Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 16673 12 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 13:03

Репрессия құрбандарын қалай еске аламыз?

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ел болып еске алатын 31 мамыр біздің еліміздегі қастерлі күндер қатарына кіргелі, міне, жиырма жыл болып қалды. Дәлірек айтқанда, 31 мамыр айрықша мәртебеге ширек ғасырдан бері ие. Алғаш рет бұл күн еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген бетте, 1992 жылы, ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген болатын. Содан соң ауқымы кеңейтілді.

1997 жылдан бастап әр мамырдың соңғы күнінде 30-шы жылдарғы ашаршылық пен репрессия құрбандарын бірге еске алып келеміз. Бұл оң өзгерістер совет өкіметінің тынысы тарылып, қайта құру саясатын жария еткен шағынан бастау алған болатын. Қайта құру саясаты біз білмейтін демократияның хабаршысы еді. Ол біз көзімізді ашқалы көрген тоталитарлық мемлекетте сана азаттығына бастайтын революциялық ахуал орнатқан. Сондағы революциялық ахуалды билеуші партия жасады. Билеуші партияның қажеттілікті түйсінгендік яки мәжбүрлік жетегімен, еріксіз де ерікті күйде қолға алған ашықтық және жариялылық саясаты жасады. Ашықтық пен жариялылық – жаңа саясат көкке көтерген негізгі ұрандар еді. Бұлар орасан зор елде ұзақ жылдар бойы коммунистік билік қалыптастырған стандарт өлшемдеріне оғаш көрінген, сөйтсе де, сол шақта буалдыр аңсар боп, көптің көкейін тескен ұрандар болатын. Жасампаз ұрандар еді. Сол ұрандар рухани шектеу қалыпты жағдайға айналған советтік империяда «алтын күрекше» екпіндей есіп, еркін ойды тұншықтырған қасаң тоталитаризмнің сірескен мұзын тез еріте бастаған. Тегеуірінді жаңа леп күллі империя аумағында, әсіресе, отар елдерде айрықша сезілді. Жер-жерде сананың оянуы өріс алды.

Алайда кеңес билігінің өзі, соншама жылылығы бар қайта құру саясатын жариялаған кеңестік өкіметтің өзі, шынтуайтында, пролетариат диктатурасы қалыптастырған көне тәртіптің отарларда өзгеріссіз сақталуына мүдделі боп шықты. Біздің елде өзіндік ойы барлар көшеге шыққанда, саяси реакция қаһарына мінді. Сол реакция Сексен алтының Желтоқсанында қазақ жастарының демократиялық қозғалысын қаскөйлікпен арандатып, ұлт азаттығын көксеген саяси көтеріліске ұластырды. Сөйтті де оны қанға бөктіріп, басты. Оған жаппай үрей шашқан «Кіші 37-ші жыл» ызғарын сабақтастырды. Алайда, бәрібір, жеңімпаз қайта құрудың «алтын күрегіне» төпеп бере алмады. Өзгеріс дәуірінің туғаны біздің елде де мойындалды, өйткені кеңес империясының орталығынан дүр етіп көтерілген жариялылық пен қайта құру ұрандары селдей тасып, шартарапқа жайылған. Сол сел екпіні біздің республикамызда күш көрсетіп жатқан жаңа саяси репрессияның қанатын жайғызбады, шапшаң қайырды. Сонымен, не керек, біз жаңа саясатпен, ашықтық, жариялылық, қайта құру саясатымен ықыластана қаруландық. Тездетіп, сталинизм жылдары тарих қоқысына тасталған қаралы тарихымызды жаңғыртуға ұмтылдық. Бұрын оңашада сыбырлап қана сөз ететін ашаршылық тақырыбын көтердік. Қара таңба тағылып, санадан өшірілгендей болған асыл тұлғаларымызды тірілтуге асықтық. Сол асығулы алғашқы топ қатарына тағдыр мені де қосқан болатын.

