Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 4886 5 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 09:17

Жаңа дәуірге – жаңа экономикамен...

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа дәуірге заман талаптарына сәйкес жаңа экономикамен аяқ басу мәселесіне жіті көңіл бөлінген. Елбасы бұл жаңаруды жаңа қырынан қарастырған. Себебі тұлғалық, идеологиялық жаңару, рухани азаттық идеясының жүзеге асуы, бәсекеге қабілетті, сан ғасырлық тарихи дәстүрін жаңғыртқан ұлтқа айналу идеясы жаңа экономикалық парадигманың өзегі болмақ.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте адам ресурсының сапасына және жаңа саяси-экономикалық жағдайда жылдам бағдар алып, заман талабына икемделе алуында жатыр. Бұл үшін бұған дейін де Елбасының жолдауларында мемлекет функциясының қайта жаңғыруы, кәсібилік және ұлттық мүддеге негізделетін жаңа либералды саясат мәселелеріне жіті назар аударылып келеді.

Ұлттың бәсекеге қабілеттігін – инновациялық ортаға бейімдігі айқындайды. Біз ғасырлар тоғысындағы күрделі, әрі қызықты кезеңде өмір сүрудеміз. Бұл кезең ғаламдық денгейдегі өте қарқынды, бұрын-соңды болмаған экономикалық-инновациялық өзгерістер мен дәстүрлі құндылықтарды қайта саралау кезеңі болып отыр. Нарықтың маңызды орталықтарының өзгеруі, жаңа инновациялық орталықтардың қарқын алуы, адам ресурстарының көбеюі және әр алуандығы, экономиканың жаһандану үдерісіне сәйкес келіп отыр. Осыдан шамамен жиырма жыл бұрын NOKIA секілді фин алпауытының ұялы нарықтағы позициялары мызғымастай болып көрінгенімен, бүгінгі күні ол компанияның орнын SAMSUNG немесе APPLE компаниялары басты. Фин алпауыты өзге трансұлттық корпорациялардың құрамындағы кішігірім бөлімшеге айналды. Ғылым мен техниканың дамуы адам ресурстарына деген көзқарасты өзгертіп қана қоймай, адам ресурстарына деген қажеттілікті де азайтып отыр. Алғашқы бу қондырғыларының пайда болуымен басталған бұл процесс бүгінгі күні өз шырқау шегіне жетті. Адамды қолдан жасалған интеллектпен біртіндеп алмастыруда. Демек, ірі корпорациялардың қолына аса ірі шығынды, әлеуметтік төлемдерді талап етпейтін, шаршамастан тәулік бойы жұмыс істей алатын объект келді. Бұл объект ешқашан ауырмайды, медициналық жәрдемақыны талап етпейді. Бәрімізге белгілі алғашқы ғылыми-техникалық революция ХІХ ғасырдың басында Ұлыбританияда «луддиттік қозғалысқа» алып келген болатын. Генерал Лудд басқарған бұл қозғалыс бірінші кезекте адам еңбегін машиналардың басуының нәтижесінде пайда болған, технологилық жұмыссыздықты жою мақсатында әрекет етті. Бұл қарсылықтың көрінісі машиналарға қарсы көтерілістер нысанында жүзеге асты.

Бүгінгі экономика өз революциясының төртінші кезеңін бастан өткеруде. Бұл адам интеллектісінің біртіндеп, қолдан жасалған интеллектіге өзгеруіне алып келеді. Шын мәнінде адам ойынан әлде қайда кемел, қатесіз жұмыс істейтін кез-келген интеллект бүгінгі күні ұлттың бәсекеге қабілеттігінің негізгі көрсеткіштерінің біріне айналуда. Бұл робототехника секілді экономиканың жаңа салаларының қарқынды дамуына ықпал етуде. Оның үстіне Дональд Трамп қанша ниеттенгенімен өндірісті АҚШ секілді мемлекеттерге қайта алып келу мүмкін емес. Бұл әрине АҚШ экономикасы әлсіз деген мағынаны білдірмесе керек. АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер өз экономикасын қызмет көрсету саласына, яғни инновациялық ой саласына қарай ойыстырғанына көп болды. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Кеңестер одағы болат, шойын өндіруден әлемдік рекордтарға жетіп жатқан кезде, дамыған елдер инновацияға кеңінен бет бұрып, экономиканың инновациялық құрамы қарқынды дами бастады. Әрине, мүлгу жағдайында өмір сүрген тұралау заманының өкілдері бұл өзгерістерді байқамай қалды деуге толық негіз бар. Ғарышқа адамды тұңғыш жібердік, тұңғыш баллистикалық ракета жасап шығардық, жаңа әскери комплекстер енгіздік деп атойлап жатқан ел (КСРО) жақын көршілерінің сондай ірі жетістіктерінен маңызды инновациялық пайда таба бастағандығын аңғармай да қалды. Айталық ғарышқа алғаш рет адам ұшырған КСРО болғанымен, экномикалық пайдасын ұялы телефондар енгізу арқылы, интернет желісін дамыту арқылы Батыс елдері көрді.

