөлініп, қазіргі шығып келе жатқан жас ақындар мен басқа да өнерпаздарды руына қарап таңдап шала бүлініп жатқан ақсақалдар да бар! Сондықтан да, талант пен танымалдылықтың арасын ажырата алмай жүргендер – бізді ұлттық менталитеттен ажыратып, елді жүгенсіздікке әкелетін дертке тап қылды. Мұның түбі жақсылыққа апара қоймайды. Керек десеңіз бұл біздің шұрайлы тілімізге нұқсан келтіретін нәрселер. Қазіргі таңда сахнада дұрыс сөйлей білмейтін, сөйлеу мәдениеті төмен әртістер жүр. Онсызда шұбарланып орысша терминдер араласып кеткен тілімізді онан сайын ақсататын күйге түсіріп отыр. Мен «Бауыржан шоудан» бастап басқа да әзіл-сықақ театрларында көп жылдар жүрдім. Бірақ мен театрдан кеткен соң көрермендер ылғи мұның себебін сұрайтын. Себебі, әзіл-сықақ театрлары қалған жоқ. Өйткені, оларда әзілмен жеткізетін астарлы сөздер жоқ. Театрдың өзіне тән шырайлы да өткір, юморлық тілдері қалған жоқ. «Тіліміз дамып» кетті деп жүрген тіл комитеті бар. Бірақ сол тіл комитеттері немен айналысып жүр сонда? Бұрынғы «ана тіліміздің тағдыры» деп зарлап өткен Сәбиттер мен Ғабиттердің, Мұхтардың сөздерімен айтқанда – біздің тілден айрылу дегеніміз ұлт болудан айрылу деген сөз. Тілден айрылу деген – жаңағы талант пен танымалдылықтың айырмашылығын білуден, танудан қалу болып табылады. Біз өнердің бәрін, тіпті ақындықты да, роман, повестерді де қазақ тілінде оқып таныдық емес пе? Өйткені, тәрбиенің бәрі де адамға тілмен келеді. Осы ұлттық қасиеттерімізді өзіміз түгендеп алмасақ, бәрінен де айрылғалы тұрмыз.

Абай айтқан надандықты бүгін көрдім...

Кез келген өнер иесі өзінің жүрген саласын ғылыми тұрғыда талдай білуі керек. Өнерді талдай білмеген адам талант пен танымалдылықтың ара-жігін қайдан біледі? Абай атамыз айтатын надандық деген осындайдан келмей ме? Бұрын осы Абайды мен мектепте оқып жүрген кезінде «Надан қазақ» деген сөздері үшін ренжитінмін. Бізді Абай атамыз неге осыншама тұқырта береді екен деп намыстанып жүретінмін. Міне, содан бері Абайды мен жасым қырықтан асқан соң ғана түсіндім. Біз шынымен-ақ надан халық екенбіз. Бүгінгі күнде әр мамандықтың иесі өзінің мамандығын ғылыми тұрғыда зерттей білмейтініне көзім жетіп отыр. Осындай сорақылықтан барып сапасыз дүниелер шығып жүр емес пе? Тіпті, сахнадағы әншілердің өзінің айтқан әнінің мағынасына түсінбейтіндерін кездестірдім. Керек болса әннің мәтінін де қате айтады, демек өзінің ана тілін білмейді деген сөз. Жүрекпен айтатын әнші емес, техникамен айтатын әншілер жүр қаптап. Бүгінгінің әні - қазақтың әні емес, батыстың танымал болған әндерін ыңырсып қайталап жүрген әншілерден тек «қалайда танымал болсам болды» деген пиғылдарын аңғарасың. Дарынсыздарға қазақтың өнерінің қажеті жоқ. Сондықтан осындай нұсқаларға барады. Бұл әуендерді біздің ұлттық қасиетімізден кетіретін жағдайға алып келетін әуендер деп санаймын.

Шынын айтқанда біз тәуелсіздік алғанмен әлі де өзгере алмай келеміз. Баяғы сарын сол сарын... Бүгінгі әншілерде «даусы мынадай екен» деп айтатын дауыс жоқ. Өйткені бәрінің әндері де, дауыстары да бір сарында кетіп барады. Оларды ещкім тоқтата алар емес. Ал біздің сыншылар ырым үшін бір кемшілік айтады да, ары қарай мақтаумен шектеледі. Сыншылардың мұнысының астарында да бір сыр жатыр деп ойлаймын. Ал түптеп келгенде осы олқылықтардың бәрі де ұлттық идеологияның жоқтығының зардабы деп білемін. Себебі, өткен ғасырдың кеңес үкіметі саясаты біздің ұлттық идеологиямызға орасан зор зиянын тигізді. Сондықтан сіздердің тақырыптарыңыз әлі де зерттеуді қажет ететін өте қиын тақырып...

