Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Сатира 5112 11 пікір 17 Мамыр, 2017 сағат 19:46

«Қазақстанның халық жемқоры» атағына кім лайық?

Қаланың ығы-жығы базарының қақ ортасындағы үлкен үстел үстіне біреу шығып алып, «Атақ  сатамын, атақ» деп айқайлап тұр. Маңайына жұрт үймелеп қапты.

– Ау, әпендім,  – деді Қисық оған,  – Атақ сатқан деген не  сұмдық! Атақ сатылушы ма еді?

– Ау, ағасы, – деді әпенді, – Атақ сатқанға несіне таң қаласыз? Қазір біздің әңгүдік, то есть мәңгілік елімізде не сатылмай жатыр.

– Тоқтай тұрыңызшы, – деді бір мес қарын Қисыққа, – Не сатса да өз еркі емес пе? Сонда қандай атақтар сатасыз? Мүмкін бізге де лайығы табылып қалар.

– Әрине, әрине, – деді әпенді,  – Табылады ғой. Мәселен, «Қазақстанның халық ақыны».

– Немене, немене?! –  деді мес қарын, – Халық ақыны дейді. Ойбу, бетім- ай! Соны да атақ деп, ақынды да адам деп. Ақынды «ой, ботақаным», «ой, қошақаным» деп еркелетіп, «құйрығынан қағатын» заман өткен жоқ па еді? Дені дұрыс бір атағың жоқ па?

– Бар ғой, бар, – деді әпенді. – Ендеше мен сізге атынан ат  үркетін керемет атақ сатайын.

– Қандай?

– Мәселен, «Қазақстанның құрметті академигі».

– Астапыралла, не дейт! – деді мес қарын. Соны да атақ деп, академикті де адам деп. Академиктердің заманы өтпеп пе еді? Ау, бүгінгі заманымыздың бет-бейнесіне лайық, қоғамымыздың кескін-келбетін жарқыратып ашып тұратын дені дұрыс атақтарың жоқ па?

– Сонда ол қандай атақ?

– Мәселен, «Елімізге еңбегі сіңген құрметті жемқор». Қандай ғажап атақ!

– Астапыралла! Не деп тұрсыз өзі? Мұндай да атақ болатын ба еді?!

– Е, неге болмасын. Болмаса, болдыру керек. Заман өзгерді ғой, қоғам өзгерді ғой. Ендеше заманға сай атақтарды да өзгерту керек. «Ескі» атақтардан арылу қажет.

– Қалай?

– Қалай болсын, Парламентке сондай ұсыныс жасау керек.

– Не деп?

– Біз «марқұм» болып кеткен социализм заманына лайық атақтарды алып жүруден қатты қысыламыз, ұяламыз, жерге кіреміз. Біз бүгінгі өз заманымыздың, яғни күндіз-түні

көз  ілмей адам құқығын ойлайтын, екі күннің бірінде жиналыс өткізіп, әлемдік, жаһандық

мәселелерді толғайтын, құдайдың құтты күні бір сылтау тауып, не болса соны тойлайтын,

қолына билік тиген шенеуніктері тек «жеуді» ғана ойлайтын, бірақ қанша жесе де «қарны» ешқашан тоймайтын қазақы капиталистік қоғамның қаһарманы болуымыз керек. Соған лайықты атақтар қажет. «Қазақстанның халық ақыны» деген не масқара! Айтуға адам ұялады. Кімге керек ол ақын? Одан гөрі бізге «Қазақстанның  халық  жемқоры» деген сияқты атақтар қымбат. Сондықтан Парламенттен өз заманымыздың бет-бейнесіне лайық атақтар тағайындауды сұрау керек,  әрі талап ету қажет.

– Сонда қалай, Парламент ұялмай, қызармай, қысылып-қымтырылмай осындай атақтар тағайындайды деп ойлайсыз ба? Тағайындай қалған жағдайда бетіңіз бүлк етпей өзіңізді сондай атаққа ұсынбақсыз ба?

