Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
3767 4 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 09:31

Журналист Есіргеповке жасалған шабуылға қатысты тергеу басталды

Қазақстанның ішкі істер министрі полиция «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі әрі журналист Рамазан Есіргеповке жасалған шабуылды тергеп жатыр деп мәлімдеді.

ІІМ баспасөз хатшысы Алмас Садубаевтың хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. «Есіргепов жолсерікке таңға сағат 4-те (14 мамырда) әлдекімнің өзіне пышақ сұққанын хабарлаған. Жолсерік болған оқиға жайында Шу станциясының медпункті мен полицияға хабар берген. Жәбірленуші үш пышақ жарақатын алған. Қазір оның өміріне қауіп жоқ», - деді ол.

Шу станциясының ауруханасында жатқан 61 жастағы Есіргепов өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметі және азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Дәрігерлер Рамазан Есіргеповке операция жасалғанын, жағдайының бір қалыпты екенін айтады. Журналистің әріптестері оны Алматыдағы емханаға ауыстыру қажеттігін көтеріп жатыр.

Шабуыл Рамазан Есіргепов Астанаға кетіп бара жатқан пойызда орын алған. Ол Еуроодақ елдерінің өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы сөз бостандығы, адам құқығы жағдайын сөз етпекші болған.

Абай-ақпарат

4 пікір