Тұрысбек Сәукетаев.МӘСТЕКТЕР МӘРЕГЕ БЕТТЕДІ
Екі жылда бір берілер Мемлекеттік сыйлықтың қалам ұстаған көп ағайынның бас ауруына айналғалы қашан. Қыр астынан қиқу шықса бітті - ұлы дүбір, қаурыт науқан басталды дей бер. Дәмегөй көп, қалпақпен қағып алар оңай олжа көріп, ерінбеген екінің бірі қойторысын баптамай-ақ борсаңдатып бәйгеге қосатын әдет тапты. Аламан бәйге емес, ГТО-ның нормасын орындау үшін өткізілетін жапатармағай жаяу жарыс сияқты. Мынау да жүйрік, анау да сәйгүлік. Соңғы оншақты жылдағы оза шауып бәйге алғандардың қарасы оған дейінгі барлық лауреттардың ұзын санымен қарайлас. Азаттық алғалы тынысымыз ашылып, шыныменен-ақ талантты шығармалар көбейді ме, әлде асыл мен жасықтың парқын ажырататын таразыдан әділдік кетті ме? Әйтеуір, қалай болғанда да , жыл өткен сайын бұл Сыйлық «мә, қоңқай!» деп ұстата салар әлдебір жомарттың қолындағы шүленге айналып бара жатқандай.
Екі жылда бір берілер Мемлекеттік сыйлықтың қалам ұстаған көп ағайынның бас ауруына айналғалы қашан. Қыр астынан қиқу шықса бітті - ұлы дүбір, қаурыт науқан басталды дей бер. Дәмегөй көп, қалпақпен қағып алар оңай олжа көріп, ерінбеген екінің бірі қойторысын баптамай-ақ борсаңдатып бәйгеге қосатын әдет тапты. Аламан бәйге емес, ГТО-ның нормасын орындау үшін өткізілетін жапатармағай жаяу жарыс сияқты. Мынау да жүйрік, анау да сәйгүлік. Соңғы оншақты жылдағы оза шауып бәйге алғандардың қарасы оған дейінгі барлық лауреттардың ұзын санымен қарайлас. Азаттық алғалы тынысымыз ашылып, шыныменен-ақ талантты шығармалар көбейді ме, әлде асыл мен жасықтың парқын ажырататын таразыдан әділдік кетті ме? Әйтеуір, қалай болғанда да , жыл өткен сайын бұл Сыйлық «мә, қоңқай!» деп ұстата салар әлдебір жомарттың қолындағы шүленге айналып бара жатқандай.
Өзімізге жақпағанды өлтіре жамандайтын әдетімізбен, қара есекке теріс мінгізіп қалай күстаналасақ та кешегі Совет үкіметі тұсында дәл мұндай келеңсіздікке жол беріле қоймайтын. Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі шын мәнінде биік еді. Бүгінгідей әркім өз «лағын теке қойып» бақылдатпай, әдеби жұртшылықты елең еткізген талантты туындылар, көбінесе қабырғалы қаламгерлердің кезеңдік елеулі шығармалары бәйгеге сұрыпталатын. Сарапшылар да беделді, атынан ат үріккендей өңкей білімпаз марқасқалар, талап күшті, таразы әділ. Ондай комиссиядан жорға жүрісті жылпостардың жол тауып өтіп кетуі неғайбылдау. Бәрі десек көлгірсу болар, сол кездегі Мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың басым көпшілігі әдебиетіміздің мерейін асырған классикалық туынды екеніне ешкім дау айта қоймас. Социализм идеалының ықпалы болғанмен, қай-қайсы да көркемдік қуатпен шебер кестеленген, рухани қазынамызға олжа салған кемел дүниелер. Ал қазіргі бәйге алды деп үкі таққан шығармалар жайлы бұлай айта аламыз ба? Өкінішке орай, ілу де біреу болмаса, тұшынып тіл ұшына оралары шамалы. Тайыншаға шаңырақ артқан көш кетіп бара жатқандай траге-комедиялық бір күлкілі кереғарлық көз алдыңа елестейді. Құр дақпырт пен даңғазаның қызыл желіне семіріп сыртымызды қанша қампайтқанмен күйкіленіп, ұсақтап, ергежейлілер еліне айналып бара жатқандаймыз. Бойымыз емес, ойымыз. Бүкіл рухани құндылықтардың бәсі