Танылғанның бәрі талант емес

Аманғазы Кәріпжанұлы, желтоқсаншы, ақын-журналист:

  • Таланттылықты – табиғаттың, Алланың берген сыйы деп танимыз. Қабілетті адамдар талантты болып келеді. Қазақ - кең жазиралы, сахарадан шыққан халық болғандықтан бізде дарынды, талантты адамдар қоғамның кез келген саласында кездеседі деп айта аламын. Талант өзі жан-жақты болып келеді. Соның ішінде бір салаға бейімделіп, сол кеменің басынан ұстап қалғаны дұрыс. Адам өзінің ішіндегі интеллектуалын аша алмаса, оны халыққа көрсете алмаса, онда оның таланты да ашылмайды. Өмірде өзінің белгісін де қалдыра алмастан, көптің бірі болып кете барады. Таяуда болып өткен айтыстың тақырыбында қазіргінің Халық әртістерін бұрынғы Ақан сері, Біржандар секілді серілер деуге лайық дей отырып, олардың бәрі ұлтқа келгенде қандай деген сауал қойылды. Алайда, бүгінгінің «серілері» болмыш Халық әртістерінің ішінде - 1986 жылғы көтерілісте жастарға қарсы қол қойған және біздің тіл доктринасына акция ұйымдастырсақ, оған да қарсы шыққан Халық әртістері, ақын-жазушылары болды. Өз халқының болашағына, жас ұрпақтарына қарсы шығып жүргендер қалай сері болады? Бұрынғының серілері биліктің әділетсіздігіне қарсы шығып, өлгенінше арпалысып өткендер. Міне, бұл кісілер тумысынан, жаратылысынан талантты, арқалы серілер болды. Адамның іс-әрекеті де табиғатына сай болғаны дұрыс. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, жастардың басын айналдырып, өздерін насихаттатып отырғандарды талантты деуге келе ме? Олар тек қазаққа танымал адамдар. Танымалдылық мүлдем бөлек. Танымал болуды армандағандар мақсатына жете алады. Ал дарынды, талантты ешқашан араға «көкеңді» салып, басқа да жақындарыңды салып жүріп ала алмайсың! Оны Тәңір береді. Арамызда танылмаған таланттар өте көп. Бүгінгі жұлдыз болған актер, ақын, әншілер болсын – міне, бұлардың бәрін де «жұлдыз», «талант» деп халыққа таныстырып жүрген телеарна мен баспасөздегі журналистердің кінәсі. «Жұлдыз» болу көп уақытты, еңбекті әрі дарындылықты талап ететін өте нәзік те күрделі ұғым, ол таланттыны шығар шыңы мен шырғалаңы көп жолдардан өткізеді. Мұның бәріне төзім керек. Халыққа танылғанның бәрі таланттар емес. Талант пен танымалдылықтың арасы, мағынасы жер мен көктей!

Дарын мен дарынсызды ажырату үшін - дарын керек!

Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист, танымал тележүргізуші:

  • Менің пайымдауымша дарынның екі түрі бар ма деп ойлаймын. Біріншісі, адамның бойына Алладан келетін ерекше бір құбылыс. Ал екіншісі, кейде ақыл-ойдың жемісі секілді ме дейсің. Біз мектепте жүргенімізде – дарынсыз адам болмайды деп айтылатын. Мен осыған сенгім келеді. Адам баласының қай-қайсысы да дарынды болып келеді. Қазақта дарындылықты классификациялаған ғылым жоқ болар. Мынау дарын, ал мынау дарын емес деген формула жоқ. Әрқайсысымыздың пайымымыз, өреміз қай жерге жетеді, сол жерден ғана қайта саламыз. Маған өзіңіз секілді бір әріптесім сұхбат алып отырғанда: - «Сіз өтірік айтасыз ба?» деген бір сауал қойды. Сонда мен өтірікті күнде айтамын, деп жауап қатқаным бар. Мен айтқан сайын ел сенеді. Қызығы сол - ел сенген сайын өтірік айта бергім келеді. Бір ғажабы - менің айналамдағының бәрі де өтірік айтады. Мұнан да басқа кереметі – басқаның айтқанының өтірік екенін біле тұра біз соған өтірік сенеміз. Жалпы қоғам осындай бір сұмдыққа келдік. Демек бүгінгі қоғамда «осылай өтірік айтуға да» бір сұраныс бар сияқты. Қажеттілік болмаған жерде ол алға баспас еді. Міне, осындай бір күңгірттіктен біз сол дарындылықты бағалайтын жауапкершіліктен айрылып бара жатырмыз. Өйткені, ешкім өзін дарынсызбын деп те айтпайды. Бұрын өзінен дарынды адамды көргенде іштей мойындап тұратын қасиет болған еді. Өкінішке орай қазір олай емес. Сенен де «дарынды» адам алдыңда тұрғанымен, егер қомақты қаржың болса сен онан да өткен «дарынды» болып шыға келесің. Осындай ұғым біздің қоғамды бір қасіретке әкеп отыр. Дарынды мен дарынсызды ажырата білу үшін де дарын керек. Естеріңізде болса, коммунизмге келе жатырмыз деген кезде капитализмді аттап, феодализмнен социализмге өтіп кеттік деп мақтанып жүрдік. Сонда коммунизмді насихаттаушылардың былай дегені бар еді:

– Қоғамдық формацияда баспалдақтан аттап кетуге болмайды. Феодализмнен бірден капитализмді аттап социализмге өткен дұрыс емес деген идеяға күмәнмен емес, сеніммен қарайтынбыз. Сіздердің қозғап отырған тақырыптарыңыз да осындай жағдайға кеп саяды. Біз олай да былай тартқылағанмен, аумалы-төкпелі жол айырығында тұрған кезімізде осындай бір процесстің болуы да әбден ықтимал. Бәлкім бәріміз де өзімізді таланттымыз, дарындымыз деп есептейтін, шын дарын иесін мойындамайтын осындай бір кезеңнен өтуге тиісті шығармыз. Бәлкім, тәуелсіздік алған жылдары өзімізді басқаларға қандай екендігімізді дәлелдеу үшін дарынсыздың өзін дарынды етіп көрсеткен өзіміздің де кінәміз бар шығар. Ал дарынды мен дарынсыздың шама-шарқын өлшеп беретін механизмдік құрал жоқ. Мұның бәрі де әркімнің өзінің ішкі шаруасы болар. Мысалы, мен өзімнің ішкі бас редакторыма бағынамын. Ол мені жөндейді, маған бағыт береді. Міне, осы секілді ұғым менің алдымда тұрған адамның менен дарындырақ екендігін мойындайтын дәрежеге жеткенде ғана мәдениеттіліктің көрінісі шығады. Бұл да мәдениеттілік не жауапкершілік болуы  мүмкін. Мен білмеймін анығын...? Бір білетінім – мәселен кейде қоғамда бір көшенің атын өзгерту сияқты ұсақ-түйек мәселелерді айтып, соншама назар аударып, даурығып жатады. Бірақ соның қазаққа, ұлт болашағына беретін қаншалықты пайдасы бар екендігін ұғына бермейміз. Ал сіздердің қозғап отырған әңгімелеріңіз ұлттың негізін, болмысын және ұлтымыздың талантының өзге ұлттардың алдындағы дәрежесін анықтайтын тақырып екендігі анық. Әрине, бұл тақырып – біздің өзімізді өзіміз тануға, яғни, қазақты қазақ танып білуге, сол арқылы адамды тануға апарады. Сондай-ақ, Адамтану ғылымын жетілдіруге әкеледі. Ал бұған баратын жол - біз Абайтану, Мұхтартану, осындай құбылыстарды айта-айта кеткен - Шыңғыстану, Мұқағалитану деген сияқты үлкен ғылымдар пайда болуы керек деп санаймын. Осындай ғылымды меңгерген қоғамның күн тәртібінде мұндай мәселелер болмайды. Бұл мәселелер уақыт өте келе өз бағыттын тауып кете алады. Бірақ, осы бір жауапты мәселені әлсін-әлсін елдің есіне салып отырған сіздердің «Тамаша жұлдыздар» журналына ризашылығымды білдіргім келеді.

