Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 9993 31 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 09:00

Білімсіз «діни ғалымдар» қаптап барады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызып, терең талқыланып жатыр. Тереңірең үңіліп, байыпты бағалай білсек, құжатта айтылған ойлар бүкіл қоғамнан халқымыздың рухани жаңғыру мәселелерін қозғайтын көпқырлы кешенді еңбекке негізделген іргелі істер атқаруды талап етеді. Енді олар қалай жүзеге асырылуы тиіс? Нәтижелі болуы үшін бірінші кезекте қандай тұстарға көңіл бөлінуі қажет? Осы мәселелер төңірегінде «Академик А.Ақаевтың «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» ғылыми зерттеу институтының президенті, биология және экономика ғылымдарының докторы, академик Аманбек АҚАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Аманбек Ақайұлы, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлеуметтік-рухани мазмұны мен бағдарламалық сипаты тұрғысынан аса маңызды стратегиялық құжаттан кем түспейтін, тіпті Мәңгілік елдің Мәңгілік ұстанымы іспетті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазіргі таңда ең өзекті болып тұрған елімізді рухани жаңғырту міндетін алға қойды. Елбасы тіпті «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деді. Неліктен осы мәселелер күн тәртібіне шығып отыр және бірінші кезекте қандай істер атқарылуы керек? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.

 – Ең алдымен, Тәңірден берілген тектілігімізді қайта жаңғыртуды көздеген Елбасымыздың бұл бағдарламалық мақаласы – ынтымағы жарасқан, таланты танылған, рухы ұялаған, Қыдыры қиялаған, әлемдік өркениет Көшбасшысы болуға ұмтылған, иманды, салауатты, қуатты Елге айналуымызды мақсат тұтқан – өте ғұмырлы Жолдау дер едім. Онда айтылған ойларды нақты жүзеге асыру, сол арқылы ұлтымыздың ұлы мұраты – Мәңгілік Ел болуға қарай батыл қадам басу үшін бірінші кезекте  рухани құндылықтарымыз саналатын тіліміз, діліміз, дініміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің інжу-маржандарын жаңғыртып-өркендетуге бағытталатын «ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ ЖОБАСЫ» Бағдарламасын жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Бұл бағдарламада:

а) Үш ғасырлық отарлық езгіні және Коммунистік партияның 75 жылдық әміршіл саясатын, қуғын-сүргін, ашаршылықты бастан кешіп, зиялы арыстарынан айырылып, тірідей тозақты көзбен көріп,  рухани дүниесі  өлшеусіз зардап шеккен халқымыздың, Елбасымыз анықтап айтқандай, ұлттық санасын толық қалыптастыру үшін бірінші кезекте «Арылу дәстүрін» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітіп, өмірімізге белсенді түрде енгізуіміз қажет. Ол мынадай төрт нәрсені қамтуы тиіс:

А.1. Арылу болмысы: тән тазалығы;

А.2. Арылу көрінісі: жан тазалығы;

А.3. Арылу мәні: рух тазалығы;

А.4. Арылу ақиқаты: ар тазалығы.

б) Елбасымыз қадап айтқан қазақ халқының Ұлттық Кодын бұрынырақ  негізі қаланып, жарияланған  ғылымның жаңа бағыты «Био-Қуат-Ақпараттық «ЯСИН» технологиясымен ашу және 1996 жылы  біз ұсынған «Өзін өзі тану –ақиқатқа барар жол» бағдарламасын өркениеттің қазіргі даму қарқынына сай жетілдіріп, ұлттық тектілігімізді (ген) сақтау, жаңғырту және кемелдендіру шараларын қолға алу қажет. Соңғы есепте ұлттық ерекшеліктерімізді толық қалпына келтіруге қызмет ететін бұл істер мына бағыттарда жүргізілгені дұрыс:

Б.1. Ұлттық тіл, ұлттық үлгі-өнеге, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық намыс;

Б.2. Қазақ Елі – Ру – Әулет – Ұлттық үрдіс – Рухани таным кілті;

Б.3. Алтын бесік  – ауылды өркендету;

Б.4. Ұлттық рухани мәдениетті көтеру;

Б.5. Ұлттық білім мен ғылымды өркендету.

