Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 6914 0 пікір 7 Сәуір, 2017 сағат 10:14

Екінші думаның екі күні (жалғасы)

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде).

ІІІ. Оқу-ағарту және заң

Ағарту министрлігі Думаның қарауына заң жобасын ұсынады деген хабарға елең ете қалдық. Жобаның тұғырнамасы жайында үкімет басының   алтыншы наурыз күнгі сөзінен білетінбіз. Енді оның нақты қандай күйде талқылауға ұсынылатыны қызық еді.

Есімде, осыдан екі айдай бұрын, Министрлер Кеңесінің төрағасы Петр Аркадьевич Столыпин үкімет декларациясын Мемлекеттік Дума мүшелері алдында тереңнен қозғап баян қыла келе:

– Халықтың  экономикалық әл-ауқатын көтеру ісі аса зор ынта, күш-жігер жұмсауды қажет ететінін үкімет өте айқын түйсінеді, – деп бір тоқтаған-ды. Одан  әрі: – Бірақ мұндай өткір қажеттілікті түйсіне отырып, өзінің күш-жігерін құм қылуы ықтимал жәйтті  ескермей тұра алмайды, – деп, айтпақ пайымына жол салған.

Сонда Столыпин мырза  үкіметтің реформалар жүргізудегі күш-жігерін құм қылуы ықтимал жәйт – ел-жұрттың қараңғы жағдайда қала беруі, білім беру деңгейінің сын көтермеуі екенін екпін қоя айтқан еді.

Үкіметтің экономикалық-әлеуметтік ахуалды, тұрмысты, жалпы тыныс-тіршілікті жақсарту жолында  күш жұмсауы жеміссіз болмас үшін – халықтың қалың бұқарасын ағарту ісі тиісті биікке қойылуы тиіс деп, алда міндетті де тұжырымдап тастаған. Солай етпейінше, сөйтіп, соңғы жылдары мектеп өмірінің дұрыс та қалыпты ағымын ұдайы, тұрақты түрде бұзып келе жатқан теріс құбылыстарды жоймайынша, бұл салада оң жетістікке жету қиын болмағын да ескерткен.

– Біздің оқу орындарымызға түбегейлі реформа жасамасақ, онда    ағарту ісі толығымен шарасыз халге түсуі ықтимал, – деген-ді ол.

Бас министр мәселені жалпылама түсіндіріп тұр, білім берудің барлық сатылары бойынша мектеп ісіне реформа жасауды ағарту министрлігі жүргізеді. Ағарту  министрлігі төменгі, орта және жоғары оқудың байланысын үзілмейтін негізде қарастырады, әр сатыда білім берудің белгілі дәрежеде аяқталған ауқымда болуын ескеретін болады. Сонымен бірге, халық ағарту министрлігі мектептің барлық сатысы үшін оқытушылар дайындауды  және олардың материалдық жағдайын жақсартуды айрықша қамқорлыққа алады. Үкімет басы осы орайда бірнеше бағытты бөліп көрсетті:

– Біріншіден, жақын арадағы міндет – білім алудың жалпыға бірдейлігін қамтамасыз ету. Одан әрі, бастауыш білім алуды империя халқының бәріне міндетті ету көзделуде. Екіншіден, орта мектеп саласында оқу орындарының сан түрлі тұрпатын жасау қамқорлыққа алынбақ, кәсіби білім беру саласы кеңітілмек. Үшіншіден, жоғары мектепті реформалау – өзгертулер негізін қалаған 1905 жылғы  27 тамыздағы аса жоғары пәрмен  қағидаларын нығайта түсіп, күшінде тұрған уақытша ережелерді қолданудың тәжірибесі негізінде, оларды жалпы мемлекеттік мүдделермен үйлестіру арқылы жүргізіледі.

Бір қарағанда, үкіметтің ағарту саласы бойынша тұғырнамасы көңілге қонымды-ақ деуге болатын-ды. Редакцияда өткен пікір алмасуда мұсылман депутаттар оны осылай бағалаған. Мемлекеттік Дума мүшелері қатты қадірлейтін  саясаткер және қаламгер Рашид Ибрагим де пікір алмасу барысында сондай жалпылама пікір айта тұрып, былтыр күзге салым өткен мұсылмандар съезі шешімдері тұрғысынан сыни ойын білдірген.

Рашид қазидың солай бастап беруінің артынша пікірлесу қызды. Басқосуға  қатысқанның бәрі де жақсы сөз бен жүзеге асырылып жатқан істің арасы жер мен көктей екенін қынжыла атап айтып жатты. Әсіресе, үкімет тұғырнамасын мұсылман жұртындағы нақты ахуал тұрғысынан сүзіп қарағанда, оның түркі-мұсылман халықтары арасындағы ағарту ісіне мүлдем қатысы жоқ деуге болар еді. Оны тілге тиек етісті. Бас  министр Столыпиннің жария еткені  таза орыс өміріне ғана байланысты жоспар тәрізді. Ешкім басқаша ойлаған жоқ.

– Хұкімет басшысы тек орыс мектептерін ғана тән алады, – деді менің мұғалімім Шаһмардан-Шәймәрден Қосшығұлов аға әріптестеріне, – сондықтан да біздің қазақ даласындағы хәкімдер мұсылман мектептерін ашуға рұқсат бермей, ал барын жауып тастауда.

Ол да Төменгі Новгородта өткен үшінші мұсылмандар съезін еске салды. Онда бірнеше күн бойы тек мектеп мәселесі әңгіме болған еді. Онда Шәймәрден ағам жиынды басқарысып, съездің төралқасында отырған болатын. Съезден үкіметке тікелей жеделхат та жіберілген. Съезд соңында Исмайыл Гаспринский бастаған он бес қайраткердің қатарында, қазақтардан Сәлімгерей Жантөрин екеуі мұсылмандардың саяси халық партиясының орталық комитетіне мүше болып сайланған-ды. Мұсылман қозғалысының белді қайраткері еді. Әсіресе, сайланып тұрған жерінен биліктегілердің оны Бірінші Думаға жібермеуге қолданған амалы халық арасындағы беделін арттыра түскен болатын.

Ол Столыпин мырзаның жария еткен тұғырнамасына сын көзбен қарауға, барша мұсылман-депутаттарды Екінші Думада алдағы уақыттағы оқу-ағарту мәселесін қарайтын шаққа дайын болуға шақырды.

 

***

Ағарту министрі ұсынбақ заң жобасы жайындағы баяндамамен келерден жеті-сегіз-ақ ай бұрын жұмыс істеген Мұсылмандардың үшінші съезінің үкіметтен рұқсат алып  өткізілген тұңғыш құрылтай болғанын айта кетуге тиіспін. Алғашқы екі съезге де билік оң қабақ танытпады, алайда, шартараптан бас қосып, ел басына түскен ахуалды талқылау үшін жиналған жұрт билік қырын қарады екен деп тарап кете қоймады. Жиналыстарын рұқсатсыз-ақ жасап қайтты.

Бірінші  жиын 1905 жылғы тамызда сол Төменгі Новгородта жасырын жағдайда, кемемен саяхатқа шығу желеуімен өткен-ді. Оған жан-жақтан жүзден астам өкіл келген. Ока өзені айдынында жүзген откеме үстінде Иттифак-әл-муслимин, яғни Мұсылмандар одағы құрылды.

