Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4101 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 10:31

Ұлт тірегі - ұлттық құндылықтарда

Ата бабаларымыздан қалған аса ба­ғалы, саф алтындай құнды жәдігерлері­міздің бірі - тіл. Тілі мүшкіл елдің келе­шегі де бұлыңғыр екенін өтіп кеткен ғұ­ла­маларымыз тасқа бастырып, өсиет еткен. Бүгінгі таңда тілімізді сақтап қалудың бірден бір жолы ана тілімізде шығатын газет-журналдардың бұқаралық беделін көтеру, кеңінен насихаттау, сонымен қатар, әр қазақ отбасына жаздырып алу. Жылма-жыл баспасөзге жазылу барысында облыс айнасы - «Орталық Қазақстан» газетінің басшылары, қызметкерлері ел арасына шығады, жұршылықпен жүздеседі, ой-пікірлерін біледі. Биыл да сол дәстүрді жал­ғастырудамыз.

Ата бабаларымыздан қалған аса ба­ғалы, саф алтындай құнды жәдігерлері­міздің бірі - тіл. Тілі мүшкіл елдің келе­шегі де бұлыңғыр екенін өтіп кеткен ғұ­ла­маларымыз тасқа бастырып, өсиет еткен. Бүгінгі таңда тілімізді сақтап қалудың бірден бір жолы ана тілімізде шығатын газет-журналдардың бұқаралық беделін көтеру, кеңінен насихаттау, сонымен қатар, әр қазақ отбасына жаздырып алу. Жылма-жыл баспасөзге жазылу барысында облыс айнасы - «Орталық Қазақстан» газетінің басшылары, қызметкерлері ел арасына шығады, жұршылықпен жүздеседі, ой-пікірлерін біледі. Биыл да сол дәстүрді жал­ғастырудамыз.
Балқаш қаласы ірі өндіріс ошағы. Мұнда 80 мыңнан астам халық тұрады. Экономикасы, әлеуметтік саласы, мәдениеті да­мып келеді. Бұрын орыс тілді қала болатын, оны жасырып қалудың реті жоқ. Оған дәлел, тәуелсіздік алғанға дейін қалада жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Қалған онға тарта орта мектеп тек орыс тілінде білім берді. Мұның өзі ана тіліміздің тұншығуына әкеліп соқты. Аллаға шүкір, қазір қалада 6 мектепте бірыңғай мемлекеттік тілде дәріс беріледі. Балқаш қаласының әкімі Қадіржан Тейлянов облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, ҚР Жур­налистер Одағы сыйлығының лауреа­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия Сланбекұлы Сембайдың зиялы қауым, оқырмандармен кездесуін кіріспе сөзбен ашты.
- Қай мемлекет болсын, қай қоғам болсын, БАҚ-ның орны қашан да ерекше, бөлек. Халықты жаңалықтар мен өзгерістер туралы хабардар ету, қоғамдық пікір қалыптастыру, рухани тәрбие беру - бәрі де газет-журнал арқылы жүзеге асады. Біздің тәуелсіз елдің дамуында да баспасөз теле-радио қызметтерінің маңызы аса зор. Өздеріңізге белгілі облысымызда мемлекеттік тілде жарық көретін жалғыз газет - «Орталық Қазақстан». Қо­ғамдағы өзекті де өткір мәселелерді кө­теріп, облыстың өсіп-өркендеуін халыққа ана тілімізде жеткізетін басылымның орны бөлек. Өздеріңіз білесіздер, «Орталық Қа­зақстан» газеті тек облыс қана емес, қаламыздағы әлеуметтік экономикалық, саяси қоғамдық және мәдени өмірді танытады. Бұл - рухани құндылықтарды бекітіп, адамгершілік негіздерін нығайтуға белсене қатысатын басылым. Осы басылым ұжымының кәсіби шеберлік, жауапкершілік танытуының арқасында біздер күн сайын болып жатқан оқиға туралы оқып, біліп, түрлі өзекті мәселелерді талқылаймыз.
