Сәрсенбі, 27 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 8969. Жазылғандар — 4613. Қайтыс болғандар — 37
Алашорда 4952 0 пікір 25 Сәуір, 2017 сағат 11:40

Тұрсын Жұртбай. "Қаралы сұлу" кім? (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50997

http://abai.kz/post/50447

«IШТЕГI ЫСТЫҚ СЕЗIМ»

НЕМЕСЕ «КIНӘШIЛ БОЙЖЕТКЕН» МЕН

«ҚАРАЛЫ СҰЛУ» КIМ?

 

«Адал да ары таза Анриетта сияқты сүйгенi болмағандар қандай сорлы десеңшi! Сондай-ақ, Дэдлей сияқты сылқым бикешпен сырласпағандар да неткен бақытсыз едi...».

 

Оноре де Бальзак.

«Дала гүлi».

 

 

«Осымен таң ағарып атқанда денесi әбден салқындап, барлық асау қан басылды. Бұл заманға шейiн қысып келген жастық тiлегi бiржолата өшiп, баяғы қайғыға бекiнген таза көңiлi өмiрiнше алысқан қара мүйнеттер Қаракөздiң бақытты болған уақыты сияқтанып едi. Ол – әбден ағарып, тыныштық алған жүрекпен ауыр күрсiнiп, үйiне қайтты...»

 

Мұхтар Әуезов.

«Қара сұлу», бiрiншi нұсқасы

«Таң», 1925 жыл.

 

 

I.

 

Сәттi ме, сәтсiз бе, бәрiбiр, кез келген адамға тағдырдың берген рахаты мен тауқыметi сияқты, көркем шығарманың да өзiндiк тарихы болады. Кейбiр туындылардың бақ жұлдызы бiрден аспандай көтерiлiп, жарқырап шыға келедi. Қайсыбiрi жылт етiп, өшiп қалады. Үшiншiсiнiң жолы ауыр, өзi де сүрiнгiш келедi, авторын да сүрiндiредi. Бары да, жоғы да белгiсiз дүниелердiң байыбына бармай-ақ қояйық. Өзге себептердi ескермегенде, авторының бетiне жиi-жиi көлеңке түсiрген және талай-талай дау-дамайды басына үйiрген әңгiмелердiң қатарына «Кiнәшiл бойжеткен» мен «Қаралы сұлу» жатады. Қазақ тұрмысынан алынған осынау классикалық туындының бұрын да, қазiр де үнемi бағы жанып, тиiстi бағасын алып журген жоқ. Екеуi сыналса да, мақталса да қосақталып айтылады. Соның әсерi ме, жиырмасыншы жылдардағы әңгiмелерiнiң iшiнде кейiн Мұхтардың қаламын батырыңқырап түзеткендерi де осылар. Өңделгеннен кейiнгi көркемдiк концепция әуелгi нысанасынан мүлдем қарама-қарсы бағдарды ұстанып, тонын айналдырып шыға келдi. Бұған 1926 жылы бәйге алған «Қаракөз» косылды. Ондағы негiзгi кiнә – кейiпкер әйелдердiң бойындағы қазақы мiнездiң, тұрмыстағы әдет пен әдебiнiң iштарта, үлгi ете суреттелуi, сал-серiлiктiң, сайранды көштiң, пәуеске мiнген жесiрдiң сән-салтанаты сескендiрдi, кейбiр «әлеуметшiлдердi» жиiркендiрдi. Керiсiнше, «Кiнәшiл бойжеткендегi» нәпсiқұмар Ғайшаның зинақорлық қылықтарына намыстанып, «ойдан шығарылған шикi сурет», «қазақ қызының намысына тиерлiк жала», деп шала бүлiндi. Өз творчествосы хақындағы ашық хатында: «түгендеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың иелiгiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған» – деп емеурiн танытқан шығармаларының бiрi осылар.

«Кiнәшiл бойжеткен» мен «Қаралы сұлудың» кiлтипаны не едi? Қандай авторлық идеяның көрiнiсi едi және не үшiн жазушы идеясынан бас тартты? Олар, сол тұстағы азулы, бiлiктi әдебиетшi Ғаббас Тоғжановтың: «Мұхтардың «Қаралы сұлу», «Ескiлiк көлеңкесiндегi», «Қаракөзiндегi», әйелдерiн алыңыз – бәрi де тұрмыста болмаған, оймен, қолмен жасалған адамдар», (Р. Нұрғалиевтiң «Айдын» монографиясынан алынды. 1985. «Өнер», 81-бет) – деген пiкiрiнде айтылғандай, тым тамырсыз, өмiрден алшақ оқиғалар ма едi? Бiздiнше, ескерерлiк жайлар болғанымен, жайдақ судың бетiн қалқыған жалаң қиялдың жетегiнен туған таза реалистiк тұрғыдағы тұғырлы туындылар болатын.