Бұл топ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кеңестік ұлт қайраткерлерінің адал есімдерін қоғам өміріне қайтарумен шұғылданды. Сол шақта мен де бірқатар аяулы халық ұлдары және «ауытқушы-коммунистер» Смағұл Садуақасов пен Сұлтанбек Қожанов жайында қалам тербедім. 1988 жылдың соңына қарай Алаш азаматтары да ақталды. Сонда Алашорда көсемдерімен қатар, Смағұлдың құрдасы, үзеңгілесі, Сұлтанбектің белгілі дәрежеде әріптесі, інісі болған Дінше Әділовтің өмірі де менің назарымды аударды. Көптеген зерттеу мақала жаздым, 2000 жылы «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» атты кітап та шығардым. Репрессияға ұшыраған зиялылар мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының ұйымдастыруымен, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры ғимаратында сол өнер ордасының түтінін тұңғыш түтеткен мәдениет қайраткерінің туғанына жүз жыл толуына және кітапты жұртшылыққа таныстыруға арналған кеш өткіздік. Бертінде де Дінше жайында түрлі жағдайға орай  жазып келем. Жақында Алаш қозғалысы тарихымен тиянақты шұғылданып жүрген белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев маған даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының жазушы Мамытбек Қалдыбайға Дінше туралы айтқан естелігін оқып, өзіне ғаламат жаңалық ашқанын айтты.

Баукең тұтқын Діншені он жеті жасар бозбала шағында көріпті. 1928 жылғы желтоқсанда Шымкенттен Шу бойына Әділовтерді тұтқындау үшін аттанған ГПУ-дің қарулы жасағы басшысының тілмашы болған екен.  Баукеңнің айтуынша, қысқы құм ішінде айдалып келе жатып, Дінше ән шырқайды. «Даусы ғажап екен, – депті Баукең сол сәтті еске алғанында. – ...Бір кезде Мұқыш (Діншені айтады – Б.Қ.) «Елім-айды» көңілі босап, қайғыра шырқады. Оған Жорабек (дұрысы: Ағабек – Б.Қ.) қосылып еді, құм іші күңіреніп кетті. Маған айнала төңірек солығын баса алмай егіле жылап, күрсіне өксіп жатқандай сезілді». Олардың бұлайша күйзеле ән салуын айдауыл қатарындағы жас Бауыржан ұға қоймайды: «Бұлары несі? ...Бәрінен ағасы Байсейітті өлтіріп, түйеге артып келе жатқанымызды көре, біле тұрып, Мұқыштың ән шырқағаны несі? – деп іштей жол бойы таңырқаумен болдым. Онда мен Мұқыштың да,  Жорабектің де қайғы күйігін әнмен басқысы келгенін түсінбеппін». Бұл – сарбаз, сардар, ардагер, жазушы Бәукеңнің совет дәуіріндегі сөзі. Шындық тұмшаланған ол шақта ГПУ-ге тұтқынға түскен бұл жігіттер жайында көп жәйт беймәлім болатын. Сол себепті тұтқындалған азаматтардың арба үстінде байлаулы келе жатып, қысты күнгі құм далада қайғылы әндер, дәлірек айтқанда гимн іспетті «Елім-ай» мен «Қаракесекті» шырқауының терең себептерін анық пайымдай алмауы да ықтимал. Бірақ тамырын дөп басқаны анық: олар бастарына түскен қайғы күйігін елдік мұңмен суарылған әндер айтумен басуға тырысқан. Ал қазақ ұлт-азаттық қозғалысының тәуелсіздік дәуірдегі зерттеушісі Мәкең: «Зәки Валидовтың сонау Түркияда жазған естелігінде Діншені ақын және әртіс деп атағаны есіңізде шығар, – дейді маған, – сонысы Баукеңнің айтқанына дөп келіп тұр. Баукеңнің естелігі арқасында менің Алаш қайраткерлері тағдырындағы түсіне алмай, таппай жүргенімнің кілті айқындалғандай болды». Ол алаштықтар тағдырына байланысты өзіне керемет жаңалық ашты және бұл мәселеге өзінің жазып жүрген жаңа кітабында арнайы тоқталмақ. Ғалымның бұл сөздерін мен қанағаттана қабыл алдым, оның жаңа еңбегінде, сөз жоқ, Діншенің азаматтық келбетін жаңаша пайымдайтын  маңызды тұжырымдар болады...