Көрермен жұлдыз болып шыққанды «талант» деп есептейді

Дулыға Ақмолда, актер:

  • Талант пен танымалдылық бірі-біріне қарама-қайшы және бірінсіз-бірі болмайтын ұғымдар. Талантты адам танымал болуға тиісті. Ал бірақ бізде қазір талант емес, танымалдылық үрдіс алып кетті де, ал талант соның тасасында қалып кетті. Мен мұның бәрін де кейінгі уақытта қаптап кеткен жеңіл-желпі ақпараттық ағымдардың салдарынан ба деймін. Әсіресе, бұл өзі эстрада жағында қатты белең алып тұр. Талант дегеніміз – Буфон айтып кеткендей төзімділік! Мен Буфонның сөзіне басында түсінбеуші едім. Негізінде, талант адам баласы бойында үлкен бе, кіші ме әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін. Сондай бір қалыпта кез келген адамда таланттың болуы мүмкін. Ал төзімділік сол талантты ұстап тұратын, былайша айтқанда оны қайрайтын күш болып табылады. Өзіндегі бар талантты адам дамытпаса тұншығып, жоқ болып кетуі мүмкін. Өзінің талантына мән бермей жүре беретін адамдар көп. Ал дарыны, таланты болмаса да өзін «талант» ретінде көрсетуге ұмтылатындар да жетерлік. Ал олар тек танымалдылықпен шектеліп қалып қояды. Әзіл-сықақ театрларында арзан күлкі, бос сөздер көрермендерді жалықтырды. Ешқандай күлкілі емес, көптеген қойылымдар – ыржақай күлкіге арналған. Халықтың, қоғамның өршіп тұрған мәселесін осы әзлі-сықақ театрлары өткір сынға алушы еді. Бұл тенденция  қазір жоқ.Танымалдылық жолындағы актер, әнші, ақындар көбінесе өзгенікін ұрлау арқылы өздерін қамшылап жүреді. Мәселен, батыс пен шығыстың әнін ұрлайтын эстрада әншілері ше? Өзгенің өнерін ұрлау өнерпазға жараспайды. Сондай бір әрекеттермен біздегі «жұлдыз» болып танылып алғандар - сол жұлдыздығынан айрылып қалмас үшін жан далбасаға түсіп, түрлі әрекеттерге барып жатады. Мысалы, өзі туралы арзан пиарлар жасауда эстрада саласындағылар басқа өнер саласындағылардан гөрі алдарына жан салмайтыны жасырын емес.

Ал енді талантты ұштау деген не? Дарын, талант – өзінің жеп жүрген нанына адал болу. Мысалы, актер өзінің ойнаған бір рөлін, келесі ойнағанда онан да асырып жіберуі керек. Бұл ары қарай биіктей бергені дұрыс. Бірақ сен жолда сүрініп кетуің мүмкін, құлап түсуің де кәдік. Бұл енді өмірдің заңы. Осы жолда Буфонның айтқанындай үлкен төзімділіктің  керек екендігін білдім. Мұның өзі бүгінгі әңгіменің мәйегі болары сөзсіз ғой деймін. Сосын талант пен танымалдылық адамның өресіне, сана-сезіміне де байланысты. Өнер адамдарының талантының дәрежесін дұрыс деңгейде бағалай алмайтын көрерменнің де кінәсі бар. Олар «жұлдыз» боп шыққанды – талант деп есептейді. Олардың бір-бірінен айыра алмайтын дауыстары мен әндеріне, стильдеріне мән беруден қалған. Көбінесе, өнерге кездейсоқ келген жандар кішкене мақтаудан өзін жұлдыз сезініп кететіні бар. Өйткені, оны сол мақтаудың өзі «шын дарынмын» деген ойға алып келеді. Мұндайлар тек біреудің әрекетімен ғана сахнаға шығып танымал «жұлдыз» боп шыға келеді. Осындайлардың кесірінен қарабайырланып біткен көрермендер оларды болса да «дарынды» деп қабылдайды. Өйткені, оларда да - сахнаға, телеарнаға «дарындыны» ғана шығарады деген түсінік бар. Онан кейін өзімізде ондайларға дұрыс еместігін біле тұра, өтірік баға беруден танған емеспіз. Осыны мойындайтын кез жетті. Егерде, көрерменнің, тыңдарманның, оқырманның талғамы биік болатын болса, араға қанша «көкесін» салып танылғысы келгендер болғанмен, ол бәрібір таныла алмас еді. Мұның бәрінде көрерменнің, оқырмандардың және кез келгенді «талант», «дарын» деп таныстырып жүретін ақпарат ағымдарының талғамының төмендігі кінәлі болып отыр. Екіншіден, шығармашылық иесінің өзінің талғамының төмендігінде болып саналады. Шығармамен бірге оның көрермені, оқырманы бірге өсіп отыруға тиісті. Жалпы, өнер халыққа қызмет етеді. Халық өнерге қызмет ететін осы екі дүние ешқашан ажырамас құбылыстар. Сондықтан екі жақтың да ядросы биік және бір-біріне жауапты болуы шарт деп білемін. Қазір көрермендердің талғамы жоғарылап келеді. Көрермендерді әлсіз күлкімен, немесе, мағынасыз әндермен алдай салу қалып барады. Кейде мен кісілерге ренжимін. «Мынау әннің несіне тыңдап отырсыз? Әуені тартымсыз, сөзінен не ұғып отырсың?» десем, «Қайтеміз енді, өзіміздің отандық эстрада болған соң тыңдап отырмын» деген жауапты айтады. Көрерменге мұндайда алғыс айту керек. Себебі, ол неде болса қазақтың өнеріне жаны ашыған соң айтып отырғаны. Дегенмен де, бұл салада өнерін құптауға тұрарлық өнерпаздар жоқ емес. Бірақ олардың бір шорқақтығы – өзінің алдында біреудің айтып кеткеніне еліктеу, соны қайталау орын алып жатады. Өздерінше бір сара жол іздеу деген жоқ.