Мұндағы тосын құбылыс – көркемдiк кестесiндегi Еуропа классикалық әдебиетiнiң өрнегi, сарыны едi. Адам жанындағы психологиялық өзгерiстердi Мопассанның, Бальзактың, Тургеневтiң кейiпкерлерiмен үндестiре, шеберлiк үрдiсiн орайластыра беруiнде. Қазақ қара сөзiнiң жүйесi – қызықты, оқыс оқиғаға, аянышты халге, барымта-сырымта, жесiр дауы iспеттi үйреншiктi тақырыпқа құрылып, негiзгi жүктi сюжетке артатын баландық дәуiрден әлi арылмаған кезде, адамның жан дүниесiнiң толқынына, сезiм-сырына, iштей психологиялық иiрiмге құрылған шығарманы жатырқай қарсы алды. Қабылдамады. «Пышка», «Дала гүлi», «Ася», «Крейцер сонатасы» iспеттi ләззаты мен азабы аралас әзәзiл түндердiң сезiм шарпысуы әйелдiң бетiнен пәранжi түспеген шығыс салтына ұятты iстей көрiндi. Әйелдiң жалаңаш балтырын, шұлықсыз аяғын, кимешек-шылауышсыз жүруiн әлi де жат санайтын түсiнiк оқығандардың өздерiнен де арылып бiтпеген кез болатын. Қазiр де сақталып келедi.

Мүмкiн, ертең де ескiрмес.

Бiрақ қазақ өнерiне осы бiр қымсынудың астарындағы күйiнiш-сүйiнiштi, шымырлаған сезiм арпалысын ашып, «ұят» шымылдығын серпiп тастаған – жазушы Мұхтар. Ол сыртқы киiмдi, оқиғаның ұзын-ырғасын мөлдiретiп баяндаудан бас тартып, адамның сана-сезiмiндегi жасырын құбылыстарға үңiлдi. Сырты сұлу қуыршақтан гөрi iшi-сыртының ыстық-суығы араласқан, ұят пен тiлек, әдеп пен нәпсi шарпысқан әйелдiң бейнесiн қалам арқылы тiрiлткiсi келдi, кәдiмгi адамға тән – сүйе алатын, сүйiктi бола да алатын, менменшiл тәкаппар әрi кiшіпейiл қасиеттердi бiрдей бойына сiңiрген әйел затына көркем шығарма арқылы жан бiтiредi. «Сөз дегенiңiз – бостан-босқа жүйкеңiздi босатып, өздегiнен жылата алмайды және үнемi мақсатына жеткiзе бермейдi қуанатын да, қайғыратын да – адам» – дейдi Виктор Шкловский. Мазмұны, орындалуы, тұспал-нысанасы жағынан бiр-бiрiне кереғар екi туындыны – «Кiнәшiл бойжеткен» мен «Қаралы сұлуды» бiр жылда жарыстыра жазуы да, сол, «қуанатын да, қайғыратын да» адамдардың жан құпиясын ақтаруды мақсат тұтқандықтан.

Екi әйел – екi көзқарас. Өмiрге, махаббатқа да екi түрлi тiлекпен қарайды. Бiрi – дене рақатын аңсайды, бiрақ адал жар сүйгiсi келедi. Екiншiсi «тiлсiз табиғаттың жүрегiн үзгендей болып шаншыла қадалса» да, бойды буған табиғи тiлектi жеңедi. Әйел жанының мұндай тылсым құпиясын сыртқа шығарған шығарманы түсiнуге сол кезеңдегi қазақ қоғамы да, оқыған зиялылары да дайын емес едi. Этнографиялық салт-дәстүрдi дәрiптеу деп ұқты, әдеби образдың емеурiнiн сезгендер халықтың беделiне нұқсан, бетiне шiркеу, қиялдан туған кейiпкер деп, қазақтың «тотынамасын» оқығандай түршiктi. Әйелдер қауымы – анайылыққа сайды. Бұл – уақыт ұсынған шындық. Заман солай, заң солай, әдеп солай.

