Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жөн-ақ 39599 50 пікір 10 Сәуір, 2017 сағат 18:39

Зейнетақы қорындағы ақшаңызға үй алғыңыз келе ме?

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев және "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова бастап, партия мен банк өкілдері, журналисттер қатысқан отырыс болды. Отырыс барысында журналисттер банк басшысына әртүрлі сауалдар қойды. Сұрақтар негізінен мемлекеттік банк арқылы үй алудың түрлі тетіктері хақысында болды. Сөздің тоқ етерін айтқанда, алғыңыз келетін үйдің елу пайызын банкке салсаңыз (жинақтап) қалған сомасын банк беріп, үй алуыңызға болады. Қысқасы – осы. Ал, қазіргі нарықтағы бағамен алып қараған күннің өзінде жұмыссыз, бірақ үкіметтің есебіне «өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші» болып еніп кеткен, үлкен қаланың іргесінен үй жалдап, жан бағып жүрген мыңдаған адамдар банк арқылы алар баспананың 50% жинай ала ма? Бұл сұраққа ешкім кесімді жауап бере алмайды. Ал, біздегі есептердің бәрі орташа айлық жалақымен есептеледі. Банктер зейнетақы қорыңызға аударымдар жүйелілігін бәрібір талап етеді. Өйткені, төлем жасайтын жағдайыңыз бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Қайтпек керек? Осы ойларды қорыта келе, отырыс барысында банк басшыларына «кез келген зейнетақы қорындағы ақшасын банкке салып, соның есебінен үй алуға бола ма?» деп сұрадық. Ләззат Ибрагимова ондай жүйе қарастырылмағанын айтты. Демек, бұл мәселе ұдайы көтерілсе, Үкіметтің алдына шығарылса, түбінде шешімін табады. Мәселен, белгілі саясаттанушы, БЖЗҚ жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Досым Сәтпаев бір сұхбатында былай депті: «Үкімет зейнетақы жасын өсіруге бас қатырғанша, салымшылардың бір бөлігіне өз жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуына мүмкіндік беретін тетікті қарастырса, жөн болар еді». Сарапшының бұл сөзі біз сөз етіп отырған мәселеге үстеме береді. Яғни, Үкімет салымшыларға өз жинағының бір бөлігін шешіп алуға немесе Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" аударым жасау арқылы үй мәселесін шешетіндей механизмдерді қарастыруы тиіс. Мұндай қадам Үкіметтің өзін де тиімді әрі халықтың қолдауына ие болатын бастамаға айналар еді. Егер қоғамдық қозғау болса, Үкімет шешім қабылдаса, банк тарапы мұндай бастаманы қолдайтыны сөзсіз.

Нұра Матай

Abai.kz

50 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048