ЕЛДІ ДАМУҒА БАСТАЙТЫН СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР
Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында облыста 11 жоба жүзеге асырылады
«Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс».
ҚР Президентінің биылғы Жолдауынан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алға қойылған маңызды міндеттердің бірі - мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасын табысты жүзеге асыру. Экономиканы жаңғыртудың кілті болып табылатын бұл бағдарламаны іске асыру нәтижесінде әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіру мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында облыста 11 жоба жүзеге асырылады
«Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс».
ҚР Президентінің биылғы Жолдауынан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алға қойылған маңызды міндеттердің бірі - мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасын табысты жүзеге асыру. Экономиканы жаңғыртудың кілті болып табылатын бұл бағдарламаны іске асыру нәтижесінде әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіру мүмкіндігі бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен республиканы индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірленгені белгілі. Алдағы жаңа онжылдықтағы мүмкіншіліктердің бастауы болатын серпінді жобалардың алды бүгінде жүзеге аса бастады. Үкіметтің қаулысымен 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанды Индустрияландыру картасы ауқымында 100-ден астам жоба бекітілді. Оның ішінде Павлодар өңірі жүзеге асатын жобалар саны бойынша республикада Қостанай облысымен бірге алдыңғы орыннан көрінді. Бізде 2014 жылға дейін 11 инновациялық жоба іске қосылады. Олардың тізімі төмендегіше:
1. «Бозшакөл» кен байыту комбинатын салу («Қазақмыс» корпорациясы, 2010 - 2014 жылдар);
2. Екібастұз ГРЭС-1 станциясын кеңейту және қайта жаңарту («Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, 2010 - 2014 жылдар);
3. Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогын тұрғызу және станцияны кеңейту мен қайта жаңарту («Самұрық-Энерго» АҚ, 2009 - 2013 жылдар);
4. «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында Қазақстан Республикасында жүк вагондарын жасайтын қуаттар құру («Қамқор Менеджмент» ЖШС, 2009 - 2011 жылдар);
5. Қуаты жылына 30 000 тонна болатын хлор және каустикалық соданы мембраналық әдіспен шығару өндірісін салу және ұйымдастыру («Каустик» АҚ, 2009 - 2010 жылдар);
6. Фармацевтика зауытын қайта жаңарту және салу («Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС, 2010 - 2012 жылдар);
7. Медициналық зауытты қайта жаңарту және салу («Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС, 2010 - 2013 жылдар);
8. Бастапқы алюминий өндіретін Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегін салу («Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, 2009 - 2010 жылдар);
9. Нан-тоқаш өнімдерін шығару («Энергия Капитал-1» ЖШС, 2008 - 2010 жылдар);
10. Ақсу ГРЭС-ның №2 блогын қалпына келтіру («Еуразия энергетика корпорациясы» АҚ, 2007 - 2010 жылдар);
11. Екібастұз қаласында бағыт ауыстырғыштар өндірісін және темір жол доңғалақтарын өңдеуді ұйымдастыру («Проммашкомплект» ЖШС. 2009 - 2012 жылдар).
Жоғарыда аталған 11 жобаның бірнешеуі осы жылы іске қосылады. Ең алдымен Екібастұздағы «Энергия-Капитал-1» ЖШС жайында айрықша атап өткен орынды. Келешекте тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін пісіретін кәсіпорын жуық уақытта пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нысан өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды болып саналады. Инвестжобаны қаржыландыруға 1 миллиард 113 миллион теңге жұмсалған. Оның 600 миллион теңгесін «Қазагроқаржы» бөлді. Кәсіпорында жаңадан 160 еңбек орны құрылады. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да алдағы маусым айында екінші кезек іске қосылады. Соның нәтижесінде отандық қанатты металл өндірісінің жылдық көлемі - 250 мың тоннаға жеткізіледі.
Басқа жобалар бойынша қазіргі күні қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен ГРЭС-2 станциясының №3 блок құрылысын салуға арналған энергетикалық құрал-жабдықтарды сатып алуға Ресейдің Внешэкономбанкі 12 миллиард рубль бөлуге ұйғарды. Электр станциясының акцияларын отандық «Самырұқ-Қазына» мен ресейлік «Интер РАО ЕЭС» компаниялары елу пайыздан сатып алған. Жаңа энергоблок іске қосылса станцияның қуаты елу пайызға артады делініп отыр. Электр қуаты Қазақстанға және Ресейдің біраз аймақтарына тасымалданады.
Бұдан басқа облыста өңірлік Индустрияландыру картасы жасалды. Оған жыл басында белгілі болғандай жалпы құны 138,3 миллиард теңге тұратын 32 жоба енген болатын. Қазірде аталмыш жобаларды қаржыландыру бғытында жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік Индустрияландыру картасы бұл жобалармен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта оның қатары толыға түсуі мүмкін. Себебі қазіргі күні өз кәсіпорындары мен шаруашылықтарын дамытуды ойға алған кәсіпкерлік субъектілерінің қатары көбейіп келеді. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы бойынша оннан аса жобаның өміршең етілетінін айтып өткен абзал.
Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру тетіктерінің бірі - «Бизнестің жол картасы 2020» болып табылады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы екі кезеңнен тұрады. 2010-2014 жылдар аралығын қамтитын алғашқы кезеңде жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау мақсатында жасалған. Алдағы он жылды қамтитын кеңауқымды бағдарлама нәтижесінде маңызды бизнес индикаторларына қол жеткізіледі деп болжануда. Берілетін несиелердің жалпы сомасы кемінде 400 миллиард теңгеге арзандатылып, 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5 пайызға ұлғаяды. Бұған қоса жалпы экспорт көлемдегі шикізаттық емес сектордың үлесін кемінде қырық пайызға ұлғайту, өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін кемінде бір жарым есеге арттыру көзделіп отыр.
Бұл Бағдарламаның жобасы бұған дейін бизнес-қоғамдастықтардың, барлық мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы Кеден одағы жағдайында көптеген ресейлік және беларустық кәсіпорындармен бәсекеге түсе алатын отандық өндіріс орындарын сауықтырады, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды белсенді жүргізу маңызды», деп атап өткен ҚР Үкімет басшысы. Бағдарламаға бизнес-қауымдастықтар өкілдерінен түскен ұсыныстар ескеріле отырып, түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бұл ұсыныстар Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін оңайлатуға қатысты болды.
Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Оны жүзеге асыруға 2010 жылы республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге көзделіп отыр.
Облыс басшылығы аталған жобаларды жүзеге асыру бойынша әкімшілік кедергілерді жою, банктерден несие алу үшін кепілдіктер ұйымдастыру және тағы басқа бағыттарда жұмыс істеуде. Бүгінде облыста кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. Оның мүшелері әрбір белгілі мерзімде бас қосып, іске асқан шаралар туралы облыс әкіміне есеп беріп отырады.
М.АЯҒАНОВ.