Осы жерде айта кетерлік бір сұмдық, таяуда Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаңадан әндер енгізбекші болғанда, ол жердегілердің айтуынша, татып аларлық бірде-бір ән болмапты. Сондағы, осы бұйрықты естісімен-ақ, жан-жақтағы таныс жағалаған қоңырауларда есеп болған жоқ дейді. Осыдан соң, қандай дарынды, қандай талантты іздейсіз?!

Артымызда ұлт болашағы тұр!...

Дүйсенхан Сыздықов,  өңдеуші, композитор:

  • Өнердің жолы - ауыр жол. Мұның артында қаншама жауапкершіліктер жатқанын қазіргі уақытта біреу білсе, біреулер біле бермес. Соңғы 15-16 жылдардың ішінде сахнада, телеарнада әндерімен, клиптерімен жүргендердің бәрі де дайындықсыз, білімсіз келгендер. Неге? Олар тіпті, айтқан өлеңінің мағынасына да түсіне бермейді. Фонограмма жазу барысында қағазға қарап айтады да, сонымен бітіреді ән айтуды. Дайын дискілерін радиоға, телеарнаға таныстарын сала жүріп, ақшасын төлеп әйтеуір шығарып алады. Мұның бәрі қазіргі қоғамда ашықша түрде болып жатқан дүниелер. Өйткені, телеарна ақшаға мұқтаж болып тұрғанда мұндайлардан бас тарта қоймайды. Мұның бәрі де танымал болуға асығыстықтан шыққан әңгімелер. Сондықтан жас әншілерге айтарым – асыққан шайтанның ісі. Өнерің бар екен, әуелі музыкалық білім ал, үлкен дайындықтардан өтіп, сонан соң сахнаға ұмтылғандарың абзал дер едім. Бұл барлық салада солай емес пе? Мәселен, қазақтың спорты әлемді мойындатып жүр. Ал неге қазақтың әншілері әлемді мойындатпасқа?! Олар өздерін осы Алматы қаласын, айналасындағы бөлімшелерін, басқа да облыстарды мойындатқанды ғана қанағат етумен шектеледі. Олардың концертке қатысқаны да қызық. Араға аға-көкелерін жіберіп, концерт ұйымдастырушылардың миын жеп жүріп қатысады. Елімізден басқа өзінің әншілігімен, талантымен тәнті етіп жүрген Роза Рымбаевамен бірге, кеше жүрген біреу плюсін жаздырып алады да, сахнаға шыға салады. Мұның бәрі сахнаны, көрерменді құрметтемеу деген сөз. Сондықтан мен ұйымдастырушыларды, журналистерді де кінәлай алмаймын, адам өзіне жауапты болуы керек. Соларға қарап мен кейде біздің қазақтың эстрадасы осындай көзбояушылықпен танылғандардың арқасында жұтылып кете ме деп ойлаймын. Сондықтан, қазақтың өнеріндегі әсіресе, эстрада жанры өзге ұлттардың алдында дәрежесі төмендемесе екен деймін. Артымызда – ұлт болашағы тұр. Өзге ұлттардың біздің жеңіл-желпі әндерімізге күлетін жағдай әлі алыс емес. Себебі, біз қазір жеңіл әндермен көрерменнің етегінде жүрміз. Мұндай әуендерден соң тыңдаушының өзіне де: «е, азаннан кешке дейін осы ән, осы әнші, демек, осы нағыз дарын екен-ау» деген ой келері анық. Халық ішінде мұндайда тез пікір туады. Сондықтан сазгерлер шығарған музыкасының бас-аяғы түгел, гармонияға толы әуендерді шығарып, тыңдарманды осындай тың әндерге үйрету керек. Жалпы, әншілердің екі репертуарды таңдағаны дұрыс. Бірі – нарыққа байланысты нантабар әндер, бірі сахналық әндер. Мұны айтқан себебім – тойға барып әндерді күнкөріске айналдырып отырған соң, ол ұстанымы бөлек болған дұрыс. Бірде, менің бір танысым айтқан болатын. Біз кеше тойымызға шақырған әншілер тойды жақсы өткізіп кетті. Енді сол әншілердің концертіне барсақ, тура сол тойда айтқан әндерін қайталап тұр. Сонда біз билеттерін сонша бағаға сатып алғанда не болды? Фонограммалық әнді тыңдай берген қызықсыз екен» деп налығаны бар. Көрші ел Ресейде эстрада жақсы дамып отыр. Батыстың, Ресейдің эстрада саласында бір саясаты болды. Олар – әндері арқылы өздерінің тілін әлемге насихаттап отырды. Қазір қайда барсаң да ағылшын және орыс әндері үстем болып тұр. Сол әндері арқылы олардың тілін дүниежүзі мойындап отыр.