Ағысқа қарсы жүзiп, сақараның таным-табиғатына жат әйел бейнелерiн кескiндеуге итермелеген тылсым күш не? Мұхтардан басқа, «дүниедегi еркек пен ұрғашының арасындағы ең жасырын, ең қиын iске» қалам тартып, жол нұсқаған үлгi бар ма едi? Ол кiм? Және оған қайдан жолығып жүр? Асылық етпес, әйел жүрегiнiң бұлқынысын, сезiм шарпуын жiгiт Мұхтар, серi Мұхтар аз қызықтаған жоқ едi бұл жылдары. Әйел затын сағынып та, одан суынып та үлгерген болатын. Махаббат пен ғадауаттың ара жiгiн ажыратарлық сақа жiгiт шағы. Оны, кейiн араға отыз жыл салып барып: «Қаралы сұлу» әңгiмесiнде кейiпкер психологиясы қанша айтқанмен ер адамға бейтаныс мiнез ғой. Соны қалай жаздыңыз?» – деп сұраған ақын Мұзафар Әлiмбаевқа: «Бiздiң бiр жеңгемiз 26 жасында жесiр қалды. Ақ тiлеу жұбайынан айрылған соң, ашуланшақ боп кеттi. Обалы не шiк, сонысын ғана көрдiк. (Адалдығы, ар тазалығын айтып отыр. Т.Ж.) Өзi iле нұрлана, тола түстi. Бiр прототип сол болса, екiншiсi – Семейде сыр алысқан тағы бiр жас жесiр. Қалғаны автордың вымысылы» – деп жауап берiптi Мұхтар Әуезов.

Бұл жауаптан бiр адамның елесiнiң өзi екiге бөлiнгендiгi байқалады. Соған қарағанда, «кiнәшiл бойжеткендi», «Қаралы сұлуды» жазғанда таныс адамдардың бет-бейнесi, қылығы, iлхамы елестеп отырған сияқты. Стендальдiң: «Еркектi, әйелдi не жер бедерiн суреттегенде, үнемi өзiңiзге таныс адамдарды, не жердi үнемi көз алдыңызға елестетiп отырыңыз» – деуiнiң де творчество психологиясына тiкелей қатысы бар. Оның үстiне, Мұхтар мұндай тәсiлдi бұрынды-соңды әдеби тәжiрибесiнде жиi қолданған. Бұл жолы да сол үрдiстен айнымаған. Өмiрлiк әсердiң ықпалында отырып, қиял кемесiнде жүзген.

Ал ендi оған қандай тiршiлiк құбылысы қозғау салып, ойын ұштады. Бұған бiр ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өйткенi, кез келген оқырман осынау екi әңгiменi оқығанда, олардың прототипi болуы мүмкiн дегенге сене қою қиын. Әсiресе, «Кiнәшiл бойжеткеннiң» ғұмырлық деректерiн анықтау мүмкiн емес тәрiздi. Солайы солай. Бiзде бiр адамның етегiнен ұстап, тұжырым жасаудан аулақпыз. Алайда, жорамалдауға қақымыз бар. Iздестiрiп де көрдiк. Онша ұнасымды қорытынды шықпады әрi қазбаламадық. Белгiлi ғалым Қайым Мұхаметханов Семей қаласындағы, Ертiстiң құлама жағасындағы екi қабат үйдi нұсқағаны бар едi. Ғайша сылқым сол үйдiң екiншi қабатындағы терезесi аулаға қараған бөлмеде тұрыпты. Үлкен шарайнаның алдында ұзын қара қолаң шашын тарқатып жiберiп, тоты құстай сылап-сипанып, өзiне өзi сұқтана сүйсiнiп отырады екен. Костюм-шалбарын үтiктеп, галстук таққан жiгiттiң барлығы сол үйден көз қырын алмапты.

Сұлу емес, кербез кермиық, такаппарлау болатын. Өмiрде – дәл шығармадағыдай көңiлшек емес, бiрақ, екi рет күйеуден шыққан екен. Ауылдағы айттырған күйеуiнен төңкерiстен соң ажырасқан. «Есаймақтың» ойын-сауық үйiрмесiне де белсене араласқан. Ғаббасқа қызды таныстырған жiгiттердiң: «Оның үстiне Ғайша жақсы актриса десетiн» – деуi де шындыққа жанасады. Қызмет те iстеген. Кейiн орыс азаматымен көңiл қосып, Сiбiр жақтағы үлкен қалаға қоныс аударған сияқты. Қазан шаhарында нағашы жұртына кетiптi деген де дерек ұшырасты. Әлкей Марғұлан марқұмның:

