Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 9495 0 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 09:44

 Мархабат Байғұт. Құндылықтарды жаңғырту – өркендеудің берік діңгегі

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан қоғамының іргелі негізіне әсер ететін ұлтымыздың рухани жаңғыруының басталғанын күні кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жария етті. Бұл мақала жыл басындағы Жолдаудың жарасымды жалғасы. Осындай бір рухани сілкініске, ұлттық рух серпілісіне бастайтын бағдарламалық дүниені қоғамның күткені де рас. Елбасы осыны көрегендікпен сезініп, кемеңгерлік танытып отыр. Мемлекет басшысының мақаласынан қазақстандықтар, оның ішінде қаламгерлер қауымы, бүкіл зиялылар көптен бері толғандырып жүрген сұрақтарымыздың жауаптарын жан-жақты тауып, серпіліп қалдық. Біздің қоғамның рухани беріктігіне және кейбір кемшіліктердің де бар екендігіне назар аудара келе ең бастысы, ұлттық сананың сапалық жаңғыруы қажеттігін дәлелдеп көрсеткен. Мақаланың әрбір тармағы талдау мен таразылауға толы, онда сөз болған мәселелер көптің көкейінде жүрген күдіктерді сейілткендей әсерге бөленесіз.

Елбасы мақаласының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» тарауында «...замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын...» деп атап өткен.

Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өзгерістер мен жаңғырулар үдерісі бұл мәселенің маңыздылығын арттыра түсуде. Рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін жаңа қоғамдық қатынастар талабына бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру – тек философиялық, дүниетанымдық мәселе ғана емес, сонымен қатар саяси мәселе. Рухани құндылықтарды терең түсінбеудің салдарынан түрлі жалған ұстанымдарға бой алдырып,оның соңы лаңкестік әрекеттерге ұласуы қоғамда теріс көзқарас қалыптастыруда. Рухани құндылықтардан алыстаған қоғам азғындайды. Ал, адамзат санасын дендеген бос кеңістікті жалған дүниедегі зұлымдық, менмендік жаулауда. Сондықтан бүгінгі таңда рухани құндылықтардың маңызы мен ұлттық ерекшеліктерін анықтау және жете меңгеріп, жан-жақты жаңғыру ұлттық сана-сезімімізді қайта түлетуге ықпал етеді.

Қазір қарқын ала бастаған ұлттық бастауларға оралу, уақыт сынынан өткен дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту арқылы ұлттық болмысты қайта тұғырландыру, ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіріп, өскелең буынды жат идеологиядан арашалау бағытындағы барлық шаралар, ең алдымен, ұлттық бірегейлікті сақтау бағытындағы саналы қадамдар деп бағалаған жөн.

Әрине, қазақ – сонау көнеден бастау алатын тарихы бай, салт-дәстүрлері сай халық. Оның сол бағзы замандардан бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғылары қалыптасқан. Осы орайда кез-келген халық ата-бабасынан қалған сара жол мен даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып, керітартпа кеселдерден арылып, өзін замана мен болашақ талаптарына сай кемелдендіруі керек.

Қазақтың ұлттың құндылықтары өзімен бірге мәңгі жасасып келе жатқан құмарлы тілінде, озық салт-дәстүрлерінде, өрелі де өрісті өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың бірегейлігін,бітім-болмысын құрайды. Сондықтан Қазақ елінің қайта жаңғыруы – халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысы. Болашаққа деген құлшынысы. Рухани құндылықтарды зерттеу, зерделеу, зерлей жетілдіріп, меңгеру, келер ұрпақтарға ұластыру қазіргі қазақ қоғамының прагматизмі мен парасатына, сана сапасына тікелей байланысты. Олай болса, Елбасы мемлекет пен қоғамның алдына қойып отырған айқын мақсаттар мен анық міндеттердің маңызы орасан зор. Өзгеру мен жаңғыруға әрқайсымыздың тебірене, терең мән беріп, тарих шаңына көміліп қалмау үшін сөзіміз бен ісімізді бір жерден шығара білуге парыздармыз.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406