Ал осы уақытқа дейін өзімнің көзімнің жеткені – жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы ширегінің соңы Қазақ республикасының да, мен өмірі мен қызметін арнайы қарастырып жүрген құрдас жігіттердің де тағдырындағы елеулі оқиғалармен ерекшеленді. Ең алдымен, ғасыр құрдастары, жиырма жасар жас жігіттер Смағұл Садуақасов пен Дінмұхамед Әділов Кеңестік Қазақ автономиясы жоғарғы өкіметінің алғашқы құрамына еніп, жастық жалынмен еңбек еткенін атап айту ләзім. Сол шақта олардың қызметтері барысында биікке самғау да, құзға құлдырап құлау да орын алды. Баршаға мәлім, Қазақ Республикасы большевиктердің қазақ халқына Ресей Федерациясы ішінен тігіп берген отауы болатын. Отау өз шаңырағы астына республика аумағынан тыс жатқан оңтүстіктегі байырғы ата қоныстарды халқымен жинастырып, біріктіруін 1925 жылы жаңа астанасында рәсімдеді. Жиырма бес жасар Ағарту халық комиссары Смағұлдың қолдауымен, ол басқаратын халкоматтың жиырма бес жасар қызметкері Дінше республикадағы тұңғыш ұлттық үлкен өнер ордасының іргесін қалады. Директор лауазымымен дүрілдетіп, шартараптан шақырылған көркемөнерпаздардан бір театрлық маусымда ұлттық кәсіби өнер ордасын жасақтады. Діншенің мәдениет қайраткері ретіндегі өмір жолы сонымен тоқырады. Сосын біртіндеп бәрі кері кетті. Ал Смағұл тағы біраз уақыт белсенді күрес сапында жүрді...

Ұзақ жылдарғы отарлық бұғаудан босап, тарих сахнасына қазақ атымен қайта шыққанына масайраған аңғал жұртты билеп-төстеу тағына қазақ жер-суы біріктірілгеннен кейін де бөгде біреу отырғызылған еді. Зымиян пиғылын әдемі ұрандармен көлегейлеген астам көкірек жатжұрттық. Соның қолымен неоимпериялық Үлкен үй өзі тігіп берген Кішкене отауды – Ресей Федеративтік Республикасы құрамындағы автономиялық республика дәрежесінде әспеттелген қазақ елін – қалауынша билеп-төстеді. Сол эмиссарының қолымен Қазақстанды бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген жаңа күйзелістерге ұрындырды. Қазақты шұрайлы жер-суынан жаңаша айырды. Дәстүрлі тыныс-тіршілігін, өмір салтын қатты өзгеріске ұшыратты. Айналып келгенде, аштықтан қырылған «болашақсыз» көшпенділердің сүйегі үстінде жаңа империяның әр түкпірінен жиылған бақ қуушылармен бірге «коммунизм орнатуға» барша жұртты ұмтылтқан имансыз «іргетас» қалады. Сондай құрылыс салуды көздеген ұмтылыс жолындағы кедергілер – «алашордашылар», «ұлтшылдар», «антикеңестік элементтер» – жойылуға тиіс еді, сондайлардың алғашқы санатына Дінше де іліккен болатын.