Меніңше, Елбасы алға қойып отырған бүгінгі қазақ қоғамындағы ұлттық сана мен барлық адами жақсы қасиеттердің жаңғыруын, жаңаруын, ізгіленуін қамтитын рухани жаңғыру мәселесінің бір жағы дінге келіп тірелетіндей. Ал біздің ел тұрғындарының 80 пайыздан астамы бүкіл Жер мен Көкті жаратушы Алланың адамзат баласына түсірген соңғы діні – Ислам дінін ұстанады. Демек, Ислам дінін дұрыс насихаттап, ғылыми жаңғырту қажеттілігі де туындайтыны сөзсіз. Ғалым ретінде бұған Сіздің көқарасыңыз қандай?

– Ең алдымен, біз – Адамзат өркениетінің ажырамас бөлігіміз. Сол себепті де әлемдегі ескірген діни көзқарастағы кертартпа көріністер біздің елімізге де кері әсерін тигізіп отыр. Бірінші кезекте, әлемдегі ең озық идеяларды, ғылымдағы соңғы жаңалықтарды, технологияларды өмірімізде кеңінен қолданысқа енгізу басты шарт десек – қателесеміз. Егер біз мемлекеттің Саяси тұғыры мен Руханиятын үйлестіру арқылы заман ағымынан артта қалмауды негіздеп, Мәңгілік Ел болуды нақты мақсат ететін болсақ, шексіз уақыттың көлемінде көнеріп, өшіп кетпеу үшін, халқымыздың руханиятын жаңарту    арқылы ұрпағымыздың бойындағы  заманауи сапалы білім де, ұрпақ тәрбиесінің асыл қасиеттері де озық елдердің рухани өлшемдерінен әрқашан бір саты жоғары болуына қол жеткізуіміз керек!

Қазір, байқап қарасаңыз, әлемде болып жатқан табиғат апаттар, Араб елдерінен бастау алған қым-қиғаш аянышты хал-ахуал, қанды қақтығыстарды тудырып жатқан аса күрделі мәселелерді талдап-сараптайтын, академиялық ой деңгейіндегі ғылыми зерттеулер жүргізе алатын және Адамзатқа ортақ осы күрделі түйткілдері шешу жолдарын ұсына алатын бірде-бір ғылыми орталық жоқ  десе де болады. Мұндай өзекті мәселелерді тездетіп шешіп, оған өзіндік үлестерін қоса алатын планетарлық өлшемдер биігіне көтерілген ғалымдар да жоқтың қасы.

Ал осы айтылған аса күрделі мәселелердің Адамзаттың бүкіл тарихында, бағзы дәуірлерден бері ондаған рет қайталанғаны және сол қиындықтардан қалай шығу жолдары Құран-Кәрімде жазылып қойғаны белгілі. Бұлай дейтініміз, Құранда Алла өзі діндерді жаңартып, ең соңғы дін – Ислам Діні, ал ең соңғы  Пайғамбар – Мұхаммед(с.ғ.с.)деп, нүктесін қойған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік дәстүрлі діндер басшыларының басқосуында: «Қазіргі кезде заманауи Ислам дінінің өзі, халық пен үкіметтің көмегіне мұқтаж», – деп анық айтқан болатын. Ал, көмек қандай болуы керек деген сұраққа Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өзінің Хадистерінде анық жауабын берген. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадистерінде ескертіп айтқанындай «бір замандар келеді, бір күнде мың күндік оқиғалар болады, діндегі сұрақтарға сол заманның ғалымдары  жауабын береді, әрі сол кезде 72 ағымнан тұратын Ислам діні болады», – деген. Пайғамбарымыздың асқан сәуегейлікпен айтқан сондай кезеңнің туғанын бүгінде көзіміз көріп отыр.

