Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4284 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 10:23

Жандосовтың жолдасы, Димекеңнiң жездесi

1924-1927 жылдардағы 24 жастағы шаһар басшысы Айтжан Түркебаев хақында

Түркебаев және «Түрксiб» темiр жолы
Түркебаев көшесiн алматылықтар жақсы бiледi. Күнделiктi естiп-бiлiп, аяғымен басып жүр. Алайда шаһар тұрғындары Айтжан Түркебаевтың 1924-1927 жылдары қаланың басшысы болғанын бiле ме екен? Бiреу бiлер, бiреу бiлмес. Бұл өз алдына бөлек әңгiме. Бiздiң айтқымыз келгенi: 24 жасында қала басқарған тұлғаның өмiрi, атқарған қызметi, бiтiрген iсi, соңында қалдырған iзi...

1924-1927 жылдардағы 24 жастағы шаһар басшысы Айтжан Түркебаев хақында

Түркебаев және «Түрксiб» темiр жолы
Түркебаев көшесiн алматылықтар жақсы бiледi. Күнделiктi естiп-бiлiп, аяғымен басып жүр. Алайда шаһар тұрғындары Айтжан Түркебаевтың 1924-1927 жылдары қаланың басшысы болғанын бiле ме екен? Бiреу бiлер, бiреу бiлмес. Бұл өз алдына бөлек әңгiме. Бiздiң айтқымыз келгенi: 24 жасында қала басқарған тұлғаның өмiрi, атқарған қызметi, бiтiрген iсi, соңында қалдырған iзi...
Айтжан Түркебаев Алматыны үш жыл басқарды. Үш жыл шаһардың бас идеологы, бас құрылысшысы болды. Бұл уақытта Алматы қала мәртебесiн алған болатын. Нақтырақ айтсақ, 1921 жылы 5 ақпанда өткен салтанатты жиында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешiм қабылданды. Осы жиында Верный «Алма-Ата» деп өзгертiлдi. Шынын айтқанда, Айтжан Түркебаев қала басқарған үш жылда елдегi қалыптасқан саяси жүйе, әлеуметтiк ауыртпашылықтарға қарамастан шаһарда бiршама iлгерiлеушiлiктер орын алды. Бiздiңше Алматыдағы еңселi құрылыс нысандары осы уақыттардан бастап салына бастады. 1926 жылы 3 желтоқсанда Еңбек және Қорғаныс Кеңесi Түркiстан-Сiбiр темiржолын салу жөнiнде шешiм қабылдады. Түрксiб құрылысы Алматы қаласының елiмiздiң астанасы болуына зор септiгiн тигiздi. Қалай айтсақ та, Түркебаев шаһарға басшы болған үш жыл қаланың әлеуметтiк-экономикалық әлеуеттiн бiршама арттырды. Ең бастысы Алматы ел астанасы мәртебесiн иеленуге толық мүмкiндiк алды. 1927 жылы 2 наурызда Қазақстанның астанасын Қызылордадан Алматыға көшiру туралы шешiм қабылданды. IV Бүкiл Қазақстандық кеңестер съезi бұл шешiмдi бiрауыздан мақұлдады. Екi жылдан кейiн Алматы ел астанасы атанды. Бұл iсте бiлiктi басшы Айтжан Түркебаевтың еңбегi үлкен.

«Атаманның ақыры»
немесе Дутовты дүрбелеңге салған Түркебаев

 

Айтжан Түркебаев Алматыны басқарғанға дейiн Жаркент қаласы мен Талдықорған облыстарында басшылық қызметтер атқарды. Басшы болып қана қойған жоқ, ел iшiндегi саяси-әлеуметтiк қозғалыстарға да белсене араласты. Өзi туып-өскен Жаркент өңiрiнде Кеңес үкiметiн орнатуға бар күш-жiгерiн жұмсады. Айта кету керек, Айтжан Түркебаевтың революциялық көзқарасының оянуына әсер еткен жағдай 1916 жылы туған ағасы Әбиiрдiң патша әскерiнiң қолынан қаза табуы едi. Бұл уақытта Айтжан Қапалда ауылшаруашылық училищесiнде оқитын. Айтжан бiр басқосуда училищеде патша өкiметi мүлде қатаң тиым салған саяси ән «Жұмысшы Марсельезасын» айтып, оқу бiтiруiне бiр жыл қалғанда оқудан шығарылады. Айтжан Түркебаев қатарластары Абдолла Розыбакиев, Мағазы Масанчимен бiрге атаман Дутовқа қарсы батыл күрес жүргiзiп, нәтижесiнде жеңiске жеттi. 1922-1923 жылдары ол атаман Анненковтың бандысын жоюға да белсендi түрде араласты. Бiлiктi басшы ХХ ғасыр басындағы Жетiсу өлкесiндегi Кеңес өкiметiн орнатуда ерекше белсендiлiк танытқан Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Д.Бәрiбаев және И.Қабылов секiлдi қоғам қайраткерлерiмен тығыз қарым-қатынаста болды.
Айтжан Түркебаев 1931-1934 жылдары Мәскеудегi Свердлов атындағы коммунистiк университетте бiлiм алды. Жiгерлi жас Ресей астанасында жүрiп «Қазақ жерлестерi» қоғамын құрды. Бұл қоғам осы қалада бiлiм алып жатқан қазақ балаларының басын бiрiктiрдi. Айтжан Түркебаев Мәскеудегi Қазақстан студенттерi партия ұйымының бiрiншi хатшысы болып қызмет iстеген кезiнде Ф.Голощекиннiң ауыл шаруашылығын ұжымдастыру саясатында жiберген қателiктерiн батыл сынады.
1935 жылы Айтжан Түркебаев Алматыға келiп, Халық Комиссариатының халық ағарту және жоғарғы мектеп бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды. Қандай жұмыс атқарса да жүрекпен iстедi. Халқына адал қызмет еттi. Өкiнiштiсi сол бiлiктi басшы орда бұзар отызында – 37 жасында 1937 жылы 30 сәуiрде Жаркент қаласына  жаңа мектептiң ашылу салтанатына келген кезiнде қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапты.      

«Айтжан отымыздың жарығы едi, суымыздың тұнығы едi»
Қонаевтың жездесi Айтжан Түркебаев 1925 жылы отау құрды. Қазақстанды қырық жыл басқарған Дiнмұхаммед Қонаевтың туған әпкесi Әминамен жұп жарастырды. Қонаевтар әулетiнiң қамқоршысы, сүйенiшi болды. Димекеңнiң Мәскеудегi Түстi металлургия институтына түсуiне қол ұшын созды. Димекеңнiң әкесi Меңлiахмет Қонаевтың мына бiр сөзi Айтжан Түркебаевтың жанашыр тұлға болғанын айғақтайды: «Айтжан отымыздың жарығы едi, суымыздың тұнығы едi. Сол кiсi бiзге бақыт әкелдi».
Бүгiндерi Айтжан Түркебаевтың ұрпақтары Алматыда тұрады. Қоғам қайраткерiнiң ұлдарының бiрi Едiге қазiр 78 жаста. Профессор, экономика ғылымдарының докторы. ҚР ҰҒА-ның академигi. Қазақ КСР Мемлекеттiк жоспарлау институтында 23 жыл директорлық қызмет атқарды. Бiз ақсақалдан үш жыл шаһар басқарған әкесi туралы сұрадық.

Жандосов пен Масанчи бiздiң үйге жиi келiп тұратын.
(Едiге Айтжанұлы Түркебаевпен сұхбат)

– Әкеңiз жөнiнде айтыңызшы. Есiңiзде не қалды?   
– Әкемнiң ағасы Әбиiр 37 жасында патша жендеттерiнiң қолынан қаза тапты. Сол кезден бастап 16 жаcтағы Айтжанның сана-сезiмi оянып, аға кегiн қайтаруға тырысады. 1918 жылдан бастап әкем отряд басқара бастайды. Әкемнен тәлiм алған iрi революционер Шәрiп Өтепов маған айтып едi: «Сендер көп нәрсенi бiлмейсiң. Мына орыстарда Гайдар деген батыр бар. 17 жасында полк басқарған. Сенiң әкең де сол секiлдi 17 жасында жауға ойран салып жүр» дейтiн. Осы уақыттарда белсендiлiк танытқан әкем саяси iстерге де араласып, Жандосовпен танысады. 1921 жылы әкем Мәскеуден 3 айлық курс бiтiрiп келдi. Кейiннен Жаркентте жауапты хатшы болды. Одан кейiн Талдықорған уездiк партия комитетiнiң хатшысы қызметiн атқарды.
– Қазақ зиялы қауым өкiлдерi iшiнен кiмдермен қарым-қатынаста болды?
– Әкем Ораз Жандосов, Розыбакиев, Масанчи секiлдi тағы басқа да қоғам қайраткерлерiмен үлкен сыйластықта болды. Жандосов, Масанчилердiң әйелдерi бiздiң үйге келiп тұратын.
– Есiңiзде қалған оқиға бар ма?
–  Әкем өте қуатты адам едi. Жүрген жерiн думанға айналдырып, өз ортасының шырайын келтiретiн. Туған-туыстарынан көмегiн аямайтын.

Димекеңнiң есеп-қисаптарын шығаратын едiм

– Димекеңдi басшылық мектепке тәрбиелеуде әкеңiздiң ықпалы бар ғой?
– 1931 жылы әкем Дiнмұхаммед Қонаевты Мәскеудегi Түстi металлургия институтына апарып, оқуға түсiрдi. Алғашында Димекең Омскiдегi оқу орындарының бiрiне тапсырды. Бiрақ оны оқуға қабылдамайды.
– Өзiңiз қайда оқып едiңiз?
– Мен Мәскеудегi Сталин атындағы құрыш институтында оқыдым.  Димекеңнiң iнiсi Асқар Қонаев екеумiз егiз баладай бiрге өстiк. Алғаш институтта, кейiн Темiртауда металургиялық зауытта бiрге жұмыс iстеп, қара металлургия саласы бойынша елiмiздегi алғашқы кәсiби маман қатарынан көрiндiк.
– Димекеңнiң сiзге көмек қолын созған кездерi болды ма?
– Аспирантураны Мәскеуде оқыдым. Бұған Димекеңнiң тiкелей ықпалы бар. Егер ол кiсi болмағанда аспирантураға түспейтiн бе едiм. Кеңес үкiметi кезi ғой. Кеңес үкiметiнде қанша бiлiктi, бiлiмдi болса да өзге ұлт өкiлдерiн кемсiту, аяқтан шалу, ұстап қалу жиi көрiнiс беретiн. Мен де сондай жандардың бiрiмiн. Аспирантурада жалғыз орын болды. Үмiткер екi адам. Оның бiрi мына мен. Емтиханды ойдағыдай тапсырдым. Бiрақ университет басшылығы менi жанымдағы үмiткерден үздiк екендiгiмдi бiле тұра емтиханнан өткiзбей, өздерiнiң адамдарын өткiздi. Осы уақытта Мәскеуге жолы түсiп Димекең келдi. Бар жағдайды баяндап бердiм. Сонда Димекең КСРО ғылым академиясының хатшысы Топчиевке айтыпты: «Сiздерде жылына қанша адам университетке түседi, қанша адам бiтiредi. Мiне, бiздiң елiмiзден тұңғыш болып қара металургия саласы бойынша жалғыз аспирантымыз бiтiрiп отыр. Бiзге бiр орынды қиыңыздар. Оқу қаражатын өзiмiз төлеймiз» дептi. Ол да жөн сөзге тоқтаған екен. Мiне, осылайша жақсы адамның арқасында аспирант атандым. Кеңес үкiметiнiң мүйiзi қарағайдай экономистерi менiң достарым болды. Димекең зейнеткерлiкке шыққан кездерi менi үйiне шақырып, есеп-қисаптарын маған шығартатын.
– Әкеңiзге қаладан көше аты қай жылы берiлiп едi?
– Шамасы 1974-1975 жылдар болуы керек.

Алматының қазақша аудармасын жасаған Ораз Жандосов.