«Е, ол Ғайша ма? Неғыласың, ажарлы едi. Мұхтардың әңгiмесi жарияланғанда бәрiмiз де өкпеледiк. Есiк көргенi, кербездiгi болмаса, кесiрлiгiн көрмедiк. Содан:   «Бұл қазаққа жақсы көрсең де жақпайсың» – деп кетiп қалды. Әңгiменiң алғашқы аты – «Қазақ қызы» болатын. «Оқыған азамат», «Заман еркесi» деген әңгiме аттарын тура мағынасында түсiнуге болмайды. Мысқылмен айтып отыр ғой. «Қазақ қызы» да сондай кекесiнмен қойылған. Бiр-екi жиналыста Ғайша өзiн ел-жұртқа солай таныстырған. Ол кезде қазақ қызының орыс, украин, белорус, поляк болсын бәрiбiр, мұсылман еместермен аралас жүруi сөкет нәрсе едi. Мұхтардың да көңiлiне ұнамағаны сол ғой. Оны жасырып керегi жоқ. Шындық солай. Әйтпесе, Ғайша қазақ қызының типтiк бейнесi емес. Мұндайдан аулақ, бейхабар заман болатын» – дегенi де есiмiзде.

Шын есiм де Ғайшаға ұқсас көрiнедi. Нақты дәлелдеп, жазушының өзi прототипке мойындатпағаннан кейiн, бiз де тәуекелге бел байламадық. Зады, Ғайшаның Ғаббастан көңiлi қалғаннан кейiнгi оңаша бөлмеде жатып, әр түрлi таныстарын елестетуi, жазушының әсiрелеп берген қиялының жемiсi сияқты. Кербез келiншектiң кей мiнезi ғана жол-жөнекей өсiрiп болса да қамтылуы мүмкiн. Тiптi, әу бастағы ойы басқаша боп, бiрте-бiрте шығарманың оқиғасы жазушы еркiне бағынбай, бөгде арнаға түсiрiп әкетуi де ғажап емес. Ондай-ондай жайлар көркем творчествода жиi ұшырасқан. Бiр, екi, үш адамның емес, ондаған данышпандар кейiпкердiң iс-әрекетiне билiк ете алмай, бастапқы нысанасынан жаңылдырып, мүлдем керi сипатта көрiнген мысалдарды әр жазушының шығармасынан кездестiремiз. берiден сабақтасақ Константин Паустовский бiрде қайтыс болған теңiзшiнiң сүйегiн кемеге салып, дәстүр бойынша өзендi өрлеп жүзiп әр айлаққа келгенде жағалаудағы адамдармен (денi әйелдер) қоштасу үшiн бетiн ашып отырыпты. Сонда әлгi қарт теңiзшiнi жоқтау айтып шығарып салған кемпiрлердi көрiп, махаббат қызығы хақында әңгiме жазбақ болыпты. Ақыры, әлгi кемпiрлердi жазушы ақтап шыққанын өзi де байқамапты. Керiсiнше, Лев Толстой алғашында Анна Каренинаны «жан дүниесi де, келбетi де сұрықсыз», зинақор әйел ретiнде әшкерелеудi ойлапты. София Андреевна 1870 жылы 24 ақпан күнi: «Кеше кешке жақын осы маған жоғары мәртебелi семьядан шыққан, күйеуi бар, бiрақ, өзiн-өзi қорлаған әйелдiң бейнесiн елестетiп отырғанын айтты. Оның мiндетi – сол әйелдi сорлы әрi жазықсыз етiп, ақтап алу екен» – деп жазыпты күнделiгiне. Ал, романдағы Анна қандай? Сұлулықтың адал махаббаттың құрбаны ғой. Мұхтар Әуезовтiң де қаламы өз еркiне бағынбай, көңiл құсының қанатына мiнiп, көркем қиялдың жетегiнде шырқау биiкке шарықтап кету мүмкiн. Мүмкiн емес солай. Өйткенi, «шикi» материалды «пiсiретiн де» қуатты қиял мен ыстық жүрек қой. «Қиялымның қанаты қырқылса – жазбас едiм!» – деген Дюманың пiкiрiнде таза шындық жатыр.

Творчествоның азабы мен ләззаты да сонда. Әйтпесе, жаның желпiнiп, шабыттанбаса, оқырман түгiл, жазушының өзiнде зерiктiрiп жiберерi аңық. Онда қолға қалам алудың да қажет шамалы.

Яғни, мұның барлығы «Қазақ қызының» атын жамылған «Кiнәмшiл бойжеткен» сәл ғана шақпақ ұшқынынан лап ете қалған шабыттың жалынынан туды деген тұжырымға тiреледi. Ғайша, немесе соған есiмi ұқсас адамның сыртқы кейпi, бет-бейнесi, жүрiс-тұрысы ғана iлiкке себептiк жасаған. Сыртқы әсерден туындай келе үлкен геройняға айналған әйелдердiң бiрi – Татьяна Берс, Толстойдың кiшi балдызы. Наташа Ростованың прототитi. Анна Каренинаның бет-жүзi, медальоны Пушкиннiң немере қарындасының келбетiнен алынған. Тiптi, Александр Сергеевичтiң өзi «Кавказ арасындағы хикаялар» повесiндегi шеркестер алып қашып кеткен қыздың бейнесiн сол жылдары емдеуге сонда барған, кейiн өзi ғашық болған Алина Александровна Римская-Корсакованы елесте отырып жазыпты. Тек, жасын, мiнез-құлқын өзгерткен. Табиғатынан сабырлы, сымбатты Алина сыңғырлаған күмiс күлкiлi, ойнақы бойжеткен болып шыға келедi. Сондықтан да, қисыны келсе – қиыннан қиыстыру сөз боп па. Үлкен эмоцияның иесi Мұхтар түгiл, жай Қайым айтыста:

Ауылым құлап келедi Қызылжардан,

Өлең айтқым келмейдi қызынғанан.

Өлең деген немене – өлеңшiге,

Өлең қиып берейiн қызыл талдан,–

деп салғаннан қоя беретiн халықтың өкiлi үшiн дәлелдеп жатудың өзi артық. Оның үстiне жазушы кейiпкерiн ақтап алғысы келгендей: «Ғаббасқа қасындағы жолдастары Ғайша жайын көптен баян еткен, гүбiрнелiк қаладағы қазақ оқығандары бұдан екi-үш жыл бұрын Ғайша жайын сөйлеп-сөйлеп, аяғында, атын тоздырып болған соң тоқтаған-ды. Қазақтан шыққан бiрен-саран әйелдiң жерiне жетпей тоқтамайтын ел аузы Ғайшаның басына өз бағасы әлдеқашан берiп болып, нық байлауын жасаған. Бiр замандар Ғайшаның атына бiрiнiң артынан бiрi тiзбектеп келетiн әлденеше жiгiттiң атын қосақтаған болатын» деп ақтап та қояды.

Дегенмен де, жазушы тек қана көңiл құсының шарықтауына ерiк бердi, белгiлi нысананы тұспалдамады десек – жансақтыққа саяды. «Кiнәмшiл бойжеткен» арқылы ескiмен жаңа қоғамның арасындағы өтпелi дәуiрде қылт ете қалған жағымсыз көрiнiстi батыл әшкерелеуге тырысты. Жасырары жоқ, төңкерiстiң берген теңдiгiн дұрыс түсiнбей, тек жеке басының қамы мен қызығы үшiн отбасылық өмiрдi жиi өзгерткен еркек-әйелдiң саны күрт қаулап өстi. Әйел теңдiгiн сылтауратып үй-iшiнiң, бала-шағаның тыныштығын бұзған тұрақсыздар iс-әрекетiн мақұлдауға болмайтын. Ол – шын бостандық, нағыз әйел теңдiгi емес, жасанды желiктiң буы едi. Кей жерлерде, мұны жалған желеу етiп, аз күннiң алдамшысына айналдырғандар да кездестi. Бұл жағдайды өзге-өзге, Мұхтардың аңғармауы, ренжiмеуi шындыққа сыймайтын. Сондықтан да «Қазақ қызы» деп кекесiнмен мысқылдауында «желiккендерге» деген iштей қарсылығы байқалады. Алғашқы нұсқасында орыс қызына үйленген Ғаббасты Ғайша да сөгедi. Автор оқиғаға өзi де араласып кетiп: «Сол көп өсекшiлердiң iшiнде өзгенiкi өзге болса да, бiзге белгiлi Ғайша да Ғаббас мiнезiн қатты сөгiп сөз қылды... Бұл қырдағы қазақ қызына жаны ашып, Ғаббастың сол момын, сорлы, адал қызға iстеген қиянаты үшiн жанып-күйгендей болып Ғаббасты негiзсiз, өтiрiкшi, ұятсыз деп көп былғап едi. Сорлы Ғаббас. Нең бар едi Ғайшада. Ол екеш ол да саған адамшылықпен әрқайсысын үгiттеген соң, сенiң момын басына кiм ойнақтамасын» – деп әңгiменi аяқтайды. Кейiнгi басылымдарда жазушы өз қолымен қысқартқан осы үзiндiден кейiпкерiне деген авторлық позицияның онша оңды емес екендiгi, ашық кекесiнмен қарайтыны бiрден көзге түседi.