Тағдыр әжуәсін қойсаңызшы... Патшалық тұсында, қазақтың 16-шы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қарсаңында Түркістан өлкесі генерал-губернаторының көмекшісі қызметіне генерал Ерофеев жіберілген. Ол мұнда өлке әміршісінің көмекшісі болумен ғана шектелген жоқ, ол құдды бас әкімнің тап өзіндей жұмыс істеуге тырысты. Бұған, губернатор аурушаң болғандықтан, әрәдік оның міндетін атқарып жүргені себеп болуы да ықтимал. Не керек, орынбасар-губернатор өлкедегі отаршылдардың мәртебесін арттыра түсуді мақсат еткен екен. Сол тілегіне жетуді көздейтін шара ретінде, туземдіктерге арналған жаңа ереже жария етіпті. Түркістанның жергілікті халқы енді отар әкімшілігінің өкілдерін, тіпті исі орыс адамдарын көре қалса, орындарынан тұрып, бастарын төмен иіп, қол қусырып қарсы алуы керек болды. Сондай тәртіпті мұқият сақтау жайында төменгі чиновниктеріне генерал Ерофеев тиісті нұсқау беріпті. Осындай астам пиғыл отаршылдардың большевик ізбасарларына да дарып, Советтік Түркістан Республикасы тұсында да өзіндік көрініс тауып тұрды. Бұл, әсіресе, 1924 жылы Ленин қайтыс болғанда даңғаза көрініс тапты. Пролетариат көсемінің өлімін большевиктер Ташкентте «туземдіктерді» жер тізерлете отырғызып, өздері түрегеп тұрған қалыпта аза тұтқан екен. Сөйтіп, көсем аруағын ұрандата ұлықтаған көрінеді. Большевизм сарбаздарының жергілікті халықты соншалықты төменшіктетіп масқаралау мен қорлауын бастарынан кешіп, көздерімен көрген «туземдіктердің» көкірегі ояулары іштей күрсінген де қойған. Шарасыз күйініштерін бар болғаны газетке шыққан шағын мақалада елеусіздеу сездіруге ғана шамалары жетсе керек. Партиялық-кеңестік мерзімді басылымдарда болымсыз хабар ретінде жарияланған сол дерек эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайұлының назарынан тыс қалмады.  Ол әсіреқызыл отарлаушы-коммунистердің бұл «дәстүрін» 1928 жылы Парижде Еуропа демократиялық жұртшылығы үшін жазған «Советтер Орта Азияда» атты әйгілі еңбегінде әшкереледі.

Міне сол «туземдіктердің» «халық жауы» қара бояуымен таңбаланған алғашқы өкілдерінің бірі Дінше пролетариаттың ұлы көсемінің  туғанына алпыс жыл болған мерейтойы күні атып тасталды. Қазақтардан ол жалғыз емес болатын. Қызыл империяның ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) деген атпен санаға үрей шаша сіңген жазалағыш мекемесі ұлт қайраткерлерін репрессиялау науқанының алғашқы толқынында қырықтан астам азаматты қармаған. Қазақ елінің астанасы Қызылордадан Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласының түрмесіне әкеліп тергеген де, үкім шығарған. Сонда, қалың жұртшылыққа Бутырка атауымен мәлім большевизм абақтысындағы көзден таса жер асты қапастарының бірінде, солардың төртеуі оққа байланған. Сол төрттің бірі, мәдениет қайраткері Дінмұхамед (Дінше)  Әділов еді, ол жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Ахметсафа Юсупов, әдебиетші Әбдірахман Байділдинмен бірге бір күнде – 1930 жылғы 21 сәуірде атылды. Ұлттық мәдениетке де, ұлттық мемлекет үшін күреске де өз кездерінде өзіндік үлестерін қосқан бұл боздақтар осылай, нөмірі бірінші большевик дүниеге келген «қасиетті күнге» орай құрбандыққа шалынды. Құдды бір әлемдік революцияға берілген тасаттықтай, революция өртін тұтатушы марқұмның мерейжасын еске алып, бейне бір «қасиетті күнді» атап өткендей мәртебеде өлтірілді. Оларды түрменің жерасты қабатында атып, Ваганька қорымында құпия қазылған бір шұңқырға, мемлекеттік террордың өзге құрбандарымен бірге, жасырын көміп тастаған екен. Бүгінде сүйектері Ресей астанасы Мәскеудің қақ төрінде, қиянаттан қаза тапқан жүздеген, мыңдаған тоталитаризм шейіттерімен араласып, бауырластар зиратында жатыр. Бастары алпыс жылдық «ұмыттырудан» кейін қарайтылды. Демократия дауылы соғуының арқасында барлығына ортақ бір ескерткіш-құлпытас қойылды.