төмендеп, мәртебесі пәс тартты. Ақылдының басы емес, ақшалының бөксесі төрде. Құлатөбел халтура - лауреат. Байшыкеш пен бишікештердің біразы бір емес бірнеше «ғылымның» докторы. Кандидаттықты қазір ешкім менсінбейді. Біз білетін білімпаздардан тек Мұхтар Мағауин ғана ғылым кандидаты. Қаптаған доктор, қаулаған академик. Бірақ ғылым жоқ. Әдебиет пен өнер де осы таз кепешті киіп отыр. Компьютердің әупірімімен ылдалға жарайтын әләулайлар Әлібек пен Розаларды эфир мен экраннан ысырды. «Ауылдың алты ауызын» шығаруға қауқары бар тақпақшылар, жұмбақ-нақал құраушылар ақын-жазушы атанды, іші пысқан кешегі партократтар қаламды хоббиға айналдырды. Ол аздай, түлкі құрсақ кейбір лакей жазушыларымыз отқа май құйып, халтураның құлатасқынын одан ары үдете түсті. Мұрнынан есек құрты ыршыған байлар мен атқамінерлердің аты-заты белгісіз «би», «батыр» бабалары туралы, «ақысын берсе, боқысын шығарып», том-том «баһадүр-нәмелерді» боратып жатыр. Кітапхана мен дүкен-дүңгіршектердің сөресін қайыстырып тұрған солар. «Шөп те өлең, шөңге де өлеңді» оқи-оқи көңілі қалған оқушы кітап көрсе теріс айналатын дәрежеге жетті. Көріп жүргеніміздей, қазір қазақ мүддесі жайлы жазылған шығармалар көбінесе тендерден шетқақпай қалады, әншейінде қол ұшын бергіш мырза демеушілер де енжар. Есесіне ру, жүз, пәленшекеңнің ата-бабасы туралы жазылған жалған мадақ желбуаз шимай «роман», «дастандар» сиясы құрғамастан алтынмен апталып тосқауылсыз шығып жатады. Осыған қарап, қазақ болудан қалып барамыз ба деген күдік көшеді екен көңілден. Кейбір жалған патриоттар бақайын басқандай баж етсе де мейлі, біле-білсек ұлт үшін бұл да ергежейліліктің бір белгісі. «Мемлекеттік сыйлық ең шебер жазылған үздік шығармаға беріледі» деген түсінігіміз лайлана бастады. Халтура оған да ауыз салды. Таразы қисық, планка төмен. «Қалауын тауып қар жағып» жүргендер ненің Сыйлық алатынын біледі, сондықтан соны жазады. Бұл күнде бәйгеге шығарма емес, автор қосылады. «Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар» қағидасы атжарысына болмаса, парасат бәйгесінің жөн-жоралғысына жараудан қалып бара жатқандай. Бүйте берсек, түптің түбінде, Сыйлық аламыз ба деген дәме-дүрмекпен әдебиетімізді жағымпаздардың жарапазанына айналдырып жібермесімізге кім кепіл? Әлдекімдердің көңілін табу, үдеден шығу басты критерий сияқты. Дәмегөйлердің қазір жарыса ода, әртүрлі мадақнәме жазуға көшкені сондықтан. Жағымпазданғысы келмейтін, бірақ Сыйлықты бек алғысы келетін бір адуынды ақынымыздың бес рет бәйгеден беті қайтып пұшайман болған соң, ақыры «жатырыңнан айналдым, пәленше ру» деп жырлап, алтыншы рет әупіріммен «бақыт құсын» қолына қондырғанын білеміз. Мемлекеттік сыйлықтың әдеби қауым арасында беделі түсіп, қадыры қашты, ол туралы нетүрлі шымшыма әңгімелер де баршылық. Бертінде әйгілі жазушымыз Әкім Тарази Сыйлық алғанда қаламдас бір інісі телефон шалып: «Төмендеуіңізбен!» депті. «Қалай?» дейді түсінбей қалған Әкім ағам. Сонда анау: «Бұрын Сіз классик Әкім Тарази едіңіз. Енді анау-мынаулар ала беретін Мемлекеттік сыйлықтың көп лауреаттарының бірі ғана болдыңыз!» депті. Астарлы, ащы қалжың. Сыйлық алу жоғары мәртебе болудан қалып бара жатқанын осындай емеуріннен-ақ аңғаруға болатындай.