Әу баста «Кiнәшiл бойжеткендi» жазуға итермелеген де, сол өшпендiлiк пен өсектiң отын үрлегендерге деген қарсылығы, жиiркену сезiм болса керек. Өйткенi, Ленинград университетiнiң бiрiншi курсын бiтiрер-бiтiрместен оны Қазақстан оқу комиссариаты керi шақырып алды. Семейдегi мұғалiмдер гимназиясына сабақ берген 1924-1925 жылдардың арасында Мұхтардың отбасының шырқын бұзу мақсатымен iшi тар бiраз адамдар жалған қауесет таратады. Қанша шыдаса да, көркем шығарма бетiнде өзiн-өзi ұстап қала алмаған тәрiздi. Тiптi, сол өсектi газет арқылы жариялауға да ұмтылғандар да бой көрсетiптi. Соның iшiнде, өз елiнiң адамдары, тiптi, ағайындары да араласқан сияқты. Мұның барлығы iз-түзсiз өшiп тынған жоқ. Кейiнгi отбасы тағдырына да салқынын тигiздi. Кәмила мен Мұхтардың арасына қауесеттен сына қағылды. Автордың ащы-тұщы пiкiрiнiң әңгiмеге араласып кетуiнiң бiр себебi сол.

Бiр оқыс әрi назар аударарлық жай-әңгiмедегi басты кейiпкер – жiгiт Ғаббастың мамандығы – журналист жазушы. Оның аты – «гүбiрнелiк қалаға таныс». Бет-әлпетi «тұңғиықтанып, сұлу ажармен қарайтын, пенсне киген, қаракөздi, қыр мұрынды, қысқалау бұйра шашты жiгiт...». Жанындағы екеуi «бұрын басқа жерде бiрге оқыған жолдастары». Бұл, жазушының өз шығармасына қаhарман етiп алған тұңғыш өнер адамы. Байыптап, қарасақ, «гүбiрнелiк қала» – «құмы мен шаңы көп» Семей. Бұрынғы серуен бағы қазiргi орталық алаң. «Ертiс» қонақ үйiнiң орны. «Үлкен аллейiнде екi-үш жерде дөңгелек фонтан бар едi». Бiр жыл Ленинградта оқып, Мұхтар да Семейге жақында келген. Оның да аты белгiлi жазушы. Әрине, бұдан Ғаббас – Мұхтар деп қате тұжырымдауға әсте болмайды. Өмiрi пенсне кимегенi, шашын қысқа қоймағаны белгiлi. Тiптi, Ғаббастың кiм екенiнде, Мұхтар айналасынан iздеген адам iштей топшылай алады. Ғайша мен Ғаббастың – Мұхтарға ренжiп жазған хаттары бар, сақталыпты деген де лақап сөздер естiп қалдық. Бiрақ түсiнiктi себептермен, не автор, не кейiпкерлердiң прототиптерi мойындамағандықтан да, олардың жеке өмiрiне араласуға хақымыз жоқ және әдепсiздiкке саналар деп есептедiк. Сондай-ақ олардың арасындағы қарым-қатынас тек сыртқы сұлба ғана. Шығарманың мазмұнына тiкелей қабысып тұрмағандықтан, кез келген өмiрбаяндық деректi салыстыру – негiзсiз әрi зиянды. Бiздiң де пiкiрiмiз жай долбар ғана. Ал дәлелсiз пiкiр – өсекке өрт қояды. Өсек – өмiрдiң қас жауы. Оны тұтату – қастандықпен пара-пар.

Бұл арадағы басты мәселе – шығарманы жазудағы автордың идеясы, оған түрткi салған ой толқыны болуы тиiс. Егерде «Кiнәшiл бойжеткендi» жазушы қиялының жемiсi десек, онда «Қаралы сұлу» екеуiн қатар жазуы нелiктен? Оған әсер еткендей қандай күш? Бiздiң ойымызша, ол – құдiреттiң иесi – Мұхтардың сол кездегi жазушысы Бальзактың шығармалары. Иә, «мен Бальзак сияқтымын, стилiм соған ұқсайды» – деп Мұхтардың өзi көзi жұмылғанша нысана тұтқан Оноре де Бальзак. Тағы да анықтай түссек: жартылай автобиографиялық «Дала гүлi» атты романы. Иә, бiз жоғарыда: «адал да ары таза Анриетте сияқты сүйгенi болмағандар қандай сорлы десеңшi! Сондай-ақ, Дэдлей сияқты сылқым бикешпен сырласпағандар да неткен бақытсыз едi» – деп эпиграф алған романның өзi.