Оқырмандар алдында газеттің бас редакторы М.Сланбекұлы бірден тіл туралы әңгіме қозғады.
- Тіл - біздің өзегіміз ана тіліміз қоғамдағы ролін бірте-бірте көтеріп ке­леді. Осыған орай, сіздерді газетке жа­зылыңыздар деп үгіт айтудан аулақпыз. Мына мәселеге келейік, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл. Келесі жылы атап өтеміз. Ана тіліміз - жан дүниеміз шын намысымыз болса үгіт-насихатсыз-ақ жа­зылғанымыз дұрыс. Тіпті, ана тіліміздегі газет-журналға жазылыңыздар деп үгіт­теудің өзі артық сияқты. Сіздердің алда­рыңызда мұндай ойдан аулақ болып, газет келесі жылы нендей мәселелерді көтереді, нендей қуанышты оқиғалар күтіп тұр, соны айтқым келеді. Газеттің сонау 1931 жылы алғашқы саны жарыққа шықты. Келесі жылы 80 жылдығын атап өтеміз. Үлкен оқиға. Ата бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұғырға нық қонып тұр. Бұл - елдің тойы. Сондықтан, осы мәселе төңірегінде газет бетінде келелі мәселелер көтеріліп, ашық әңгімелер айтылады. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жыл ішінде облысымызда нендей өзгерістер болды, экономикамыздың ілгері дамуы кеше қандай еді, бүгін қандай биікте тұр, салыстырамыз, саралаймыз. Әлеуметтік салада нендей жетістігіміз бар. Облысымыздағы барлық елді-мекендерде жаңа заман үрдісіне сай жарқын өзгерістер бар. Менің бұл пікіріме келісесіздер ғой деп ойлаймын, ол өздігінен келген жоқ. Сіздердің еңбектеріңіз, «Орталықты» жаздырып алатын, жанына серік еткен қадірлі оқырмандарымыздың айтулы еңбегі. Қай қоғамда болмасын адам қозғаушы күш, басты байлық, газеттің ұстанымы адамдардың игілікті істерін асқақтата көрсету басқаларға паш ету, үлгі ету. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов өткен ғасыр­дың басында былай деген екен. «Әуелі - газета халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек». Ғұламаның осы сөзінен-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады. Сол өткен ғасырдың өзінде бауырлас татарларда 30 газет шығып тұрған. 1909 жылы Америкада 12 мың газет болған. Германияда 8 мың газет шыққан. Аса қажет болмаса мұншама газетті сол заманның өзінде өлермен боп шығармас еді ғой.
Сондай-ақ, газет бетінде ұлттық мәселе­лерді көтеретін ақын-жазушылардың шы­ғармаларына, көсемсөзіне кеңінен орын беріле бастады. Ұлттық мәселеге келгенде газет жасқанбайды, тартынбайды. Біз әлі де қалай қазақ елі болып қаламыз, нендей олқы тұстарымыз бар, соны саралап, жеріне жеткізіп айта беруіміз керек, жаза беруіміз керек. Негізгі ұстаным осындай.
Кездесуде ашық әңгіме қозғалды. Ой-пікірін жеткізгісі келгендер көп болды. Соның ішінде ең маңыздысы тіл мә­се­лесі болып қала берді. «Қазақмыс» кор­порациясы политехникалық коллед­­жінің оқытушысы А.Сыздықова тіл тура­лы заңның қабылданғаннан бері кейбір тар­мақтарының жүзеге аспай келе жатқанына тоқталды. Тілді дамыту отбасынан бас­талатынын, кейбір ата-аналардың балаларымен орыс тілінде қарым-қатынас жасайтындығын жасырып қалмады.
- Атамыз қазақ ертеден айтып келе жатыр кейбіреулерге көңілі толмағанда «ана сүтіне жарымаған» деуші еді, мұны да естіп өстік,- деді өз жауап сөзінде Мағауия Сланбекұлы. - Тіл де ана сүтімен дамиды. Қазіргі балалар ертегі оқи ма, бесік жырын тыңдай ма? Мәселе осында. Бала тілге тұшынып өсуі үшін ата-анасы да сол тілді жетік білуі керек. Бұл ретте газетімізде «Тілтұмар» атты арнайы бетіміз бар. Ай сайын шығады, жер жерден түскен хаттар беріледі. Көптеген оқырмандар тілімізге жанашырлық танытады. Сондай ұсыныстарды, сыни көзқарастарды газетіміздің осы бетінен оқисыздар.
- Осы Балқаш қаласының өзінде маңдайшадағы жазулар орыс тілін қойып, енді ағылшынға көше бастады. Ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамытқан дұ­рыс. Елбасының саясаты да осы, бірақ ағылшынша жазу міндетті ме? Көптеген дүкендердің бизнес орталықтарының маң­­дайшасында міндетті түрде ағылшын­ша жазу тұрады. Әсіресе, ауылдан келген ағайынға қиын-ақ. Кейбіреулері мем­лекеттік тілде жазуды ұмытып кетеді. Осы­ған өзіміз кінәлі емеспіз бе? Менің ойымша бұл да мемлекеттік тілді дамытуға деген селқостық деп білемін,- деді өз сөзінде дәрігер Қ. Ысқақов.
- Бұл өзі бүкіл республика бойынша өріс алып кеткен жағдай. Естуімізше қо­жайындар өзі қалаған атты қойып, қалаған тілінде жаздыра береді екен. Қарағандыда мұндай өрескел жағдайлар өте көп, біз оны газет бетінде үнемі көтеріп келеміз. Ықпалды орындар қайда қарап отыр? Газет қоғамдық пікір туғызады, мәселе көтереді. Ал, оны реттейтін арнайы мекемелер бар. Солардың құлағына алтын сырға. Мұндай келеңсіз көріністермен газет күресіп келеді.
«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш ай­мағы бойынша ішкі және кадрлық саясат жөніндегі директордың міндетін атқарушы Еркінбек Төрежанов өз ойын бүгіп қал­мады.
- «Орталық Қазақстан» газеті өндіріс орындарына да тарайды, мысшылар да сүйсіне оқиды. Сіздердің газеттеріңіздің бетінде әлі де болса жастар жөнінде, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі жайында материалдар берілсе деген ұсыныс-тілегіміз бар, сол жастар менің де замандастарым. Сонымен қатар, бір мезгіл газеттеріңізде «демалыс сағаттарында» деген сияқты ойын-сауық отауын ұйымдас­тырсаңыздар. Мынау өндірісті тұрғызған алдыңғы буын ағалар, солардың ізін жалғап жатқан бүгінгі ізбасарлары, ұрпақтары, осы мәселе төңірегінде көбірек жазсаңыздар, газеттен кеңінен орын берсеңіздер. Өнді­рістің жетістігін де бұқараға насихаттап отырған дұрыс болады.
- Бұрын өндіріс орнына цех бастық­тарымен келісіп, аралап материалдар алатынбыз. Онша қиындыққа түспейтін. Қазір қаптаған күзет, маңына жолатпайды. Сондықтан, журналистерге ақпарат алу үшін «Қазақмыстың» жеңілдік жолын іздестіргендері дұрыс болар еді,- деген жергілікті журналистердің сұрағына Еркінбек Баянғазыұлы іле жауап берді.
- Ұсынысыңыз орынды, біз алдағы уақытта БАҚ-пен тығыз байланыс жасауға ұйғарып отырмыз. Ұсынысыңыз ескеріледі.
- Қайсыбір шет елдік сапарда белгілі жур­налист, облыстық «Индустрияльная Ка­раганда» газетінің бас редакторы В.Рыж­ков екеуміз Лондонда болдық. Сонда «Қа­­зақмыстың» акциясы, кім-кімге тиесілі, кім­­де қанша көлемде, сонымен таныстық. Биржада жарқырата көрсетіп тұр. Олай болса, «Қазақмыстың» өндіріс орындарында ешқандай құпия болмауға тиіс. Өндіріс өтінде көз қарықтыратын ыстықта, шаң-тозаңның арасында еңбек етіп жатқан маман жұмысшылардың тыныс-тіршілігін неге дәріптемейміз. Халықтың меншігін - халықтан жасыруға бола ма? Сондықтан, өндіріске журналистердің кіруін, қалауын­ша ақпарат алуын жеңілдеткен дұрыс,- деді бас редактор Мағауия Сланбекұлы.
Қалалық «Пульс» газетінің тілшісі Қ. Сә­денов алдағы уақытта газет бетінде аңызға айналған тұлғалар - батыр, би, абыздар ту­ралы көбірек материалдар берілсе деген тілегін жеткізді. Қарағандыдан ертеде Жезқазған облысы бөлініп шықты. Бірнеше буын ұрпақтар алмасты. Бұрынғы Жез­қазған төңірегінде елін, жерін қорғаған көсем, шешен болған тұлғалар баршылық. Олар жөнінде бүгінгі жас ұрпақ білуі керек. Оқуы керек. Мұның өзі, патриоттық тәрбие берудің төте жолы десем артық айтқандық емес. Советтік кезеңде патриоттық киноларды көрдік. Мектеп балалары соларға ұқсағысы келіп, соғыс ойынын ойнайтын. Елін қорғайтын патриот болғысы келгені ғой. Сондықтан, елдік ұранды, елдік мақсат-мұратты көтеретін, насихаттайтын салиқалы салмақты материалдар көбірек берілсе оңды болар еді.
- Газеттеріңізді оқып тұрамыз, жаздырып аламыз. Дегенмен, соңғы бетте еске алуға көбірек орын беріледі, соны азайтпасқа болмай ма? - деді оқырман Қ.Сма­таева.
- Біздің газет мемлекеттік тапсырысты орындайды. Көптеген шығынды жарнама, ақылы материалдар арқылы толтырамыз. Бұл да соның бір жолы. Біздің қазақ қашан да бір бірімен бәсеке. Еске алу, қазанама беруге келгенде алдына жан салмайды, төлеу ақысы қанша теңге болса да жариялайды. Ал жазылу бағасы одан әлдеқайда төмен. Газетті жаздырып алуға келгенде бұғып қалады. Сұрағыңыз орынды,- деді бас редактор.
«Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Ж.Башар ұлттық рухты көтеретін материалдарға кеңінен орын берілсе деген ұсыныс тілегін жеткізді.
Пікір айтушылар көп болды. Соның ішінде экология, туризм, тазалық мәсе­лелері әңгімеге арқау болды. Газетте «Таза қала - таза дала» атты айдар бар. Жан тазалығы шындығында ауладан, әр үйдің отбасынан басталады. Өз жеріміз, өзіміздің ел, сөйте тұра өзіміз шашамыз күл-қоқысты, өзіміз жинаймыз. Апта сайын сенбілік өтеді, мұның өзі әлі де болса тұрғындардың өзі тұратын қала, ауылға деген сүйіспеншілігін, жанашырлық көзқара­сының олқы соғып жатқанын дәлелдейді.
Ұлттық намыс, ұлттық кеуде, ұлттық байрақ ендігі арада ана тілімізде шығатын газет-журналдан басталуы керек. Өйткені, біздің бар байлығымыз, бар қазынамыз ана сүтімен бірге сіңген қасиетті тілімізден басталады. Тіл құдіретін асқақтату мер­зімдік баспасөзге жазылудан басталады. Шындығында ендігі арада қазақ тіліндегі газет-журналдарға жазылыңдар деп үгіт­теудің өзі ұят секілді, намыс секілді, ең бастысы ол ана тілімізде шығатын газет-журнал ғой. Ұлттық мәселені ұлттық тілде шығатын газет-журналдар ғана көтереді. Солардан тұшымды дүниелер оқи аласыздар. Әркімнің жүрегінде, бойында осындай намыс байрағы атойлап тұрса ұтарымыз көп. Бас редактормен қала жұртшылығы өкілдерінің кездесуінің негізгі түп қазығы осыған сайды.
Кездесу соңында «Орталықтың» бас редакторы М.Сембай С. Сейфуллин атын­дағы орталықтандырылған кітапхана жүйе­сіне әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің 13 томдық шығармалар жинағын тарту етті.

ҮШ БУЫННЫҢ КЕЗДЕСУІ
Ақтоғай ауданындағы Шашубай кенті бұрынғы аудан орталығы. Мұнда да «Орталықтың» көптеген оқырмандары бар. Осындағы Мектеп-бала бақша кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, білім беру ісінің үздігі Айман Бекболатқызы Түкбай әріптесі Мағауия Сланбекұлына мектептегі жас тілшілермен кездесіп, шеберлік класын өткізуге ұсыныс жасаған-тын. Соның орайы енді келді. Бір жағынан оқырмандармен кездесу, өзара пікір алысу, жас тілшілер, орта буын өкілдері, бүгінгі зейнеткерлер бас қосып, мемлекеттік тілді қалай өркендетеміз, сыбайлас жемқорлықпен қалай күресеміз, ата-балалардан қал­ған ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты қалай жаңғыртамыз? - әңгіме тақырыбы осын­дай мәселелерге ауды.
- Ақтоғай ауданының әкімі Ғабдырахман Игілікұлы Омаров облыс айнасы «Орталық Қазақстан» газетінің қоғамдық өмірдегі алатын орнын бағалай келе баспасөзге жазылу науқанының ойдағыдай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Мектеп директоры Айман Бекболатқызы мектеп ұжы­мының білім берудегі жетістігін тілге тиек ете отырып, алыс-жақын шет елдермен байланыс жасап үлгергендігін қуана жет­кізді. Мәселен, мектеп оқушылары Гер­маниядағы сыныптастарымен үнемі байланыс жасап келеді. Соңғы жылдары Германия оқушылары Шашубай қонысына ат ізін салып, қазақ елінің кең өлкесімен танысып, тарихи жәдігерлерінен мағлұмат ала бастады. Әсіресе, оларға қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнап қалыпты. Жыл сайын жазғы демалыста Қазақстанға келуге жалықпайтындықтарын қуана жет­кізеді. Өз кезегінде Шашубай орта мек­тебінің оқушылары Германияға барып, Европа төрінде қиялдарын ұштап, танымдарын кеңейтіп, рухани қанаттанып қайтады. Мектепте «Ақ желкен» баспасөз орталығы жұмыс жасайды. 2008 жылы жас тілшілер, балалар мен жасөспірімдерге арналған ақпарат құралдарының «Жас қаламгер» ІҮ халықаралық фестиваліне қатысып лауреат атанды. Осы фестиваль ресурстық орталықтың талантты және озық ойлы мұғалімдерінің оқушыларының басын қосты. Жас тілшілер ізденуге, ой бөлісуге азаматтық ұстанымын ор­нық­­тыруға ұмтылыс жасады. «Жас қа­лам­гер» халықаралық фестивалінен жас тіл­шілер жаңа идеямен қанаттанып қайтты. Мектептің ресурстық орталығы Ортадересін Тораңғылық, Тасарал орта мектебін біріктіріп отыр. Соның нәти­же­сінде ресурстық орталықтың магниттік мектептерінде қабырға газеттері жарық көре бастады. «Ақ желкен» баспасөз ор­талығының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б. Бегдербекова жас тілшілермен үнемі шығармашылық ізденісте жұмыс жасап келеді. «Ақ желкен» газетінде «Жасөспірім және заң» айдары тұрақты беріледі. Заң туралы өзекті мағлұматтар, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары міндеттері мен парызы осы айдарда жиі көрініс табады. Шындығында өз құқығын жақсы білетін адам қоғамның саяси-экономикалық дамуына еркін араласады, өз абыройын ел намысын қажетті дәрежеде қорғауға мүмкіндік алады. «Ақ желкен» газеті салауатты өмір салтын, экология мәселесін, өмірлік танымдық мәселелерді үнемі көтеріп келеді.
Бас редактордың шеберлік класы қы­зықты басталды. Жас тілшілер аға журналистке өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, нақтылы жауап алып отырды. Оның ішінде журналистің қоғамдағы ролі, белсенділігі, саясатқа араласуы, құқық мәселесі әңгіме өзегіне арқау болды. Жас тілшілерді қоғамдағы келеңсіз көрініс - жемқорлық мәселесі қатты толғандырады екен.
- Біздің газетте «Жемқорлық - жегі құрт» атты тұрақты айдарымыз бар. Осы айдардың аясында жемқорлыққа байланысты материалдар үнемі жарияланады. Арнайы заң беті бар. Осы тақырыптарда заң мамандарымен келелі әңгімелер қозғалып, жарияланады, ашық әңгіме жүргізіледі.
Жас тілшілер қоршаған ортаны қор­ғауға, табиғатты аялауға үнемі мән береді, назар аударады. Мәселен, жер бетінде сирек кездесетін Тораңғы тоғайын қоршауға алып, мәпелеп ұстауды, баптап күтуді үне­мі көтеріп келеді екен.
Бас редактор өзі де қазіргі жас тілші­лер сияқты мақала жазуды мектептен бастағанын, журналист болуы үшін тілді жетік білуін, ұлттық дәстүр-салтқа қанық болуын қадап айтты. Бұдан кейін орта буын өкілдеріне сөз кезегі тиді. Тіл жанашыры Байзақ Қасымов «Орталық Қа­зақстан» газетінің әр нөмірін қадағалап оқитынын жасырмады. Әсіресе, қазақтың ақиық ақыны С.Ақсұңқарұлының өлең­дерін, көсемсөздерін газет бетінен асығ­а күтетіндігін жеткізді.
- Ақынның көзқарасы - адамзаттың көзқарасы. Тағы не айтады екен, тағы не жазады екен деп алаңдап, газет­ті күтіп отырамын. Мен КазПИ-де оқы­дым. Сіздер жариялаған Мұхтар Мағауин­нің «Ұлтсыздану ұранын» бастан аяқ оқы­дым. Қадірлі ұстазымыз болды, дәріс берді. Мұхаң туралы жазған соңғы ма­териалыңызды оқыдық. Менің ойымша мұндай материалдар ұлттық құн­ды­лықтарды асқақтатады, оятады. Көбірек беріңіздер, газет бетін аямаңыздар.
- Мұхтар Мағауин туралы әңгіме қоз­ғалса менің де арқам қозады. 70 жыл­дығын өткіздік, басы-қасында жүрдім. Жазушы қазір Прагада тұрады. Бірнеше қалам ұстаған бауырлары барып қайттық. «Тазының өлімі» деген тамаша повесті жарияланған кезде көптеген қатарластары жағымды пікір жазудан аулақ болды. «Тазысы не, тымақтың қаншалықты қажеті бар, солай жазуға бола ма?» деген саяз әңгімелер ғой. Ал Мұхаңның негізгі көтеріп отырғаны - кеңестік дәуірде ұлттық дәстүріміздің жоғалып бара жатқанын қаперге алу. Тек жаңаарқалық жазушы аға­мыз, жаны жұмақта болсын, Асан Жұ­маділдин қаламы арқылы қолдау көрсетті.
Тораңғылық орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Базар Әбділманапқызы ауылдық жердегі мұғалімдерге жазылуға неге жеңілдік жасамасқа, оның уақытын неге созбасқа деген пікірін жеткізді.
- Мұғалімдерге - жеңілдік берілген. Енді оның уақыты өтіп кетті. Ал сіздің мектеп жазылып үлгере алмаса, сол жеңілдікті және бір пайдаланыңыздар көмектесеміз,- деді бас редактор.
- Мен осы Шашубай қонысындағы ор­талық кітапхананың жетекшісімін,- деді Б.Қалиева.- Қазір оқушылар, жастар кітап оқымайды дегенге өзім келісе қоймаймын. Бізде балаларға арналған кітапхана бөлімі бар. Күн сайын оқушылар, студент жастар келеді. Бұрын бір тақырыпта кітап іздеп келетін. Енді мұғаліміміз арнайы тақырып берді осы тақырыпты тауып беріңіз деп тұрып алады. Танымдық кітаптарды көп оқиды. Жастарды кінәлай беруге болмайды. Ауыл оқырмандарына жеңілдік берілсе, сонда жыл бойына жазылуға мүм­кіндік туар еді.
