“Кеден одағы көкжиегімізді кеңейтеді”
«Егемен Қазақстан» газетінің 13 шілде күнгі санында ("ЕҚ", №287-288, 13.07.2010) Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановқа Кеден одағы жайлы сұхбат берген екен. Ел-жұрт елеңдеген мәселе болған соң, осы сұхбатты қысқартып беруді жөн санадық.
Көлік жөнінде
- Жеңілдетілген баж салығы бір жылға белгіленген жағдай. Оған дейін әр жеке тұлғаның төменгі баж салығымен бір мәшине әкелу мүмкіндігі бар. Бір жылдан кейін бұл мәселе өзінен-өзі күн тәртібінен түседі.
Ресейде қазір жиырма шақты автозауыт салынды. Иномарка дейміз ғой, соның бәрі шығарылады. Олар бізде де шығарылатын болады. Қарағандыда жылына 50 мың иномарка шығаратын зауыт салып жатырмыз. "Азия Авто" дегеніміз бар Өскеменде. Бізге мәшине алып келетін "Тойота" сияқты компаниялардың бәрі енді осы жақта мәшине құрастыратын зауыттар салуға мүдделі болады.
«Егемен Қазақстан» газетінің 13 шілде күнгі санында ("ЕҚ", №287-288, 13.07.2010) Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановқа Кеден одағы жайлы сұхбат берген екен. Ел-жұрт елеңдеген мәселе болған соң, осы сұхбатты қысқартып беруді жөн санадық.
Көлік жөнінде
- Жеңілдетілген баж салығы бір жылға белгіленген жағдай. Оған дейін әр жеке тұлғаның төменгі баж салығымен бір мәшине әкелу мүмкіндігі бар. Бір жылдан кейін бұл мәселе өзінен-өзі күн тәртібінен түседі.
Ресейде қазір жиырма шақты автозауыт салынды. Иномарка дейміз ғой, соның бәрі шығарылады. Олар бізде де шығарылатын болады. Қарағандыда жылына 50 мың иномарка шығаратын зауыт салып жатырмыз. "Азия Авто" дегеніміз бар Өскеменде. Бізге мәшине алып келетін "Тойота" сияқты компаниялардың бәрі енді осы жақта мәшине құрастыратын зауыттар салуға мүдделі болады.
Қазірге дейін бізге, Ресейге, Беларуське келген ескі мәшинелердің өзі әлі бес-алты жыл сатуға жетеді. Базарда қазір мәшине өтіп жатқан жоқ. Негізі барлық елдер ескі мәшинелерден құтылуға тырысады, онсыз да біздің автобазарымыз кәдімгі қоқыс жәшігіне айналып бара жатыр. Мына Өзбекстан иномаркаларға мәшине құнынан екі есе артық баж салығын белгілеп қойған. Сонда барлық ескі мәшине бізге келіп құйылып жатыр. Жол-көлік апаттарының көп болатыны да содан. Ең бастысы, шын мәнінде үңіліп қарасақ, төмен баж салығымен қарапайым мәшине сатып алушылар ешқандай пайда көріп отырған жоқ. Бәрі ортадағы делдалдардың қалтасына кетіп жатыр. Айталық, Кеден одағына дейін импорттық баж салығы Ресейде 30 пайыз, бізде 10 пайыз болды. Бірақ дүкенде тұрған мәшинені алып қарасаңыз, Мәскеудегі баға мен Астанадағы баға шамалас болды. Неге? Ортасындағы 20 пайыз қайда кетті? 10 пайызы біздегі мәшине сатып жүрген бес-алты компанияның қалтасына кетіп жатыр. Олар мәшине рыногын монополияландырып алған. Енді Мәскеуде де, бізде де мәшиненің бағасы бірдей болады. Баждан түсетін айырма түгел бюджетке түсіп отырады.
