Хо Ши Мин және Көлбай
Алматыдағы «Орхон» баспа үйі «ұлы тұлға» сериясымен кітаптар шығаруды қолға алып (жазушы Дидахмет Әшімханның жобасы) «Дың Шау Пиңді» жарыққа шығарғаны есімізде. Енді міне, Ветьнамның көсемі, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен отаншыл, орман жолбарысы Хо Ши Мин туралы кітап шығарып, тұсаукесерін Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университетте өткізді.
Жиналысқа елшіліктерден, жоғары оқу орындарынан, Жазушылар одағынан өкілдер қатысты. Ортамызда Бас елші Доан Тхи Суан Хиен ханым бастаған бес кісі отырды. Визиткасын (өздерек) өз қолымен таратқан ханым «Атым Хиен» деп иілді. Жиын өз ретімен өтіп жатты... Екі сағатқа созылған басқосудан жазушы Көлбай Адырбектің бір ауыздан аудартып Ветьнамдықтарға жеткізген сөздері бәрімізге майдай жақты.
- Біз қазақстандықтар Ветьнам елінің көсемі Хо ши минді өте жақсы білеміз. Бала күнімізде ол кісі туралы көп естіп, көп оқыдық. Елдеріңіз, алдында Франсуздардың отарында, артынан Американдықтардың шапқыншылығында оңбай есеңгіреді. Сондай бір ұлт басына қасірет ұялап, мемлекет құрып жоғалудың аз-ақ алдында тұрғанда тарих сахнасына күндей күлімдеп Хо Ши Мин шықты. Үміт пен күдік арасында алпарысқан, ортасынан оза шауып артық туған абзал жан тұтас бір халықты тығырықтан алып шықты. Сол кезде Кеңестер одағы, әсіресе Қазақстан алыста жатса да, интернатционалдық рухпен жылу жинап елдеріңізге жолдады. Тілектестігін білдірді. Соның ішінде қаршадай болған менде бар едім!.. Кейін заманның беті бері қарап Ветьнам бірлікке келді. Армандарыңыз орындалып тәуелсіздіктеріңізді алдыңыздар.
1959 жылы Кеңестер одағына сапарлай келген Хо Ши Мин Алматыға ат басын бұрды. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев аңызға айналған адамды қарсы алып үлкен құрмет көрсеткен болатын. Өзі ертіп жүріп Ғылым Академиясын көрсетті, Талғар ауданының шаруашылық алаңдарын аралатты. Ол кісінің Алматыда ізі бар, дәмімізді татып, суымызды ішкен. Біздің асыл азаматымыз Димашпен бірге алатаудың ауасын жұтқан. Ұлт үшін, жер үшін табанын ойып, тағдырын арнап, тарихына тағлым жазған Махатма Ганди, Мұстафа Кемал Ата Түрік, Сұн Ятсин (Сұн Жоң Сан), Махатхир Мұхаммад, Біздің Әлихан Бөкейханов секілді Ху Ши Минде әлемдік деңгейдегі тұлға.
Менің сақалымның жоқтығы демесеңдер, аумаған Хо Ши Миннің өзімін. Ал сізде, қазақтың қараторы Қарлығашындай бір қызысыз. Біздер отарлықтың дәмін әбден татқамыз. Сіздерді жақсы түсінеміз! Міне қазір Егемен елміз!.. Қарапайым, еңбекшіл, намысшыл, қайтпас, тағдырлас Ветьнам халқын жақсы көреміз, Хиен ханым, сізді жақсы көреміз!.. - деді.
Бұл сөздерді естіп көзі нұрланып, жүзі балбұл жанған Хиен ханым орнынан тұрып Көлбай ағама беттеді... Көлбай ағамда қарап тұрмай, елші ханымды бауырына қысып емірене сүйді.
Дәулетбек Байтұрсынұлы
Facebook-тегі парақшасынан