Екінші басқосу былтырғы жыл басында Петрбордың өзінде, бірақ, тағы да ресми рұқсат ала алмағандықтан, түрлі залдар мен асханаларда құпия өткізілді. Оған да жүз қаралы делегат қатысты. Онда Иттифактың бағдарламасы қабылданды. Бірінші Дума сайлауына ұтымды қатысу жайы ақылдасылды.

Есімде, бағдарлама орыс кадет партиясының жолына ұқсас болғандықтан да, Жасай бірде, өзінің солшыл таныстарының анықтамасын қолданып, мұсылман қозғалысы көсемдерін «сәлде оранып, тақия киген кадетшілдер» деп мысқылдай атаған-ды. Мен сол жолы онымен тұңғыш мәрте қиғаш кеп қалған едім. Менің дос-ағам Жасай тым солақай болатын.

Патша  Бірінші Думаны тарқатты деген суық хабар шығысымен фракция түркі-мұсылман құрылтайын шақыруға қаулы алған.  Сосын оны өткізуді ресмилендіру мәселесін шешу керек болды. Сонда қозғалыс серкелері  өткен екі жиналысқа рұқсат ала алмау себептерін іштей мұқият талдады. Сәтсіз  тәжірибелерді ескере келе, рұқсат сұрайтын өтініш-хат жазуды бұл жолы Рашид Ибрагим мойнына алды. Ол тілегін тікелей ішкі істер министрі әрі үкімет басы Петр Столыпиннің атына жолдауды қош көрген. Иттифак төрағасы Әлимарданбек Топчибашев оған толық ерік беріпті. Елдің  айтуына қарағанда, рұқсатты Рашид қази лезде ала алды, себебі  генерал Ғұбаш Жәңгірханов оған өзінің байланыстарымен септесіпті. Біз шат көңілмен дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік.

Бірақ, газетке шыққан өтініштің мазмұнымен танысқанда, күллі түркі көсемі Ысмайыл Гаспралы ақсақал реніш білдіріпті десетін. Онда  үкіметке тым жағынған сөздер жазылғанын, құрылтайдың күн тәртібі де өте тар ауқымда белгіленгенін ол Ақмешіт-Симферопольдегі зиялылардың бір басқосуында  қынжыла айтып, наразы болыпты. Әйтсе де онысы жәй әшейін,  елеуге тұрмайтын өкпе болса керек. Өйткені, белгілі бір дәрежеде үкіметтің ыңғайына жығылмайынша, түркі-мұсылман құрылтайын ресми өткізем деу құр әурешілік екені кімге де болсын көрініп тұр еді ғой.

Мен съездің ұйымдастыру және жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы қара жұмыстарын атқарыса жүріп, олардың өте түсіністікпен қызмет істегенін көрдім. Ысмайыл-бей Бақшасарайдан, Рашид-қази Питерден келіп, Төменгі Новгородта кездескенде, олар тек құрылтай мүддесін күйттеді. Тату-тәтті, жап-жақсы қызметтес болды. Талай  мәрте иттифак серкелерінен құралған шағын топтармен бірге шәй іше отырып, әңгіме-дүкен құрысты.

– Революция өте шықты, – деген Исмайыл аға сонда, бурыл мұртын ойлана сипап отырып, – ал өмір бұрынғы қалпында қалды...

Революция өте шықты деу қисынсыздау да еді, себебі жер мәселесіне орай шаруалар әлі толқып жатқан. Дегенмен келісуге де болатын реті  – халық Думаның таратылуын, тіпті, Выборг үндеуін де салғырт қабылдағандай-тын.

Бірінші Думаның шақырылуын жұрт ә дегенде сол революцияның жемісі деп ұққан секілді еді.   Алайда оны Жасайдың  жақсы көретін саяси күші – социал-демократтардың большевиктер деп аталатын қанаты мүлдем басқаша бағалады. Олар Дума сайлауына бойкот жариялағаны өз алдына, Бірінші Дума халық мүддесі үшін жан алысып, жан берісіп, аянбай айтысып жатқан жетпіс шақты күн бойы оны сынаумен болған. Соның салдары ма, кім біледі, жұрт Думаның  тарауына қиналыс білдірмеді, қарсылық көрсетпеді.

Исмайыл аға соны меңзеді білем, революция өтті де кетті, ал біз өз проблемамызбен бетпе-бет қалған күйі тұрмыз деп санады.  Ол қозғалыстың   саясаттан тыс болуын қалады. Тек ағарту, білім беру шаруаларымен шұғылданғысы келді. Сондықтан, мұсылман съездерінің үшеуіне де қатысып, жетекші деңгейде жүргенімен, орыс партиялары секілді мәселелер қозғамады. Ол мұсылмандардың мәдени дамуын жәдидтік қызметімен қамтамасыз етуді басты мұраты тұтты. Ал тап қайшылығын дабыралатуға тіпті қарсы болды.

Бұндай көзқарасты Рашид аға да құптағандай еді. Ол үшінші съезде бірінші болып сөйлеп, түркі жұртының тұтастығын: «Құдай бір, Тіл бір, Мақсат бір!» деген тұжырымымен – бірліктің өзі көтерген жаңа ұранымен нығайтуға тырысты. Онысы Исмайыл Гаспринскийдің көзқарасынан алшақ емес-ті. Сондықтан да оны  мұсылман қозғалысының Әлимардан Топчибашев, Мұса Бигиев, Ахмет­бек Ағаев, Шәмси Асадулаев іспетті қайраткерлер қолдады.

 

***

Съезге қатысу үшін Нижнийге сегіз жүзден аса делегат келді. Жәрмеңке уақытына әдейі орайластырылғандығы ұтымды болды, съезд жұртшылық назарынан бір сәт те түскен жоқ. Жан-жақтан ағылған көпестер, саудагерлер мен алармандар сауда жаймалары алдында, кеңселерде, жәрмеңке мешітінде бас қосқан сайын тек соны тілге тиек етті.  Делегаттардың едәуір бөлігі де іс адамдары қатарынан-тын. Съездің танымал болуына сол да әсер еткен болу керек.

Мұсылман құрылтайы жұмыс істеген күндері саясатқа бейтарап қарамайтын көзі ашық жұрт жәрмеңкедегі шаруаларын ығыстырып қоятын. Ығы-жығы боп,  халық үйінің ішіне сығылыса кіретін де, құрылтай мінберінен айтылған сөздерге құмарта құлақ түретін.

Ал құрылтайға тұтқа болғандардың одан басқа әңгімесі жоқтығы өз-өзінен түсінікті. Бір кеште мұсылмандар одағының төрағасы Әлимардан Топчибашев Төменгі қалада пәлен атасынан бері тұратын әзірбайжан туғандарының дастарханына  бір топ серігін ертіп апарды.

Ішінде бір кездері Питерде оқитын мұсылман балаларының тұрмыстық жағдайын жеңілдетуді көздейтін қауымдастық ұйымдастырысқан жолдастары Сәлімгерей сұлтан Жантөрин мен  Cерәлі Лапин бар-тын. Астаналық екеуінің сонау Түркістан атырабынан келген Cерәлі мырзаны көруі естелік қылын қозғап жіберді білем, үшеуі біраз уақыт сондағы атқарған істерін әңгіме қылып отырды.