Жалпы, қазір әлемде автоөндіріс туралы түсінік өзгеріп кеткен. Бұрын конструкторлық бюродан мәшине құрастыруға дейінгі цикл бір елде, бір зауытта болатын, соны автопром дейтін. Бүкіл әлемде қазір КБ-дан құрастыруға дейін толық жеткізетін бес-алты ғана марка бар. Оларды қуып жету енді ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан олар рыногы бар елге барады да мәшине құрастырады. Ресей де осы жолға түсті. Сіз айтып отырған "Жигули" мен "Волгадан" қалай құтылуды білмей Ресейдің өзі басы қатуда. Мысалы, Ресейде шетелдік брэндпен шығарылатын мәшинелер саны биылғы қаңтарда 26,3 мың болыпты, ал бұл сан 2009 жылғы қаңтардағыдан 146 пайыз артық екен. Көріп отырсыз ба, бір жылдың ішінде бір жарым есе артқан! Сапасы жақсы.
Кеден одағының берері
- Қазірге дейінгі 108 миллиард долларлық инвестициялардың бәрі дерлік шикізат секторына салынған. Ал өңдеу, қайта өңдеу салаларына инвестицияның жолы қиын. Инвесторлар елге келеді де халық санына қарайды. Рынок аясы тар болған соң, инвестиция тартуға тәуекел ете бермейді. Ал қазір бізге үлкен рынок ашылды.
Біздің тұтыну рыногымыздың 170 миллион адамға кеңеюі - қазірдің өзінде көзге көрініп тұрған мүмкіндік. Кеден одағы іске қосылған 1 қаңтардан бергі статистикалық мәліметке жүгінсек, 2009 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанның Ресейге экспорты 976, 9 миллион доллар болған. Ал биылғы сол төрт айдың экспорты - 1 686,7 миллион доллар. Демек, 72 пайызға артқан. Бұған қосымша түсінік берудің қажеті жоқ шығар.
Ет - етке, сорпа - бетке
- Қазақстан кезінде жылына шамамен 400 мың тонна ет өндірген еді. Соның 350 мың тоннадайы Ресейге жөнелтілетін. Ал қазір Қазақстанның Ресейге шығарып отырған мал еті асып кеткенде 2 мың тонна. Айта кетейін, ақшасын санағанда 7-8 млн. тонна астық экспорттағанша, 100 мың тонна ет шетке сатқан пайдалы. Сондықтан Қазақстан сиыр еті мен қой етінің экспортын 2014 жылы 64 мың тоннаға жеткізуді меже етіп отыр. Бұл мәселеде ілгерілеушілік бар. Тек соңғы 5 жылдың ішінде ет өндіру 22 пайызға артты. 2009 жылы біздегі ет өндірісі сойыс салмағымен 896,3 мың тоннаға жеткен. Сөйтсе де, амал не, қазірше ет экспорттаушы елге айнала қойған жоқпыз. Сол себепті етті де өзімізден ауыстырып жатқан жоқпыз. Ет мәселесіне келгенде, тұтынудың әлемдік ұлттық мөлшері 1 адамға 48 келіден. Ал әрбір қазақстандыққа қазір 64 келіден ет тиеді. Негізінен сиыр еті мен қой еті.
Шекара бойлап мал тұқымын асылдандыруға, семіртуге, союға және ет өңдеуге арналған 100-ге жуық кәсіпорын ашқалы отырмыз. Мұның бәрін алдағы 5-6 жылда салып бітіруіміз керек. Ет комбинаттары бізге Ресейдің ет базарына есік ашып беруі тиіс. Олардан кейін бұл істі жеке меншік шаруашылықтар жалғастырып, алып кетеді деп ойлаймыз.
Жекенің малы Ресейге ет комбинаттары арқылы сатылады. Ал ол комбинаттар ет өнімдерінің тұрақты қорына сенімді болуы үшін малдың кемінде жартысы өздерінің шаруашылықтарынан шығуы керек. Қалғанын халықтан сатып алады. Етті экспортқа өткізудің қазір басқа жолы жоқ.
Кедендік одақтан бірыңғай экономикалық аймаққа
- Елбасымыз негізгі назарды Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыруға аударып отыр. Ол кеңістіктің құқықтық базасы негізгі 20 құжаттан тұрмақ. Біз оларды дайындауды екі кезеңде жүргізіп, 2012 жылдың
бірінші қаңтарына дейін бітірмекшіміз. Бірінші кезеңде - 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 келісімді, ал екінші кезеңде - 2012 жылы 1 қаңтарға дейін қалған 6 келісімді ратификациялау көзделіп отыр.
Жаңа құрылым осы үш елге 2015 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Ол кезде үш елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 2 триллион АҚШ долларына жетеді деп межеленеді.