Өткен ғасырда дамыған елдерде кең қанат жайған бұл үдеріс ғаламдық нарықтағы еңбек бөлінісіне тікелей ықпал етті. Батыс елдері өздерінің инновациялық басымдықтарын ұстап қалу арқылы, негізгі өндіріс көздерін, қоршаған ортаны қорғау, өз азаматтарының өмірі үшін ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында сыртқа - Қытай, Үндістан, Түркия секілді елдерге шығара бастады. Бұл сөзсіз дамыған елдердің көшбасшылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, неолибералды идеяларды басшылыққа алған Үндістан, Түркия бірқатар Латын Америкасы елдерінде ғылыми-техникалық революцияның үшінші кезеңін бастауға ықпал етті. Бұл елдер өз белсенділігі мен ұлттық инновация тетіктерін қоса отырып, төртінші революциялық кезеңге кіруге ынталанғанымен, әлі де толыққанды инновациялық экономика құру мүмкіндігіне қол жеткізе алмай отыр.

Төртінші революцияның жаңадан қарқын алуына себеп нарықтың жаһандануы болатын. Дәстүрлі шикізаттық экономикаға арқа сүйеген КСРО мен шығыстық блоктың ыдырауы нарықтық экономиканы жаңа биіктерге көтергендігі белгілі. Жаһандық нарықтың кеңеюі инновациялық өнімдерге деген сұранысты арттырды. Варшава шарты елдері кезек-кезек технологиялық үдерістен қалып қоймау үшін өз экономикаларын аша бастады. Бұл - елдердің дамуына үлес қосқандығымен, ғаламдық еңбек бөлінісіне ықпал ететін радикалды факторға айналмады. Нәтижесінде, бұрынғы Кеңестер одағының құрамындағы мемлекеттер әлемдік нарық үшін шикізат көзі ретінде қалып қойды десек артық айтқандық болмас.

Алайда жағдайдың барлығы ондай нәтижесіз емес. Мәселе кез-келген ұлттың алдында тұрған таңдауда. Бүгінгі күні мемлекеттердің даму бағдарына байланысты екі негізгі бағыт қалыптасып отыр. Біріншісі, инновациялық бастамаларға ілесе отырып алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу, екіншісі, айтарлықтай жабық саяси-экономикалық жүйе құру мақсатында мұнай немесе өзге де шикізатқа иек арту арқылы қоғамның тұйықтануына жол ашу, әлемнің шикізат көздерінің біріне айналу. Екі жолдың өз қауіптері мен тиімді тұстары бар. Бірінші жол жаһандануға жол ашу арқылы ұлттық экономиканы, ұлтты неолибералистік бағытқа жетелеу. Бұл жерде ұлт та, мемлекет те жаңа технологиялық революцияның құрбанына айналып кетуі мүмкін. Шын мәнінде адам еңбегінің қолдан жасалған интеллект арқылы ауысуы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бірақ кез-келген дамыған қоғамға тән жұмыссыздық, қоғамның кейбір топтарының заман ағымына ілесе алмауы секілді қиындықтар тудыруы мүкін. Жаңа технологияларды тарту, инновациялық дамуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттер өз егемендігін шектейтін шараларға барып, трансұлттық корпорациялардың жеміне айналып кету қаупі де бар. Дамыған елдерге көз салалық. Бұл елдердің көпшілігі дәстүрлі құндылықтардың біртіндеп жаһандық құндылықтарға ойысуының жемісін көріп отыр. Жыл сайын мыңдаған мамандық сұранысқа ие болмай жабылып, жаңа мамандықтарға жол ашуда. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі әлемдік еңбек бөлінісінде алып отырған орнына байланысты айқындалуда. Дәстүрлі шаруашылық салаларының жабылып, жаңа типтегі экономикаға бейімделу бұл елдерге де оңай соқпады. Айталық, Ұлыбританияда бұл үдерістің кең қанат жаюы, «темір леди» атағымен белгілі Маргарет Тэтчердің саяси тұлғасымен байланысты. Экономиканы жаңғырту мақсатында Тэтчер, көмір өндіру секілді экономиканың дәстүрлі салаларын мемлекеттік қолдауды шектеп жаңа технологиялардың дамуына жағдай жасады. Нәтижесінде бүгінгі күні Ұлыбритания экономикасы ең дамыған алпауыттардың бірі. Сөзсіз Британ қоғамына бұл реформалар оңай соққан жоқ. Түрлі әлеуметтік дүмпулердің нәтижесінде, бүгінгі Британ экономикасының басты идеологы отставкаға кетуге мәжбүр болғандығы да белгілі. Бұл эволюциялық революцияның нәтижесінде Ұлыбритания жетекші елдердің қатарында қала алды. Бірақ мәселе мұнымен де шектелмейді. Жаһан экономикасы күн сайын түрленіп, күрделеніп келеді. Әлемді соңғы жылдары шарпыған экономикалық дағдарыстың себептерінің бірі дәстүрлі экономика салаларына деген сенімсіздіктің күшеюі. Инвесторлар өз ақшаларын мұнай, алтын секілді дәстүрлі түрде тұрақты шикізат көздеріне салудан бас тартып, тәуекелі мол стартаптарды қаржыландыра бастады. Әрине капиталдың бір саладан өзге салаға өтуі белгілі дәрежеде дәстүрлі шикізат көздеріне деген сұранысты азайтты. Нәтижесінде мұнай бағасы құлдырап, жаңа құнды нарықтарға деген сұраныс көбейді.