Сосын, есімде, Әбдірәшит қази мұрындық боп, түркістандық мұсылмандардың рухани өмірі жайында сөз етілді. Сол жолғы әңгіме, одан кейін де болған кездесулер мен сұхбаттар үстінде мен Лапин мырзаның Түркістан өлкесіндегі жағдай, ондағы билеушілердің мұсылмандарға көзқарасы жөнінде айтқандарын көп естіген едім. Соларды, Столыпиннің мемлекеттік тұрғыда жария етіп тұрған әдемі бағдарламасын тыңдай келе, еріксіз еске түсірдім.

Cерәлі Лапин Самарқандағы губернатор мәһкамасында жауапты қызмет атқарған кісі. Әлі сонда тұрады. Түркістан әкімшілігінің түрлі буындарында істейтін лауазымды чиновниктердің бірталайымен таныс. Бүгінде ғылыммен және заң істерімен шұғылданады. Самарқан діни қызметшілері арасында беделі зор. Олар оны Думаға депутаттыққа ұсынған, бұл жөнінде біз бірінші және екінші съез делегаттарынан, әсіресе түркістандық дінбасылардың алға тартатын тұлғаларының бірі, жәдидшіл Махмуд қожа Беһбудидің аузынан көп естігенбіз.

Перовск қаласына тақау жердегі туған ауылында мешіт салғысы келген туысқандарына Cерәлі мырза ақыл-кеңесімен жақсы жәрдем берген екен. Мектеп-медресесін қоса салғызып, үлкен кешен жасатыпты. Шығыстың  көне қалаларынан ұсталар шақыртқан.  Құрылысты  заманалық инженер ойы жетістіктерін пайдалана отырып жүргізу қажет деп білгендіктен, оған көп жүруге тура келеді. Сондағы бастан кешкендері – жасамақ әр қадамы үшін биліктің түрлі басқыштарынан рұқсат алып отыру қажеттігінен көрген қиыншылықтары жатқан бір таусылмас жыр көрінеді.

Үкімет  буындары Думаға депутат сайлау науқанында Серәліге ебін тауып кедергі келтіріп отырған-тын, алайда оның діни ғимарат құрылысына көмектеспек ниетіне, жалпы сол орайдағы ағартушылық бастамасына, әсіресе, патшаның тиісті манифестері елге әйгілі болып тұрған шақта, ашық  қарсылық көрсете алмайды. Бірақ шын көзқарастарын бүгіп те қалмайды. Олардың ірі бюрократтарының саясаты мен ұстанымын Серәлі әр кезде тікелей естіп-біліп, көріп те жүреді.

Солар жайында ол Төменгі Новгородтағы үшінші съезд кезінде Питерден барған байырғы таныс-пікірлестерімен болған кездесулерде әрәдік айтып қалатын. Оның  әңгімелері маған Ілияс Борағанлы мырзаның баспа үйіне жиған кітапханасында отырып, ежелгі римдіктер жайында оқығандарымды еске салған-ды.

Біздің өлкемізге барып билік құрып жүрген төрешіктер құдды ертегі-мифтегі екі беті екі жаққа қараған қос кескінді уақыт құдайы секілді еді. Ішімнен сондай салыстыру жасауым мені іс жүзіндегі саясат пен жариялы түрде айтуға арналған саясат хақында пікір түюге итермелейтін.

Әсіресе, үкімет басы мәлім еткен билік тұғырнамасы мен түркі жұрттарының рухани тіршілігіндегі алшақтықтар ойлантатын еді. Соларды іштей қарастырғанда туындаған ойды нақтылау орайында, сондағы естіп-білгенімді қағазға қорытып түсіріп қоюды мақұл көрудемін.

 

***

Біздің  Арқа жақта оқығандар аузынан тастамайтын, өткен ғасырда дүниеден көшкен әйгілі миссионер Ильминскийдің Ташкентте Остроумов деген ізбасары бар екен. Оны Лапин мырза жақсы білетін көрінеді. Қол астында – Түркістан мұғалімдер семинариясында оқыпты, одан қарамағында қалып, қызметтес те болыпты.

Әрдайым  империя мүддесін жоқтап жүретін, өз саласының білгірі, оқу ісіндегі орыс саясатын ширек ғасырдан бері жүргізіп келе жатқан сол миссионер Ташкенттің биік құзырлы ғимаратында ақылгөй ретінде бағаланатын болса керек. Түркілер өлкесін игерісуге және Орыс Түркістанының іргетасын бекемдеп нығайта түсуге келген әкімшілік чиновниктері мен құпия қызметкерлер міндетті түрде оның кеңесін тыңдайды екен. Сол және Түркістанға жаңадан ат басын тіреген әлдебір лауазымды әкім арасында болған әңгіме нобайы мынандай:

– Соңғы кездері орыс мемлекетінің мұсылман дініндегі халқын қозғауға тырысушылық байқалуда. Сақ болу жөн, жоғары мәртебелім. Бүгінде мұсылмандардың талай ондаған жылдардан бері орыс мемлекетімен біте қайнасып бара жатқан өмір салтын толқыту әрекеті біздің өлкеде де бой көтеруде. Жалпы, империяның тұтастығына қатер төндіретін жаңа леп батысымыздағы өзге тектілер ішінен есе бастағаны көптен белгілі, енді ол біздің Орыс Түркістанына да жетті.

– Сіз не айтпақсыз? – Әкім қабағын керді. – Мұныңыз не дүрлігіс?

– Айтпады демеңіз, түркі халықтарының ғұмырында аса ірі бетбұрыс жасау жұмыстары дайындалуда. – Миссионер иегін таянды. – Солай  деп болжауға әбден болатын леп сезілуде. Міне не деймін мен.

– Сезімтал екенсіз, сізге сондай болу қажет те екен-ау өзі. Мейлі, таратып айта отырыңыз онда.

– Мархабат. Әуелде ол, жаңа лепті айтам,  мүлдем бейкүнә салада және елеусіз түрде өмірге келді. Бірақ мен айтып отырған қауіп ол өмірге келісімен аңғарылды. «Тәржіман» деген газетті білемісіз?  Оны алтын өнеркәсібінің татар қожайындары қаржыландыратын көрінеді. Ақша не істетпейді, демеушісі мықты болғандықтан да, газет тоқтаусыз шығуда. Бастыру, тарату мәселелерінен қиналмайды. Тіпті біздің Орыс Түркістанына да емін-еркін жол тауып әкелініп жатыр. Соны шығарушы Исмаил Гаспринский дейтін Қырым мырзасы күллі түркілерді оятуды армандайды. Білемісіз оны? Ойлап қойыңыз, жоғары мәртебелім, ондай арманның империя үшін қатері мол. Анау болса, арман-ойын сол газетінің бетінен еш кедергісіз насихаттап келеді. Қанша жыл болды,  мұсылмандарға жаппай сауат ашқызудың жаңа әдістемесін сөз етіп жүр.

– Онда не тұр. Газеттер не жазбай жатыр. Кейде тіпті түңілтіп жібереді ғой. Өзіміздің орыс басылымдарын оқысаң – шошисың...

– Бірақ олар мұның қасында түк емес. Олар үкіметтің ашық жаулары, ал мынау – іргетасты ірітіп, күні ертең үй ішінен бөтен үй тігіп алудан тайынбайтын қауіпті жау.

– Өзіңіз өлкенің оқу ісінің инспекторы бола тұра, өлкедегі жалғыз мұғалімдер семинариясын басқара отырып, сауаттандырудан сонша шошынуыңыз қалай? Мұныңыз тым секемшілдік емес пе?