Биылғы Сыйлыққа ұсыну науқаны да зор дүрбелеңмен өтті. Дауыс жинау үшін кісі салып, танысының танысын іздеп алашапқын боп алақтаған ағайынның түрін көргенде, не күлеріңді, не аярыңды білмейсің. Үміткер көп. Кеудесіне нан піскен ағайынның қайсысы, өзін өзгелерден кем санасын. Анау алғанда мен неге алмаймын дейді. Мәселе анаудың алғанында болып тұр ғой. Әдебиеттің арайлы биігін «анаулар» ойнақтап жайдақ төбеге айналдырмағанда қаратобыр мұншалық омырауға сап екпіндемес еді. Осы жылғы өзін өзі ұсынғандардың ұзын қарасы жүздің аржақ-бержағына жетіп жығылған болар-ау. Екшеліп, мәртебелі комиссияның алдына барғанының өзі жиырмаға жуық. Балшығы мен қылшығы аралас.
Өткен жолы үкілеген екі ақынымыз мәреге жетпей сүрініп, әдебиет Сыйлықтан олжасыз қалғаны белгілі. Несіпбек пен Серіктің қазіргі маңдайалды ақындарымыз екеніне ешкімнің таласы жоқ. Сыйлық алған «анауларды» он орайтын ақын. Несіпбек, тіпті басты шартты орындап, «Бәйтерегімен» үлкен жүрекке жол тапса да бергілердің ілтифатына іліне алмады. Қап, әттеген-ай дестік қайрансыз. Әйтсе де осындай ақындарды тақиясына тар санаған комиссияға бір жағынан көңіліміз жылып, шынымен-ақ талғамды биіктетіп, талапты қатайтқан екен деп жүрек түбінен бір жақсы үміттің жылт еткені тағы да рас. Өкінішке орай, ол үмітіміз ақталмады. Биылғы Сыйлыққа ұсынып, мәртебелі комиссияның ғұзырына жүгінген шығарманың бірі - Мұхтар Мағауиннің әйгілі «Жармақ» романы. Шығарма Прагада басылып шығысымен-ақ жұртшылық қуып жүріп оқитын бестселлерге айналды. Оқырманның тілек-өтінішімен, бірер жыл мұғдарында «Жамбыл», «Жұлдыз» журналдарында қайталап жарияланды. Жұрт кітаптан безінген заманда осынша қызығушылық туғызуының өзі-ақ шығарманың қадір-қасиеті қандай екенін әйгілесе керек. Формалық жаңашылдық, шиыршық атқан ішкі динамика, төгілген көркемдік кесте... дейсіз бе - қай тұрғыдан қарасаңыз да «Жармақ» - әлемдік озық үлгіде жазылған қазақ әдебиетінің кезеңдік туындысы. Бостан дәуірдегі жаңа әдебиеттің басы. Жазушы адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың бітіспесе қайшылығы арқылы қоғам өміріндегі рухани дертті шеберлікпен айшықтайды. Ә.Меңдеке, Г.Бельгер, академик С.Қасқабасов, А.Тойшанұлы т.