Бірақ, дінді жаңғырту – жаңа бір элементтерді қосу емес. Дінді жаңғыртуға Алладан қойылатын бірден-бір талап – сол заманда, сол дәуірде Пайғамбарымызға келгендей, болашақта да нағыз Ислам дінінің Ақиқат жолын казіргі уақытқа байланыстырып – таза Исламды уағыздау. Пайғамбарымыздың уақтындағы уағыздар мен сол уақыттағы діндерді жаңғыртудан Ислам діні өмірге келген. Дінге кейінгі енгізулерден, ережелерден  азат уағыздар ғана дінді жаңғырту болмақ. Болашақта тек Құран мен Сунна негізінде жаңғыртылған діни уағыздар, осындай таза Ислам діні ғана жеке адамның келеңсіз жағдайлардан құтқарылуын қамтитын жалғыз Ақиқат жолы және Қоғамды дамытуға ынталандырушы күш болатындығын қазіргіні де, алдағыны да білетін Алла Тағала Пайғамбарымыздың Құдуси Хадистерімен жеткізген болатын.

Алайда, мұндай аса қажетті жаңғырту бес жүз жылдан бері орындалмай келе жатқаны ащы шындық. Осындай «ақтаңдақтарды» – ислам дінін ұстанушы мұсылмандарға қасақана жасалған қылмыс деуге де болады. Осыншама нақтылап айтуға себепкер болып отырғананық ақиқат сол,  ол – Алланың қойған талаптарын ислам теологтарының орындамай келгендігі! Ал, бүгінгі күні сіз бен біз осындай созылмалы салғырттықтың салдарынан әлемдік исламияттың бесігі болған Араб мемлекеттері аянышты жағдайға жеткенін көріп отырмыз...

– Жағдай осылай екен, сонда не істелінуі керек? Бұл бағытта қандай-да бір талпыныстар, нақты әрекет сезіле ме?

– Осындай жағдайларды елімізде болдырмауға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұрыннан қалыптасып қалған мүмкіндіктеріміз бен ескі жолдарымыздың енді жарамайтыны белгілі. Сондықтан да, мәні мен сапасы мүлде бөлек, озық ойлы, заман ағымына сай, прогрессивті бағыттағы іс-әрекеттерге талпыну, жаңаша бағытта даму қажет», – деп қадап айтқан болатын. Ал бұл сөздер  Қазақстандағы Ислам дініне де тікелей қатысты. Бұлай дейтініміз, озық технологиялық, ақпараттық сипат алған заман талабына байланысты өмірімізді жаңғырту үшін алдымен руханиятымызды жаңғыртуымыз керек. Біздер өмір сүріп жатқан бүкіл ғаламның, бүкіл жаратылыстың, біз білетін және білмейтін ғаламдық жүйелердің де «авторы» –жалғыз Алла-Тағала! Теңдессіз, мінсіз, барлық Жаратылыстың үндестік пен үйлестік заңдылықтары мен ережелері де Алла түсірген Құранда жинақталып жазылғанын біз ешқашан естен шығармауымыз тиіс!

Ұлы ғылыми еңбек – Құран-Кәрімдегі Алла сөздерін түсіндіріп, адамзатқа рухани азық ретінде қабылдату үшін Алла-Тағала  бүкіл Адамзат баласының ішінен болашақ пайғамбар – Мұхаммед Абдуллаұлын таңдады. Періштелері арқылы жеткізген Сөздері, Аяндары, Мұхаммедтің ділін жүйелеп, оның өмірінің мәнін өзгертті. Осындай сынақты даярлықтардан кейін ғана оны өзімен тікелей байланысқа шығартып, болашақ пайғамбар – Мұхаммед Абдуллаұлының діліне мүлде жаңа ілім-білім енгізді. Бұл – Ислам діні! Мұны бізге мойындататын да, растайтын да  –Құран!

– Солай екенін нағыз ғұлама ғалымдар мен білімпаз адамдар ғана түсінетіні рас. Данышпан Абай: «Алланың өзі де рас, Сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп еді. Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Дін – ғылымның Анасы, Дін – ғылымның Әкесі. Ғылым – Діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі! Ғылым да бар, дін де бар, қоқыс та бар, гүл де бар. Адам Ата өлмесін, Қол қусырып Құдайға, Ғылым мен дін, бірге бар!» деп, діннің қоғамдағы орнын анық айқындап, ғылым мен дін әрқашан бірге дамуы қажеттігін өшпейтін өсиет, өлмейтін хаттай етіп жазып кетті. Енді бүкіл қауымның, жалпы жұртшылықтың көзін жеткізіп, діннің нағыз ғылым екенін дәлелдеп, рухани жаңғыру үшін не істелінуі қажет?