Бәйгеге салынған өнер ақшаға сатылып келеді

Айсұлу Қадырбаева, ақын, саясаткер:

  • Бірінші орында талант, сосын талғам, сосын барып танымалдылық! Талант қай уақытта да тас жарып шығары сөзсіз. Бірақ, осы күндері байқаймын, өнерде де, саясатта да сол секілді таланттардың көлеңкеде қалып, қалтасы ақшаға толы өзін-өзі қамшылағыштар күннен күнге алға шығып барады. Ал халық, бүгінгі қоғам олардан мезі болып барады. Бұл жағдай саясатта да кездеседі. Арамыздан ерте кеткен саясаткер Батырхан Дәрімбетовтың позициясы көптеген саясаткерлерге үлгі боларлық, талантты кісі деп ойлаймын. Ал кейде осы саясаттың өзінен пайда тапсам ба деп жүргендер жоқ емес. Олар өздерінің саясаттан білімдері өте таяздығына қарамайды. Саясат ойынға айналмауы керек. Сондықтан саясаттың өзі де таланттылықты талап етеді.

Ал бірақ өнердің кез келген саласында бұл үрдіс басқа жолға түсіп барады. Өнер саласы, саясатта сапасыздыққа жол беріліп келеді. Әсіресе, қазақ эстрадасы төмендеп кетті. Бірін-бірі қайталау мен қуалау өршіп кетті. Әншілер тілге, әннің мәтініне қарамайды. Образға кіру деген жоқ оларда. Бұл жағдайда ән өнерінің сапасы да, қадірі де қалмайды. Осы орайда кеше ән айтып шыққанды «талантты жас әнші, немесе дарынды ақын» деп таныстырып жататын тележүргізушілердің де кінәсі бар деп ойлаймын. Ақындар арасында да мүшәйралар болар кезде таныстарына звондау, алдын-ала ескертіп қою деген тоқтамайтын бір процесске айналды. Мен ойлаймын, өнер ешқашан сатылуға тиісті емес. Сондықтан, жазба ақындардың өлеңдерін бәйгеге сап, ақша, көлік тігу орынсыз болар. Өйткені, бәйгедегі жүлде мен орындардың бәрі сатылып жатыр. Мұндайда ақшасы жоқ таланттылар қалай орын алып, қалай халыққа танылады деп ойлайсыз? Сонда таланттыны қайдан іздейсіз?!

Тақырыпты одан ары қарай оқырмандардың өзі тағы сараптайтын дәрежеге жетті деп ойлаймыз. Жоғарыдағы ел азаматтарының пікіріне қарағанда, талант пен танымалдылықтың арасы әлі де біраз зерттеуді қажет ететін сияқты.

Пікірталасты жүргізген Шара Құрбанова

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530