– Түк те олай емес. Нағыз  қатер – сауаттандырудың бөгде бағдармен жүруінде. Нағыз  қатер –  соның нәтижесі. Бүгіндегі  басыбайлы құлың секілді бұқараның күні ертең оянып кетуі ғажап емес.  Нағыз  қатер – сондай жағдайда оның бас білдірілмеген асаудай тулауы ықтималдығында болса керек. Ойлаңыз, жоғары мәртебелім, сан тілді бұқара ертең бәріне ұғынықты ортақ бір тілге – түркішеге ұйуы мүмкін, бар пәле сонда жатыр. Оқудың  жаңа әдісімен барша бұратана жедел қаруланып жатыр, жоғары мәртебелім, осыдан қорқу ләзім. Егер сол түркі тілінде сан тайпа хат танып кетсе, тиісінше – батыстан бықсып шыққан саяси залалды ойлар біздің жаққа да тез тарайды. Соны осындағы туземдіктер бойларына сіңірсе болды – пәлеге ұрындық дей беріңіз, жоғары мәртебелім...

– Айтасыз-ау! Олар   ондай дәрежеге қалай жетпекші?

– Бекер сенбейсіз. Олар   ондай дәрежеге жетіп те қалды. Әлгі қырым татары оқулық шығарды. Баяғыда. Ол мүлдем жаңа тұрпатта жасалған оқулық. Өздерінің тілінде усул-әл-жәдид, яғни жаңа әдіс деп атайды. Европа қолданатын, өзіміздің орыстық грамматикалық жүйеге тән  әдісті әлгі қырымдық мырза сонау жаңа әдісіне енгізді. Сөйтіп, европалық дыбыс жүйесін негізге алу арқылы, ол араб жазуын үйренуді қиындатып тұрған кемшіліктерді жеңілдету жолын тапты. Енді мұсылман атаулы күллі бөтен текті балалар араб әрпінің түрлі ноқат-таяқшалары азайтылған, бір әріппен бір дыбыс беру тәсіліне көшкен түрімен оқитын болады. Солайша, жаңа әліпбимен қаруланған жәдидтік әдістеме негізінде оқып-жазатын болады. Бұл әдіс оқу уақытын да қысқартады, оқу мен жазуды жылдам үйреніп алуға да септеседі. Балалар сауаттану шарттарын шапшаң игереді, оқып-жазуға тез төселеді.

– Ол жаман ба?

– Жақсы емес. Жақсы құл – сауатсыз құл. Құл сауат ашса – онда ол құл болып қалмайды. Ал Гаспринскийдің жаңа әдісі тек оңай оқып-жазуды ғана емес, зайырлы ілім-білім негіздерін оқытуды да көздейді.

– Мен сізді, дегенмен, түсіне алмадым. Зайырлы  ілім-білім негіздерін оқыту да кемшілік пе?

– Кемшілік – туземдіктерге зайырлы  ілім-білім негіздерін оқыту. Бұрын олар көне әдіспен – қадыми жолмен оқытылатын.  Ал  қадыми әдістеме шәкірттерге тек діни білім берумен шектелетін. Бізге сол тек діни сауаты ғана бар  фанаттар тиімді, жоғары мәртебелім. Ескі әдіс жүйесінде қала беруді көздейтіндер де соны сезген. Сезгендіктен, жаңашылдарға қарсы тұрған күрестерінде олар бізге – үкіметке сүйенуде. Бізге де, жоғары мәртебелім, қадымшы-мұсылмандарды қолдау жөн.

Ол қаупін жан-жақты түсіндірді. Гаспринскийдің оқулығы мен жариялаған жаңа әдісі кең тарап барады. Молдалар екінші қатарға ығысып қалды. Жаңа әдіс жаңа прогресті леп әкеліп жатыр. Өзге тектілер арасындағы ақыл-ойды дамытар тетіктерді қозғап, тұтас қоғамдық қозғалыс туғызатын түрі бар. Бұл үкіметке зиян.

Миссионер Орыс Түркістанының байырғы жұрты тыныстайтын рухани өмір тамырын ұстап келеді, оған анық мәлім – түркілер арасында екі ағым пайда болды. Бірі ескі дәстүрлердің сақталуын қолдайды, ал екіншісі жаңа да озық идеяларды, прогресс пен озық мәдениет идеяларын халық арасына жеткізуші қызметін атқармақ.

– Бұл жақсы емес пе? – Жаңа чиновник әлі де аңқау. – Бұдан не жамандық күту керек?

– Асықпаңыз, – дейді миссионер, – алдымен екі ағымның мәнісін түсініп алайық.

Түсіндіреді. Түркілердің қарама-қарсы екі көзқарас ұстанатын ағымдары арасындағы айтыс шиеленісіп кетті. Керек десеңіз, тіпті, ұлттық, қоғамдық, мәдени сипат алды. Миссионер солай есептейді. Оның анық білетіні – мұсылмандықтың көне көзқарастағылары жан-тәндерімен өздерінің ескі дәстүрлерін қорғауда.

Неліктен дей ме? Олар жамиғатқа тигізетін бұрынғы ықпалы мен күшіне қатер төнгендіктен солай етуде. Өйткені жаңа қозғалыс оларға шын мәнінде барынан айрылып қалатындай ахуал әкеле жатыр. Қадымшылар соны сезеді. Қорқады. Сондықтан,  бар амалмен қарсы тұруда. Олар бүгінде жаңа әдістемешілер, яғни жәдидті жақтаушылар жұртты исламнан бөліп әкетеді деп даурығуда. Жәдидшілерді  үкіметке қарсы деп уағыздап жүр. Сондай ретпен әкімшілікті  өз жақтарына тартқысы келеді.

Миссионер бұл жаңалықтан неге сескенеді? Себебі жаңа леп жақтастары түркі жұртын білім алуға үндеуде. Қолөнерді, кәсіпшілікті үйрену, өнеркәсіп салаларында нақты іс-дағдыға машықтану қажеттігін уағыздауда. Жас  ұрпақты зайырлы пәндермен бауырластырмақ, оларды шет тілдерін үйренуге шақыруда. Сондай әрекетпен, түптің түбінде, бұратананы великороспен тайталастыруға апармақ. Әне, қайда – қатер!

Жоғары мәртебелім мән беріп тыңдасын – мұсылман жаңашылдары    дінді соқыр сенімнен, надан молдалардың қисынсыз, залалды түсіндірмелерінен тазалауға үндеп жүр. Айналып келгенде, мұсылмандық иланымды көзсіз құлаумен емес, терең сеніммен нығайта түспек. Сосын олар ана тілінің қолданылу ауқымын кеңейтуді мұрат етуде. Бұдан империяға нендей пайда келмек? Ешқандай да!

Жәдидшілер Европа ғылымын құранмен қатар оқу керектігін айтуда. Және  оны орысша емес, орыс мектептерінде емес, өз тілінде, өз оқу орындарында оқуға үгіттеуде. Түркілерді орыс оқу орындарына емес, жаңа әдістемемен сабақ беретін мұсылман оқу орындарына баруға уағыздауда.

Олар жаңа әдіспен сауат ашу арқылы ана тілін дамыта отырып, әдеби, ғылыми және діни ортаға енгізуді күшейтпек. Ағарту ауқымын арттыра түсуді көздеуде. Не керек, тез сауаттану жолымен жалпы ілгерілеу, прогреске беттеу мақсатын алға ұстап келеді.