– Құран-Кәрімде жазылған уахи хабарлар, басқа да ақпараттардың барлығы пайғамбарымызға 23жыл бойы Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жеткізілгені исі мұсылманға мәлім. Ал аян ретінде келген ақпараттарды пайғамбарымыз  «Хадистер» деп бөліп атаған әрі әуел баста оларды қағаз жүзіне түсірмеген болатын. Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла елшісі болған сәттен  бастап, өмірінің аяғына дейінгі уақытта, осыдан он төрт ғасыр бұрын адамзат өркениетінің күні бүгінгі тағдырына байланысты айтылған сәуегей  хабар-ақпараттардың болғандығын, жиырма бірінші ғасырдың шыңында тұрып артқа көз тастағанда анық байқай аласыз. Мән беріп қарасаңыз Мұхаммед Пайғамбар(с.ғ.с.)  Алланың сәуегей хабарларын жүйелі түрде алушысы әрі оларды тұңғыш жария етушісі, яғни тұңғыш хабаршысы болғандығына көзіміз толық жетеді. Сол сәуегей хабарлардың, хадистердің болашақта болатын оқиғалардың, көпшілік біле бермейтін, біздің бүгінгі жерімізге және елімізге, Алла-Тағаланың  Мәңгілік нұры себіліп, Мәңгілік ҚазақЕлі – ең озық дамыған елдердің қатарында болып, Нұр мекенге айналатындығын Риуаятта Жағфарұлы Мансұр (р.ғ.), Абдулла ибн Мүбәрәк (р.ғ.), Хамадұлы Сауди (р.ғ.) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с. ) мүбәрәк аузынан естідік деп айтқан.

Жалпы сәуегейлік жолмен бүкіл адам баласының өткен тарихы, болашағы һәм ондағы ғылымдардан ақпараттар берілген. Мысалы, Құран-Кәрімнің мәтінінде бүгінгі барлық заманауи жаңа ғылымдар туралы мағлұматтар берілген. Атап айтқанда гендік инженерия, молекулярлы биология, кванттық физика, голографиялық эффект, лазерлі, ақпаратты нано технологиялар және этногенездік тарихтың заңдары секілді ақпараттар алгоритмдерін Құраннан көруге болады.

– Қазіргі кезде адамзаттың азғындап бара жатқаны жөнінде жиі айтылады. Оның себебін іздеген кезде, мен кейде «Дін – апиын!» деген сияқты, ғасырлар бойы адамды тәрбиелеп келген осы Ұлы ілімге деген біржақты көзқарастың қателігі де көп әсерін тигізді-ау, деп ойлаймын...

– Дін – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік,  ұлы мақсаттарға жетелейтін  арман-мұрат  секілді  кісіге қажет асыл қасиеттерді дарытатын саналылық кілті, биік өркениетке бастайтын  жаңа ғылымдардың бесігі! Алгоритм тіліндегі осы құнды ақпараттар мәні Құран аяттарында шоғырланып, ондағы ережелер заңдылықтарымен  қолданылады. ХХІ ғасырдың жаңа ғылымдары жеткен көрсеткіштерін, білім үстіндегі білімнің «призмасынан» өткізген кезде, мүлдем жаңа сапалық өзгерістер болатыны мәлім болды. Атап айтқанда:

– бірнеше заңдылықтар түйіскен бір сәтте жаңа бағыттардың түзілуі;

– қалаған сапалы өзгерістерге қол жеткізіп, онымен түрлі процесстерді басқаруға болатындығы;

– адамның өмір-тағдырында Алладан жазылған нығметтері мен тектілік қасиеттерін оятып, жаңғыртып, олардан алынған ақпараттарды жүйелеп, сараптап, оны көпшілікке кеңінен қолдануға (егуге) болатындығы.

Бұл бағытта Сіз жетекшілік ететін «Академик А.Ақаевтың «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» ғылыми зерттеу институты қандай жұмыстар жүргізіп келеді? Ондағы мақсат не?