1933 жылы жұмбақтау жағдайда опат болған Смағұл Садуақасовтың сүйегі Мәскеудің Дон зираты крематорийінде өртелді. Күлі салынған сауыт сонда сегіз онжылдыққа жетеғабыл мерзім бойы тұрды. Ақыры, ұлт патриоттарының күш салуымен, 2011 жылы Астанаға әкелініп, мұсылмандар қабірстанына жерленді. 1935 жылы кеңестік концлагерлер жүйесіндегі Карелияның Соловецк поселкесінде ГУЛАГ тұтқыны Міржақып Дулатов дүние салды. Сүйегі алпыс жылдан кейін тәуелсіз еліне әкеліп қойылды. «Үлкен террор» жылдары Мәскеуде Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов,  Жаһаншаһ Досмұхамедов, Садық Нұрпейісов, Орынборда Қошке Кемеңгеров, Алматыда Ахмет Байтұрсынов, Қоңырқожа Қожықов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Жанайдар Садуақасов, Ораз Жандосов, Құдайберген Жұбанов, Ғабдолхәкім Бөкейханов, Рақым Сүгіров, Ташкентте Мұхамеджан Тынышбаев сынды жүздеген боздақ атылды. Шымкентте, Ақтөбеде, басқа да жерлерде талай азамат саяси қуғын-сүргін салдарынан опат болды. Берлинде 1941 жылы жұмбақ жағдайда Мұстафа Шоқаев қаза тапты. Бұлар және аттары аталмаған солар қатарлылардың баршасы ұлттық қозғалысқа толқын-толқын болып құйылып, ұлы өзгеріс істеріне жегілген азаматтар еді. Бәрі де жаңа тұрпатты империя жүргізген саяси репрессияның қатыгез қара семсеріне ілікті. Қуғын-сүргін науқаны аяқтала бере жаһандық алапат соғыс болды. Одан соң «халықтар әкесі» өмірден озды. Сосын жеке басқа табыну әшкереленіп, жазықсыз жазаланған азаматтар ақтала бастады.