- Газет жартылай өзін-өзі қаржы­ландырады. Балқаш қаласында оқыр­мандармен болған кездесуде де осыны айттым. Егер де мүмкіндік туып жатса ауылдық жерге «Орталықты» тегін-ақ таратар едік. Жата жастанып оқитын оқырманымыз ауылда ғой. Малын жайғап, кешкі тамағын ішкен соң газет-журнал ақтарып отыратын ауылдағы ағайындардан айналып кетсең болмай ма. Ертеңінде күлтөбеде бас қосып, ана газет былай деп жазыпты, мына журналда анау туралы жазыпты деп әңгіме көрігін қыздырады-ай келіп. Қала тірлігі басқаша.
- «Орталықтың» бас редакторына мына кездесуге келгені үшін рахмет айтамыз. Бұрын мұндай болған емес. Менің жасым 70-тен асты. Мына жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының қойған сұрақтарына, өмірлік көзқарастарына риза болып, аталық алғысымды білдіремін. Алла алдарынан жарылқасын. Айман қарындасымызға рахмет, бірлік бар жерде тірлік бар дейді атам қазақ. Бірліктің тірлігі осылай басталады, бауырларым. «Ор­талықты» облыс қосылғаннан бері жаздырып, оқып келемін. Жас кезімізде Қа­рағанды облысы болып тұрғанда оқыдық. Ескі танысымызбен қайта жүздескендей болып жатырмыз. Халықтың пікірін, ха­лықтың тілегін газет бетінде жасқанбай жариялап отырсаңыздар ұтарымыз көп. Ашық, бүкпесіз әңгіме айтып отырсақ, кемшілігімізді түзейміз. Болашағымызда бағдарлаймыз,- деді кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Сәтмағанбетов.
Жасөспірімдер жастар газет оқымайды деп қалай айтасыз. Мәселен, соңғы кезде газет ішіндегі «Жас қанаттың» жүйелі шықпай жүргенін жастар қаперге алды. Сонымен қатар, жастардың шығар­ма­шылығына, өнеріне газет бетінде кеңірек орын берілсе деген тілектерін де айтып қалды.
- Ақтоғай өңірінде 17 селолық округ бар. Соның бәріне жергілікті облыстық газеттерді көптеп жаздырып алуға ұйытқы болудамыз. Бүгінгі күннің әлеуметтік-экономикалық, саясат мәселелерін оқығы­ларыңыз келсе, хабардар болғыларыңыз келсе «Орталыққа» жазылуды естен шығармаңыздар. Осында жас тілшілер отыр, мектеп оқушылары қатысуда. Үй­леріңе барған соң ата-аналарыңнан сұ­раңдар. Облыстық «Орталық» газетіне жазыла ма екен. Жазылмаса жазылсын. Бұл газетте жас ұрпақтың мүддесі үшін аса қажетті материалдар жиі беріледі. Оқып тұрыңыздар. Оқырманмен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрған бас редактор Мағауия Сланбекұлына алғысымызды айтамыз. Әркімнің уақыты алтынға пара-пар. Осы кездесуге уақыт бөлгеніңіздің өзі қоғамдық пікірді қалыптастырады, игілікті, ізгілікті істерге жетелейді. Ақтоғайда да оқырмандарыңыздың саны арта түспесе кемімейді,- деді өз сөзінде аудан әкімі Ғабдірахман Омаров.
♦♦♦
Балқаш қаласы және Ақтоғай ауда­нының Шашубай кентінде болған жұрт­шылық өкілдерімен жүздесуде «Ор­та­лықтың» сүйікті оқырмандарының қа­та­ры жаңа жылдан бастап біршама арта­тындығына көз жеткізгендей болдық. Ха­лық пен билік арасындағы дәнекер - ақпарат құралдарының мерейі әмсе биіктей берсін. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Баспасөзі қуатты елдің өзі де қуатты».

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578