– Біздің алға қойған мақсатымыз – ХХІ ғасырда жетістіктерін әлем мойындаған аса дарынды ғалымдардың бойындағы қасиет, қабілет, дарындылықтарын, яғни олардың өмір-тағдырына жазылған нығметтерін жоғарыда айтылған «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» институты ұсынып  отырған бағдарламаларды қолданып, білім жолын қуған иманды жастарымыздың бойында қасиет-қабілеттерінің мейлінше ашылуына мүмкіндіктер жасау. Мысалы, 102 Қасиет–Қабылеті болған Алланың Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с.) оның сахабаларының бойына, олардың тілектеріне сай, ғажап қасиеттерді Алла  дарытқанын білеміз. Осы айтылғандардың растығы, сол кезде  әлемдегі аса қуатты империялардың ортасынан шаңырақ көтеріп, Араб Халифаты өз дербестігін жарялағандығы және өте аз уақыт ішінде оларға зор ықпалын жүргізгендігі айқын дәлел бола алады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бойына Алладан дарыған ғажап қасиеттерді адамдарға шапағат ету – Алла-Тағаладан  адамзат баласына берілген ең басты нығметтердің бірі. Адамдар үшін Алламен байланыс орнату білім-ілімін қолдану – сүннет амалдары болып табылады. Ал осындай  жақсылық амалды бірлесіп, жамағат болып орындау – қоғамның парызы.

– Бұл қадамға баруға, бағдарламалар дайындауға қалай тәуекел еттіңіз? Әлде Сізді бүгінгі дінтанушы ғалымдардың деңгейі қанағаттандырмай ма?

– Бүгінгі ислам дінін зерттеуші теолог ғалымдар әлемдік Өркениетте болып жатқан орасан рухани өзгерістерді ғылыми тұрғыдан дер кезінде таразылаудан кеш қалуда. Олар пайғамбарымыздың уақытында келген уағызды, Құран мен Суннаға негізделген таза исламдағы діни ұғымдардың алгоритмдік мәнін, өкінішке қарай, өздері жете түсінбей жүр. Осыған байланысты, әлемде бұрын-соңды болмаған ғылыми жетістіктерді зерделеуден мақрұм болғандықтан, біліксіз-білімсіз «діни ғалымдар» қаптап барады. Өткен замандардағы ғалымдардың өздерінің ой шеңберлерінде «жазып қалдырған жаңалықтарын» бірінен-бірі көшіріп жазып (яғни плагиат) бірін-бірі қолпаштап, ислам ғылымына өздерінше «жаңалық» қосқан болып жүр. Ал ақиқатында, бүгінгі ислам ғылымы, үш жүз жылдан бері бір орнында кібіртіктеп, тұралап қалғаны рас. Ондай «жасанды» ғалымдар, Құранда тұнып тұрған білімді ақыл-ой парасатымен саралап табудың орнына, ислам дініндегі ұғымдар мен мәндерді теріс айналдырып түсіндіріп, білімсіздіктерін бүркемелеп күн кешуде. Алайда осылардың кесірінен ислам әлемінде қым-қиғаш, аянышты хал-ахуал, қанды қақтығыстар белең алуда.

– Қазақтың бойындағы қарапайымдылық, қайырымдылық, кішіпейілділік, бауырмалдық, мейірбандық, жомарттық, уәдеге беріктілік сияқты басқа да қазақи асыл қасиеттеріміздің кеміп бара жатқандығы, есесіне жаһандану желеуімен еліктеушілік, жалған жат ағымдардың жетегіне еру сияқты адасушылықтар көбейіп, «рухани интервенцияның» орын алуы  – сол діни тәрбиенің, ұлттық болмысты сақтау бағытындағы үлгі-өнегенің кемшіндігінен емес пе?! Бұны қалай шешкен дұрыс?

 – Иә, бүгінгі таңда дәстүрлі дінмен қатар, әсіресе жалған діни ағымдар мәселесі өте өзекті. Соның салдарынан нағыз таза исламның беделіне нұқсан келіп, қоғамның бір бөлігінде дінге деген дұрыс көзқарас болмай тұрғаны да шындық. Бұлар жайында Елбасының имамдармен және белгілі жазушылармен кездесуі кезінде жақсы айтылды.