Бұл үдерістің өзіндік кезеңдері болды. Әуелде, сталинизм айыпталғаннан кейінгі саяси оқиғалар нәтижесінде туған «жылымық» жылдары сең бұзылып, «халық жауларының» жау емес екені белгілі бола бастаған. Алайда кеңестік-партиялық билік олардың бәрін емес, тек кейбірін іріктеп қана ақтады. «Жылымық» тез мұздап, бұрқ еткен еркіндікті ауыздықтаған жылымшы саясат дәуірледі. Ақыры, санаға қантөгіссіз революция іспетті әсер еткен соны саясат, жаңа бағыт келді. Сол тосын жаңалық дендей келе, есіміне «халық жауы» жаманаты тіркелген бетте-ақ күллі тыныс-тіршілігі дұшпандыққа баланып, құдды бұл дүниеде өмір сүрмегендей, аты мүлдем ұмыттырылған, елім деп еңірегені жоққа шығарылған жандарды еске алу парыз екеніне баршаның көзі жетті. Енді осы жағдайды ешкім мансұқтай алмайтынын көрдік. Бұл рас. Бірақ ұзамай мынаған да көзіміз жетті. Олардың кейбіреулерінің өмір жолдары мен қызметтерін уақыт шаңынан аршып қалпына келтіру, сосын қай-қайсысын да өз дәрежесінде тиісінше бағалап, сіңірген еңбегіне лайықты тарихи орнына қою дегеніңіз – оңай шаруа емес екен. Неліктен? Себебі, халықтың бірнеше ұрпағы бастан кешкен кеңестік заманда тасжүрек жазалаулар кезеңі дәуірлеп, боздақтар бірінен соң бірі сағымды мұрат жолында құрбандыққа шалынды да, олардың аты-жөндері мен атқарған істерін ауызға алмауға замандастары мәжбүр етілді. Ал күллі тоталитарлық жүйенің идеологиясы, ақпараттық тыйым салулары салдарынан кейінгі буындар олардан мүлдем бейхабар болып өсті.  Өстіп  кеңестік жаңа сана, біржақты шындық қалыптасты. 50-ші жылдарғы «жылымықта» коммунистік партия таңдап «тірілтіп» берген боздақтарымыз, кейбірі үлкен кедергілерден өтіп барып қана, жұртшылыққа таныла бастаған-тын. Сөйтіп жекелеген мемлекеттік қайраткерлер мен әдебиетіміздің кеңестік тарихында ізашар болған ақын-жазушыларымыздың біразы қайта туған.  Жазықсыз жазаланған арыстарымыздың бәрі болмаса да, бірқатары осылай қоғамдық ортамызға оралған да, жұртшылықты қуантқан. Дегенмен, тап сол жартыкеш жақсылық салдарынан саяси қуғын-сүргіндер ақиқаты жартылай ғана ашылған да, тиісінше, толық шындыққа қол жетпей қалған. Есесіне шала шындықтар белгілі бір дәрежеде бекем қалыптасқан еді. Сол шала шындықтарды үстем идеология өз ықпалындағы ғылыми, әдеби, мәдени ми қыртысының жықпыл-жықпылына терең дарытқан болатын. Ал халқымыздың тағдырындағы аса зор апат, ұлттық апат – қасіреті ұшан-теңіз ашаршылықтар мүлдем ұмыттырылған.  Большевизм қаламымен сол қасіреттерді бүркемелеп жазылған советтік жасампаз тарих әр санаға өшпестей етіп сіңірілген еді.

Бірақ  әуелі қайта құру саясаты, сосын, әрине, мемлекеттік тәуелсіздігіміз бәрімізді жаңаша түлетті. Сананы оятты. Демократия желі әділетшіл сезімді айрықша сергітіп, жасанды тарихтың тұғырын қатты шайқалтты. Оң өзгеріс басталды, өткенді дұрыс бағалауға шақыратын жаңа көзқарастар туды. Өткенімізді шын таразылауға мүмкіндік беретін жол ашылғанына біз құлай сендік. Сондықтан да сол жолға алаңсыз түстік. Бұрмаланған, қате түсіндірілген бастан кешкендерімізді кең көлемде жаңғыртуға кірістік. Және бұл істе үлкен әріппен жазылатын Әділеттіліктің салтанат құрарына еш күмәнданған жоқпыз. Ұлт тарихына қоғамдық келісімнің, халық бірлігінің негізі ретінде айрықша мән берілген, рухани жаңғыруды алға мақсат етіп қойған қазіргі таңда  бізге осы жағдайды мейлінше тиімді етіп пайдалану ләзім. Қаралы тарихтың көлегейленген қыртыстарын түгел ақтарып, әділ саралауға кедергі жасалмауға тиіс. Әділ сараланған қаралы тарихты жұртшылыққа ұтымды тәсілдермен үзбей жеткізіп отыру маңызды. Бұл әркімнің өзін өзі тарихпен тәрбиелеуіне көмектеседі. Азаматтарды шыншыл, әділ тарих арқылы тәрбиелеу – ел бірлігін арттыра берудің, отаншылдық сезімді нығайта түсудің, сондай-ақ қазіргі таңда қызу қолға алынып жатқан қоғамдық сананы батыл жаңартудың ең сенімді жолы.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478