Дүйсенбі, 6 Желтоқсан 2021
«Соқыр» Фемида 4682 4 пікір 6 Сәуір, 2017 сағат 10:26

"Алтын-Орда" үшін... 10 миллиард...

«Алтын Орда» базарының маңындағы автожолды кеңейту жұмыстары келесі жылдың сәуір айынан бастап қолға алынады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Алматы қаласы мен облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде тиісті мекеме басшыларына осындай тапсырма берді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Алматыдан шыға беріс жолдың бәрі базар. "Алтын Орда" базары да осыдан он шақты жыл бұрын үлкен жолдың үстінен "әдейліп" салынды. Егер де базарды күре жолдан алыс салынса, дағдарыс қысқан қазіргідей кезде бюджеттен 10 миллиард теңгені желге шашпас едік.

Енді біздің шенділер төрт жолақты автожолды он жолаққа дейін кеңейтуді қолға алуға мәжбүр. 10 жолақты жол салу қиын ба, базарды көшірген бе? Әрине, "Алтын орданы" көшіру анағұрлым оңай болар еді. Алматы билігі біраз базарды өртеп көзін жойған жоқ па? Алматы облысының әкімдігі өртеу жолын таңдамаса да, қаланың тынысын тарылтып тастаған базарды бірыңғайлы етуге болар еді. Оған шамасы келмегендер бірер адамның мүддесі үшін он жолақты жол салуға мәжбүр болып отыр. Осы жерде базар болмаса, 6 жолақты жол халықты ары да, бері де еш қиналыссыз өткізе алар ма еді?

Бұлай дейтін себебіміз, қазір Құлжа күрежолында да "Жетісу" атты үлкен базар салынды. Біраз жылдан кейін осы базар үшін тағы да 10 миллиард теңге жұмсап, 10 жолақты жол салуымыз әбден мүмкін. Тек "Жетісу" емес, қаланың барлық шыға берісі базар. Осы бір шеті бар да, шегі жоқ базарлардың басын қосып, бір жерге ғана шоғырландыратын кез келген жоқ па?.

Өзіміз қолдан проблема жасап, оны бюджеттің ақшасымен шешуді қашан доғарар екенбіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

4 пікір