Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 5821 1 пікір 13 Сәуір, 2017 сағат 12:39

Атақты маскүнеммен сұхбат

- Аса құрметті Күндемас Басжазарұлы, сіздің атақты маскүнем екеніңізді бүкіл қала жұртшылығы жақсы біледі. Айтыңызшы, не үшін іше бересіз?

- Өте орынды сұрақ. Бірақ неге іше беретінімді өзім де білмеймін.

- Кейбір маскүнемдерден неге іше бересің деп сұрасаң, «іш, іш» деп шайтан түртіп тұрады, - дейді. Сізді шайтан түртпей ме?

- Шайтан дегенмен шаруам жоқ.

- Шайтан түртпейтін болса, неге іше бересіз?

- Ой, сіз түсінбейсіз ғой. Мен тектен-текке ішпеймін.

- Сонда енді не үшін ішесіз?

- Мен елдің, жердің, қоғамның жағдайын ойлағандықтан ішем ғой. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз?

- Анығырақ  айтсаңыз.

- Мен енді бәрін тізе бермей, қатты ішіп кеткен кездерімді айтайын. Сонау бір жылы банкке салған ақшамның 500 мың теңгесі күйіп кетті. Өліп-тіріліп жинаған ақ-шам ғой. Сосын мен де күйіп кеттім. Әйда, сілтедім кеп. Естен танғанша іштім.

- Енді сіз сілтеді екен деп, банк ақшаңызды қайтарып бермейді ғой.

- Мәселе банкте емес, мәселе Үкіметте болып тұр ғой. Біздің Үкіметте «бет» болды ма? Көк тиын да қайтарып берген жоқ. Сосын сілтедім. Өшімді «ақаңнан» алдым.  Әйтпесе, сілтеп жыным бар ма?

- Иә, содан кейін.

- Біз өзі қаланың шетінде тұрамыз, мал ұстаймыз. Бірде қорамдағы бұзаулы сиырымды, құлынды биемді бір түнде ұрлап кетті. Сотқа арызданып едім, сот: «Сіздің бар малыңызды елімізде әбден байып, Англияға былтыр қашып кеткен атақты жемқор Қарынбаев Жайынбай ұрлапты. Соны сыртынан соттап, 15 жылға үкім шығардық» - дейді.

- Ау, айналайын, сот, ау, көке, менің малым былтыр емес, бір ай бұрын ғана ұрланған десем, «жоқ, былтыр ұрланған, біз атақты бақсыға бал аштырдық,  Англиядағы Қарынбаев ұшақпен келіп, алып кеткен» деп бет бақтырмайды. Ал енді осындай сотқа қалай күйіп кетпейсің, қалай ішпейсің?

- Сіз ішкенде сот басқа үкім шығарар дейсіз бе?

- Сот басқа үкім шығармайтынын білген соң ішкен жоқпын ба? Әйтпесе, ішіп жыным бар ма?

- Иә, содан кейін.

- Осы менің маскүнем болуыма теледидар деген «пәле» кінәлі. Содан небір «қызықты» көремін де, ішемін кеп.

- Қандай қызықты айтып отырсыз?

- Ой, қызық көп қой. Мәселен, Парламенттегі ата сақалы аузына біткен қазақтар-дың қазақша сөйлемейтіні, сөйлей алмайтыны қандай қызық.

- Енді олар қазақшаны басқа ұлт өкілдері түсінбейді деп ұялады ғой.

- Иә, сол ұялғанының өзі қандай қызық десеңші. Біздің биліктегілер өте ұялшақ. Үкіметтің мәжілісін қараңызшы. Бірыңғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлейді. Беті ашылмаған қыздай қандай ұялшақ Үкімет! Мұндай ұялшақ Үкіметті, ұялшақ Парламентті еш жерден, еш елден таппайсың ғой, таппайсың. Ол елдердің Парламенттері де, Үкіметтері де барып тұрған «бетсіз». «Ұялмай, қызармай»,  өз тілдерінде сөйлей береді. Отырған басқа ұлт өкілдерімен шаруасы жоқ. Тым болмаса біреуі біздің Үкімет пен Парламенттен үлгі-өнеге алсайшы. Жоқ, алатын түрі жоқ «бетсіздердің».