– Меніңше, қоғамдағы көптеген келеңсіздіктерге осы діни сауатсыздық, Құдайдан қорқу дегеннің болмауы да өзінің ұнамсыз әсерін тигізуде.  Біз «қорқу» деген сөзді де тек тура мағынасында қабылдап, түсінетін сияқтымыз. Оның түпкі мәні – сыйлау дегенді білдірмей ме? Оған бірден-бір дәлел – «Әркім – қорыққанын сыйлайды» деген бабалар тұжырымы! Құдайдан қорықпаған – заңнан да қорықпайды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз де белгілі. Біздегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, парақорлық, алаяқтық, заңдардың орындалмауы, тіпті лаңкестік әрекеттердің өзі де сол қорықпаушылықтан –сыйламаушылықтан шығып жатқан сияқты.  Ал мемлекет қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Демек ол сол қоғам ұстанатын дінді дұрыс насихаттау, қолдану арқылы да азаматтарды заңдылықты сақтауға, тәртіпке үйретуі тиіс емес пе?! Өкінішке қарай, қазір көпшілік дінге бет бұрудан да үрейленіп қалғандай. Біз – бұның өте қауіпті екенін сезінбейтін сияқтымыз.  Өйткені дінсізге жақсы нәрсені үйрету өте қиын ғой!

– Ойларың – орынды. Бірақ, жалпы алғанда дінге деген бетбұрыс қарқынды. Әсіресе, дінге ден қойған жастардың көбейгені қуантарлық. Өкінішке қарай, олардың арасынан кейбіреулері жат ағымдар жетегінде кетіп жатқаны қынжылтады. Теріс пиғылдағы діни ағымдарға тосқауыл қоятын әмбебап шара –дінді жаңғырту (реформа), басқа жол жоқ екендігі жасыруға болмайтын шындық. Ендеше, адамзатты осындай тығырықтан алып шығатын Құран-Кәрім туралы қысқаша тоқталайық.

Құран-Кәрімде – 114 сүре, 6236 аят бар. Құран-Кәрім – Алланың үкімдері болып саналады. Бұл – жаратқанның белгілеген заңдары деген сөз. Ислам ғылымы 20 бөлімнен тұрады. Олардың 80 саласы бар. Осындай күрделі, тағдырлы жол айрығы кезеңінде біз жаһанданудың дауыл-дүлейінен адамзат ұрпағын сақтап қалуға қызмет ететін, мүмкіндік туғыза алатын, оның ішінде төл халқымыздың текті қасиетін, болмысы мен санасын, рухани дүниесін сақтап, жалғастыра алатын, әлемдік ғылымға жаңадан қосылған, жаратушы иеміздің көркем ұлы есімдерімен рухтандырылған «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» институтының бағдарламасын ұсынып отырмыз. Ресейде, Татарстанда, Қырғызстанда, Қытай Халық Республикасында және Біріккен Араб Әмірлігінде бұл бағдарламаның тұсаукесері табысты өтті және осы мемлекеттермен байланыс жалғасуда. «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» ғылымы – осы сала бойынша жарияланған көзқарастарды жинақтаған, әлемдік ғылыми жетістіктермен нәрленген, текті ата-бабаларымыздың санғасырлық дәстүрлі ұрпақ тәрбиесімен тамырланған, бүгінгі өмірмен сабактастырылған жаңа ғылым.

Алла-Тағала өзі тағайындаған пайғамбарымыз Мұхаммед( с.ғ.с.) арқылы адамзат игілігі үшін түсірілген қасиетті Құран-Кәрім, оның ішіндегі Алланың 99 Сипат-Есімдері, осы Есімдердің қасиеттері туралы және адамдар сол қасиеттерге қалай ие болатыны пайғамбарымыздың сүнеттерінде айтылған. Бірақ, адамзат Өркениетінің соңғы 100-150 жылда қарқынды дамығаны ескерілместен, Ислам ғылымы әлі күнге адамдарға Фикһ, Ахлақ, Шариғат, Тарихат, Мағрифат, Ақиқат жолдарын жаңғыртып дамытпай, ескі мағынадағы әдістемеліктер арқылы түсіндірілуде. Өз заманында елді басқаруға, халыққа дінді түсіндіру үшін жазылған бұл Ислам ғылымдары, әдістемелік құралдар – Құранның өзі емес! Осы ғылымдар, әдістемелік құралдар сол бұрынғы кезеңдегі деңгейінде қалып, нағыз ислам дініне тұсау болып, бүгінде оны теріс насихаттауда. Ал, нағыз ислам діні – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажетті қасиеттерді дарытатын ұлы ілім!

