Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 6285 4 пікір 20 Сәуір, 2017 сағат 15:23

Сенатор: Санасыз депутат жоқ!

Cенатордың сөзі: «Депутаттарды сынайсыздар кеп, сонда оларды кім сайлады?»

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова депутат мандатын иемденіп жүрген әріптестері туралы сөз етті.

Жақында Астана жақта Ұлттық комиссия құрылыпты. Ол әлеуметтік сананы модернизациялаумен айналысатын көрінеді. Иә, қоғам санасын түбегейлі жаңғырту керек-мыс. Қалай?

«Депутаттарың есі бар, санасыз депутат жоқ. Бізге тек алға жүру, даму керек. Өз еліміздің, территориямыздың, Мемлекетіміздің мүддесін қорғауымыз қажет. Сіздер депутаттарды сынайсыздар кеп. Мен сұрайыншы: сонда оларды кім сайлады? Сайлаушылар сайлады ғой. Сенаторларды сіздер жанама түрде, мәслихат арқылы сайлайсыздар.  Міне, ендеше. Таңдағанда, ең лайықтыларын сайлаңыздар.  Меніңше, халық ең лайықты депутаттарды сайлады», - дейді Бірғаным Әйтімова.

Әйтімова ханымның сөзін қазақшаға қотарып отыр түйгеніміз – депутаттарды халық сайлайды екен.

Біле жүріңіз! Бір мандаттық сайлау жүйесі тоқтағалы бері, депутатты халық сайламайды, сенатор ханым. Біз партиялық сайлау процессіне өткенбіз. Партиялық сайлаудың өзі Парламенттің төменгі палатасында ғана жүзеге асады. Мәжілістің 107 депутатының есім-сойын ел білмейді. Мәжілістің 98 депутатын партия кеңесі анықтайды. 9 депутат ҚХА-нан сайланады.

Ал Жоғарғы палата Сенатты облыстық мәслихат депутаттары жасақтайды. Олардың ішінде Президент пәрменімен тағайындалатын депутаттар да жоқ емес.

Бұл ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заң. Онда Мәжіліс пен Сенат депутаттары қалай және қанша мерзімге сайланатыны туралы тайға таңба басқандай көрсетілген. Өкінішке орай аталған Конституциялық Заңнан «депутаттарды халық сайлайды» дегенді көрмедік.

(http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z950002529_)

Депутат деген әуелде латыншадан «өкіл» дегенді білдіреді екен. Халықтың билік қабырғасындағы сенімді өкілі. Яғни, түсінуімізше, халықтың мұң-мұқтажын, зар-запыранын басшылыққа жеткізіп, түсіндіріп беруші.

Бүгінгі депутат ше? Биліктің тапсырмасын халыққа тәпсірлеуші «өкілге» айналып кеткен жоқ па? Солай секілді. Себебі, соңғы кезде БАҚ-та «Депутаттар жолдауды түсіндіру үшін ел араламақ» дейтін тақырып жиі қаузалады. Мысалы ретінде, «Google» іздеу жүйесінде дәл осы тақырыппен жазылған 70 мыңға жуық мақала бар екен.

«Депутат - халықтың қызметшісі» деген сөз бар еді. Депута́т ( лат. deputatus — жіберілген) — азаматтардың таңдауы бойынша билік органына жіберілген адам. Оған қарастырылған жеңілдіктерге парламенттік индемнитет кіреді. Депутатты халық таңдауы тиіс-ті. Ол халықтың көзі, құлағы әм тілі. Біз күллі әлемге «зайырлымыз, демократиялық принциптерге сүйенеміз» дейміз. Демократия – сөзі demos – халық және kratos – билік деген грек сөзінен шыққан, яғни “халық билігі” деген мағынаны білдіреді. Халықты билеу емес, халықтың билеуі. Депутат сол үшін сайланады. Бір ауыз сөзбен түйіндесек, «Халықтың қызметшісі» (Слуга народа).

Міне, солай! Десе де, «санасыз» депутаттардың жоқ екеніне сендірдіңіз, сенатор ханым!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059