«Кiнәшiл бойжеткен» – Дэдлейдiң, «Қаралы сұлу» – Анриеттенiң өнердегi сiңлiлерi. Оларды туыстастырған Бальзак пен Әуезов! Сенбейсiз бе? Қанеки, дәлелдеп, көрейiк. Тек, мына мәселелерге назар салыңызшы:

Сiз француз Роберт Куллэнi ұмытқан жоқсыз ба? Есіңiзге түсiрiңiзшi. Валентина Николаевна Әуезова: «Ол жылдары Мұхтардың шын ниеттес тағы бiр адамы болды – ол Роберт Куллэ едi. Бұлар 1922 жылы Ташкентте танысыпты да, достық қарым-қатынастары бiз Ленинградтан кеткенше үзiлген емес. Ол өзi профессор, орыс әдебиетiнiң маманы, өте өткiр тiлдi, әзiлқой адам болатын. Ол сол кезде қазақ даласымен шұғылданып, 1926 жылы Қазақстан туралы Ленинградтың кешкiлiк газетiне тұтас бiр очерктер циклiн жариялады. Ұлты – француз едi. Роберт Куллэ өзiн гугеноттардың басшысы Кольинидiң ұрпағымын деп санайтын. Мүмкiн, бұл Мұхтардың тұңғыш рет танысқан французы шығар. Өзi әдебиетшi. Қазақ тұрмысын зерттейдi. Мұхтардың ең жақын жанашыры. Екеуiн таныстырған да, табыстырған да әдебиет қой. Ал ендеше олардың әдебиет, оның iшiнде француз классиктерi хақында пiкiр алмаспауы мүмкiн бе? Мүмкiн емес. Ендеше, Бальзакқа тоқталмай, оның өмiр тарихын, шығармашылық лабораториясын қозғамауы ақылға сыймайды. Егер, солай болған күнде, өзге-өзге, Бальзактiң өзi: «Ол – менiң анам да, құрбым да, әйелiм де, досым да, ақылшым да осы, ол – жазушыны дүниеге әкелдi» – деп табынған Лора де Бернидiң «сүйiктi серiсiнен» жиырма жас үлкен екендiгiн, осынау «ғұмырда бiр-ақ рет кездесетiн ұлы махаббат» иесiне арнап «Дала гүлi» атты роман жазғаның, Лора да Берни ханым мәңгiлiк көз жұмарының алдында романдағы өзiнiң прототипi де Морсоф ханымның жәнтәсiлiм берген сәтiн оқытып жатып үзiлiп кеткендiгiн айтпайды дейсiз бе? Екi томдық романды екi айдың iшiнде, күндiз-түнi бiрдей жазған. Де Бернидiң айықпас дертке ұшырағанын бiлiп, өзiнiң махаббатын көзi тiрiсiнде роман арқылы дәлелдеу үшiн асыққан. Тұңғыш данасын парақтап жатып де Берни: «сүйiктiм менiң, сүйкiмдiм менiң, досым менiң, ұлым менiң сол» – деген соңғы сөзiн Бальзакқа арнаған. Мұндай оқиғаның айтылмай, ұмыт қалуы мүмкiн бе?

Әйел атаулының ең адал, таза мейiрiмдi бейнесi ретiнде ерекше iлтипатпен, ыстық махаббатпен жазылған Анриетте – Лораға қарама-қарсы сипатта суреттелiп, жер бетiндегi барлық күнәмшiл, әзәзiлдi бойына жиған сиқырлы сұлу Арабелла Дэдлей – леди Джейн Элленборо кiм едi? Ол – әу баста ағылшын лорды Эдвард Элленбороға тұрмысқа шығып, Артур атты сәбидi дүниеге әкелдi. Одан Австрия шаhзадасы Феликс Шварценбургтi ұнатып, шатырының төбесiне шығып: «Менiң көңiлдесiм – принц Шварценбург!» деп айқай салады. Ақыры көңiлдесi екеуi Парижге қашып кетедi. Одан Баварияның королi Людвиг I көңiл қосады. Ол да ұзаққа созылмайды. Барон Карл Веннингемге тұрмысқа шығады. Одан екi бала көтередi. Сол кезде Грециядан әскери өнер үйренуге келген полковник Спиридон Теотокидi ұнатып, түн iшiнде атқа мiнiп, қашып шығады да, таңғажайып Коруф аралына аттанады. Теотокиден бiр бала көредi. Содан кейiн дүние жүзiн саяхаттауға шығады. Афины тауларын кезiп жүргенде «ерiктi сарбаздарың» басшысы 75 жастағы генерал Хаджи Петросты көрiп, қарақшылардың қасында қалады. Ашық аспан астында, жер-ошақтың басында, атыс-шабыстың қасында жүредi. Одан аңызға айналған Пальмира қаласының қорғанын көруге ынтығады. Шөлейтке, жан торыған қарақшыға қарамастан Дамаскiге барып, құм перiлерiнiң бiрi араб Меджулдi жол басшығы алады. Қайтар сапарында Меджулге тиедi. Джейн бұл кезде 48 жаста едi. Меджул екеуi алты қалада – ағылшын дәстүрiмен, алты ай – көшпелi бәдәуилердiң арасында құм iшiнде тұруға келiседi. Джейн Парижден пианино алдырады. Бай кiтапханасы болады. Құмның iшiне барғанда барлық араб әйелдерi сияқты Джейн де күйеуiнiң қас-қабағын бағып, қолын, аяғын уқалап, жуып, қашан Меджул тамағын iшiп болғанша қол қусырып күтiп отыратын болыпты. Шашын қараға боятып, өрiп жүредi екен. Жетпiс сегiз жасында да сымбатын бермептi. 1881 жылы о дүниеге аттанғанға шейiн Меджулдi шексiз сүйiп өтiптi.

