Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 8670 4 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 19:58

Шекарада тоналған жесір ананың ақшасы қайтқан жоқ

Әлеуметтік желідегі жұрт пен қазақтілді сайттардағы әріптестеріміз желпініп, «Шекарада тоналған жесір ананың ақшасы қайтарылатын болды» деп жатыр. Әсілінде олай емес. Біз Мәуітхан Гүлжанның ұлы Әділбекпен хабарласып, істің мән-жайын сұрап білдік.

-Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының соты (судья Б.Н. Мергенбаев) Майқапшағай кеден бекетінде тәркіленген 49, 900 доллардың тек 9 900 долларын ғана қайтару туралы шешім шығарды. Қалған қаржы қазынада қалатын болды, - деді Әділбек Мұқташұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Мәуітхан Гүлжан ақпан айының 8-і күні Қытайдан Қазақстанға балаларымен және інісімен бірге көшіп келу үшін ШҚО Зайсан ауданына қарасты Майқапшағай кедендік бекетінен өтеді.

Күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан баспаналы болуды көздеген екен.

Шекарадан өткен екі кішкентай баламен қоса есептегенде жеті адамның қалтасында жалпы жиыны 49,900 АҚШ доллары болған. Яғни, Мәуітхан Гүлжанның өзінде - 19,700, бірге туған інісі Мәуітхан Мұқияттың қалтасында - 10,500, ұлы Мұқташұлы Әділбектің жанында - 9,900, жиені Сайлан Мейрамбектің қалтасында - 9,900, жиен келіні Гүлжанат Солтікеннің қалтасында 9,900 АҚШ долары болған.

Гүлжан Мәуітханның айтуынша, оларды Майқапшағай кеден бекетіндегі шекара қызметкерлері бақылау терминалынан «құжаттарыңыз толық, бәрі заңды» деп өткізген. Алайда, бар мәселе осы «бәрі заңдыдан» кейін басталғанға ұқсайды.

«Шекара торынан Қазақстанға қарай шығарып салатын автобусқа отырған кезімізде артымыздан қуып келіп, қайта тексерді. Меніңше, бұлай істеуі заңға қайшы. Сосын, бәрімізді бақылау терминалына қайта тізіп алып кіріп, шешіндіріп, қойны-қонышымызды ақтарды. Тіпті, жылағанына қарамай, 3 жастағы және 8 жастағы екі баланы да шешіндіріп, тұла бойын тінтіп шықты. Жоғарыда аталған бесеуміздің қалтамыздан шыққан 49,900 АҚШ долларын түгелдей сыпырып алды. Бізде жолда тамақ алып ішетін, жолға төлейтін, қонақ үйге жататын көк тиын ақшамыз қалмай, екі ортада дағдарып қалдық. Ақыры бір таныс кісілердің көмегімен Зайсан қаласына келген кезде менің жүрек ауруым ұстап, есімнен танып, жедел жәрдеммен емханадан бір-ақ шықтым. Ол жерде де тағы бір қырсық дайын тұр екен. Көші-қон заңы бойынша, Қазақстан азаматтығын алғанша, осы елдің азаматы ретінде қаралатын «ықтиярхат» куәлігім болса да, емханадағылар: «Сіз шетел азаматы екенсіз. Емделуіңіз де ақылы болады» деп басымызды қатырды. Шырқырап жүгірген ұлым Алматыдағы таныстарынан ақша алдырып, емханаға жатып, зорға аман қалдым», – дейді ол (сілтемені қараңыз).

Қандастарымыздың басындағы бұл халге дер кезінде Нұр Отан партиясы мен Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да назар аударған болатын (сілтемені қараңыз).

Әділбектің сөзінен біліп отырмыз, әлеуметтік желі мен дәстүрлі БАҚ-тың бетінен көрініс тапқан мәселе әлі біржақты шешілмегенге ұқсайды.

-Судья бізге 15 күннің ішінде қайта шағымдануға болатынымызды айтып түсіндірді. Біз кеденнен өткен кезде декларацияны дұрыс толтырмаған екенбіз, - дейді Әдлібек Мұқташұлы.

Редакциядан: Мұқташ әулетінің жай-күйі мен заң орындарының шешімін Abai.kz ақпараттық порталы әдеттегідей бақылауында ұстайтын болады.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052