– Ау, әпенді, Парламенттегілерді біреулер қалғып-шұлғып отырады дейді ғой. Осы біреулер депутаттардың қалғып-шұлғығанын да көре алмайды. Неткен іштарлық. Қалғи

берсін. Күні-түні елдің жағдайын ойлау оңай дейсіз бе? Сол «қалғып» отырған кездерінде әлгі «Қазақстанға еңбегі сіңген құрметті жемқор», «Қазақстанның халық жемқоры» сияқты «блатной» атақтарды ұсынып жіберу керек. Құдай біледі, «зыр етіп», өтіп кетеді. Сосын сіз қайдағы бетті айтып отырсыз? Бет деген қалған жоқ па қазір.

Біз жемқорларды қудалап, соттап, адам құқығын аяққа таптайтын  әрекеттер жасап отырмыз. Еще, құқықтық мемлекет құрып жатырмыз деп айқайлаймыз. Не «жеймін» десе де, қанша, қалай жеймін десе де бұл олардың өз құқы емес пе? Керісінше, біз оларды ынталандырып, қолдап отыруымыз қажет.

Мәселен, миллиондап жеген жемқорға «Елімізге еңбегі сіңген жемқор миллионер», ал миллиардтап жеген жемқорға «Елімізге еңбегі ерекше сіңген құрметті жемқор миллиардер» атақтарын беріп, еркелетіп, «құйрықтарынан қағып», тиісті орден- медальдармен марапаттап отыру лазым. Жемқорлардың арасынан «айқайлатып», «Халық қаһарманын» шығару керек.

– Сөзіңізге қарағанда сіз де сол жемқорлардың бірісіз-ау деймін.

– Аузыңызға – май. Бірақ дұрыс жемқор бола алмай, қор болып  жүрмін. Үрей басым. Қазақ қызғаншақ халық қой. «Жегеніңді» де көре алмайды. Бізде «жеуге» ақша көп қой, өте көп. Мәселен, еліміздің қазынасынан бөлінген миллиардтаған қаржының әр облыста

жыл сайын жүздеген миллион теңгесі игерілмей қалады. Неге? Өйткені, жемқорлық нашар дамып отыр. Жемқорлар сауатсыз, оқымаған. Дұрыс жеуді де білмейді. Сондықтан

жемқорлықты заңдастырып, жемқорлар даярлайтын оқу орындарын ашу керек.

– Сіздің есіңіз дұрыс емес шығар, – деді әпенді. – Жемқорды қорғаған деген не сұмдық!

– Өзіңнің есің дұрыс емес, – деді мес қарын. Біз осыған келе жатырмыз. Таяуда республикалық телеарнаның бірі атышулы кеденнің басшысының бір миллион доллар пара алғаны туралы жаһаннамға жар салды. Ал сонда не болды деңіз. Түк те болған жоқ. Сот жұрттың көзін бақырайтып қойып, әлгі жемқорды еш жазасыз «арқасынан қағып», босатып жіберді. Көп ұзамай сол телеарна арқылы прокурор да сөйлеп, сот шешімін қолдап, «ыстық лебізін» білдірді. Мінеки, бұл біздің елімізде жемқорлыққа алғаш жол ашылды деген сөз. Жасасын, жемқорлық! Жасасын, жер бетіндегі жасампаз біздің әділ сот!

– Расында да миллион теңге емес, миллион доллар пара алған әлгі жемқорды сот неге соттамады? – деп мәңгірді әпенді.

– Соттағаннан ештеңе шықпайтынын, ештеңе өзгермейтінін ол сот жақсы біліп отыр. Біз жемқорлықпен күресіп болдық. Енді жемқорлыққа жол ашуымыз керек. Жасасын,

жемқорлық, жасасын, жер бетіндегі жасампаз біздің әділ сот!

Дамир ӘБІШЕВ

Abai.kz

 

 

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053