Мiне, Дэдлей бикештiң прототипi – Джейн Элленборо, Джейн Дигби-эль – Мезрабтың махабат хикаясы осындай. Әрине, «Кiнәшiл бойжеткен» Джейннiң қасында жiп есе алмайды. Бiрақ та, Ғайша хикаясы оқырманына Бальзактiң Дэдлейiнен кем әсер етпедi. Тым құрығанда; «Дэдлей сияқты сылқым бикешпен сырласпағандар да неткен бақытсыз едi» – деген сөздi Мұхтар да оған қимады. Бар жазасы құтыдағы у едi, ол да Ғайшаға бұйырмады.

Ал осы Джейннiң «Тотынамасын» Роберт Куллэ Мұхтарға жеткiзбедi ме? Жеткiзгенде қандай! Ондай кiтапты, яғни, «Дала гүлiн» оқымау мүмкiн бе? Қалай ынтықпасын. Ендеше, кереғар екi әйелдiң образы әсершiл адамға әсер етпеуiне кiм сенедi? Анриетте мен Дэдлейдiң қазақ тұрмысындағы тағдырластары Қаракөз бен Ғайшаның өмiрге келуiне әсерi тимедi деп кесiп-пiшiп бас тарта аламыз ба? Жоқ. Мұхтар – оқығанын тоқи да бiлетiн түйсiктi талант. Өмiр бойы Бальзакты рухани тұлға ретiнде iш тартып, үлгi тұтуы сол алғашкы әсерiнiң күштiлiгiнде жатпасын. Ендеше, ол махаббаттың дәнiн еккен Роберт Куллэ.

«Кiнәшiл бойжеткен» мен «Қаралы сұлудың» бiр жылда iркес-тiркес қатар жазылуы, қосанжарлана «Таң» журналында басылуы, бұрын қазақ ұғымына жат әйелдiң құпия, ұятты сезiм сырларын ашық жазуы, осындай тұжырымға, батыс әдебиетiнiң әсерi деген тұспалға жетелейдi.

Жарайды, «Кiнәшiл бойжеткендi» iздеп, әдептен озбайық. Ал, адалдықтың ақ туындай, сезiмi таза «Қаралы сұлу» кiм? Бұл әңгiменiң кейiнгi нұсқасындағы түйiндi оқып, қайдағы пәктiктiң белгiсi дерсiз. Дұрыс, күдiктенетiн жөнiңiз де бар. Бiз, шығарманың 1925 жылы «Таң» журналындағы алғашқы нұсқасын мегзеп отырмыз. Автордың ондағы идеясы – ары, жаны таза, адал махаббатының тұнығын лайламас үшiн жан азабын да, тән азабын да жеңе бiлген қазақ әйелiнiң рухани берiктiгiн, ерлiгiн суреттеу болатын.

«...Жиекте жылап отыр. Қаралы сұлу шын қайғымен жыласа да, жиекте белгiсiз құмарлық қарауытып, жүз толқынып кетедi. Әлдеқайда шығып жатқан ыстық қан бойын сабырсыздықпен дiрiлдеткен сайын соның уытын баспақ болып, судағы екi аяғын өзеннiң ернеуiне қатты-қатты соғады... Екi аяғын шаншып, солқылдап ауырғанға шейiн өткiр тасқа соққанда iштiң белгiсiз дертi бәсеңдеп басылғандай болады. Қаракөз талай жылдан таппаған емiн жаңа тапты. Iштегi дерттi басу үшiн сол қара жыланды туғызып тұрған дененi қинау, жаншу керек екен. Қаракөз бүгiн ғана бiлдi. Таң атқанша аяғын алмай отырғанда тiлiм-тiлiм болып қалған дененiң ауырғанын сездi... Аяғын суырып алып қарағанда әлде неше жара түскенiн көрдi. Бұлардан тоқтамай қан ағып тұр едi».

Ендi, сол аяулы жар Қаракөз кiм едi? Сәл шегiнiс жасап, соған оралайық.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір