БЕКЗАТ БОЛМЫС. Д.А.Қонаевтың Қостанайда болған сәттерінен
Мен бұрынғы МҚК Қостанай облыстық басқармасында ширек ғасырдан астам қызмет етіп, зейнетке шыққан адаммын. Жұмыс бабымен жүргенде, алыстан да, кейде жақыннан да атақты кісілерді көріп, олардың ресми емес әңгімелерін естіген кездерім көп болды. Мысалы, 60-70 жылдары Н.С.Хрущевты, Л.И. Брежневті, тағы басқаларды көрудің сәті түсті. Солардың ішінде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте алған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шоқтығы биік тұратын еді.
Димекең адалдықты, адамдықты өмір жолының туы етіп ұстаған. Оның асып-тасқанын ешкім естіп, білген жоқ. Қашанда бір қалпынан таймаған адам. Ақыл-парасат, кең мінез келбетіне жарасып тұрар еді. Ағамыздың адамгершілігі, кемеңгерлігі, бекзаттығы, кемел басшыға тән парасаттылығы, ғажайып кішіпейілдігі үшін халқы оны сыйлады, Димаш деп жақын тұтты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: “Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам”,– деп Димекеңе берген лайықты бағасын айта кету жөн болар.
Мен бұрынғы МҚК Қостанай облыстық басқармасында ширек ғасырдан астам қызмет етіп, зейнетке шыққан адаммын. Жұмыс бабымен жүргенде, алыстан да, кейде жақыннан да атақты кісілерді көріп, олардың ресми емес әңгімелерін естіген кездерім көп болды. Мысалы, 60-70 жылдары Н.С.Хрущевты, Л.И. Брежневті, тағы басқаларды көрудің сәті түсті. Солардың ішінде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте алған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шоқтығы биік тұратын еді.
Димекең адалдықты, адамдықты өмір жолының туы етіп ұстаған. Оның асып-тасқанын ешкім естіп, білген жоқ. Қашанда бір қалпынан таймаған адам. Ақыл-парасат, кең мінез келбетіне жарасып тұрар еді. Ағамыздың адамгершілігі, кемеңгерлігі, бекзаттығы, кемел басшыға тән парасаттылығы, ғажайып кішіпейілдігі үшін халқы оны сыйлады, Димаш деп жақын тұтты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: “Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам”,– деп Димекеңе берген лайықты бағасын айта кету жөн болар.
Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеген П.М. Черныш “Эпоха Бородина, время Демиденко” деген кітабында: “Не сделаю никакого открытия если скажу, что каждый приезд в область Димаша Ахмедовича Кунаева воспринимался, и на деле был большим праздником. Много раз мне приходилось быть на его встречах с активом –всегда он очаровывал нас своим нерисованным, а природным обоянием, энциклопедическим умом, подлинной интеллигентностью. Словом, он на деле был для нас живым примером, образцом партийного и государственного деятеля. Зачем ему было кого-то запугивать, если его беспредельно любили, уважали как авторитетного лидера, сделавшего для своей страны?...”дей келе автор ағамыздың орнына келген кісіні жағымсыз жағынан суреттеп кетеді.
Димекең жылына екі рет көктемде және күзде облысқа келіп, жұмысшы-шаруалармен кездесіп, ақыл кеңесін айтып тұратын. Облыс активін жинап сөз сөйлейтін. Бұл кісінің бағдарламалық терең мазмұнды сөзін магниттік таспаға жазып алып, кейіннен облыс, аудан басшылары, кеңшар директорлары, мамандар жұмыс орындарында мұқият тыңдап, маңызды деген жерлерін қағазға түртіп алып жатқандарын талай көрдім. Ағамыздың тектілігіне, әдептілігіне, мінез байлығына тоқтала кетейін. Облысымызды А.М. Бородин деген кісі көп жылдар басқарды. Қазақ халқына көзқарасы терістеу ол республика басшылығына да менменсіп қарайтын еді десем, көзкөрген аға буын өкілдері менің сөзімді жоққа шығармас деп ойлаймын. Ол Мәскеудегі Бас хатшының атағын және өзінің онымен отбасылық сыйластығы бар екенін көбіне орынсыз жерде көлденең тартып, өзіне жалған бедел жасап отыратын кісі еді.
П.Черныш өзінің жоғарыда аталған кітабында А.Бородиннің іс-сапармен келген республикадағы министрлерді айтпағанда, олардан да жоғары лауазымды кісілерге айтар сөзін екшемей, табалдырықтан тарпа бас салатын еді дейді. Бұл кісінің республика басшыларын тыңдамай кеткені туралы автор айтып өтеді. Ол Бородиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Юсуповпен де обкомның бюросында текетіреске түскенін жазады.
Бородиннің жұрттың көзінше ешкімді менсінбей, өзін жоғары ұстап отырғанына шыдамай, Юсупов: “...вы, товарищ Бородин, зарвались, самоуправствуете, не признаете ЦК?..” деп қатаң ескерткен. Жоғары лауазымды кісіні мұндай ауыр сөз айтқызуға осының алдында бір негіз болған шығар.
Орыс халқының кейбір өкілдері Бородиннің мұндай “ерліктерін” іштей қолдайтын. Олар әңгімелесе қалғанда: “Бородин республика басшылығына пысқырмайды да, керек болса облысты Қазақстаннан бөліп алып Ресейге қосады”,– деп біздің шымбайымызға бататын сөздер айтатын еді. Өкінішке қарай, осындай алыпқашты құпия ақпараттар ол кезде жиі естілетін.
Кітап авторы П.Черныш Бородиннің: “Товарищ Юсупов! Правильные указания ЦК я признавал и признаю, а неправильные не признавал и признавать не намерен!” деп жауап қайырғанының куәсі болыпты. Осы екі кісінің орындарын ойша ауыстырып көріңізші. Осындай жұрттың көзінше дөрекі тартыс болар ма еді? Бола қалғанның өзінде ол немен бітер еді? Менің партиям басқа, сендердің қағидаларың өздеріңе деп айту үшін де қиқар мінез аз, жоғарыдағы сенетін мықтысы болу керек қой.
П.Черныш кітабында Бәйкен Әшімов ағамызды Қостанай әуежайында Бородиннің қалай қарсы алғанын облыс басшысына іштарта жазады. Егін орағы аяқталып қалған кезде, облысқа іссапармен келген осы жоғары лауазымды кісіге Бородин әуежайда тұрған жұрттың көзінше амандық-саулық жоқ: “Егер сен үкіметке қосымша астық тапсыруды сұрай келсең, онда самолетіңнің моторын сөндірмей, осы жерден кейін қайта бер, сендерге бір түйір де дән бермеймін”,– деген. Ал шындығына келсек, ол кезде қосымша астық беретін облыста мүмкіншілік толығымен болыпты, себебі көп астық қамбаларда, қырмандарда ысырап болып жатыпты. Бұл республиканың бір өңірін басқарып отырған басшының емес, ой-өрісі кем, кесір кісінің айтатын сөзі емес пе? “Менің сыйынарым да, сүйенерім де Мәскеуде отырғанда сендер маған не істей аласыңдар?”– деген шайпаулық оның әр ісінен білініп тұрар еді. Осындай кісілермен жұмыс істеу, Димаш ағамызға оңай түспегені белгілі.
Қостанайға келген бір сапарындағы активте Димаш ағамыз сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығын дамытудың кезек күттірмес міндеттері туралы өз пікірін ортаға салды. Зал толы аудан, ірі мекеме басшылары, кеңшар директорлары. Бәрінің назары Димекеңде. Зал іші сілтідей тынған.
–Еліміз қостанайлықтардан жыл сайын мол астық күтеді. Сондықтан сіздер гектардың құнарлылығын арттырудың нақты істерін жүзеге асыруларыңыз керек. Тек сонда ғана гектар берекелі болады”– деп бір түйіндеп қойған Димекең онан әрі:
– Біз мал шаруашылығын өркендетудің озат, жаңа тәсілдерін кеңінен қолдана отырып, қоғамдық мал басын күрт арттыруымыз керек,– деп сөзін жалғастырып еді, А.М. Бородин:
– Димаш Ахметович, сіз кен инженерісіз ғой, мал шаруашылығын жете білмеуіңіз айып емес,– деп сөзін бөлді де: – Сіздің мына айтып тұрғаныңызды қабылдау қиын. Кеше мен Леонид Ильичтен хат алып едім. Онда бұл мәселе туралы оның ойы басқа екенін айтыпты”, – деп бес-он минуттай ағамызды мінбеде тұрғызып қойып, өзі ақылсынды.
Мәскеудегі басшы Қостанайдағы обком хатшысының жұмысында, үйінде, саяжайында, машинасында үкіметтік тіке “ВЧ” телефон байланысы тұрғанда, үйіне хат жазып отыра ма? Бұл миға қонбайтын жағдай ғой. Бірақ амал не, “аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін” деп қазақ осындайларды айтқан.
Ал Димекеңнің орнында басқа бір тығыз мінезді кісі болса, өзіне бағынышты шенеунікке: “Сабыр етіңіз, соңынан кабинетте сөйлесерміз”,– деп тыйып тастар еді ғой. Ішкі мәдениеті төмен бұрынғы мал дәрігерінің соншама еркінсіп кеткені, ағамызды мінбеде сонша телміртіп қойғаны, отырғандарды да ыңғайсыздық жағдайға қалдырды. Бірақ, Димекең лауазымының биіктігіне, ресми құқығының жоғары екеніне қарамастан ашу шақырмады, оғаш мінез көрсетпеді, сабырлы, салмақты қалпынан таймады. Мінеки, Димекең ұлылығын, бай мінезділігін, сабырлылығын осылай көрсетті.
Кешкі тамақ кезі. Жоғары ресми қонақтарға арналған қала сыртындағы коттеджде біз ішкі күзет қызметкерлері өз ісімізбен айналысып жатқанбыз. Алдында Димекең алыс бір ауданнан келген еді. Жанында облыс хатшысы Бородин, республикалық МҚК-нің төрағасы В.Т.Шевченко облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы И.И.Петрович, тағы басқалар бар. Біз, арнаулы күзет адамдары не болып жатқанын алысырақ жерден бақылап, кейде керек-жарағына қолғабысымызды да тигізіп қоятынбыз. Ауызша тапсырыс және жазбаша нұсқаулар бойынша, бізге бұл кісілердің сөзіне араласуға болмайтын-ды.
Асқа отырды-ау деген кезде коттеджден атып шыққан полковник Петрович бізге қатаң үнмен:
– Аспазшы қайда, жылдам маған жеткізіңдер! – деп бұйырды. Біз не істерімізді білмей, ә, дегенде абыржып қалдық. Бір төтенше оқиға болып қалды ма, күзетіп жүрген кісімізбен байланысты күтпеген тосын іс болды ма деп алаңдадық. Бірер минуттың ішінде, дедектетіп жаңағы байғұсты бастығымызға алып келдік. Егде жасқа келген кісі он бес-жиырма жыл бойы облыстық партия комитетінің асханасында аспазшы болып істейді екен. Ұлты еврей еді, облыс басшысына жақындығы болуы керек, сірә, қазанның басында шөміш ұстап жүріп-ақ ордендермен марапатталыпты. Өзінің дене бітімі толық кісінің балаша асып-сасып, есі шыққаны соншама, шақырған жерге әрең жетті. Шені төмен адамдардың мұндай жағдайда әңгімеге қатысып тұруы артық болатын, сондықтан біз бөлмеден шығып кеттік. Біраз уақыттан кейін аспазшымыздың салы суға кеткендей сүмірейіп оралды.
–Не болды? Табақ дұрыс тартылмады ма?– деп сұрақтарды жан-жақтан жаудырып жатырмыз. Аспазшымыз әрең дегенде: “Бас тарту дәстүрін бұзыппын”,– деп үн қатты. Біз таңданып бір-бірімізге қарастық.
–Не болғанын ашып айтшы, білгенше мазамыз кетіп тұр,– дедік. Себебі, бұл біз үшін тосын оқиға еді.
–Қойдың басын жағын айырмай, тісін қақпай асыппын. Сол домалақ қалпында табақ тартыппын. Бұл, әрине барып тұрған сорақы іс еді,– деп бізге түсіндіре бастады. Оның айтуынша, еттің нанын сопақша шағын фарфор табаққа салып, үстіне қойдың етін турапты. Табақтың жиегін аршылған картоппен әсемдеген. Үстіне басты домалап кетпесін деп жатқызып қойыпты. “Домалап” деген сөзді естігенде мен:
–Сен оның жағын бөлген жоқ па едің?– дедім.
–Жоқ, ауданнан сойып, басын үйтіп әкелген мал болған соң, бәрі дайын шығар деп, сол қалпында пісіріп қонақтарға апарып бердім,– деді. Бұрын қойды қазаққа бауыздатып, сойғызатын. Ет көбіне аудандардан дайын күйінде келетін. Неге екені белгісіз, бұл жолы олай болмаса керек.
Облыс басшыларының ағамызға дұрыстап бас тарта алмағанына ішіміз қазандай қайнап, күйіндік, бірақ бізде дәрмен бар ма? Ол кезде, осындай үлкен лауазымды кісілерге ас пісіруге де қазақ ұлтының өкілдерін жақындатпайтын. Оны айтып жатудың қажеті де жоқ. Қазан-ошақтың қасында бір қазақ жүрсе мынандай ұят жағдайға қалмаған да болар едік.
Бұл оқиғаны еске алғанда тағы да Димекеңнің ұстамдылығын, мәдениеттілігін айтайын деген едім. Ол кісі сыпайы түрде ғана: “Мына басты қазақ дайындамаған екен”,– депті. Табақтың мүмкін басқа да кемшіліктері болған шығар.
Неге екенін білмеймін, басшылар Димекеңе үш мезгіл десем артық болмас, бас тартумен болатын. Сонда қазақтың ұлттық тағамы осы ғана деп ойлағандары ғой. Кейде ағамыз, қасындағыларға ойын-шынын араластырып: “Қазақстанда қойдың санын 50 миллионға жеткізу үшін бір мезгіл украиндық борщ ішуге де болады ғой”,– дейтін көрінеді. Бірақ оның мәнін, ішкі сырын түсініп жатқан кім болды десеңші.
Димекеңді бірінші рет, ұмытпасам, 1964 жылы Көкшетау қаласында көрдім.Ол кезде бірінші хатшы Юсупов та, ал Димекең болса Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын. Күзге қарай Хрущевті Көкшетауда қарсы алу үшін, біздер оншақты облыстық МҚК-нің қызметкерлері Бурабай курортында бірер күндей күтіп отырдық. Жоспар бойынша Бас хатшы осы жерде бірнеше күн демалуға тиіс екен. Ол кісі күткен күннен кешігіп келді, оның себебі, Қостанай мен Ақмоланың арасындағы теміржол бір-ақ тармақ болатын. Қостанайдан Ақмолаға дейін жүздеген составтарды жүргізбей станцияларға, разъездерге лық толтырды. Рельстерді ауыстыратын жерлерді костыльдермен шегелеп тастаған, қырағы күзет.
Жол бойы араққа тойып алған Хрущев көзін сәл жұмса болды, жанындағы жағымпаздар пойызды тоқтататын көрінеді. Не болып қалды десе: “Никита Сергеевич вздремнул”,– дейді. Ел жоқ, жұрт жоқ жерде патша көзін ашқанша пойыз тоқтап тұратын көрінеді. Ал, пойыздың бір минут тоқтап тұрғаны бәленбай миллион шығын әкелетіні белгілі.
Сонымен, арнайы пойыз түс ауа Көкшетау станциясына да жетті. Перронның екі жағы лық толған адам, милиция әрең ұстап тұр. Жарты сағаттан кейін басы жалтырап, қолына шляпасын ұстап Никита Сергеевичтіңі өзі шықты. Ортаға келіп, жақын келіңдер дегендей екі жақтағы кісілерге белгі берді. Сол-ақ екен, жұрт бізді баса-маса перронның ортасына қарай жүгірді. Бас хатшының тапталып қалу қаупі төнді. Біз бір біріміздің қарымыздан ұстап топқа тегеурін боламыз ғой деп едік, онымыз күткендей нәтиже бермеді. Алдымыздан мәскеулік МҚК органының адамдары бізді басқаға санап ұрып жатса, артымыздан басып-жаншып бара жатқан тобыр. Мен иығыма иығым тиердей болып Хрущевтің жанында тұрдым. Аласа бойлы, басы жалтыр, боз костюм киген толық кісі, омырауында Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы.
Осы кезде жанында Юсупов бар Қонаев келді. Ағамыз ұзын бойлы, сыптай түзу, келбетті, арықша келген, қозғалысы ширақ кісі екен. Лезде қиын жағдайды қолына алып, Хрущевті тез машинасына мінгізіп, ызалы тобырдан аман-есен шығарып жіберді. Бұлай дейтінім, тың игерушілердің тұрмыстық әл-ауқаты ол кезде нашар болатын. Алдында үлде мен бүлдеге оранасыңдар, барлық жағынан жақсы жағдай жасаймыз деп шеттен әкелген, ішінде тіпті сотталғандары да бар көпшіліктің іс-қимылын алдын ала болжау қиын болатын. Көрініс онша ұнамсыз, у-шу, шаң, кім не істеп жатқанын білу қиын. Егер де бір қастандық бола қалса, кімнен келгенін де білмей қалу мүмкін еді.
Мәскеулік қонақ жұмысын асханадан бастады. Күн сіркіреп жауып тұрған болатын. Біз есіктің маңайында, сырттан бақылап жүргенбіз. Қонақтардың саны аз болса да гуілі ұлғая түсті. Аспазшылар себетке салған бос шөлмектерді алып біздің жанымыздан өтіп жатыр. Даяшылардан:
– Никита Сергеевичтің ішіп-жеуі қалай?–деп сұрап қоямыз.
–Жақсы қызды, қырлы стақанмен ішеді екен,– дейді.
Бір кезде көмекшілерінің біреуі келіп, Хрущевті Мәскеуден телефонға шақырғанын айтты. Қызара бөртіп сыртқа шыққан ол, көмекшесімен бірге “ВЧ” аппараты орналасқан ғимаратқа беттеді. Он-он бес минуттай телефонмен сөйлескеннен кейін, ол асханаға соқпай тікелей машинасына мінді де кетіп отырды. Жұрт оның кеткенін білмей де қалды, себебі қорғаушысының өзі асханада қалып қойған болатын. Бұл кезде Қонаев пен Юсупов асханада жоқ болатын. Олар қонаққа ертеңіне көрсететін жақын жердегі кеңшарға кеткен екен. Ал Хрущев Көкшетауда тұрған арнайы ұшағына мініп, ешкіммен қоштаспай ұшып кетіпті. Келесі күні оның Тбилиси қаласындағы бір жиында сөйлеп жатқан дауысын радиодан естідік. Осындай құйын мінезді кісімен тіл табысып жұмыс істеу Димекеңе оңайға түспеген болар. Оның бер жағында М. Горбачевтың ағамызға көрсеткен қорлығы ол өз алдына бөлек әңгіме.
Қазақ халқына негізсіз ұлтшылдық күйесін жаққан 1986 жылғы желтоқсанда жастарымызды қанға тоғытқан, Димекеңнің ар-ожданын аяққа басып, терең ор қазған Горбачев кейін Алматыға сыйлы қонақ болып келгенде Димекеңнің Кеңсайда жатқан қабіріне барып, аруаққа бас иіп, тағзым етуді де білмеді. Мұндай кісілік оның қолынан келген жоқ. Алатаудың асқақ шыңындай Дінмұхаммед ағамыз, еліне еңбегі сіңген ұлтымыздың рухани тәлімгері, адалдық пен адамгершіліктің, бекзаттық пен кемеңгерліктің белгісі десем артық айтқандық болмас. Осы асылымызды ардақтау, бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы.
Елімізді ұзақ басқарған тұлға және кіршіксіз тазалықтың символы ретінде Димекеңе табанының табы қалған Қостанайда бір көркем көшенің аты бұйырмағаны жанымызға батады. Ал облыстық Қонаев атындағы қордың материалдық мүшкіл жағдайы қалталы балаларымызға үлкен сын. “Өлі риза болмай, тірі байымайды”, – деген, ағайын. Іргелі ел, шоқтығы биік, мәдениеті жоғары ұлт боламыз десек осыны естен шығармайық.
Ғалихан МӘУЛЕТОВ, ҰҚК-нің отставкадағы подполковнигі.. Қостанай.