б. көрнекті әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыз «Жармақтың» көркемдік қатпарын терең барлап, әр аспектідегі ерекшеліктері туралы байсалды талдау жасағаны көпшілікке кеңінен мәлім. Осындай шығарма қара үзіп «қарақшыға» жетсе, мәртебелі Сыйлық үшін мерей емес пе. Әдебиеттің абыройын ойлаған Жазушылар одағының басшылары да Сыйлыққа «Жармақты» бірауыздан қолай көріп, барынша қолдап еді. Бірақ, күлкілі болғанда, бәйгеге қосылған жиырмаға тақау туындының ішінде ең төменгі баға алған «Жармақ» болды. Екі-ақ адам дауыс беріпті. Осыдан кейін әділдік туралы не айтуға болады. Бір жағынан, «Жармақ», лакмус қағазы сияқты, әділ қазылардың әділдігі қаншалықты дәрежеде екенін айқындап берді. Сонда жиырма бір мүшенің ішінде шығарманың шынайы бағасын білетін, азаматтық ұстанымынан айнымайтын бар-жоғы екі-ақ адам болғаны-ау? Өкінішті-ақ! Қайда құлдырап барамыз? Жалпы, бұлақты басынан былғап жүрген осы үлкенді-кішілі комиссиялар. Мәртебелі Сыйлық беделінің жыл өткен сайын төмендеуіне үздіксіз үлес қосып келе жатқан осылар.
Жақында белгілі бір қаламгер ағамызбен сөйлестім. Беделді Комиссияның мүшесі. Әңгімеден әңгіме туып, Пәленшекеңнің Сыйлыққа ұсынылып отырған пәленше кітабы туралы пікірін сұрағам. «Оқыған жоқпын», деді. Таң-тамаша боп бетіне қарадым. «Сонда қалай дауыс бердіңіз? «Әй, шырақ, кімнің қалай жазатыны белгілі емес пе? Осы дұрыс-ау дегенге өзара алдын-ала пәтуаласып аламыз», деді ағатайым ағынан жарылып. Міне, «сенген қойымыздың» сиқы! Бізде әдебиеттің тағдырын шешетін ғұзырлы комиссиялар, әдетте, бірен-саран білікті тұлғалар болмаса, көбінекей әлеуетті әлдекімдердің шарафатымен қызмет алып, қызметіне қарай шен-шекпен киіп жүрген ЖШС-ның президенті, меншікті баспа-басылымдардың басшысы сияқты болымсыз шенеуніктерден жасақталады. Әлбетте, олар ештеңе оқымайды, не оқыса да ештеңенің байыбына бойлап бара қоймайды. Құдай біледі, «Абай жолын» «Бабай жолы» деп Сыйлыққа ұсынсаң, оны да тырапай астыра салатынына күмән жоқ, ең бастысы, жоғарыдағы жуан иектің изеуіне қарай әрекет етеді, одан қалды елдес-жерлес, дос-жолдас, дастархан басындағы ықыласқа бүйрегі бұрады. Олардың әділдік, кісілік туралы ойлау категориялары осындай күлкілі де күйкі, тар шеңбермен шектеледі.
Өз басым Тұманбай, Қадыр, Дулат ағаларыма қынжылдым. Үшеуі әдебиетіміздің үш корифейі, үш бәйтерегі емес пе. «Жармақ» үш дауыс алғанда, бүйтіп шаршап, бұлай таусылмас едім. Бірақ біреуі емес, үшеуінің де дауыс бермегеніне сенімім кәміл. Пенделік осалдыққа бой алдырғаны хақ. «Бізден бұрын бұл неге екінші рет Сыйлық алады» деген қызғаныш дей алмаймын, күйкі тірліктегі өзара күреңқабақ кейбір кикілжіңдерін кешіре алмаса керек. Бір-бірінің аңдаусыз бақайын басып кеткен жерлері бар шығар. Онсыз тіршілік бола ма? Бірақ сондай ұсақ-түйек үшін Ұлы мәртебелі Әділдік пен Кісіліктің жолынан жығылатынымыз қалай? Сыйлықты Мағауин алғанмен, мерей әдебиеттікі еді ғой. Әдебиеттің ары мен обалын үш класиик ойламағанда, басқа қиқым-сиқымнан не қайыр? Оларға өкпе артудың өзі артық. Бөксесі төрде болғанмен басы әдебиеттің босағасынан сығалауға жарамайтын болымсыз атқамінерлер кімнің көсегесін көгерте қояр дейсің. Әлде үш ағам «Жармақтағы» заманның шындығы мен сұмдығын шыжғырып тұрып бетіне басқан ащы мысқыл, аяусыз әжуадан тіксінді ме екен? Әйтеуір, түсініксіз хал. Осындайда алыстап кеткен кейбір асыл ағаларымыздың ер мінез, мәрттігін еріксіз еске алып күрсінеді екенсің. Баяғыда Бейімбет Ілиястың «Құлагерін» оқығанда шын тебіреніп: «енді біздің өлең жазғанымыз ұят!» деп поэзияны біржола қойып кетіп еді. Сол Би-ағаң 38-жылы ұсталғанда: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» деп қасқайып қарсы тұрған Ғабең қайда? Күні кеше Шер ағаң да (Шерхан Мұртаза) сондай мәрттіктің өнегесін көрсеткен жоқ па. Классик жазушы С.Мұратбековтың өмір мен өлімнің арасында жатып Мемлекеттік сыйлықты әзер алғанын білеміз. Оның өзі де Шерағаңның арқасы. Сайын ағамыз соңғы турда бір-екі дауыс кем алып өтпей қалады. Сонда Шерағаң айғайлап атып тұрған ғой: «Ау, ағайын, бұл қалай? Аты-жөні белгісіз әлдебіреулерді өткізіп, әдебиеттің классигін құлатқандарың ұят емес пе? Әділет қайда? Мұратбеков классик қой. Егер бұл Сыйлықты Мұратбеков алмаса, мен комиссиядан шығам!» деп қайта дауысқа салдырады.
Кісінің кісілігі осындайда танылады ғой. Әйтпесе, екі ағамыздың тіршілікте бұршақтары бір қазанда пісе бермейтіні біраз ағайынға мәлім. Қаржасып, ұстасып жүретін. «Алмасаң - одан ары!» деп, мұртын сылап отыра беруіне әбден болар еді, бірақ Шерағаң отыра алмады. Өзін асқақтатқан қасиетті Сөздің киесінен қорықты.
Қайран бекзаттық пен мәрттіктің соңы Шерағаңдармен біткені ме?
Тағы бір түйткіл - жоғары жақтағылар биылғы жылғы үміткерлердің қатарына Ж.Нәжімеденовті де тықпалады. Аруағыңнан айналайын Жұмекен ағамыз - қандай Сыйлыққа болса да лайықты, ұлы ақын. Әйтсе де, аруақ пен тірілерді жағаластырған қалай болар екен? Бұл жайында Н.Айтұлы т.б айтулы қаламгерлер «Жас Алаш» газетінде көкейге қонатын біраз қисынды пікір айтты. Расында, жаңа Ереже бойынша Сыйлықты дүниеден өткен адамдарға да беруге болатын болса, аруақтарды алаламай түгел риза қылу ләзім.
Сонау арыдағы Қасымға бармай-ақ, берідегі Бердібек, Сағи ағаларымыздан атбасын қайырсақ, содан бергі Кеңшілік, Маратқа дейінгі аралықтағы марқасқаларымыздың саны кем дегенде 25-30-ға жетеді екен. Екі жылда бір рет бір ғана адамға берілетін Сыйлық соларды түгендеп шыққанша, қазіргі дәмілілер, ең берісі жүз жасағанның өзін де, әлдеқашан о дүниеге аунап кетері сөзсіз. Сонда бұл Сыйлығыңыз тек аруақтарға ғана берілетін марқұмдардың марапатына айналмай ма?
