Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 3686 2 пікір 22 Мамыр, 2017 сағат 08:50

Зейнетақы қорындағы қаржыға Әзербайжанның облигацияларын сатып алу – заңсыз

Зейнетақы қорына салынған халық ақшасының Әзербайжаннан бір-ақ шыққанына Мәжілістегі коммунистер партиясы фракциясының Айқын Қоңыров бастаған депутаттары да алаңдаушылық білдіріп, Премьер-министр Б.Сағынтаев пен Ұлттық Банк төрағасы Д.Ақышевтің атына сауал жолдады. Біздің білуімізше «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес Президенттің жанынан Біртұтас зейнетақылық жинақтау қорын басқару жөніндегі Кеңес құрылған еді ғой. Осы Кеңес қордың активтерін өсіру үшін тиімді қаржылық құралдарды анықтаған. Ал Ұлттық Банк 2014 жылы қайда инвестиция құю туралы арнайы декларация қабылдады. Осы декларацияға сәйкес инвестициялар негізінен: Қазақстан Республикасының құнды қағаздарын сатып алуға; Еліміздегі екінші деңгейдегі банктерге депозит ретінде салуға немесе оның облигацияларын сатып алуға; Халықаралық эмитенттердің еурооблигацияларын алуға жұмсалуға тиісті еді.

Көріп отырғанымыздай Әзербайжанның халықаралық банкы бұл талаптардың ешқайсына сәйкес келмейді. Ендеше осы банктың 2014 жылы шығарылған облигацияларының 50 пайызын сатып алуға қазақстандықтардың 71,3 млрд. теңгесін жұмсағандардың ісі заңсыз ғой.  Осы іске алдымен  Қазақстанның ірі банктерінің бірі қатысқаны да белгілі болып отыр. Алайда ол 2014 жылдың аяғында өз позициясынан бас тартқан, есесіне БЗЖҚ аталмыш тәуекелді операцияны жасаған.

Коммунистер осы фактілерді айта келіп, халықтың өзіне сеніп тапсырған қаражатын осындай тәуекелдігі жоғары іске тартушылар кімдер екенін анықтап, Премьер мен Ұлттық банк төрағасынан оларды жазалауды талап етеді. Қаражатты арнайы Кеңестің рұқсат берген бағыттарына тартпай, тәуекелді бағытқа бұруларына қарағанда жеке мүдденің, сыбайластықтың бар екендігі сезіледі, - дейді коммунистер. Бұл ойды қазір барлық қазақстандықтар айтып жүр, сондықтан халықтың мүлкін талан-таражға түсіру мүмкіндігін туғызғандар әділетті жазасын алар деген үмітті барлық еліміз қоштары сөзсіз.

Ал бұған Үкімет басшысы қандай әрекет жасарын сауалға келетін жауаптан көретін боламыз.   

 С.Елеу, сарапшы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059