Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 9729 3 пікір 23 Мамыр, 2017 сағат 10:04

Атырау өлкесіндегі тәркілеу науқаны

Өткен тарихқа көз жібертіп қарасақ ХХ ғасыр қазақ халқының басына қайғы-қасірет әкелген ғасыр болып қалары да сөзсіз. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы ақпан, қазан төңкерістері, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы және әскери коммунизм саясаты жылдары, 1921-1922 жылдардағы елдегі аштық,  1928 жылғы конфискация, алғашқы бесжылдықтар, 1931-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру жылдары,  1960 жылдардағы реформалар, тоқырау жылдары, қайта құру жылдары т.б. тарих сахнасының еншісіне енді.

1932 жылғы аштық қазақ халқының тарихындағы ең бір асқан зұлмат, адам жаны түршігерлік қасірет болғандығы бүгінгі күндері ақиқатқа айналды. 1931-1933 жылдардағы зұлмат ашаршылық туралы жазуға, деректер жариялауға Кеңес өкіметі тұсында қатаң тиым салынып, көп жылдар бойы тарихтың «ақтаңдақ» беттеріне айналып келген болатын.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында  ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. Жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарарлар, бұйрықтар, шешімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы өзгерістер туралы, жер-су реформаларының  жүргізулері туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды [1]. Шығарылған құжаттық жинақтарға  өкінішке орай 1930-1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген мұрағаттық құжаттар енгізілмей қалды.

Ел тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі, ұлы жұт аталған 1931-1932 жылдардағы аштық туралы мәліметтер 80-ші жылдардың ортасында бүкілодақтық, республикалық  мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады. Тарихшы ғалымдар мұрағат қорларындағы құпия қорлардағы құжаттарды іздеп, зерттеп, саралап көпшілік қауымға кеңестік әміршілдік-әкімшілдік жүйе кезіндегі ашаршылық туралы деректерді жариялай бастады.

Бұл зұлмат жылдарды батыс зерттеушісі Дж Беккер «Қазақтардың бірнеше ұрпақтарының есінде жазылмайтын жара болып ұжымдастыру және оның салдарынан болған 1931-1932 жылдардағы ашаршылық туралы естелік қалды»,-деп жазды.

Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әміршілдік-әкімшілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде қайта құру саясатында айқын көрінді.  ХХ ғасырдың 30-шы жылдардағы тарихи оқиғаларды мұрағат құжаттары арқылы зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Мұрағаттардағы құнды тарихи құжаттарды саралап және зерделеп, зерттеу арқылы тарихи үдерісті түсіну бүгінгі таңдағы басты мәселе. Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кім сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомостволардың қоймаларында қалдырылды. Ал, олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі мұрағаттарында  сақталуда.

Украин тарихшысы Л.Протасова Украинадағы 30-шы жылдардағы ашаршылыққа кінәлілердің аты аталып, жария болғандығын, Голодомордың халықаралық дәрежеде мойындалғанын мәлімдеген болатын.  Ал біз де бұл мәселе күн тәртібінде өткір күйінде қалып отыр деген пікірдеміз. Ашаршылық ақиқатына жаңаша көзқарас ел тарихы үшін, болашақ ұрпақ үшін де керек екендігі көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік қауымға белгілі.

Қазақстандағы ашаршылық жылдары өлгендердің саны туралы әртүрлі деректер бар, мысалы «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» аштық құрбандары туралы 1926, 1937 жылдардағы халық санағында олқылықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығыны дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі пікірлердің өрестеуіне себеп болғандығы әділ атап өтіледі және  1931-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн 200 мың адамнан асып түсті делінді. Баспасөз беттерінде 2,5 млн (Алтын Орда газеті 9 ақпан, 2012), 3 млн (Алтын Орда газеті, 2012), 3 млн 250 мың (Айқын газеті, 7 сәуір, 2012), 2 млн 300 мың (Егемен Қазақстан, 25 сәуір, 2012), 2,7 млн (Айқын газеті, 4 мамыр, 2012) адам деген мәліметтер көрсетіледі. Аштық нәубеті құрбандарының саны бұл мәселе терең зерттеліп, сараланған сайын көбеймесе, азаймайды.

Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекиннің 1925-1933 жылдардағы саясатын Л.Д.Троцкий: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап,  ал қазақ ауылдарында азаматтық соғысты қоздыруда»,-деп сипаттады. 1932 жылы жазушы М.Шолоховтың «хуторларда әйдік соғыс жүріп өтті» деп жазуында ащы да болса шындық жатыр.

Ф.И.Голощекиннің Орталық Комитетке жазған мәлімдемесінде «қазақтардың коллективті шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде... Бұл қожалықтар өздерінің мал басын жойып, бір бөлігін мемлекеттік дайындауларға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда»,-деп жазды. Ф.И.Голощекин коллективтендіру кезіндегі асыра сілтеуді, шолақ белсенділердің солақай саясатын, мал дайындау мүмкіндігі ескерілмей жоспарсыз жасалғанын мүлдем қаперіне де алмайды.

Кеңес үкіметінің жүргізген саясатының нәтижесінде ата-баба тарихында мыңдаған жылдары бойы көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі бетбұрыс жасалды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қолға алған саясатының бірі көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, ол үшін әлділерді тәркілеу ісі қолға алынды.

Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай  феодалдарды шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың  мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударуға жатты. Конфескелеу туралы заң бойынша малы, дүние мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын (ірі қараға шаққанда), жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі байлардың қатарында солақай саясаттың нәтижесінде көптеген орта шаруалар да қосылып кетіп, тәркелеуге ұшырады.

Конфескелеу науқаны Атырау өлкесінің барлық аудандарын шарпыды. Мұрағат деректерінде өлкеміздегі аштық туралы мәліметтер өте аз сақталған. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты қорында Атырау облысымен қатар басқа да облыстардағы конфискацияның қалай жүргізілгені туралы құжаттар сақталған. Бұрынғы Гурьев округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталған. Округ аумағында ірі байлардың мал, дүние мүлкін тәркілеу мақсатында 5 адамнан құрылған округтік комиссия құрылған. Комиссия құрамына төмендегі өкілдер енді.

  • Ж.Мыңбаев – Комиссия төрағасы, Орталық Атқару Комитетінің өкілі.
  • Мартынов – Комиссия мүшесі, Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы.
  • Жиенбаев – Комиссия мүшесі, жерге орналастыру бөлімінен.
  • Сағындықов – «Қосшы» Одағының төрағасы, мүше.
  • Төрешев – Жер-орман басқармасы төрағасы, мүше.
  • Дауылбаев – Округ прокуроры (кеңесші дауыспен).

Барлық аудандарда комиссиялар құрылып, тәркілеу жұмыстарын жүргізген.

Мысалы, Новобогат ауданы бойынша құрылған комиссия құрамына назар аударсақ:

  • Қарпықов – Округ атқару комитетінің өкілі, БКП(б) мүшесі.
  • Дүйсекешов – Аудандық атқару комитетінің өкілі.
  • Богаудинов – «Қосшы» Одағының өкілі.
  • Омаралиев – «Қосшы» Одағының өкілі.
  • Т.Алдоңғаров – Аудандық жер бөлімінен.
  • Шалқаров – Қаржы бөлімінен, БКП(б) мүшесі ) [2, 43 п.].

Құрылған комиссиялар аудандар аумағындағы ірі байларды тәркілеу жұмысына қатысып, ауылдарда түсінік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Заң бойынша тәркілеу туралы шешімді ауылдың кедей-малшыларының жиыны анықтады. Ал, байлардан тәркіленген мал колхоздардың мүлкіне айналды. Бастапқы да Қазақ өлкелік комитеті Гурьев округі бойынша 40 шаруашылықты, оның 35-ін 1 топқа, 5-уін 2 топқа жатқызып тәркілеуді жоспарлаған.

Атырау облысы бойынша тәркілеуге ұсынған ірі байлар туралы мәліметті төмендегі кестеден байқауға болады. Көрсетілген тізім бойынша Атырау жерінде барлығы 24 бай тәркілеуге жатқызылған [2, 51 п.].

 

Тегі, аты-жөні Санаты Шаруашылығындағы мал саны (ірі қараға айналдырғанда)
1928 ж.1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Тексерген кездегі мәлімет бойынша Тәркілеу уакытында
Жаманқала ауданы
1.Бегалиев Сыралы
 

 

 

1

 

 

 

440

 

 

 

309

 

 

 

216

Есбол ауданы

1. Мамешев Майқы

 

 

1

 

 

310

 

 

389

 

 

350

Новобогат ауданы

1.Исмағұлов Смадьяр

2.Бисалиев Арыстан

3.Мамеков Қажығали

4.Жармағамбетов Ерғали

5.Омаров Майран

 

 

 

1

 

1

 

2

 

2

 

2

 

 

 

320

 

350

 

305

 

290

 

160

 

 

 

325

 

223

 

311

 

360

 

233

 

 

 

192

 

169

 

98

 

202

 

149

Қызылқоға ауданы

1.Кемесаев Байтілеу

2.Мендалиев Демеу

3.Жұмабаев Дүзелбай

4.Игіліков Әлжан

5.Жұлдызов Жұмағұл

6.Елеубаев Бабас

 

 

 

1

 

1

 

1

 

2

 

2

1

 

 

 

250

 

348

 

686

 

225

 

90

750

 

 

 

730

 

356

 

824

 

50

 

92

277

 

 

 

610

 

287

 

684

 

40

 

62

115

Доссор ауданы

1.Нұржанов Саржан

2.Бекмурзин Қазбек

3.Үмбеталиев Жақсығали

4.Баетов Ермағамбет

5.Жұбаниязов Қапу

6.Айжігітов Аманша

7.Қожағұлов Аманбай

8.Қожағұлов Жаманбай

 

 

1

 

1

 

1

 

2

 

1

 

1

 

1

 

1

 

 

433

 

300

 

419

 

392

 

-

 

-

 

-

 

-

 

 

435

 

307

 

301

 

141

 

368

 

355

 

316

 

304

 

 

384

 

153

 

238

 

99

 

230

 

238

 

128

 

132

Теңіз ауданы

1.Танашев Құсайын

2.Құрманбаев Қайырлы

3.Салиев Жұмағали

 

 

2

 

2

 

1

 

 

170

 

130

 

-

 

 

70

 

60

 

170

 

 

49

 

51

 

110

Алғашқы бекітілген тізімнен төмендегі бай шаруашылықтары алынып тасталған [2, 50 артқы п.].

Тегі, аты-жөні Санаты Шаруашылығындағы мал саны (ірі қараға айналдырғанда)
Бастапқы мәлімет бойынша Соңғы мәлімет бойынша
Қызылқоға ауданы

1.Есболғанов Бисенбай

2.Жанайсов Ізбасар

3.Мырзағалиев Жақсығали

 

 

1

 

1

 

1

 

 

 

420

 

410

 

340

 

 

 

138

 

102

 

100

Теңіз ауданы

1.Әлиев Өтепқали

 

1

 

 

400

 

 

46

Доссор ауданы

1.Қарақұлов Шоқан

2.Жақсыбаев Жақсығали

 

1

 

1

 

 

457

 

534

 

 

224

 

198

Байларды тәркілеу жұмысы әр ауданда жүргізіліп, жиындар өткізіліп, байлардың іс әрекеттері осы жиындарда әшкерленді. Мысалы Новобогат ауылында Жармағанбетов Ерғалидің (ақын Хамит Ерғалиевтің әкесі) мал мүлкін тәркілеу барысында өткен жиында кедей Жақып Жантазиев сөйлеген сөзінде «Бай Е.Жармағамбетов 1916 жылы старшын болып тұрған кезінде өзін тылдың қара жұмысына тіркеу тізіміне жазғанын және одан бір өгіз, 5 рубь ақша беріп, яғни пара беріп қалғанын және бір мая шөп алғанын» баяндай келіп, тап жау ретінде тәркілеуді ұсынған [2, 46 п.]. Оны орташа Бекмұхамедов қолдаған. Қаңбақты ауылында Исмағұлов Смадьяр атты байдың дүниесін тәркілеу барысында Демен Көбусынов 1916 жылы патша үкіметі органдарына қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуға көмектескенін және Уақытша үкімет органдарына материалдық көмек көрсеткенін айтқан. Байдың бақташысы Сүндет Алдабергеновтың аяғы үсіп, мүгедек болып қалған кезде емделу үшін көмек сұраған тұста, Смадьяр Исмағұловтың сабағанын жеткізе отырып, өзінің малын Дауытов дегеннің атына жазғанын және бөлшектеп таратқанын, салықтан жалтарғанын, тәркілеуден 95 қойын жасырғанын жиын барысында хабардар еткен [2, 47 п.]. Новобогат ауданы Бегайдар ауылында жергілікті тұрғындар бай Жұмағали Жанғожинді қорғап сөйлеп, елді ақ бандылардан қорғағанын алға тартып тәркілеуге қарсылықтарын білдірген болса, ал Арыстанғали Бисалиевті 67 адам қол қойып, ұйымшылдықпен қорғаған [1, 48 артқы п.]. Осы ауданның Қаңбақты ауылдық Кеңесінің төрағасы Ықыласов пен аудандық комиссияның өкілі Т.Алдоңғаров байлар С.Исмағұлов және М.Омаровтың малдарын әдейі таратқандары үшін істері сотқа беріліп, қызметтерінен шеттетілді [2, 55 п.].

Барлық аудандарда байлардың мал-мүлкін тәркілеу барысында жиындар өткізіліп, кедейлер тарапынан қолдау тапқанын мұрағат құжаттары нақтылай түседі.

Дегенмен де байларды тәркілеуді бүкіл халық қолдады десек артық айтқандық болар еді. Оның мысалы ретінде мына бір деректерге сүйенсек те болады. Теңіз ауданында өткен жұмысшылардың жалпы жиынында № 30 мемлекеттік балық тресінің есепшісі Аполихин комиссия өкілдерінің жұмыстарын тонаушылық деп бағалап, жұмысшылар мен кедейлерді тәркілеуге қарсы болуға ашық шақырған [2, 48 п.]. Кейін ол жауапқа тартылған. Сөйтіп өлкемізде байларды тәркілеудің нәтижесінде ата қонысынан 24 байдың 20-сы Петропавлскіге, Қазақстан территориясынан тысқары жерге – 3, округ аймағынан тыс жерге тұрғылықты жерді таңдау құқығымен – 1 адам жер аударылды [2, 52 артқы п.]. Қазақстан аймағынан тыс жерге Теңіз ауданынан тәркілеуге ұшыраған Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев және Қызылқоға ауданынан Ж.Жұлдызов айдалды. Сонымен қатар әкімшілік күштеу арқылы Новобогат ауданының байлары  М.Омаров және С.Исмағұлов жер аударылды [2, 53 п.].

Атырау өлкесі бойынша тәркілеуден түскен малдар есебінен 24 колхоз ұйымдастырылды. Алайда байлардың алдымен жерін, одан соңы малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиісті нәтиже бермеді, керісінше кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайларда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді. Қазақ ұлтына жасалған осынау нәубетке саяси баға берілуі тарих алдындағы адалдық болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер

1. Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.).  -Алма-Ата., 1967. - Т. I-II. – 957с.

2. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты 141 қор, 1тізбе, 2058 іс, 195 п.

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының докторы, доцент

Abai.kz

 

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048