Ал егер Жұмекен ағамызды гимннің авторы ретінде ұсынған болса, екінші авторды неге шет қалдырады? Шынын айту керек, «Менің Қазақстаным»- Ж.Нәжімеденовтің маңдайалды шығармасы емес, мектеп оқушысына арналған қатардағы тақпақ. Жұмекен ақынның ұлылығы оның сүбелі басқа шығармаларында. «Менің Қазақстанымды» гимнге лайықты мазмұнмен байытқан екніші автор. Гимн мәтініндегі бұл редакциялық толықтырудың мән-маңызы жөнінде оқымысты Ш.Елеукенов «Егеменді Қазақстанда» жариялаған мақаласында терең талдап айтқан болатын. Ендеше мәртебелі комиссия мұны неге назардан тыс қалдырды? Әлде Нұрекеңе Мемлекеттік сыйлықты қомсына ма? Түсініксіз!
Қалай болған күнде де Мемлекеттік сыйлық төңірегінде тиянақтай түсетін мәселелер баршылық. Әсіресе шығармаларды іріктеп, әділ сараптау үшін комиссияға талапты күшейткен абзал. Атамзаманнан бері мүше боп мүлгіп отырған мумиялар мен ұсақ-түйек атқамінерлерден арылмай іс оңға баспайды. Комиссия жоғарыдағылардың иегінің астында адаспайтын, азаматтық ұстанымы берік, әдебиет пен өнердің беделді тұлғаларынан жасақталуға тиіс. Бұл ретте өзге елдердің тәжірибесінен үйренген де артық бола қоймас. Өткен жылы көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай Украинаға барған сапарынан ізгілікті бір өнегені тамсанып айтып келіп еді. Ол елде Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия әр сала бойынша жыл-онекі ай тұрақты түрде жұмыс істейді екен. Республиканың түкпір-түкпірін аралап, жылт еткен талантты дүниені қағыс жібермей түгел жинап, ішіндегі жүйріктің жүйрігіне ғана үкі қадайтын көрінеді. Біздегілер көзіне шұқып көрсетсең де жақсыны көрмейді, мұрнына тақап иіскетсең де мәу демейді. Талантты тану жоқ. Оған бітім-болмысы бөлек «Жармақ» сияқты шығарманың мәреге жетпей құлауы айқын мысал. Бәйгеге түскен шығармалардың, екшеуден өткені бар, өтпегені бар, қай-қайсысы болмасын автор үшін де, тіпті әдебиет үшін де белгілі дәрежеде елеулі туынды шығар. Оған таласымыз жоқ. Бірақ солардың ешқайсысы «Жармақпен» иық теңестіре алмайтыны адамға да, Аллаға да аян. Салыстырып айтсақ, тұлпар мен тұғырды жарыстырғанмен бірдей. Тұлпар демекші, бұл да бір тағдырдың тәлекек еткен ишарасы шығар, тұяқтының тұлпары Құлагерге ескерткіш орнатып, есті қауым Арқа төсін дүбірлетіп жатқан тұста, Алатаудың баурында «ұжымдық батыраштар» әдебиеттің қара шалдырмас Құлагері - «Жармақты» орға құлатты. Жүз жыл өтсе де батыраштардың қолынан топастық пен бақастықтың шоқпары түспепті.
Хош, сонымен Құлагер құлап, мәстектер мәреге беттеуде. Ой аласарған жерде бар нәрсенің бағасы төмендеп, бәрі пәс тартады. Бірақ бізге бәрі жарасып тұр, шымкентше айтқанда, «қауын жоқта бәдірен де қауын». Енді «барымен базар» деп Қүлтөбенің басында күмпілдегеннен басқа не қалды. Құлатөбел болса да бір төбелдің тілеуін тілеп тақымымызды қысайық. Әдебиетіміз олжасыз қалмасын деген тағы да сол жалған намыс қой баяғы. Тұлпарымызды тобықтан қағып тоңқалаң асыра берсек, түптің түбінде бәйгеге есек қосып, мәз болатын күн де алыс емес-ау, ағайын.