Мұсылмандықты түрлі қоқыстан тазартып, мүлтіксіз сақтау және түркі халқының бірлігіне қол жеткізу арқылы биікке беттеу – міне, Гаспринскийдің жалпақ империя мұсылмандарына кең тарап кеткен ой-пікірі осындай. Мұны жоғары мәртебелі лауазым иесінің білгені абзал. Білгендіктен де ықтимал қиғаштықтың алдын алуға болады.

Мойындау керек, жәдидшілдер – прогресшілдер, тек біздің мүддемізге сай келмейтін  прогресшілдер. Бұлар осы айтылған мақсаттарымен шектеле ме, әлде, оларына қол жеткізген соң, яғни ескі дәстүр жағындағыларды жеңгеннен кейін,  одан да әрі өрлей ме, мұны қазір білу қиын.

Жалпы, мұсылмандардың осы екі  партиясының қайсысы жеңіске жетеді деп сұрау қате, бұл орыс мемлекеттігі тұрғысынан – жеңіс нәтижесі қандай болады  дегенге сәуегейлік жасағанмен бірдей шаруа.

Орыс Түркістанындағы туземдіктер арасына христиандық пен орыс тілін енгізудің маманы есебінде, өлкедегі бас миссионер әзірге қай топты жақтаған жөн болмағы жайында пікірін сездірді. Әйткенмен, қалай болғанда да, ескі дәстүрді ұстанушыларды тым қатты қолдау да дұрыс болмайды.

– Сізді түсіну қиын боп бара жатқан тәрізді...

Алайда түсінуге қиын боларлықтай денеңе де жоқ. Қадымшылар өздерін үкімет жағында етіп көрсетіп, жаңашылдарға қарсы үкіметпен бірігіп күресу жағында тұр, бұл рас. Дегенмен, оларды қолдау жағында бола тұра, жоғары мәртебелінің миссионер пақыры осынау ескі әдістемені жалғастырушыларды біздің биліктің соншалықты сенім білдірерліктей адал құлы деп айта алмайды.

Неге дей ме? Олай дейтіні мынаған негізделген. Қадыми партия құрушылардың біздің үкіметімізге адалдығы мен сенімділігі артып тұрғаны шамалы. Деңгейі сол өздері жауығып тұрған жәдидилердің – прогресшілдер партиясының сенімділік дәрежесіндей ғана.

Жоғары  мәртебелі төре тағы түсінбедім дей ме? Оның мәні мынада: қадымшылар да, жәдидшілер де, біздің православиеге ауыспақ түгіл, мұсылман дінінен айырылуды ойына да алмайды.   Сол себепті, екеуі де, егер күндерде бір күн  Россиядан ірге бөліп кету мүмкіндігі туа қалса, алдан сондай бір жол көрінсе – ойланып-толғанбастан, еш өкінбей, солай қарай жүгіре жөнелетін болады.

– Неткен пайым... Өте сақсыз ғой, құрметтім...

– Біздің ортаазиялық иеліктерімізде сақ жүрмей болмайды, жоғары мәртебелім. Күні  кеше империяны дүр сілкіндірген  Әндижан көтерілісі секілді оқиғалар бізді мейлінше қырағы болуға міндеттейді, жоғары мәртебелім. Қозғалыстың қандайына болмасын, дер кезінде, құпия полицияның қызметі арқылы өте мұқият қарап, бүге-шігесіне шейін тексеріп отыруымыз керек.

Мәселені тез қағып ала алмаса ұлық бола ма, ол ұзамай-ақ өлкенің тиісті қызмет салалары мен буындарына бұл ретте бағдар беріп, басшылық жасауға кірісті.

–  Естеріңізге салу парызым, – дейтін болды ол құпия қызметтегі бағынышты чиновниктеріне, – аймақтағы әрбір естілген бөтен сыбысты, әрбір жылт еткен қозғалысты жан-жақты және терең зерттеу қажет.

Сосын тапсырмасын нақтылап, жүйелеп береді.

Артық-ауыс сөз айтудың түпкі мақсаты не? Ол әлдеқандай қозғалыстың хабаршысы емес пе? Қандай  сипаттағы қозғалыс болуы мүмкін? Оның жалпымемлекеттік мәндегі мағынасы неде? – Осының бәрін полиция департаменті жергілікті билік орындарымен тығыз байланыса отырып, біліп алуға тиіс. Айтылған мәселеге байланысты мынаны да ескеру жөн – басқарудағы аймақта жұрт не оқып жүр? Олардың  қолдарында жаңашыл шығарма пайда болды ма? Егер  бола қалса –авторы кім екеніне бірден назар аударған дұрыс.

Бірдеңе жазып таратып жүрген ондайлар  жайында толық мәлімет жинау жөн. Әрқайсысының қоғамдық, мүліктік ахуалын білу қажет. Сондай-ақ қайдан білім алғанын да анықтау ләзім. Мұсылмандар ортасындағы қарым-қатынастарына айрықша назар аударған дұрыс.

Жаңашылдар қозғалысын жақтаушылармен және жас түріктермен байланыстары қандай? Жалпы, басқа өңірлермен байланыстары бар ма, бұларды дәл анықтау керек.

Әрбір ұшқын берген қозғалысқа Түркия немесе әлдебір шетелдік мұсылман орталығы дем беріп тұрған жоқ па?

Өлкенің жер-жеріндегі жаңа әдістемемен оқытылатын мұсылман мектептерін кімдер ашқан? Жәдид мектептеріндегі мұғалімдер кімдер және қайдан келген? Мектепті  тікелей кім басқарып жүр? Оны кімдер бақылайды?

Әкімнің ойынша, осылардың баршасына жауап тауып, Орыс Түркістаны аумағындағы  ахуалды дәл біліп отыру өте-мөте маңызды. Уақтылы шара қолданып отыру үшін. Сонымен бірге, әрине, тиісті ақпараттарды орталыққа жөнелтіп отыру жөн...

 

***

Халық өкілдері алдында үкімет тұғырнамасын баяндаған әкімдердің әкіміне бұлар беймәлім деймісіз.  Тек түк білмеген түр көрсетеді. Дұрысында, ұлыорыстық мүддеден өзгені елемеу бағытын ұстанады. Бүгін нақты жобамен келетін министрі де сөйтер ме екен? Империяның түркістандық қызметшілерін осынша үрейлендірген қырымдық  ұстаздың ұлағатты ісі халық ағарту саласына тікелей жауап беретңн оны жайбарақат қалдыра қойды деймісіз...

Жә, оны ести жатармыз, әзірге ташкенттік миссионер жаратпаған Гаспринский мырза жайында  бірер ауыз сөз айта кету жөн.

Түркі халықтарының біртұтастануы, Ысмайыл аға Гаспралының ойынша, рух, тіл, діл, мәдениеттің  ортақтығы негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан да ол бұдан пәлен жыл ілгеріде алға шығарған ұран түркілердің тілі мен ой-пікірінде және атқарған шаруасында бірлік болуын көздейтін-ді.  Айтып-айтпай не керек, «Тілде, Пікірде, Істе – Бірлік!» ұраны көптің көкейіне қонатын.

Бұған қол жеткізудің бастапқы шарты – күллі түркіге ортақ бір тіл жасау. Яғни Балқан мен Қытайға дейінгі аралықта тұратын түркі халықтарының баршасына түгел түсінікті әдеби тілде сөйлеуге қол жеткізу болатын.