– Әкеңiз қала басшысы болған жылдары қандай жұмыстар атқарылды?
– Негiзiнен идеологиялық жұмыстармен айналысты. Былайша айтқанда, шаһардың бас идеологы болды. Алматы 1921 жылы қала мәртебесiн алды. Алматының қазақша аудармасын жасаған Ораз Жандосов. Әкем 1924 жылы Москвадан келдi. Алматыға жауапты хатшы болды. Бұл уақытта Жетiсу әскери губерниясының бастығы Бәрiбаев болды.Әкем қаланы басқарған соңғы жылдары астананы Қызылордадан Алматыға көшiру мәселесi қаралып, дайындық шаралары жүрiп жатты. Алматыда iрi құрылыстар басталды. 1927 жылы астананы Қызылордадан Алматыға көшiру туралы мәселе қарала бастады. Дайындық шаралары басталды. Осы уақытта әкем Ленинград институтына өз еркiмен оқуға түспекшi болды. Алайда әкем аяқ астынан қатты ауырып, ол жаққа бара алмады.
– Дiнмұхаммед Қонаевтың көзiн көрдiңiз. Дастархандас болдыңыз. Асқар Қонаевпен құлын-тайдай тебiсiп бiрге өстiңiз. Тектi әулет туралы айтып өтсеңiз? 
– Димекеңнiң әкесiнiң есiмi – Меңлiахмет. Меңлiахметтiң әкесi Жұмабай, Жұмабай Қонайдың баласы. Қонайдың әкесi – Азнабай. Азнабай Ыстының бас батыры болған. Iленiң бойында бiр қауым елi болған. Азнабайдың жайлаған жерi өте құнарлы, малға жайлы болған екен. Заманында бұл жер көп жұрттың көз құрты болған деседi. Ақыры жерге талас көбейген соң тыныштық iздеген Азнабай жұртын бастап Балқаш бойынан Баянауыл жаққа қарай көшедi. Азнабайдың төрт ұлы болған. Қонай оның екiншi ұлы. Жастайынан ержүрек, батыр болып өседi. Азнабай сол баласына қалыңдықты тобықты елiнен алып бередi. Алайда қыз алып қыз берiскен екi елдiң арасында жерге байланысты көп даулар орын алады. Сондай үлкен даулардың бiрiнде Қонай: «Маған жердiң де, елдiң де, қыздың да қажетi жоқ» деп кетiп қалады. Осы жерде бiр қызық айта кетейiн. Асқар Қонаев Әуезовтың қызы Лейламен отау құрады ғой. Сонда кейiнгiлерi: «Бұрын бiр-бiрiмен жауласқан тобықты мен ыстыны екеуiң бiрiктiрдiңдер» қалжыңдап отыратын. Жұмабай дiнге шын берiлген адам болды. Қажылыққа барды. Дiни-ағартушылық жұмыстармен айналысты. Ал Димекеңнiң әкесi Меңлiахмет дiндi берiк ұстамаса да мешiтке соғып, жұма намазға барып тұруды парызы санаған.
1924 жылы әкем Алматы қалалық комитетiнiң жауапты хатшысы болып тағайындалды. Ол кезде әкем бойдақ. Сол кездерде Димекеңнiң әкесi Меңлiахметпен Жиенбаевтар отбасы көршi тұрды. Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев көп жыл Димекеңнiң орынбасары болып қызмет iстедi. Оның әкесi Сүлеймен Меңлiахметпен көршi тұрды. Өзi беделдi, төңiрегiне сыйлы жан болды. Сол үйде әкем пәтер жалдап тұрды. Ұзын сөздiң қысқасы әкем Сүлеймен Жиенбаевтың арқасында Меңлiахметтiң үлкен қызы Әминамен танысып, отау құрады. Бәрiбаев той жасауға көмектестi. Меңлiахметтiң 11 баласы болған. Бiр ұл, бiр қызы жастай шетiнеп кеттi. Қалған екi ұл, жетi қыз. Ұлдары: Димекең мен Асқар Қонаев. Асқар екеумiз құлын-тайдай тебiсiп бiрге өстiк. Бiр жылы дүниеге келдiк. Мәскеуде бiрге оқыдық.

Әңгiмелескен – Азамат ҚАСЫМ

«Ақшамның» анықтамасы

Айтжан Түркебаев 1900 жылы Алматы облысы,Кеген ауданы, Саты селосында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1913-1914 жылдары Пржевальск қаласындағы орыс училищесiнде, 1915-1917 жылдары Қапалдағы ауылшаруашылық училищесiнде бiлiм алды. 1918-1920 жылдары Жаркент уездiк әскери революциялық комитетiнiң төрағасы, 1920-1922 жылдары Жаркент уездiк партия комитетiнiң хатшысы, 1923-1924 жылдары БК(б)П Талдықорған уездiк комитетiнiң хатшысы, 1924-1927 жылдары Алматы қалалық комитетiнiң жауапты хатшысы қызметiн атқарды. 1930-1931 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетiнiң нұсқаушысы, 1935-1936 жылдары Халық комиссариатының халық ағарту және жоғарғы мектеп бөлiмiнiң меңгерушiсi, 1936-1937 жылдары Қазақ КСР жер шаруашылығы халық комиссариатының оқу орындары жөнiндегi басқармасының бастығы болды. 1931-1934 жылдары Мәскеудегi Я.М.Свердлов атындағы университетте оқыды. Қоғам қайраткерi 1937 жылы 30 сәуiрде дүниеден өттi. Бүгiнде Алматыда Айтжан Түркебаевтың есiмiмен аталатын көше бар.

 

 

«Алматы Ақшамы», №94 (3876), 2007 жыл, 31 шілде.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401