Бірінші модель жағдайында орын алуы мүмкін түрлі келеңсіздіктер мен қауіптердің алдын-алу жолдары да бар. Біріншіден, жаһандану үдерісіне қарсылық көрсетпестен оның тиімді тұстарын игеру мүмкіндігін қарастырған жөн. Ұлт – өзінің табиғи сипатын сақтап қалуы үшін ұлттық дәстүрден қол үзбеуі керек. Жәй ғана қол үзбеу жеткіліксіз, оны жаһандану тетіктерін пайдалана отырып, ғаламдық денгейге паш етуге ынталану керек. Қазақ ұлтының фольклоры, батырлар жыры, айтыс, мақал-мәтелдер ұлттық құндылық денгейінен көтеріліп, әлемдік әдебиеттің қазынасына айналғанда ғана, тек ұлт қана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықтың өзі бұл құндылықтарды сақтауға мүдделі болады. Қолға алынуы тиіс келесі маңызды мәселе ұлттық кәсіпкерлік тапты қалыптастыруда. Нағыз ұлттық кәсіпкерлік таптың негізгі ерекшелігі, ұлттық құндылықтар мен елге деген жанашырлық сезімінде жатыр десек артық айтқандық болмас. Бұл тапты қалыптастыру және дамыту арқылы ғана біз халықаралық аренада бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкіндігіне ие боламыз. Үшінші маңызды мәселе, білім беру жүйесінің орнын қайта қарап, адамдардың тез арада әлеуметтік адаптациясын қамтамасыз ету мақсатында, жылдам және тиімді білім алу жүйесін қалыптастыруда. Бүгінгі күні білім ғаламдық деңгейде мойындалған маңызды ресурсқа айналып отыр. Бұл ұлттың бәсекеге қабілеттігінің, заман талабына икемделе алуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бүгінгі білім беру жүйесі адамның ғұмыр бойы кемелдену қажеттіліктеріне сай болуы керек. Бұл жаңа заманға икемделген мамандар желісін қалыптастырып, әлеуметтік инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Екінші дәстүршіл модельге келер болсақ, бұл мемлекеттің өктемдігіне негізделген нарықтық тетікке қарағанда, шикізатқа арқа сүйейтін модель өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Дегенмен, ғаламдық экономикада мемлекеттің ықпалы жылдам төмендеуде. Неліктен? Себебі ғаламдық экономиканың неолибералдық даму заңдылықтары негізгі сұраныс пен ұсыныс күші ретінде трансұлттық корпорациялардың кең қанат жаюына ықпал етті. Көптеген әлемдік ірі компаниялардың қаржы айналымы мемлекеттердің жалпы ұлттық өнімдерінен жоғары. Бұл мемлекеттің нарықтағы орнының әлсірегендігінің көрсеткіші. Оның үстіне бүгінгі экономикалық дамуды шетел инвестицияларынсыз елестету мүмкін емес. Ал бұл инвестициялар жабық, тұйық қоғамға келмейді. Демек уақыт өте келе қоғамның экономикалық әлеуеті әлсірей береді. Нәтижесінде, ерте ме кеш пе мемлекет әлеуметтік дағдарыстың орталығына айналады.

Қалай болғанда да Елбасының бүгінгі жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан адам ресурстары нарығында бәсекеге қабілетті, тамырын тереңге жіберген ұлт болып қана қоймай, бірге болашаққа қадам басуға шақыратын бұл мақаласы Қазақстанның өз таңдауын жасағандығын білдірсе керек. Уақытылы жасалған оңды қадам ұлт тағдырында өзінің оң ізін қалдырарына ешқандай күмән жоқ.

Иә, жаңа дәуірге жаңа экономикамен кіру керек. Бұл – жаңа уақыттағы әлемдік қоғамдастықтың, өзара бәсекелестіктің алғышарты!

Шыңғыс Ергөбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация және білім беру бағдарламалары сапасы орталығының директоры, Заң ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048