Бақшасарайдан шартарапқа жол тартатын «Тәржіман» газетінің бетінде сондай тіл жасалып жатты. Оңайлатылған  синтаксиске құрылған ортақ түркілік тілді қалыптастыру үшін, «Тәржіман» өзінің ақпараттық жұмыс тілі негізіне түрік тілінің бөгде сөз қосылмаған истанболдық нұсқасын көбірек тартты. Содан да Гаспринский газетінің тілі империядағы түркі халықтарының сауаты бар өкілдері еш қиналмай-ақ түсінетін деңгейде болды. Сөйтіп олардың өзін өзі тануы мен өзін өзі дамытуына ықпал етті.

Сөз жоқ, Ресей империясындағы түркілердің ұлттық сана-сезімінің оянуына Ысмайыл аға өлшесіз зор әсер етті. Оның қызметі отар жұрттардың ес жию тарихында өз алдына бір төбе боп тұрған ерен құбылыс болды. Ол  алға тартқан «Тілдегі бірлікке, ойдағы бірлікке және істегі бірлікке» қол жеткізу ұраны түркі зиялыларының көпшілігінің ұстанымына айналды. Білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу мәселесі баршаны ойландырды. Сондай жаңа ұрпаққа және түркілік озық дәстүрлерге  сүйене отырып, күллі түркі жұрттарын жаңадан біртұтас ұлт болып ұйысуға бастасақ деген ой «Тәржіманды» тұрақты алдырып оқитын азаматтар үшін үлкен арманға айналды.

Ысмайыл аға орыс мемлекетінде өмір сүріп жатқан мұсылмандар мен орыс отандастарды саналы түрде жақындату жағында болды. Ол бұлардың бір-біріне қарсы тұруын ешқашан қолдаған емес. Ортақ отанымыздың мүддесі үшін және өркениет жолындағы мұсылмандар болашағының ашық болуы үшін ымыра қажет деп санады. Мұсылмандар Россияны өз отаны ретінде танып, Россия мұсылмандарды өзінің бел баласы есебінде қарау керек. Ол  осындай көзқарасты дұрыс деп тапты. Кітаптарында, газетінде үнемі сонысын дәлелдеумен келеді. Міржақып екеуіміз былтыр осы төңіректе едәуір сырласқан едік.

Гаспралы өмірлік ұстанымын мен де, Міржақып та дүниеге келмеген кезде – 1881 жылы жазған екен, содан бері ширек ғасыр бойы, «Тәржіманды» үзбей шығару жолымен, иланымын ел игілігіне айналдыру үшін күресіп келеді. Бүгінде жақтастары мол, жәдид етек жайды, бірақ ол өзінің бірлік ұранына саясатты араластыруға қарсы.

Сонысымен де ол қызық. Оны түсінуге тырысу керек.

Оның бекем сенімінше, орыстар мен мұсылман деген атаумен біріктіріп қаралатын түркі халықтары – тұрмыс пен өмір шарттарының әрқилылы салдарынан бір-бірімен ой алмасу, пікірлесу, идеялармен бөлісу жағына бармайды. Өйткені  олардың әлеуметтік жағдайлары, қоғам тыныс-тіршіліктері біркелкі емес. Сондықтан араларындағы қарым-қатынастың барша сипаты «сатып ал және сат», «бер және ал» деген ұғымдармен басталатыны және сондайлармен аяқталатыны рас.

Тілдің және тұрмыс салтының, өмір шарттарының, сондай-ақ иланымның әртүрлілігі түркі мен орыс арасындағы өзара жақындасуды дамытуға жәрдемдесе алмайды. Сол себепті  мұсылманның орыс өмірі мен тіршілігіне тосырқай қарауынан, Гаспралының пікірінше, саяси әлде соған ұқсас әлдебір астар іздеудің қажеті жоқ.

Ысмайыл аға былай ойлайды: түркі адамының жалпыорыстық қоғамдық тіршіліктен сырт жүруі тек қана білмеу мен түсінбеуден ғана туындап тұр.

Құй сен, құй сенбе – бұл жерде ислам діні, мұсылмандық ешқандай кедергі келтірмейді. Кедергі  келтіретін, істі бүлдіретін – надандық. Міне сонымен күрес әлі күнге дейін дұрыс ұйымдастырылмаған. Надандықпен күресті таңдаулы мұсылмандар мен орыстар иық тіресе бірге жүргізу керек.

Ойлап қараңызшы, деп пайымдады Ысмайыл бей Гаспралы өзінің бағдарламалық кітабында, орыс мемлекетіндегі мұсылман Россия мен орыстарға қалай ғана іші жылып қарауы мүмкін? Мұсылман  орыстарды іс жүзінде білмейді, қайтіп іш тартпақ? Неге олай деймісіз? Себебі,  әрәдік кездесе қалғанда, олар мұнымен тек бастық түрінде ғана жанасып, түрлі салық алушы ретімен ғана көрінеді емес пе.

Мұсылман ескі-жаңа соттарыңды не қылсын, жариялылық дегеннің оған келіп-кетері сезілмейді. Өзі төлеуге тиіс салықтан құтылған соң, ол қалалық және земстволық мекемелердің есігін де ашпайды, керек те қылмайды. Өйткені бұл маһкамалар жергілікті тұрғындар-ау деп мұсылмандар үшін саусағын да қимылдатпайды.

Орыс ғылымы мен баспасөзін, онда көтеріліп жатқан мәселелер мен сұрақтарды, өздеріне қатысы болмағандықтан, түркі жұрты керек қып жатқан жоқ. Себебі олар түркі-мұсылманды бұ дүниеде бар-ау деп ойламайды. Тиісінше – мұсылман мұқтаждығын ұқпайды және оны сөз де етпейді.

Нақты ахуалды осылай саралай келіп, Гаспринский мұндай жағдай ынтымаққа ешқандай да жол ашпайды деп түйіндейді. Сол себепті мұсылмандар болашағына қорқа қарап, іштен тынады деп қорытады.

– Егер өзара таныстық, идеялар мен мүдделер ортақтығы жеке адамдарды байланыстыра алатын болса, – дейді Исмайыл аға, – онда тап сондай желеулер қоғамдық топтар мен ұлыстардың жақындасуына, халықтардың туысып, бірігуіне де тамаша қызмет ете алады ғой деген ойдамын.

Ол кезінде орыс отандастарға, империяны билеушілерге былай деп тікелей тілек білдірген-ді:

– Мұсылмандарға Россияны, оның тіршілігі мен заңдарын білу мүмкіндігін жасаңыздар! Олардың танымын кеңейтуге жағдай туғызыңыздар! Рухани өмірін жеңілдетіңіздер! Оларға  жаңа идеялар мен принциптердің оңай жетуіне қамқор болыңыздар!  Таза  да нәрлі білім ағыны тұншығыңқы дүниетаным мен көзқарас аумағын жаңғыртуға жол ашсын – сонда сіздер торығыңқы, маужыраған мұсылман бұқарасының тез тіріліп, жанданып, орыс жаны мен өмірін түсінуге ұмтылғанын көресіздер.

Соларды айта келіп, сондай тілектерінің қалай жүзеге асуы ықтимал болмағын да аян етеді:

– Бұған, әрине, озбыр әрекеттермен емес, тек қана мұсылмандардың өздерінің оқу құралдарына және тіліне сенім білдіру арқылы және орыс пен мұсылманның бір-бірімен төте қатынас жасауы жолымен  қол жеткізуге болады.