Пайғамбарымызға берілген сәуегейлік хабарлар, Құран-Кәрім, нағыз ислам діні, хадистер мен болашақта болатын оқиғалардың маңыздыларының кейбіреулері соңғы 150 жылда арабтық шовинизмнің себебінен бүгінге дейін жария етілмей келеді. Осындай көпшілікке жария етілмегендердің біразын, көзінің тірісінде-ақ Әулие атанған атақты ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы болған бабамыз, ғұлама ғалым Бекасыл Әулие тауып, зерттеп  «Жұлдызнама» атты қолжазба еңбегін шәкірті – айтыскер ақын Қазанғап Байболұлына аманатқа қалдырған. Осы «Жұлдызнамада» Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқанындай, «Болашақта Ташкенд деген қала болады, ол қала Нұрлы Мекеннің құбыла тұсында, ал ол нұрлы мекеннің күн шығыс тарапында он екі мың мұсылман шейіт болған Нұр мекен елі болады. Сол  мекенді басқаратын топты өзім жәннатқа алып кіремін» деген. Міне осы айтылған Киелі тау – Қазығұрт тауы. Ал Нұр мекен елі – Қазақ елі!

Пайғамбарымыздың осындай сәуегейлі хабарында біздің бүгінгі қоғамымыз, Алла-Тағаланың Нұр сипаты Қазақстанға берілгендігі, Мәңгілік Еліміздің тұрғындары адамзаттың ең озық ойлы жандары болатыны жайлы және болашақта туған жеріміз «Нұр мекенге» айналатындығы «Жұлдызнама» кітабында айтылған. Бұл кітап 2005 жылы Астана қаласындағы «Күлтегін» баспасынан профессор Мырзатай Жолдасбековтың редакциялауымен жарық көрді.

Жоғарыда институт еңбектерінің тұсаукесерлері шет елдерде өткізілгенін айттыңыз. Оларға қандай баға берілді? Қызығушылық танытқандар болды ма?

– Бір қызығы, бұл еңбектердегі кейбір мәліметтер барлық Киелі Кітаптарда да айтылған екен. Бұдан біз бейхабар едік. Осы аса құнды материалдарға  шет ел ғалымдары мен қаржыгерлерінің Әлем миллиардерлер клубы атынан А.Тарасов бастаған топ мүшелерінен біз күтпеген ерекше қызығушылықты байқадық. Сөйтіп олармен бірлескен «Адамзаттың Рухани Бірлесу және Жаңғыру орталығы  – «Қазығұрт»  атты  үлкен жоба өмірге келді.

– Қоғамда біраздан бері Ұлттық біртектілік мәселесі айтыла бастады. Бұл – ұлттық бірлікке, рухани үйлесімге бастайтын жол десек, қателеспеспіз. Оның ұйытқысы кім болу керек?

– Халық пен биліктің арасындағы рухани үйлесімділіктің тірегі – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы болуы тиіс! Егер осы үйлесімділік заман талабына сай болса, қоғам арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болар еді.  Атап айтар болсақ, еліміздің әр жерінде экстремистік көзқарастар,  жастарымыздың сыртқы көрінісінде өткен ғасырлардан  қалған, жат елдіктердің тұрпайы болмыстарына еліктеуі еріксіз көзге түсіп жүр. Әсіресе соңғы 3-4 жылдың ішінде көшелерде, сауда орталықтарында, қоғамдық  көліктерде, қайсы қоғамдық орынды алсаңыз да, барлық жерде хиджаб киген қыздар мен сақалды жас азаматтар саны еселеніп, күн сайын артып келеді. Ал солармен сұбхаттассаң, мына ақпараттық заманда өмірден өз орнын, материалдық қажеттілігін шеше алмай, өзінің  бар тапқан шындығы – сыртқы киімдерін өзгертіп, сақал қоюмен шектеліп, араб-батыс мәдениетіне еліктеушілердің жетегінде жүргендер екенін ұғасың. Білімге деген сенімсіздік, болашаққа деген  ескіше көзқарас, «тағдырым осылай жазылған шығар, оны бір Алла ғана біледі», деп ойлайтын олар қоғамдық жауапкершіліктен қашқақтап, өз-өздерін алдап, жұбатуда т.с.с. Биліктегі кейбір қызметкерлердің жөнсіз іс-әрекеттері, құқық қорғау қызметкерлерінің озбырлықтары және кең етек алған парақорлық сияқты келеңсіз жағдайлар – жастарымызға артып отырған үмітімізді үзетін, нағыз қастандық дер едім.