- Сонда біздің Үкімет қазақша неге сөйлемейді деп ойлайсыз?

- Оны кім білсін. Мүмкін қазақша сөйлесек, арқамыз құрысып, шекеміз тырысып, тіліміз бүрісіп қалады деп ойлайтын шығар.

- Сіз жаңа біздің Парламентті де, Үкіметті де беті ашылмаған қыздай ұялшақ дедіңіз. Сонда олардың «бетін» кім ашады, қашан ашады? Әлде ашылмай жүре бере ме?

- Пәтшағар, сұрағың қандай бұзық еді. Жауап беруге ұялыңқырап тұрғанымды қараңызшы. Осыны Үкіметтің өзінен сұрасаңыз дұрыс болар еді. Егер «бетін» ашуға келіссе, тегін-ақ ашып берер едім.

- Күндемас Басжазарұлы, Сонда сіз қазақша сөйлемейтін Үкімет үшін ішпейсіз бе?

- Неге ішпеймін, ішемін. Маған сылтау керек. Бірақ мен ұялшақ Парламент пен ұялшақ Үкімет үшін де, қазақшаға аузы қисаймайтын ұялшақ министрлер мен әкімдер үшін де, жоғары лауазымды шенеуніктер үшін де, теледидардан қазақша қойған сұраққа орысша жауап беретін ұялшақ кемпір-шалдар үшін де ұялыңқырап отырып, іше беремін. Осылар мені әбден маскүнем қылып болды.

- Сонда сіз бұларға күйінгеннен ішесіз бе, жоқ әлде сүйінгеннен ішесіз бе?

- Бірде күйінгеннен, енді бірде сүйінгеннен іше беремін.

- Күйінішіңіз көп пе?

- Көп қой, көп. Қазақ көші неге тоқтап қалды деп күйінемін, жетім қазақ балаларын жылатып, неге шет елге саттық деп күйінемін, қол жетімді баспанаға неге қол жетпейді деп күйінемін, мыңдаған қазақ қыздары неге байға шыға алмай жүр деп күйінемін, өмірімізге нәр беретін, сән беретін стратегиялық маңызы зор нысандарды неге кәріс, қытай үндіс сияқты жат жұрттықтарға беріп қойдық деп күйінемін, құдай жаратқан жерімізді, көлімізді, тауымызды, орман- тоғайымызды неге жекеге саттық деп күйінемін. Ой, мен күйінетін нәрселер көп қой, көп.

- Сонда осылардың бәрі үшін күйініштен іше бересіз бе? Жанып кетуіңіз мүмкін ғой.

- Әрине, оңай емес, денсаулық та дал-дал болды.Сонда да ішпесем, мұрным қышиды, табаным ысиды, шекем тырысады, арқам құрысады, қолым қалтырайды, буыным сырқырайды, тізем дірілдейді, көзім іріңдейді, тамағым құрғайды, басым қалтылдап, бір «орнында» тұрмайды.

- Астапыралла, астапыралла! Не деп кеттіңіз? Неге доқтырға көрінбейсіз?

- Ау, айналайын, оның емі «анау» ғой, «ақаң» ғой. Қырлы стақанмен біреуін қылғытып жіберсем, «манағының» бәрі қоя қояды, жым болады.

- Денсаулығыңыз дал-дал болса, қоймайсыз ба?

- Жо...жоқ, қоймаймын, қоя алмаймын. Мен «ұялшақ» Парламент пен Үкіметіміз  «ұялмай» таза қазақша сөйлегенше, бойдақ  қазақ қыздары түгел байға шыққанша, Англияға ұрлап әкеткен малдарымды қайтарып бергенше, іше беремін, іше беремін, іше беремін.

Дамир ӘБІШЕВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052