Ұлы ұстаз сондай ретпен салиқалы білім алған мұсылманның соқыр сенім мен иланымнан арылатынына, өзінің исламдық ұстанымынан еш айнымастан, қоршаған ортаға көзқарасын өзгертетініне сенімді. Бұл ретте өкіметтің тағы бірер қадам жасауы абзал:

– Менің ойымша, – дейді түркілердің рухани әкесіне айналған ғұлама,  – кезінде ілім-білім інжулерін терген тамаша оқымыстылар оқыған  атақты араб медреселерін Россия мұсылмандары игілігіне жарату жолында жаңғыртса, бұл орыстардың отан мен адамзатқа ұлағатты қызмет жасағаны болар еді.

Бұл іске қозғау салудың түкке тұрмайтынын айта кетті – әрі жеңіл, әрі арзан. Ал пайдасы ұшан-теңіз. Оның сонау ширек ғасыр бұрын түйген пікірінше – бар болғаны бас-аяғы он бес жылда орыс мемлекетіндегі мұсылмандық сапасын жақсартар еді. Шынын айтқанда, онысы соншалықты дәл болжам болмады. Бәлкім, Ресей-отанға артқан үмітінің ақталмағанынан да шығар...

Үміті ақталғанда –  надандық жайлаған діни қызметшілер орнына дамыған дін қызметі құрылымы келер еді, білімді улема-ғұламалар қатары көз тартар еді. Топас оқытушылардың орнына арнайы дайындықтан өткен білімді ұстаздар келер еді. Сонда бастауыш мектептерді заман талабы деңгейіне дейін көтеруге болар еді. балаларды тоқпақтау мен таяқ жұмсап оқыту тәсілі орнына, оқу  орындарына сабақ берудің жетілдірілген әдістемелерін енгізуге болар еді.  Осындай жолмен жүрген жағдайда – жалпыадамзаттық гуманизм идеялары мен нағыз білім негіздері бұқараға шапшаң жеткен болар еді.

Мұсылмандарды орыстарға тақалтуды көздейтін шараларға қатысты айтқан осы ойларын қорыта келіп, ұлы түркі және орыстың ең ашық досы Исмайыл бей жазбаларын мынандай қағидалармен түйіндеді:

Ең алдымен, орыс мемлекетіне қарайтын мұсылмандардың   Россияға жүрек қалауымен жақындасуына кедергі келтіретін жәйттер – білмеушілік, одан кейін – сенбеушілік.

Екіншіден, мұсылмандар ішіне отантану мен білім негіздерін орыс тілі арқылы таратуға тырысуды ақылға сыймайтын іс деуге болады. Орыс оқу орындары мұсылмандардың басқа топтарын айтпағанда, жоғары сословиесіндегі жүздеген жанның біреуін де өздеріне шындап тартпайды.

Үшіншіден, егер мұсылман медреселеріне қарапайым ілім-білім беру курстарын кіргізсе – мемлекетке ешқандай да залал келтірмей, мұсылмандар арасына зайырлы білім баруы жеңілдейді. Сонда дін қызметшілерінің, ортаңғы сословиенің ақыл-ой  деңгейі  көтеріледі және көптеген орынсыз соқыр сенім жойылады.

Төртіншіден, баспа ісін ашу  шарттарын жеңілдету керек.

Бұл төрт шартын ол билікке арнады деуге болар, ал мұсылман жастарының сауатты бөлігіне мынандай сөз айтты:

– Бауырлар, халыққа білім беру ісіне шындап кірісіңдер. Оқыған орыстардың көмегі мен жәрдеміне үміт арта отырып, олардың жақсы әдістерін бірге талқылап, кәдеге асырайық.

Ол әркімнің өзі оқып білуін – жетістік, ал білмейтінге өз біліміңді жеткізіп беру – одан да өткен жетістік, оң іс, игілікті, қасиетті іс деп бағалады.

– Біздің дін былай үйретеді, – деді ол, – жақсылықты үш түрде жасауға болады – еңбегіңмен, сөзіңмен және садақаңмен. Үшеуі де Алланың қалауына жауап береді, үшеуі де – асыл іс, тектіліктің белгісі. Кедей жақынына – жұмысымен, ғалым – ілімін үйретуімен, бай – садақасымен көмектеседі.

Содан ізгілікке үндеген нақылын туындатты:

– Сонымен, сіз оқыдыңыз, білім алдыңыз, енді мына ізгі ережені іске асырыңыз: алған біліміңізді өз жаныңызда сақтай бермеңіз, білгеніңізді жақыныңызға, тайпаластарыңызға үйретуге тырысыңыз. Бұл, бауырым, адалдық пен тектілік, бекзаттық болады.

Мейлі, қазір елемесін, бірақ болашақта халық сондай жандардың есімдерін ардақтап, қадірлейді.  Өйткені ғалымның сиясы азапкердің қаны секілді, құрметтеуге әбден ылайық. Болашақ ұрпақтың солай етері хақ...

 

***

Осылай тұжырымдаған көзқарасына беріктігін Исмайыл аға үш съезде де көрсетті. Бірақ өкіметтің ол артқан сенім үдесінен шығып келе жатқаны шамалы еді. Әйтеуір, қазақ елінде қазақ балаларына арналған орыс тілді мектептер жылдан жылға көбейіп келе жатқан. Мұғалім ретінде, маған елдегі оқу ісі жайында Міржақып досым көп әңгімелеген-ді. Басын  тамсана шайқап тұрып:

– Қырымдағы ұлы ағартушы Ысмайыл Гаспралының жазғандарын жақсы біледі екенсің, оны танитының, сөзін  тікелей тыңдағаның ғаламат екен, – деген. – Оның идеясы «Тәржіман» арқылы қырға да тез таралып жатқан еді ғой. Бірақ өкіметтің әрекеті керісінше, бұратана балалардың сауатын орысша ашуын көздейді.

Өзім де бұрыннан хабардармын емес пе, шындап келгенде, халық балаларын мектептер мен медреселерде оқытуды қалайтын. Бірақ отарлық билік оларды ашуға рұқсат бермейтін-ді. Сондықтан, қазақтар ауылдарда ұйымдастырған мектептерін билікке білдіртпей, балаларды көбіне жасырын жағдайда оқытатын. Жаңа тәсілмен оқытатын жәдит мектептері де көбейе бастаған.

Жәдидшілер жағырапия, тарих, табиғаттану, жаратылыс ғылымдары негіздерін, сондай-ақ орыс тілі секілді зайырлы пәндерді мектептерге кеңінен енгізу жағында-тын, ал бұл халық тілегіне сай келуші еді. Оқытудың жаңа әдістемесін де құп көрген.

Қырда да отарлық әкімшілік, миссионерлер қолдаған қадымшылар оларға қарсы болды. Мақсат түсінікті еді. Ильминскийдің ізбасарлары қадымшыларды фанатиктер деп атады. Және  сол орыс тілін білмейтін фанатиктерді орысша сайрап тұрған татарлардан өздеріне әлдеқайда жақын көрді. Біздің  мақсатымызға жақсы қызмет етеді деп санады.

Ал фанатиктерді ұнатпайтын ақсүйектер – жаман, жоғары білімді мұсылмандар тіпті жаман.  Сол себепті билік өкілдері  жәдидшілерге қарсы еді. Әйтсе де олардың тілегіне қасақана, жәдид мектептері Түркістанда, Қазалыда, Ақмешіт-Перовскіде,  Алматы-Верныйда, Ақмолада, Семейде, Ақтөбеде, Қостанай, Орал, Қызылжар-Петропавлда, Қапалда  жұмыс істей бастаған.

Есесіне, әкімшілік тек орыс мектебін бітіргендерді ғана «сауаттылар» қатарына жатқызды, ресми статистиканы тек үкімет мектептерінен алынған деректерге құрды.

Премьер Столыпин сондай тұғырға сүйенсе керек, енді ағарту министрі не дерін көрерміз...

 

***

Үшінші Бүкілроссиялық мұсылман съезі оқу-ағарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Съезд жұмысын бастаған 16 тамызда арнайы комиссия құрып, комиссия отыз үш мәселеге жүйелеп тұжырымдаған баяндама тармақтары бойынша екі күн бойы -18 және 19 тамызда талқылау жасады. Халыққа білім беру ісінде мұсылмандардың толғағы жеткен мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін комиссия белгілеген шаралар жарамды деп шешті. Баяндаманы бекітуге қаулы алды.

Сонымен, жалпақ империяның түкпір-түкпірінен жиналған сегіз жүздей делегат әр елді мекенде мұсылман балаларын бастауыш білім беретін мектеп болуға тиіс деп ұйғарды.  Қажет жерлерде екі класты училище көлемінде оқытылатын орта мектеп ашылуға тиіс. Ал осы мектептерде сабақ беру балалардың ана тілінде, араб әліпбиімен жүргізіледі.

Бастауыш мектептерге балалар сегіз жастан қабылданады, төрт жыл оқиды, мұнда орыс тілін оқыту міндетті емес.

Ал  орта мектептерде, оған бастауыш мектепті бітірген балалар қабылданады, оның да оқу мерзімі төрт жыл,  орыс тілі оқу бағдарламасына пән ретінде енгізіледі.

Мұсылманның әрбір ұл баласы мен қыз баласы үшін бастауыш білім алу міндетті болуға тиіс.

Мектепті басқару және оның оқу-тәрбие жұмысын қадағалау мұсылмандардың өз қолдарында болуға тиіс. Мұғалімдер  жергілікті қауымның жабық дауыс беруі арқылы тағайындалады.

Не керек, бастауыш мұсылман мектептері мен медреселерді толығымен қайта құрып, замиан талабына сай өзгерту, оларды меңгеруді мұсылман дінбасыларынан алып, қауымның өз қолына беру мәселесі қызу талқыланып, оң шешімін тапты.

Комиссияның ұсынысы – сегізден он бес жасқа дейінгі барлық мұсылман балаларын оқуға тарту жөнінде жергілікті діни басшыларға жоғарғы діни маһкамалар тарапынан шұғыл тапсырмалдар беру қажеттігі ду қол соғып, үлкен  шат сезіммен қарсыланды.

Діни істерді қайта құру мәселесін қарағанда, съез қазақ ауылдарының әрқайсысында бір-бір мешіт пен мектеп болуға тиіс екенін атап көрсетті. Мешіт имамдары бала оқыту ісіне қатысуға тиіс, егер оның ұстаздық қабілеті жоқ болса, онда жәмиғат арнайы мұғалімдер шақырып, мектепке сабақ беруге тағайындауға тиіс.

Бұдан басқа, комиссия «Шығыс және оңтүстік-шығыс Россияда тұратын өзге тектілер* үшін бастауыш училищелер туралы ережелер» делінетін, 1906 жылғы 31 наурызда халық ағарту министрі бекіткен құжатты мұсылмандар мүддесі тұрғысынан қарастырды. Оның он шақты тармағы оқушыларды бастауыш мектепте ана тілінде оқыту принципіне ерекше қайшы келетініне назар аударды.  Министрлік ережесінде бұратаналардың балалары сауатын бірден орыс тілінде ашатын жағдайды заңдастырған болатын.

 

*бұратаналар.

 

– Біз орыс тілін балаларға оқыту керектігін және оның жас ұрпақтың келешегіне өте пайдалы екенін мойындаймыз, – деді комиссия төрағасы Абдулла Апанаев, – алайда министр  граф Толстой бекіткен бұл ережелер мұсылмандар игілігіне қызмет ете алмайды.

Съезд делегаттары оны демдерін іштеріне ала тыңдады.

– «Ережелер» өзінің мазмұнымен-ақ біздің мақсатымызға қайшы екенін танытып тұр. Министрліктің алға қойып отырған міндеті халық мүддесіне жауап бермейді, оның аталмыш құжатын мұсылман арасына қолдануға болмайды. Өйткені оның күллі мән-мазмұны  –балаларды қаршадайынан орыс тіліне үйрету, орыс тілі негізінде империяның саналы азаматын тәрбиелеу, айналып келгенде, құжат білімді орысша беру мәселелерін тиянақтайды. Яғни, ағарту министрлігінің жаңа «Ережелеріне» тоқылған астарды бәрімізге түсінікті тілге аударғанда – мектеп оқушыларын жаппай орыстандыру болып шығады.

Залды наразы уіл кернеп кетті. Апанаев әріптестерінің тынышталуын сәл тосып тұрды да, комиссияның бұл ретте түйгенін аян етті:

– Ағарту  министрлігінің «Ережелерін» орыстан өзге текті, яғни бұратана  аталатын халықтар арасында жүзеге асыруға тырысу – жұртшылықтың наразылығын туғызады. Ел ішінде үкіметтік мектепке деген теріс көзқарас, жаппай сенімсіздік сезім оятады. Сол себепті өздеріңіз белгілеген комиссия бұл құжаттың күшін жойғызуға құрылтай атынан дауыс көтеру керек деп есептейді.

Делегаттар «дұрыс!» деп ду ете түсті. Қуаттап қол соқты.

Зал тыныштала бергенде, съезд төрағасы Әлимардан Топчибашев жер-жерден осы орайда келіп жатқан жеделхаттардан хабардар етті.

Бір телеграмма қазақ елі аумағынан – Жетісу мұсылмандарының көзі ашық өкілдерінен келіпті. Олар ағарту министрлігінің 31 наурыздағы ережелеріне жергілікті тұрғындардың қарсы шығып жатқанын хабарлай отырып,  үшінші мұсылмандар съезін сол наразылықты қолдауға шақырыпты.

Сосын Орынбордан келген  өкіл өлкедегі мұсылмандардың осы мәселені қараған жиналысының қаулысымен таныстырды. Олар министрлік ережелерін қолдануға қарсылық білдіру жайында шешім қабылдапты. Ал менің Көкшетау медресесіндегі ұстазым Шәймәрден Қосшығұлов Арқада орын алып жатқан жағдайды баяндады. Оқыту-білім беру ісінің бастықтары полиция арқылы молдалардан қолхат алуда екен, мәнісі – мектептер мен медреселерге міндетті түрде орыс тілін оқытатын мұғалімдерді қабылдап, жұмыс істету.

Осындай жағдайда құрылтайға ереже жайында үнсіз қалуға бола ма? Әрине, жоқ. Съезд атынан ағарту министрі мырзаға телеграмма жіберілді. Комиссияның 1906 жылғы 31 март ережесінің күшін жоюды съезд атынан сұрау жөніндегі ұсынысы қабыл алынды. Қаулы үкіметке жолданды.

Алайда олары, міне, сегізінші ай, жауапсыз қалды. Әлде мына заң жобасында ескерілер ме екен? Ағарту  министрі өзгерді ғой, бәлкім, басқаша көзқарас бой көрсетер?  Күтейік, көрейік...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052