– Демек, Мемлекет те ұлттық идеологияға, әлеуметтік-экономикалық дамуға баса мән беріп, жастардың мейлінше толық жұмыспен қамтылуына, өмірден өз орындарын тауып, материалдық қажеттіліктерін шешуіне, Абай атамыз айтқандай, дүниенің бір кірпіші болып қалануына жағдай жаратуы керек дейсіз қой!

– Дұрыс айтасыз. Біз бұрынғы ғұламалар айтып кеткен «адамды адам ететін – еңбек» екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Осыған орай, Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы» бағдарламасы аясында бүкіл қоғам мүшелерінің еңбекпен қамтылуына қол жеткізсек, көптеген мәселе өз-өзінен шешілер еді. Тек еңбектің дұрыс бағаланып, еңбекақының лайықты, әділ және уақтылы төленуіне күш салуымыз қажет. Бірақ халқымызды рухани жаңғыртусыз олардың толық жүзеге асуы қиын. Өйткені, Рухани Жаңғыру – Мәңгілік Ел аңсары, кемел келешек кепілі, Елбасы ұсынған осы ұлы идеяның жүзеге асуына мәңгілік қызмет ететін басты тұғыр деп есептеймін.

– Оны жүзеге асыруға қандай ұйым нақты қолдау көрсете алады?

– Біз ұсынып отырған, еліміздегі аса күрделі проблема – «Қазақстан халқының руханиятын жаңғыртуды» толық шешуге қомақты үлесін қосатын, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауына арнайы даярлаған «ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ ЖОБАСЫ» бағдарламасының ғылыми негіздемелерін, әдістемелерін реттеуге атсалысатын, беделді әрі құзырлы мекеме – Президентіміз бен Еліміздің  сеніміне бөленген, дұрыс бағыт пен тура жолға қолдау көрсете алатындай мүмкіндігі бар Қазақстандағы бірден-бір республикалық ұйым ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы!

Ал, «Академик А.Ақаевтың "Ясин" технологиясы және "Қазығұрттану" ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері ҚМДБ-мен бірлесіп бір бағытта, бір мақсатта жұмыс жасауға даяр екендігін ашық түрде мәлімдейді.

Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адамға тәрбие бермей тұрып, білім мен ғылымға үйретсең, ол жүрген ортасына  апат әкеледі» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан алғанда «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» ғылыми-зерттеу институты ұсынып отырған «Қазақстан халқының руханиятын жаңғырту» немесе «ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰЛЫ ЖОБАСЫ» бағдарламасы халқымыздың ұлы мұраттарының негізі бола алады деп ойлаймын. Осылай Тәуелсіз Еліміздің ұлттық тұлғалары елін-жерін қорғай алатын, ділін бұзбайтын, тілін сақтайтын, әлем халықтарына үлгі-өнеге бола алатын, олармен бейбіт өмір сүре алатын нағыз парасатты азамат болып қалыптасып, адамзат ұрпағын рухани бірлесу мен жаңғыруға жеткізу арқылы Қазақ Елі мен Жері – Жер планетасындағы алтын бесікке айналады деп сенемін!

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңіз ел билігі, дін тізгіні, діл жауапкершілігін ұстаған азаматтар тарапынан ескеріледі деп үміт етейік.

Сұхбаттасқан Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, Мәдениет қайраткері

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048